Тәуелсіздіктің «алтын бесігінде» бой көтерген «Алатау»
Елдің есінде, жұрттың жадында жүрер мәңгі ұмытылмас бір нәрсе, ұлтымыздың рухани астанасы Алматының қазақ халқының басын біріктіріп, тәуелсіздікке қол жеткізуге бірден-бір дәнекер болғандығы. Өзін де, өзгені де әп-сәтте әлемге танытқан құдіретті қаланың қазақ үшін қаншалықты қадірлі, қасиетті екендігін өткен жылдарға көз жіберген сайын жан дүниеңізде жылылық ұялайды. Иә, тарихи шешімдер де, болашақтың бағдарламалары да осында қабылданып, осында жаңа астанаға жол салынды.
Елдің есінде, жұрттың жадында жүрер мәңгі ұмытылмас бір нәрсе, ұлтымыздың рухани астанасы Алматының қазақ халқының басын біріктіріп, тәуелсіздікке қол жеткізуге бірден-бір дәнекер болғандығы. Өзін де, өзгені де әп-сәтте әлемге танытқан құдіретті қаланың қазақ үшін қаншалықты қадірлі, қасиетті екендігін өткен жылдарға көз жіберген сайын жан дүниеңізде жылылық ұялайды. Иә, тарихи шешімдер де, болашақтың бағдарламалары да осында қабылданып, осында жаңа астанаға жол салынды.
«Қыдыр қонып, бақ дарыған киелі қоныс, мүбарак мекен - Алматы. Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай зымырай заулау - мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған тарихи аманат», - деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталы да баталы сөзі қазақтың қанына да сіңіп кетті. Алаң көңілді аманат жеңді, жұрт сүйсінер тірлік жасалды.
Елбасының: «...Мен Алматы үшін алаңдамаймын. Өйткені Алматының өз дербестігін көрсетуге әлеуеті жететініне және тіршілігі қайнаған қала екендігіне кәміл сенемін. Мен мұндай қала үшін астана мәртебесінің мәні соншалықты маңызды еместігіне де сенімдімін, Алматы одан әлсіремейді де, құлдырамайды да. Керек десеңіз, қала бірте-бірте қарыштай дамуын үдетіп, осы заманғы алпауыт мегаполиске айналып барады» деген Президентіміздің парыз іспеттес ескертуіне енді бүгінгі күннің көзімен қарар болсақ, аялы қамқорлықты да, байыпты басшылықты да айқын сезінеміз. Ұлы Абай атамыздың «Сүйер ұлың болса, сен - сүй, сүйінерге жарар ол» деген өнегелі сөзі осындайда ойға оралады,
Тәуелсіздіктің тамаша тарихын қалыптастырып жатқан Ұлт Көшбасшысының көрегендігі туралы көп нәрсе айтуға болады. Жаңа әлем-
дегі жаңа Астана туралы толғанысты былай қойғанда, тарихымыздың тамырына қан жүгірткен Алматының бүгінгі болмысын да түбегейлі өзгертуге батасын беріп, қомақты қаражат құйғызды. Нұрсұлтан Әбішұлы «...Алматы әрдайым Қазақстанның, Орталық Азияның күллі экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне ықпалын тигізетін ең ірі іскерлік, қаржылық, ғылыми және мәдени орталығы болып қала бермек» деген уәдесіне беріктігін де іспен дәлелдеді.
