Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4004 1 пікір 5 Шілде, 2022 сағат 14:37

Пандемия. Көш. Консул

Жақында ғана ҚХР-ның сыртқы істер министрі Уаң Иы мырза елімізге мемлекеттік сапармен келіп, еліміздің сыртқы істер министрі Мұқтар Тілеубердімен кездесіп, "Орталық Азия-Қытай " форматындағы сыртқы істер министрлерінің үшінші отырысына қатынасты. Өткен жылдың аяғында Қытай сыртқы істер министрі және Қытай премьер-министрінің орынбасары, орталық партия комитетінің саяси бюро мүшесі Хан Джың мырза елімізге келіп, сол кездегі еліміздің премьер министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловпен кездесіп, пандемия кезіндегі және пандемиядан кейінгі екі ел қарым-қатынасын қалыпты жағдайға түсіру тұралы кеңескен-ді.

Пандемия басталып,өрши бастаған кезде еліміздің талабы бойынша екі ел шекарасы уақытша жабылып,әуе қатынасы,іскерлік,туыстық барыс-келіс толықтай тоқтап, тек жүк көліктері баяу қозғалғанымен,шекара түбінде санмыңдаған вагондар жиналып қалған. Жоғарыдағы кездесулерден кейін екі жақтың мемлекеттік кәсіпорындары мен компания-корпорация қызметкерлеріне виза алуға квота бөлініп,Қытай кәсіпкерлері Чең Дудан Алматыға тоқтап, басқа бағытқа жалғасты ұшатын ұшақ арқылы елімізге келсе,қазақ кәсіпкерлері Гаңкоң арқылы ішкі Қытайдың ірі қалаларына бара бастады. Қазақ елі Қытаймен шекараны жапқанымен ТМД елдері және Евро одақпен,Түрік елдері кеңесімен,Ислам елдері конференциясымен шекарасын жапқан жоқ. Сондықтан да болар Қытайдағы қандастарымыздың қаржылық мүмкіндігі барлары Ташкент,Москва,Дубай,Стамбул,соғыс басталмай тұрғанда Киев арқылы елімізге келе бастады .Бастабында шекаралық күзет қызметкерлері жағынан біраз кедергіге ұшырағанымен, кейін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен "Отандастар " қоры басшыларының тікелей араласуымен бұл кедергілер түбегейлі алынып тасталды. Бұл жерде айрықша айта кететін бір жәйт, Шыңжаңдағы жағдай мен ішкі Қытайдағы дамыған райондардың паспорттық режимі басқашалау. Шыңжаңда 2016 жылдан бастап жеке төлқұжатты жергілікті орындар жинап алып керек кезінде арнаулы рұхсатнамамен берілсе,мемлекеттік қызметкерлер мен басшылық қызметтегілер және компартия мүшелері демалыс кезінде шетелге шығуына тиым салынған,ал келіп жатқан қандастарымыз екі түрлі жолмен шекара аттап жатыр.

Біріншісі, кәсіпкерлер мен олардың туыстары тұрақты тіркеулерін теңіз бойындағы дамыған райондарға ауыстырып келіп жатыр,ол жақта паспорттық режимі біршама бос.

