Жүкті әйелдерді «әлдилеп» босандыратын кереуттің авторы – қазақ
Әйелдердің босануын жеңілдететін төсек жобасын жасаған астаналық Марат Сүлейменов Республикалық инновациялық бизнес жоспарлар NIF$50K байқауының жеңімпазы атанып, 7,5 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Бұл туралы кеше Республикалық инновациялық бизнес жоспарлар NIF$50K және Республикалық рационализаторлық ұсыныстар байқауының қорытындысын шығару кезінде мәлім болды.
Әйелдердің босануын жеңілдететін төсек жобасын жасаған астаналық Марат Сүлейменов Республикалық инновациялық бизнес жоспарлар NIF$50K байқауының жеңімпазы атанып, 7,5 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Бұл туралы кеше Республикалық инновациялық бизнес жоспарлар NIF$50K және Республикалық рационализаторлық ұсыныстар байқауының қорытындысын шығару кезінде мәлім болды.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі ұйымдастырған қос байқауға қатысушылар көп болыпты. Аталған агенттіктің басқарма төрағасының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазиннің айтуынша, NIF$50K байқауы елімізде алғаш рет 2005 жылы өткізілді. Ондағы мақсат - еліміздегі инновациялық кәсіпкерлікті насихаттау және халықтың инновациялық белсенділігін арттыру болатын. Ол мақсат бүгінде орындалып келеді деуге негіз бар. Бұған биылғы байқауға 281 жобаның келіп түскені дәлел. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп екен. «Еліміздің барлық өңірінен келген жобалардың арасында үздік деген 25 жоба іріктеліп алынды. Міне, осы 25 жобаның авторлары «Хабар» арнасындағы «Инновациялық форсаж» атауымен реалити-шоу форматында бағдарлама мен «Қазақстан» арнасында көрсетілген «Рационализатор.kz» бағдарламасының кейіпкері атанды» дейді ол. Айта кетейік, таңдалып алынған жобалардың басым бөлігі медицина, энергетика және өндіріс салаларын қамтиды екен.
Соның ішінде медицина саласы бойынша жасалған инновациялық ұсыныс топ жарып отыр. Жоба авторы Марат Сүлейменов ежелден бері қазақ халқы әйелді тікесінен тік тұрғызып немесе жүресінен отырғызып босандырғанын еске салды. «Соңғы жылдары бұл үдеріс заманауи перзентханаларға да енгізілді. Ал аталған төсек босанушы әйелдің қалауына сай тік тұрып босануға немесе төрт аяқтап тұрып босануға мүмкіндік береді. Менің туындымның өзіндік құны Еуро елдеріндегі баламаларынан 30 пайызға арзан» дейді акушер-гинеколог М.Сүлейменов.
Мараттан кейін аты озған Көкшетау қаласының тұрғыны Сағат Мұхамедин екінші орын мен 2,5 млн теңге жүлдеге ие болды. Ол өндірістік жылу алмастыру құбырларын қатты қалдықтардан тазарту технологиясын ұсынды. Жобаның жаңалығы сол, жылу алмастыру құбырларын тазартуда электрогидравликалық әсер қолданылады. Идея жылу энергетикасымен қатар, тамақ және химия өнеркәсібі саласына да пайдалы болмақ.
Үшінші орын мен 1 млн теңгеге «Орта және төменгі жастағы балаларға арналған мультимедиялық білім беру жүйесі» жобасын ұсынған Әділ Нысанов пен Сабырға Мұхамбетов ие болды. Олардың жобасының мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тиімділігі зор дейді байқау қазылары.
Ал Республикалық рационализаторлық ұсыныстар байқауының биылғы жеңімпазы - жетісайлық Ибадулла Үмбетаев пен Оразбек Биғараевтар болды. Олар «Топырақты 55-65 см-ге дейін терең қопсыту әдісі» жобасын ұсынып, «Жылдың үздік рационализаторлық шешімі» аталымында топ жарды. 1,5 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық қанжығаларына байланды. Бұл шешім бүгіннің өзінде оң нәтиже беріп, мақта өнімін 2 есеге арттырыпты. Оған қоса, шаруалар топырақ өңдеуде де үнемдеуге қол жеткізуге болады деп отыр. Мәселен, егер бұрынырақ себу жұмыстарынан алдын топырақтың әр гектарын өңдеуге 18 мың теңге жұмсалса, жаңа технологияны қолдану шығын көлемін 12-13 мың теңгеге азайтуға мүмкіндік береді екен. Олар ұсынған инновациялық әдіс мақта егуші аймақтарға тән топырақтың сорлану мәселесін де шешетін көрінеді. «Біз бүгіндері мақта шаруашылығында осыдан 40-50 жылғы бұрынғы ескі технологияларды пайдаланып келеміз. Соны жаңарту мақсатында, ең алдымен жерді терең қопсыту арқылы мақтаның өнімін көтеруді қолға алдық. Соңғы 2 жылдың ішінде нәтижесін берді» дейді Ибадулла Үмбетаев.
Бұл байқаудың екінші және үшінші орындарын «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қызметкері Айгүл Айтбайқызы мен «KSPstell» ЖШС Павлодар филиалының директоры Вадим Савицкий мен бөлісті. Оларға сәйкесінше 1 млн және 750 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді.
Ал «Кәсіпорындағы рационализаторлық қолдаудың үздік жүйесі» аталымында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жеңімпаз атанды. Компания өткен жылы экономикалық тиімділігі 850 млн теңге көлеміндегі 1443 рационализаторлық ұсынысты енізген.
"Абай-ақпарат"