Иә, Алатау етегіндегі әдемі қаланың келешегін көріктендіруді назардан тыс қалдырмаған Президент Алматыға Ахметжан Есімовті басшылыққа әкелуімен де тегін таңдау жасамағандығын көрсетті. Жұртқа жақын жүруге, тұрғындардың тілегін тыңдауға әрдайым дайын тұратын әкім қордаланған мәселелердің бірі де бірегейі «Шаңырақты» ретке келтіруді өз алдына мақсат етіп қойды. Осы тұрғыда «Қонысымыз көбейсін, өрісіміз кеңейсін!» деген аталы сөзді әрдайым ұмытпайтын Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда жетінші аудан - Алатау ауданын құруға Жарлық шығарып, ұзақ жылдар бойы шиеленіскен маңызды мәселені әп-сәтте шешті. Бір кездері оқ атылып, қан төгілген аумақтағы ағайын жағымды жаңалықты жылап тұрып естіді. Алғаш рет қала басшысы Алматы облысы «Көксу» ауданында, кейін «Ақсу» ауданында әкім, қалалық Мәслихат депутаты болған Бағдат Мәнізоровты аудан жұртшылығымен таныстырып, «елдің үмітін ақтайтын осы азамат» деген де жылдар бойы жүйкесі жұқарған жұрт ертеңге күнге сенімсіздікпен қарағандай болған-ды. Бірақ күдікті сенім жеңді, үміт ақталды, абырой сақталды, бедел өсті, тіпті орталықтағы жұрт «Алатауға» қарай көшті. Қазір жұрттың ықыласы Алатау етегіндегі жоталарды жағалап үй салуды емес, қала сыртындағы қала - Алатау ауданынан баспана салуды әдетке айналдырды. Болашақтың бәрі осында, нағыз қазақ қауымы да осында, салт-дәстүр мен жағымды үрдістер де осында...Көп жұрт аудан әкімі түгілі орынбасарларының есігін қағуға зар болып жататыны ащы шындық. Ал мұнда Бағдат Мәнізоров әр сейсенбі күні сағат 10.00-де ондаған, жүздеген азаматты жеке шаруалары, өтініштері бойынша қабылдап, нағыз қазақы мінезімен елдің алғысына бөленіп отыр. Бүгін көтерілген мәселені ертең шешу - дағдыға айналған аумақта нағыз ұлт жанашырлары жұмыс істейді. Аудан әкімдігі аппаратының жетекшісі Баймырза Торламбаевтың айтуына қарағанда, төрт жылда әкімшілікте 60-тан астам қызметкер ауысқан. Неге?
Өйткені күндіз-түні атқарылған ауқымды істің көптігіне шыдай алмаған. Соған қарамастан Алатаудың мемлекеттік қызметтегі өз «ардагерлері» қалыптасты, аумақтың ажарлана түсуіне нағыз үлес қосқандар да солар. Бұған қалай мақтанбайсыз, қалай шаттанбайсыз?!
Алатау ауданы - тәуелсіздіктің жеңісі,
Алатау ауданы - демократияның жемісі.
Көгінде жарқырап ай-күні,
Тасысын табысы, байлығы,
Жарассын ынтымақ, бірлігі,
Шаттыққа кенелсін әр күні! - деген Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбай ағамыздың ақ батасы да ұлтының қамы үшін ұйқыны ұмытқан ағайынға арналса керек-ті.
Қала басшысының «Үлкен ұлы іске бел буып отырмыз. Бұл іс Елбасымыздың қолдауымен сіздердің мүдделеріңіз үшін жасалып отыр. Ойға алған мақсаттарымызды іс жүзіне асыруға барлығымыз атсалысайық. Ауданның іргетасын, әрбір кірпішін бірге қаласып, шаңырағының уығын бірге қадасайық. Жаңа ашылған аудан ең әуелі сіздер мен ұрпақтарыңыздың келешегінің игілігі үшін құрылып отыр» деген алғашқы жүздесуде жұртқа жеткізген жылы лебізі жүзеге асты.
Төрт жылдағы толағай шаруа
Алатау ауданы қалалық мәслихаттың 2008 жылғы 3 шілдедегі ХІ сессиясының «Алматы қаласы аудандарының шекараларын белгілеу және Алатау ауданын құру туралы» шешіміне сәйкес, Алматы қаласы әкімшілігінің 2008 жылғы 10 шілдедегі №3/541 қаулысымен құрылды.
Мұндағы мақсат - шаһар шеңберін солтүстік және солтүстік-батыс бағытта дамыту, жаңадан қалаға қосылған елді мекендердің тұрмыс деңгейі, әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту еді.