Екінші түрі,екі елдің ортақ келісімі бойынша көші-қон шақыртуын алдырып,ол жақтағы тұрақты тіркеулерін біржолата өшіріп,қозғалмайтын мүлкін сатып, тап-таза болып келіп жатыр. Оған көп кедергі жоқ,әлдебір пысықайлардың әуежайға барып алып мен немесе менің ұйымым пәлен кісі,түген отбасыны көшіріп келді деп сырнайлатып-кернейлетіп даңғаза тудыруы "аңқау елге,арамза молда болған" популистік тірлік қана.
Еліміз отыз жылдан бері тұрақты,дәйекті жүргізіп келе жатқан көп векторлы саясатының арқасында әлемдік саяси ойындарда тепе-теңдікті сақтап,ешкімнің қанжығасында кетпей алға жылжып келеміз. Пандемияны еңсеріп,"төртінші қаңтар оқиғасының " сынынан сүрінбей өтіп,Ата заңның құрылымына өзгеріс енгізіп,асығыстау болсада өтпелі кезеңде жабылып қалған облыстарды ашып үлгірдік. Енді пандемиядан кейінгі даму үдерісіміз қалай болады?Қандай бағыттарға басымдық береміз? Міне, бұл барлық билік өкілі мен партия-топтардың,қоғамдық ұйымдардың,белсенді,ынталы азаматтардың бәрін ойландырса керек. Әлемдік қақтығыс шиленісіп,ядролық алапат соғыстың төбесі көріне бастағанда,сол әлемдік ойыншылардың бірі Қытаймен болған қарым-қатынасымыз қай межеден көрінеді?Осы отыз жылдық барыс-келісте неден ұттық,неден әттеген-ай дедік?Алғашында әлемдегі ең үлкен өндіріс ошағынан арзан товарлар бізге тоқтаусыз ағылса,енді қазба байлықтарымызды бірлесіп игеруге ынта білдіріп отыр. "Құрлықтағы бір жол,бір жағалау жібек жолы жобасы" ең алғаш Нұр-Сұлтанда әлемге жәрия етілді сонымен бірге ауылшаруашылығы,шығыс пен батысты тұтастырып жатқан көлік магистралы да олардың назарында. Біз Лианиунгаң порты арқылы мұқитқа шығатын болдық,Үрімші қаласынан визалық жұмыстарды реттеп отыратын іс басқарма аштық,1949 жылдан кейін бірде-бір шетелдіктер Шыңжаң мен Тибеттен осындай мекеме аша алмағанын ескерсек, бұл Қазақ дипломатия тарихындағы үлкен табыс .Батыстың бүкіл адамзатқа ортақ деген құндылықтарын қалқан етіп әлемдік экономикаға қожа болып келе жатқан АҚШ бастаған мигранттар елі мен ұлттық дәстүр,менталиетті тұғыр етіп ,авторитаризмге арқа сүйеген Ресей,Қытай,Иран бастаған елдер екі үйекке бөлініп,өз құндылықтарын тықпалап қақтығысқанда ортасында қалған біздер "екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетедінің " аяғын құшпасақ болды. Десе де "Ұлыбританияның мәңгілік жауы да ,досы да жоқ тек мүддесі бар " деген Черчиллдің бұл күнде аксиомаға айналған тұжырымдамасына сүйенгеніміз абзал.

Тәуелсіздіктің алтын бесігі болған еліміздің рухани ,мәдени ,экономика,финанс орталығына айналған ару қала Алматыда әлемдік қаржылық ұйымдар мен түрлі халықаралық қауымдастықтардың және алпауыт елдердің консулдықтары жұмыс істейді .Соның бірі ҚХР-ның Алматыдағы бас консулдығы .Тәуелсіздіктен кейін елімізге миллионнан астам қандастарымыз алыс-жақын шетелдерден келсе ,олардың екі жүз мыңнан немесе жирма пайыздан астамы Алматыда тіркеуде тұрады .қазіргі Алматы облысының Қарасай ,Талғар ,Жамбыл ,Еңбекші қазақстан ,Іле аудандарында да Өзбекстан ,Қытайдан келген қандастарымыз тығыз орналасқан. Қытайдан келген жарты миллионға таяу қандастарымыз түстіктегі екі қала ,төрт обылысқа және шығыстағы екі обылысқа шоғырлана ірге тепкен .Осы аумақтағы қандастарымыз шекара ашылып ,қалыпты өмір басталғанда барлық құқықтық-заңдық ,тұрмыстық құжаттарын рәсімдеу үшін осы консулдықтың қызметіне жүгінеді .

