Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
Аймақ 3345 2 пікір 19 Шілде, 2022 сағат 15:17

Қостанай қазақтануға қарсы ма?

Медициналық кадрларға деген тапшылық Қостанай қаласы тұрғындары үшін шешілмейтін түйінге айналғалы қашан. Мұндағы жұрттың «басы ауырып, балтыры сыздаса», барып көрінетін дәрігерлерін күндіз май шаммен іздесең де таба алмайсың. Сосын амал жоқ, аздаған тиын-тебенінен үнемдеп, бағасы аспандап кеткен ақылы емханалардың есігін тоздыруға мәжбүр. Ал жергілікті билік мұндай проблеманың бар екендігінен мүлдем хабарсыз ба деп қаласың.  Өйкені бұлар үшін медицинаның жай-күйі аса маңызды мәселелер қатарына жатпайтын секілді.

Мәселен, бір кездері Қостанай қалалық ауруханасы өзге өңірлерден осында мүлдем жетіспейтін бір топ дәрігерді пәтермен қамтамасыз етеміз деп ант-су ішіп, жұмысқа арнайы шақырған. Олармен бес жылға шарт та жасасқан. Сонан соң, олардың мұнда бар-жоғын мүлдем ұмытқан. Қазір бұлардың барлығы да жалдамалы пәтерден-пәтерге қаңғып, пәтер ақысын өз қалталарынан төлеп жүр. Билік болса, кезінде өхдері берген уәделерінен тайқып кетіп, бүгіндері ештеңе болмағандай кейіп танытады. Ал өзге өңірлерден ат арылтып келген жас мамандардың бүгінгі күйі күй емес. Солардың бірі – қаладағы ауруханадағы жалғыз гастроэнтерелог Айжан Зейнетай. Шенеуніктердің сөзіне Құдайдай сенген жас маман осыдан үш жыл бұрын отбасымен Қостанайға көшіп келіп, кісі есігінде күн көріп жатыр. Айлығының жартысынан астамы жалдамалы пәтер ақыға кетеді.

«Мен министрлікке де арнайы хат жазып едім. Алайда «қазір пандемия, сондықтан ақша жоқ, одан мүлдем дәметпеңдер» деген жауап алдық. Сонда мұны қалай түсіндік? Біз бәрін тастап, осында көшіп келдік. Міне, үш жылдан бері адал қызмет атқарып келеміз», - дейді Айжан Зейнетай.

Мұндай ауыртпалықты Айжанмен қатар тағы да үш дәрігер – гинеколог, трамватолог пен уролог та бастан кешіп отыр. Олардың барлығы да «пәтермен қарқ қыламыз» деген уәдеге сеніп келген.

«Біз ештеңені де тегін сұрамаймыз. Бізге пәтерді жеңілдікпен берсе де жарайды. «Отбасы банкіде» де болдық. Бұлардан пәтер алу үшін бірден сол пәтердің құнының 50 пайызын төлеу қажет көрінеді. Ол ақшаны қайдан табамыз», - дейді гинеколог-дәрігер Назрулло Тәліпов.

Біз, әрине, осы қалалық аурухананың басшылығы қурай басын да сындырып отырған жоқ деуден аулақпыз. Алайда, олардың да қолы қысқа. Бас дәрігер Данияр Жандаевтың айтуына қарағанда мұнда пәтерге мұқтаж дәрігерлердің саны жиырмадан асып жығылады. Олардың төртеуінің жағдайы адам төзгісіз.

«Біз былтырғы жылдың тамыз айына дейін бұлардың пәтер ақысын төлеп келдік. Алайда біз кейін инфекциялық стационарға айналғаннан кейін ақылы қызмет көрсетіп, өзіміз ақша таба алмаймыз. Сондықтан да бүгінгі таңда пәтер ақысын төлеуге мүмкіндігіміз жоқ», - дейді бас дәрігер.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан да үміт шамалы болып тұр. Олар «дәрігерлерге көмек көрсетуге еш мүмкіндігіміз жоқ» дегенді ашық айтып отыр. Пәтерлер соңғы кездері тым қымбаттап кеткен көрінеді. Ал Қазақстанның ипотекалық компаниясы тұрғын үйлерді арзандау бағамен беруге мүлдем келіспейді. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері келіп тұр.

Ал әлгі дәрігерлер болса, мүлдем тығырыққа тірелген жайы бар. Өйткені олар аурханамен бес жылға шарт жасасқан. Осы мерзім бітпей олар ешқайда да кете алмайды. Енді  бес жыл қашан бітеді деп сарғая күтіп отыр. Сөйте тұра, мұнда жаңағыдай мамандар ғана емес, қарапайым терапевт секілді мамандарға деген зәрулік өте көп.

Ал енді қала тұрғындарының мұндай мүшкіл халі қала басшылығын да, облыс басшылығын де аса толғандыра қоймайтын секілді. Бұлар «Жаңа Қазақстанда» емес, бұрынғы, өздеріне аса қолайлы «ескі Қазақстанда» өмір сүргенді қалайтын тәрізді. Әлде осы солтүстік өңірде қазақтардың, оның ішінде жас кадрлардың көбейіп, қатарымыздың молайғандығы біреулердің түн ұйқысын төрт бөліп, ішкен асы бойына тарамайды ма екен? Егер азғантай ғана мамандарға осылай қарасақ, күні ертең осы терістік өңірлерді қайтып қазақтандырамыз?

Жайберген Болатов

Abai.kz

2 пікір