Бұл орайда Елбасының батыл қадамға барғанын ел-жұрт ұмытпасы анық. Қала әкімі Ахметжан Есімов те, аудан әкімі Бағдат Мәнізоров та келешегі кемел шаруаны қалай жүзеге асырудың барлық амалын мықтап ойластырғаны ә дегеннен белгілі болды. Сол жылы ауданның жалпы жер көлемі - 7 567 гектарды құраса, бүгінгі күні аудан аумағы - 8 188 гектардан асты. Ал жергілікті тұрғындар саны алғашқы жылдары 161 790 болса, қазір бұл көрсеткіш - 170 123 адамға жетіп отыр, аудан көлемінде жалпы нақты тұратын халық саны 200 мыңнан асады. Қысқасы, төрт жылда «төңкеріс» жасалды, ұлт саны артты, демографияның дүбіріне дүбір қосылды. Сөйтіп ауданның бір жылдық мерекелік шарасына қатысқанда Ахметжан Есімовтің өз аузынан естіген «Заңды жерде, заңды үйде тұрасыздар. Бүгіннен бастап ұйқыларыңыз да тыныш болады» деген уәдесі орындалды.
Міне, нағыз азаматтық, жанашырлық, қалтқысыз қызмет!
Шығаратын есіңді, жер мәселесі шешілді
Ауданда шешімі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі - тұрғындардың өз бетімен иеленген жер телімдерін рәсімдеу және үй құжаттарын заңдастыру, сондай-ақ алдағы уақытта келеңсіздікті болдырмау және жат әрекеттердің алдын алу еді. Осы бағытта жергілікті тұрғындардың ойынан шығатын әрі әділдіктің ақ туы желбірер нақты жұмыстар жасалды. Өз бетімен иеленген жер телімдерін және үй құрылыстарын түгендеу бойынша 2008 жылдың шілде айында жұмыс тобы, қазан айында үкіметтік ұйымдармен біріккен комиссия құрылды.
Аудан құрылғаннан бері қалалық жер комиссиясында 4783 құжат қаралып, тұрғындарға жалпы саны 4220 мемлекеттік акті берілді. Жалпы, 4220 отбасыны 6 адамнан есептегенде 26-27 мың адам Алматы қаласы Алатау ауданының толыққанды тұрғындары болды. Бұл мәселенің шешілуі аталған тұрғындардың «Алтын алқа», «Күміс алқа», жұмыс орындарына орналасуына, әлеуметтік көмектер алуларына мүмкіндік берді.
Әртүрлі шектеулерде орналасқан заңсыз жер телімдерінің мәселесі шешіліп келеді. Олар:
- Сақ қорғандарын қорғау аймағында орналасқан 78 үйдің құжаты қалалық жер комиссиясында қаралып, рәсімделіп, мемлекеттік актілер алынуда.
- Зираттың санитарлық-қорғау аймағында орналасқан 61 жер телімін заңдастыру жұмыстары өз шешімін тауып, тұрғындарға мемлекеттік акті берілді.
Қазіргі кезде су қорғау алабында орналасқан 611 жер телімінің 208 құжаты қалалық жер комиссиясының отырысында қаралып, оң шешімін тапты. «Бент» АҚ көлінің және Боралдай өзенінің бойымен дренаждық арық салу жұмыстары аяқталғаннан кейін, 403 тұрғынның құжаты қалалық жер комиссиясының отырысында қарастырылады.
Газ құбырын қорғау және жоғары кернеулі электр желісін қорғау аймағында заңсыз салынған 175 жер телімінің тағдыры оңтайлы шешілуде. Бүгінгі күнге дейін 73 газ құбырының қорғау аймағында орналасқан тұрғындардың 16-сы «Көкжиек» шағын ауданындағы 1 бөлмелі пәтерлерге көшірілді. Сонымен қатар қалалық жер комиссиясында 18 тұрғынның арызы қарастырылып, «Қарасу» шағынауданына көшіруге шешім қабылданды.
Жоғарғы кернеулі электр желісін қорғау аймағында орналасқан 102 жер телімінің 18-і қалалық жер комиссиясында қарастырылып, «Қарасу»шағынауданына көшіруге шешім қабылданды.
Келесі жылдың екінші тоқсанында 128 адамға 1 бөлмелі пәтер «Алғабас» шағын ауданынан салынып, пайдалануға беріледі. Аталған үйлердің құрылысы «Қазтрансгаз» және «Самұрық-Энерго» АҚ тарапынан жүргізілуде.