Бірнеше жылдың алдындағы Шыңжаңдағы саяси,құқықтық жағдайдың күрт өзгеруі оған жалғасқан пандемия қарапайым халықтың қалыпты өміріне ерекше кері ықпал етті. Көптеген әкімшілік,құқықтық кедергілер қордаланып қалып,шешімін күтуде. Былтыр жыл соңына таман ҚХР-ның Алматыда тұратын бас консулы ауысты. Ұзақ жыл Қытайдың сыртқы істер минстрлігінде жұмыс істеген Вэй Цзян ханым жұмысқа кірісе салып,гарантиялық шектеулердің арасынан жол тауып екі елдің қарым-қатынасында қарапайым халықтың тағдырына көбірек мән бере бастады. Бірнеше онлайн кездесу жасап екі елде өмір сүріп жатқан тума-туыстардың өзара есен-саулық сұрасуына мүмкіндік тудырды. Екі жылдан бері бері Шыңжаңнан туысшылап,саяхаттап,іс-спармен келіп қайта алмай қалған жирма мыңнан артық Қытай азаматтарының (тоқсан пайыздан астамы қандастар ) жағдайын басты назарда ұстады, сонымен бірге тәуелсіздіктен кейін Қазақстанға көшіп келген қандастар мен Алматыда өмір сүріп жатқан дуңган, ұйғыр диаспораларының жағдайы да ұмыт қалмады. Бас консул осы қоғамдық ұйымдардың кеңселеріне барып пікір алмасты. Екі елдің достық қарым-қатынасын жаңа өреге көтеру жолында атқарар белсенді ролдерін атап өтіп,барлық мәселені ақылдасып шешуге мұрындық болуларын өтінді. Сонымен бірге әлеуметтік желіде өз парақшасын ашып Қытай елінің жеткен жетістіктері мен Қазақ елімен болған мәдени,экономикалық байланыстардың ұнамды жақтарын насихаттай бастады. Әрине,көп адамның түсінігінде Қытай елі жабық ел саналып,саясаткерлері мен дипломаттары өте сақ болып,ашық әңгімеге,даулы мәселелерге бара бермейді. Партиялық мүдде мен принципті бәрінен жоғары қояды. Осы тұрғыдан келгенде,"елдестірмек елшіден " дегендей Вэй Цзян ханымның мына шынайы,ашық әрекеттері,екі ел қарым-қатынасында көрініс беріп отырған шетін,сезімтал мәселелерді түсінуге,шешуге талпынуы,өз мамандығына деген жоғары жауапкершілігі бізді қанағаттандырып отыр. Мамыр айының 23 жұлдызында қалалық No:181 мектепке барып сонда оқып жатқан,ата-анасы Қытайда тұратын жеткіншектердің халдарын сұрап мерекелік сыйлық үлестірді,27 -і мамырда қалалық балалар көмек орталығына барып көмекке мұқтаж балалардың хал-жайын біліп бәріне футболка сыйлады. Маусымның бірі ҚР ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойына барып қатынасса,2-і күні "деловий Казахстан " газетінің редакциясына бас сұғып, журналисттермен кеңес өткізді .

