Тарихшылар таласы: Алаш автономиясы құрылған ба?
Қазақстан тарихшылары арасында «Алаш автономиясы құрылған ба?», деген сұрақ аясында пікір екіге жарылды. Даулы мәселеде тарихшы Сәбит Шілдебай: «Алаш автономиясы жарияланған да жоқ, құрылған да жоқ», - десе, тарихшы Дихан Қамзабекұлы «Айқын» газетіне жазған мақаласында «Алаш автономиясын құрылмады» деу жаңсақ пікір екенін, әріптесінің тарихи шындыққа атүсті қарап тұрғанын айтты. Оған бірсыпыра деректер келтірді.
Әуелі Сәбит Шілдебай мен Дихан Қамзабекұлының пікірлерін оқырман талқысына ұсынамыз:
Бірінші тарап: «Алаш автономиясы құрылған жоқ»
Сәбит Шілдебай:
- Академиялық бес томдықтың 4-томында: «І Бүкілқазақ съезі негізінен «Алаш» (қазақ) ұлттық саяси партиясының күшімен өткізілді», - деп қате жазылды (Қараңыз: «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. Алматы: «Атамұра», 2010. – 103-б.) деп есептейміз. Өйткені, өкінішке орай, 1995 жылғы «Алаш һәм Алашорда» монографиясының 124-бетінде «Сөз жоқ, Алаш партиясының құрылуы (дәлірек айтқанда – бірінші съезде партия құрылды деп жариялау) қазақ халқы өміріндегі елеулі оқиға болды», - дей отырып, осы кітаптың 126-бетінде: «Алашты саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен әдеттегі партияға ауысу (айналу) «кезеңін» бастан кешірген өтпелі саяси ұйым деп қарастырған жөн. Алаштың әдеттегі саяси партияға айналу процесі 1917 жылғы шілдеден сол жылдың соңына, яғни АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ (бас әріптермен бөліп көрсеткен біз. Шындығында, Алаш автономиясы жарияланған да жоқ, құрылған да жоқ! – С.Ш.) мен Алашорда үкіметі құрылғанға дейін айтарлықтай қарқынмен жүргізілді... Алаштың партия болып қалыптасуы аяқсыз қалды. Ал азамат соғысы жылдарында Алаштың, М.Дулатов дәл айтқанындай, «Алашорданың көлеңкесінде қалғаны» тарихи шындық», - деп, өзіне-өзі қарсы шығып, екіұшты пікір айтқаны рас болғанымен, кейіннен бұл мәселенің ақиқатын айтып жүретін Кеңес Нұрпейісұлы бұл кезде өмірден өтіп кеткен еді.
Яғни, бұл әлі күнге дейін талас туғызып келе жатқан мәселе! Шындығында, бірінші жалпықазақ съезінің шешімі жарияланған «Қазақ газетінде»: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съез Шорай исламға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократическая федеративная парламентарная республикаға құрылмақ. ПАРТИЯ ЖОБАСЫН ЖАСАП БОЛҒАН СОҢ (бас әріптермен бөліп көрсеткен біз – С.Ш.) өкілдер қазақ облосной комитеттерінің қарауына жібереді, онан кейін учредительное собраниеге жиналған қазақ депутаттары қарап бекітеді. ҚАЗАҚ САЯСИ ПАРТИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫ ЖАСАЛҒАНША (бас әріптермен бөліп көрсеткен біз – С.Ш.) осы съездің қаулылары учредительное собраниеге баратын қазақ депутаттарына наказ – аманат болады», - деп нақты жазылған еді.
Сауаты бар кез-келген қазаққа түсінікті тілмен жазылған бұл мәтіннен Қазақ саяси партиясының бұл съезде құрылмағанын әрі жарияланбағанын, атауының да болмағанын анық байқауға болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы» тек қана 1917 жылы 21 қарашада жарияланғанын ескерсек, «Алаш» партиясының құрылғанының өзі үлкен дау туғызады (бұл өз алдына бөлек мәселе!).
Жоқты жоқ, ақты ақ деп айтпасақ, келешек ұрпақтың алдында ұятқа қаларымыз хақ!
ЕКІНШІДЕН, қазақ тарихында «Алаш автономиясын жариялаған» ешқандай «Екінші құрылтай» болған емес! 1917 жылы 5-13 Алашорда үкіметін құрған жиын – қазіргі қазақ тарихнамасында «ІІ Бүкілқазақ съезі» деп аталады (Қараңыз: «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. Алматы: «Атамұра», 2010. – 124-б.) және сол кездегі баспасөзде де солай жазылды.
Енді, «АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ» деген мәселеге келсек, ешқашан мұндай автономия жарияланған емес! 5-13 желтоқсандағы Екінші бүкілқазақ съезінде Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданғанымен, оны құру әрі жариялау мәселесі шешілмеді. Яғни, ол кейінге қалдырылды. Съезд 54 адамнан тұратын Алашорда атты үкімет құрып, Түркістан автономиясы құрамындағы Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтары қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялаймыз деген шешімге келді.
Бұған Т. Жұрбай, С. Аққұлұлы, Б.Қойшыбаев сынды бірқатар тарих әуесқойлары дауласуы мүмкін, бірақ, өзін-өзі сыйлайтын бірде-бір кәсіпқой тарихшы дау айтпайды деп ойлаймыз.