«Қызыл сызық» шегінде орналасқан 273 тұрғынның мәселесі қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізілгеннен кейін жер комиссиясының отырысында қайта қарастырылады.
Әрине, жұрттың тұрмысына төңіректің тазалығымен қатар, әдемілігі де әсер ететіндігі даусыз. 2008 жылы көшелер, олардың ұзындығы, ені, арық жүйесі, жүргінші жолдары және жолдардың жағдайы жөніндегі мәліметтер жинақталған болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде аудан бойынша жалпы ұзындығы 212 570 метрді құрайтын 299 көше, оның ішінде 17 көшеде ұзындығы 23 060 метрді құрайтын арық жүйесі тазаланды.
Алатау ауданының инфрақұрылымы-ның дамуына байланысты бүгінгі күні бұл көрсеткіш 419 шақырымды құрайтын 502 көшеге жетіп отыр. Қазір көшелерді көріктендіру, жол жөндеу бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізіліп жатыр. Қаражат та бар, қарқын да күшті. Олардың барлығы келешектегі даму жоспарымен байланыстырылған.
Ірі табыстың бірі Алматы қаласы әкімінің 2010 жылдың 10 маусымдағы №2/403 қаулысымен және IV cайланған Алматы қаласы мәслихатының 2010 жылдың 4 маусымдағы XXVIII сессиясының №327 шешімімен Алатау ауданының 18 ықшамауданындағы атауы жоқ 178 көшеге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерінің аты берілді.
Аудан бойынша 4 жылда жалпы ұзындығы 46 шақырымды құрайтын 1674 жа-рық нүктесі орнатылды. Жалпы, аудан көлемінде 213 шақырымды құрайтын 6307 жарық нүктесі бар.
«Алматы аулаларын көріктендіру» бағдарламасы бойынша ауданда 42 ауланы көріктендіру жұмысы жүргізілді. «Ақбұлақ» шағынауданында орналасқан қалалық орталық мұрағаттың ғимараты, «Алғабас» шағын ауданында қуаттылығы сағатына 150 гигакалориялық қазандық, «Ақбұлақ», «АЗТМ-Алғабас» шағынаудандарын электр қуатымен қамтамасыз ететін электр станциясы қолданысқа берілді. «Байбесік» шағынауданында ұзындығы 355 метр жарды қорғау жұмыстары жүргізілді.
Зират маңында орналасқан үйлерді заңдастыру және мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының талаптарын орындау мақсатында - 196 млн 980 мың теңге қаржы бөлініп, «Көкқайнар», «Өжет», «Заря Востока», «Әйгерім», «Ақбұлақ», «Шаңырақ», «Трудовик» шағынауданындағы 7 зиратты қоршау жұмыстары жүргізілді.
Аудан құрылғалы бері бүгінгі күнге дейін 37 мың шаршы метрді құрайтын
арық жүйесі жүргізілді. Жалпы, бөлінген қаражат соммасы 2 млрд 411 млн теңге. Олар «Әйгерім-1,2», «Ақбұлақ», «Ұлжан-1», «13,14 аумақ», «Құрылысшы», «Шаңырақ-1,2» шағынаудандарында.
Елді мекендерді су алудың алдын алу мақсатында «Үлкен Алматы» және «Боралдай» өзендерінің арналарын қайта жаңғырту бағытында 19,4 шақырымына жұмыстарына 1 млрд 586 млн теңге бөлінді.
Құрылысқа тұрмыс сай
Жасыратын несі бар, мысалы «сырты жылтырап, іші қалтырап жүрген» кісі тураны не ойлар едіңіз? Тіршілігінде тірі кісінің тұрмысы туралы да осылай деуге болар. Өйткені көшең көрікті болғанмен, тұрғындар жыртық көйлекпен жүрсе, кез келген адам ұяттан өртенбей ме? Сондықтан жергілікті билік те қолға алынған әр істің арғы жағындағы ұятты ойлап, шаруаны шешуде ойды ақылға жеңдіріп келеді.