Маусымның 6 күні " Жебеу " РҚБ-нің Алматыдағы кеңсесіне қасына бас консулдың орынбасары Лу И мырза мен консул Яң Яң мырзаны ерткен Вэй Цзян ханым арнайы келді. Кездесуге "Жебеудің " құрылтайшылары Омарәлі Әділбекұлы,Құрмет Қадылқазыұлы,Талғат Мамырұлы,Рахым Айыпұлы,Ержан Шәріпқанұлы қатысты .Алғашқы сөз алған Омарәлі Әділбекұлы қонақтар мен қонақ иелерін қысқаша таныстырып өткен соң,сөз тиегін ағытқан бас консул" пандемиядан кейін тұңғыш рет жүздесіп отырмыз. Бұдан бұрын бірнеше рет онлайн кездескен едік, енді міне дидарласудың реті келіп отыр,сіздердің ұйымның екі елдің достығы үшін атқарған жұмыстарын екі елде жоғары бағалап отыр. Бұл жолы қыздырма кызыл сөз айтпай достық пейіл,шын ниетпен әңгімелесейік. Мен тыңдауға келдім ара-тұра түсінбеген жерімді сіздерден сұраймын тек шынайы жауап беріңіздер. Қазір Шыңжаңнан осы елге қоныс аударған кісілердің құжаттық жақтан біраз қиналып жатқанын естіп-біліп жатырмын. Екі ел ортақ танымға келіп қол қойған құжаттар,келісімдер аясында барлық туындаған,болашақта туындайтын мәселелерді талқылайық. Мен шеше алмайтын мәселелерді жоғары жаққа жолдаймын,шешудің жолын қарастырамыз. "Осыдан кейін сөз алған Рақым Айыпұлы,Омарәлі Әділбекұлы,Талғат Мамырұлы біраз маңызды деп санаған ойларын ортаға салды. Олар Қазақстанға келіп азаматтық алған кісілердің тұрақты тіркеуін өшіріп,паспорттын қиу және диплом мен неке куәлігінің нотариустан өткен аудармасын растау,туыстық шақырту кезіндегі сенімхат және қозғалмайтын мүлік пен жер телімдеріне,бала оқытуға,өсиетке қатысты сенімхаттарда жүйеге түскен бір ізділік жоқ болғандықтан қарапайым халық көптеген әкімшілік,заңдық-құқықтық кедергілерге ұшырап жатқанын айтты. Шекара жабылғаннан кейін жирма мыңнан астам Шыңжаңда тұрақты тіркеуде тұратын Қытай азаматтары шарасыздан осындсғы туыс-туған,дос-жарандарын паналап күн көріп жатқаны да сөз болды. Бас консулдың аузынан маусымның 22 -інен бастап екі елдің арасында әуе қатынасы қалпына келетінін естіген соң осы жолдардың авторы 1991 жылдан кейін Қазақстанға көшіп келген азаматтар екі ел ортақ қолданатын электронды визадан шеттетіліп отырғанын,осы жағдайды бұдан бұрын бас елші мен экс бас консулға айтқанын бірақ тұшымды жауап ала алмағанын айтқанда,бас консул бұл жағдайдан хабарсыз екенін, бірақ қатысты орғандардан сұрастырып нақты жауап беретінін айтты. Бұдан басқа жастары толмай зейнетке шыққан кісілердің барлығы да сол кездегі Шыңжаңда жергілікті жердің жағдайына қарай жүргізілген саясаттардың ресми пәрменімен зейнетке шыққанын нақтылап айтқанда,әуелі,үкіметтік құрлымдарды ықшамдау,екінші,батыс өңірді ашып,шекара саудасын жандандыру,үшінші,қос тілді оқу-ағартуда мемлекеттік тілге басымдық беру сынды науқандардың жемісі екендігі еске алынды. Қазір олардың алды жетпістен асып,арты елуге иек сүйеп,еңбек қабілеттері төмендеп сол зейнетақысымен отбасыларын асырап отырғаны еске түсірілді. Ол кісілердің біразы үш-төрт жылдың алдындағы жағдайға байланысты және пандемия киіп кеткендіктен бұрынғы жұмыс орындарымен хабарласа алмай қалғаны да айтылды.

Екі сағатқа жоспарланған кездесу үш сағатқа созылды,барлық тақырып қамтылды. Бүкпесіз әңгіме өрбіді. Алда бұдан үлкен масштабта кездесіп,кеңесетінін айтқан ханым екі елдің басшылары қол қойған барлық келісімдер аясында ашық әңгімеге қашанда даяр екенін айтып жылы қоштасты. Халқымыз "елдестірмек елшіден " дегенде осындай барыс-келісті меңзесе керек.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364