Айталық, Алатау - атына заты сай болуы керек. Ендеше, не істеу керек? Бұл мәселеде аудан әкімі Бағдат Мәнізоров ең алдымен аудан орталығын қалыптастыруды қолға алып, халық сенімін оятты. «Шаңырақ - 2» шағынауданы орталық болып белгіленгенде де біраз жұртқа бұныңыз түс секілді көрінген. Ақыры сол жерде Алатау аудан әкімшілігі аппараты бой көтеріп, қоныстанды. Осы заманғы ғимараттың екі қапталын ала прокуратура мен сот және аудандық салық басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығына арналған 3 ғимарат салынды. Нәтижесінде аудан тұрғындары бір мәселені шешу үшін әр есікті қақпайтын болды, бар шаруасын бір жерден бітіріп қайтады. Мұндай оңтайлы мүмкіндік Алматының басқа аудандарында жоқ деуге болады.
Сонымен қатар былтыр аудандық ішкі істер басқармасының 5 қабатты ғимараты қолданысқа берілді. Оның ішінде спорт, құрал-жабдықтар орнатылған жаттығу залы, мәжіліс залы, күрес, ату залы және мұражай бар. Бәрінің жалпы көлемі 8 мың шаршыметрді құрайды. Айта кетер жайт, бұл басқарманың ғимараты осы салада еліміз бойынша кездеспейтін, баламасы жоқ құрылыс нысанына жатады.
Сонымен қатар «Саялы» шағынауданында автокөлікке қатысты барлық қызмет түрін көрсететін АВТОЦОН құрылысы жүргізілуде. Оның қаржылық құны - 1 млрд 768 млн теңге. Бұл да бірегейлігімен ерешеленетін құрылыс. Жақында тұсауы кесілетін орталыққа қалалық Жол полициясы қоныс аудармақшы.
Сондай-ақ қазіргі таңда Индустриялық орталық құру бойынша бірқатар шаралар атқарылды. Атап айтсақ, Индустриялық орталық құру мен іске асырылуының тұжырымдамасы; «Алматы қаласында индустриялық орталық салудың техникалық-экономикалық негіздемесі» бойынша құрылыс жобасы жасалынды, «Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері» агенттігінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» РМК-нан қорытынды алынды, Индустриялық аймақ құрылысына ауданда 490 гектар жер көлемі анықталды;
Индустриялық орталықта 20 мың жұмыс орнын ашатын 150-ден астам кәсіпорындарын салу жоспарлануда. Индустриялық орталықта орналастырылатын кәсіпорындар Қазақстан Республикасының «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының» 7 саласы бойынша жұмыс істейтін болады.
Алдағы уақытта жұрттың мәдени деңгейін көтеру мақсатында 1000 орынға арналған 4 кинотеатрмен бірге концерттік зал, спорт кешені, 2017 жылы Алматы қаласында өткелі отырған халықаралық Универсиаданың өтуіне байланысты, 20 мың адамға арналған спорт кешені салынбақ. 2017 жылы халықаралық Универсиададан соң, студенттер қалашығы болып қалмақ.
Осындай жобалардың сәтті іске асатындығын ойлағандықтан, амалсыздан Алатау ауданына көшуге бел буғандар да табылуда. Қаланың у-шуынан шаршағандар бұл аймақты нағыз тынығатын аймақ деп есептейді.
Алатау ауданы құрылған жылдары 1200 оқушы оқитын мектептерде 3500-ге дейін балалар оқыған, бүгінгі күні балаларға сапалы білім алуға әрқайсысы 1200 орындық 9 жалпы білім беретін мектеп салынды.
Жасыратыны жоқ, ұлт санының күрт өсуі, ауданға қоныстанған қандастарымыздың көптігі және оларды тіркеуге алудың жақсаруы мен жеделдеуі мектептерді көбірек салуды қажетсініп отыр. Мәселен, білім шаңырақтарының жетіспеушілігі, оқушылар санының шамадан тыс көптігі 12 294 балаға арналған 16 мектеп салуды қажет етеді. Бүгінгі таңда 7 148 оқушы шамадан тыс артық.
Тұрмыс жағынан айтар болсақ, 2009-2012 жылдар аралығында 270 көпқабатты тұрғын үй салынып, оған 5 млрд 759 млн теңге бөлінді. Ал 2013-2015 жылдар аралығында «Ақкент», «Алғабас», «Ақбұлақ» ықшамаудандарында 141 тұрғын үйдің салу жоспарланған. Осы деректердің барлығы жұртқа жасалған және жасалар жақсылықтардан хабардар етеді. Тұрмыс түзеліп келеді, енді ойдың да түзелгені керек. Өркениеттің есігі қала шетінде де есік қағып тұр. Бұл есі бар азаматтарды жұмыла жұмыс істеуге шақыратын алғашқы белгі.
«Білімді балалар бізден де шығып жатыр»
Бұл сөзді аудан әкімі Бағдат Мәнізоровтың өз аузынан естідік. Тіпті ол осындай жетістікке жету үшін аудандық білім бөлімінің бастығын да өзгертіп, осы салада талантты балаларды көбейтіп, белгілі бір жетістіктерге жету үшін білікті маманды басшылық қызметке тағайындапты. Нәтиже бірден жемісін берген. Мысал көп: №149 жалпы білім беретін мектептін оқушысы А.Саттарова «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық конференцияда «Үркер» медалін иеленді. Ал физика және химиядан ТМД және Балтық елдерінің VІ олимпиадасында физикадан №166 физика-математикалық лицейдің оқушылары
К.Фролов, Е.Марченко 3-орынды иеленді. Президенттік олимпиаданың ең үздік ғылыми жұмыстарға арналған қалалық байқауына «Тарих» бойынша қатысқан
10-сынып оқушысы А Өзібаева 2-орынды жеңіп алды. «Золотое руно» халықаралық интеллектуалдық ойынында №82 жалпы білім беретін мектептің оқушылары З.Садауқас 1-орынға, А.Жылқыбеков 2-орынға ие болды.
Талантты да дарынды ұл-қыздарды тәрбиелеп жүрген ұстаздар қауымы да назардан тыс қалмай, ұдайы көтермелеу шаралары жасалып келеді. Бұл құрметтен адам жанына арашашы болудан айнымаған ақ халатты абзал жандар да тыс қалмауда.
Дені саудың - елі сау
Бұрындары аумақта адам денсаулығына көңіл бөлу деген ақырет болғанын жасыруға болмас. Сырқаттанған жұрт ақшасы болса, ақылы емханаларды, тамыр-таныстарын, тіпті халық емшілерін де жағалап кетті. Осы ауыртпалықтан ел-жұрт түбегейлі арылды. Ауданда 3 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олар: №14, №22 қалалық емханалар және «Заря Востока» шағынауданындағы алғашқы дәрігерлік жәрдем беру орталығы. Мұның алғашқысы 2010 жылы пайдалануға беріліп, бүгінде «Шаңырақ -1,2» және «Өжет» шағынаудандарынан бір ауысымда 200 адам қабылдай алады. Ал қызмет көрсетілетін жалпы тұрғын саны - 34 396.
№14 қалалық емхана бір ауысымда
200 адам қабылдайды, «Әйгерім -1,2», «Түркістан», «Көкқайнар», «Құрылысшы», «Трудовик», «Саялы», «Ақбұлақ» шағын- ауданында тұратын 37685 тұрғынға мінсіз қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар.
Үшінші емхана «Заря Восток», «Ұлжан - 1,2», «Байбесік», «Дархан» шағынаудандарынан бір ауысымда 200 адам қабылдайды. 24 453 тұрғынға қызмет көрсетуге лайықталған.
Сондай-ақ «Ұлжан» шағынауданында ауысымына 500 адамды қабылдайтын емхана салынды.
Сонымен қоса Алатау ауданында
7 медициналық пунктер қызмет етеді.
Медициналық қызметті одан әрі жақсарту үшін биылғы жылдың өзінде «Дархан» шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын қалалық емхана құрылысы 760 млн 800 мың теңгеге түспекші.
«Алғабас» шағынауданында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалды.
«Денсаулық - зор байлық» демекші, халықтың сергектігі - сананың сергектігі. Аурмаған кісінің ауылынан той тарқамайтыны анық. Тұрмысты жақсартатын да, тынысты ашатын да, мерейімізді тасытатын да денсаулық. Төрт жылда 40 жылға бергісіз жұмыс жасалды дер болсақ, мұның барлығы денсаулықтың арқасы. «жақсы сөз - жарым ырыс» демекші, жүрекке жылы, құлаққа жағымды естілетін жаңалық атаулының да басым көпшілігі денсаулық саласына қатысты айтылады. Мысалы, аумақта ару-сырқау көрсеткіші төмендеген, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарған. Тіпті аудан әкімі бас болып апта сайын өткізілетін сенбіліктерді жұрт ұмытпақ емес. Есесіне қоқыстан арылмайтын аулалар мен ауылдар, көшелер тазаланып, ел мәдениеттің мәйегін түсіне бастады.
Өндіріссіз өмір бола ма?
Алатау ауданының даму қарымы мен қарқыны жыл өте арта түспесе, кеміп жатқан жоқ. Бұл өз кезегінде Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды нұсқаған салиқалы саясатының жергілікті жердегі жарқын көрінісі. Әсем де айшықты қаламыз Алматының қарқынды дамуының айқын нышаны. Елдігіміздің негізі - 20 жылдық тәуелсіздігіміздің жемісі деп нық сеніммен айта аламын.
Бағдат МӘНІЗОРОВ,
Алатау ауданының әкімі
Мынадай нарық заманында өмірді өндіріссіз елестету мүмкін емес. Ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқында дамуы салық түсімдерінің көрсеткішінен байқалады. Атап айтсақ, мемлекеттік бюджетке түскен салық 4 жыл ішінде 4 млрд теңгеден 13 млрд теңгеге дейін өсті. Оның ішінде республикалық бюджетке түскен салықтың үлесі 3 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін өсті. Ал жергілікті бюджетке түскен үлес 1 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге жетті.
2008 жылдан бергі көрсеткіш бойынша өнеркәсіп саласында өндірілген өнім келемі 2,5 млрд теңгеден 25 млрд теңгеге жетіп, нақты өнімнің көлемі 105,7 пайызды құрады.
Қазір өткен жылдармен салыстырғанда құрылыс және тамақ өнеркәсібі өндірісі көрсеткішінің өскендігі байқалады. Осы ретте, ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріске жаңа инновациялар мен өндірістік жоғары технологияларды енгізу
жолында белсенді жұмыстар атқаруда.
Қолға алынған шаралар ауданның инвестиция-лық қорының 11 млрд теңгеге жетіп, аудандағы жұмысшылардың орташа еңбекақысы 58 мың теңгеден 93 мың теңгеге өсуіне де өз септігін тигізген.
Төрт жыл аралығында аудан аумағында тіркелген заңды тұлғалар саны 435-тен 1404-ке, ал жеке кәсіпкерлер 1800-ден 7112-ге өсіп, оларда жұмыс істейтін адам саны 21 625-ті құрады.
Ауданның жалпы тауар айналымы 889 млн теңгеден 50 млрд теңгеге жетіп, ондағы бөлшекті сауда үлесі 28 млрд теңге, ал көтерме сауда 22 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар аудан құрылғаннан бергі
4 жылда «Арзан» көтерме маркеті, «Домиллион» сауда орталығы, «Метро», «Кеш энд Керри» сауда кешені, «Санжар», «Халық», «Мың Жылқы» сауда үйлері ашылып, 1500-ге жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. Сондай-ақ Қазақстан аумағында желдеткіш шығаратын бірден-бір кәсіпорын «АВЗ» ЖШС Алатау ауданында ашылды, бұл кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Кәсіпорын өнімдері халықаралық барлық талаптарға сай және «АВЗ» ЖШС-нің өнімдері шет мемлекеттерге экспортқа шығарылуда.
Соңғы 4 жылда ауданның 15-ке жуық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер және «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесіне қатысып, «Масло Дел» және «АВЗ» ЖШС-тері өз салалары бойынша жеңімпаз атанды.
Жұртты жүдетпеудің жолы көп
Аудан құрылған 4 жылда 14 Ұлы Отан соғысы мүгедегі мен ардагерлеріне мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілді. Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зейнеткерлер санатына жататын 496 азаматқа санаторийге емдік демалыс алуға жолдама берілді.
2009 жылы ауданда 2500 бала дүниеге келсе, оның 7-уі егіз. Аудан ашылғалы үш отбасында үшем дүниеге келді. Аудан өміріндегі осындай қуанышты жағдайға орай, өткен жылы Отарбаевтар отбасына 2 бөлмелі, Қуатовтар отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.
Екі қолға бір күрек ұстаған кісінің өзегі талмасы анық. Сондықтан жұмыс орындарын көптеп ашып, күнкөрістің көзін тауып берудің өзі зор еңбек. Атап айтар болсақ, 2009 жылы Алатау ауданы бойынша жұмыс орынын ашудың бекітілген жылдық жоспарлы көрсеткіші 2013 адам болса, жылдық жоспарлы көрсеткіш 140 пайызға орындалып, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны 2818 адамды құрады. Сонымен қатар 2010 жылы - 500, 2011 жылы - 2009 жұмыс орны ашылды.
Жыл басынан аудандық жұмыспен қамту бөлімінде келген жұмыссыз азаматтардың саны - 782 адам, ал жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар 403 адамды құрап отыр. 9 айда 250 азамат жұмысқа орналастырылды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 66 адам орналастырылып, 9 айда тапсырма 106 пайызға орындалды. 318 жұмыссыз азамат қоғамдық жұмысқа қатыстырылды. Ал кәсіптік біліктілігін арттыру мақсатында 160 азаматқа жолдама беріліп, 160 азамат кәсіптік оқу мен қайта даярлау курстарын өтті. Жоспар 100 пайызға орындалды. Бұл оқулардың мақсаты - еңбек нарығында жұмыссыздардың бәсекелестiк қабiлетiн, бiлiмiн, кәсiптiк дағдысын жетiлдiре отырып, жаңа жұмыс орындарын табу мүмкiндiгiн ұлғайту.
Алатау ауданы бойынша 268 ана «Алтын алқа», 339 ана «Күміс алқамен» марапатталды, ал биылғы 9 айда «Алтын алқаға» - 15, «Күміс алқаға» - 16 ананың құжаты қабылданып, қалалық әкімдікке жіберілді, 26 ана тиісті наградамен марапатталды.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 9 айында тұрмыс деңгейі төмен азаматтар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар қатарынан 441 адамға, 3 млн теңгеге бір жолдық материалдық көмек көрсетілді.
Бүгінгі күнде гигиеналық құралмен 108 мүгедек қамтамасыз етілсе, 27 мүгедек қоларбамен, 77 адам шипажайда емделуге жолдама алды, протезді-ортопедиалық көмекке 123 адам жолдама алып, 5 мүгедек тифлотехникалық құралдармен, 8 адам сурдоаудармашылармен, I топтағы 45 адам мүгедектердің жеке көмекшілерімен қамтамасыз етілді.
Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау мақсатында, «Үйде тәрбиеленетін және оқитын мүгедек балалардың отбасына арналған жәрдемақының тағайындау және төлеу тәртібі туралы» ережесіне сәйкес, жыл басынан 81 балаға 2 млн 381 мың теңге жәрдемақы төленді.
Түйін:
Міне, біздің аудан осындай. Алатау ауданының авторы - Елбасы. Еңсесін көтерген - Есімов.
...Қараңғылық қоюлана түсе сыртқа шықтық. Әкімшіліктің алдындағы теп-тегіс әрі жарық алаңда бүлдіршіндер футбол ойнап жүр. «Балалар аулаға да еніп кетіпті ғой» дедік жігіттерге.
- Ойнасын, аға, Алатаудың алтын азаматтары осылар болады. Олар өз жері, өз баспанасы барын осылай сезінеді, - деді әкімішіліктің жігіттері.
Қарапайым жұрт қоныстанған Алатау енді бірер жылда қаланың бір орталығына айналары даусыз. Бұл бағытта орасан зор жұмыстар жасалуда. Тек ел иігілігін көрсін!
"Абай-ақпарат"