Екінші тарап: «Алаш автономиясы құрылды»
Дихан Қамзабекұлы:
- Бірсыпыра тарихшылар мен қаламгерлер 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ жалпықазақ съезі қаулысының астарын емес, сырттай ақпаратын механикалық түрде қабылдап: «Мұнда «Автономия жарияланды» деп ашық жазылмаған. Сондықтан Алаш автономиясы жарияланған жоқ», – деп жүргені ойландырады. Бұл пікір таяу шетел зерттеушілері тарапынан да айтыла бастапты. Олардың осы топшылауына (яки, танымына) келмеске кеткен советтік идеология біршама үлесін қосқаны талассыз... «Алаш автономиясы жарияланған жоқ!» деген көзқарасқа тоқтау салыну керек. Бұл – ел тәуелсіздігінің әрі Қазақстан жаңаруының талабы.
Тарихи әділеттілік тұрғысынан келсек, біз Түркістан автономиясы (Түркістан мұхтарияты) мен Алаш автономиясын ортақ елдік арман-мүдденің сабақтастығында қарауымыз қажет. Түркістан автономиясының басында (яғни, билік басында) Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай, т.б. қазақ азаматтары тұрса, сондай-ақ Алаш автономиясының ұлт кеңесі – Алашордадағы (яғни, үкіметтегі) бір орын М.Шоқайға қалдырылса, қос автономияны бір контексте қарау – ғылымдағы шынайылық, тарихилық қағидатына сәйкес келмек. Ендеше, әсіре дерекшілдерге, құжатшылдарға айтарымыз: ресми «сол күні жарияланбады» деген Алаш автономиясы 1917 жылы 27 қарашада Қазақ еліне қатысты өңірде (Түркістан аймағында) «Түркістан автономиясы» (Түркістан мұхтарияты) ретінде жарияланған болып шығады. Бұл негіздемені қуаттандыратын дәлелдер де бар. І және ІІ жалпықазақ съездеріне Түркістанның қазақ мекендеген дәстүрлі Жетісу, Сырдария облыстарынан бөлек Ферғана, Самарқанда облыстарынан да өкілдер қатысқан.
1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының мән-маңызы түсіндіріліп, Қазақ елі мемлекеттілік құрылымның осы сатысына өтетіні халыққа жария етілді. Ел тарихындағы мемлекеттілік жаңғырудың заңдық негіздері хабарланып, Түркістан автономиясы арасындағы шарттылықтар жұмыс барысында шешілетін саяси-заңдық үдеріске жатқызылды. Кешегі отаршыл империя аударылып-төңкеріліп, ұлттық аймақтар енді есін жиып жатқанда, бұл сындарлы (конструктивті) және ақылды шешім еді. 1917 жылы 27 қарашада ресми жария етілген Түркістан автономиясын (Түркістан мұхтарияты) Алаштың мемлекеттілікті қалпына келтіру күресі аясында қарау – маңызды қадам ғана емес, міндетті ғылыми шарт.
Алаштанудың соңғы жылдардағы мәліметтерімен таныс азаматтар 1917 жылғы ұлт автономиясы туралы дүдәмалдыққа нүкте қойған С.А.Жүсіптің «Ұят-ай!» («Abai. kz» сайты, 24.10.2018), Е.Қ.Нұрпейісовтің «История казахстанского конституционализма» («Qazaqstan tarihy» порталы, 30.08.2020), С.А.Жүсіп пен Е.Қ.Нұрпейісовтің «Республика Алаш: де-юре и де-факто» (Қазақ гуманитарлық заң университетінің «Құқық және мемлекет/ Право и государство/ Law and State» журналы, № 3 (92), 2021.- 6-25 б.), «Идея казахской автономии возникла не из-за Февральской революции 1917 года. Истоки движения «Алаш» («Казахстанская правда» газеті, 08.09.2021), т.б. материалдарын білсе керек. Біздіңше, аталған мақалалар сала мамандары арасында кеңірек талқыланып, насихатталғаны жөн. Бұл еңбектер мәселені жіті білмейтін гуманитарларды және «мен өз пікірімнен қайтпаймын!» дейтін тарихшыларды ойландырады деп үміттенеміз…
Сонымен бірге Алаш кезеңін зерттеп жүрген бірсыпыра шетелдік ғалымдар ХХ ғасыр басында шыққан қазақ тіліндегі газет-журнал материалдарын місе тұтпай және белгілі деңгейде астамшылық көзқараспен «Алаш автономиясы жарияланған жоқ!» немесе «Алаштың мемлекеттілік нышаны, рәмізі болған емес» деп жазуды үрдіске айналдырып барады. Ал енді осындай пайым өз ішімізде айтылғанда, «Көзі қарайған там сүзедінің» кері ме деп қаламыз.
Біз осы мәселе төңірегінде белгілі тарихшы, ғалым Мәмбет Қойгелдіге хабарласып, пікірін білдік.
Үшінші тарап: Алаш автономиясының құрылғаны тарихи шындық!
Мәмбет Қойгелді:
- Бұл телефонмен айта салатын мәселе емес. Бірақ, бір нәрсені анықтап алайық. Алаш партиясының, Алаш автономиясының құрылғаны тарихи шындық. Менің Алаш тарихымен айналысып келе жатқаныма 30 жылдан асты. Алашқа қатысты құжаттардың басым бөлігімен таныспын деп айта аламын. Сондықтан Алаш туралы айту үшін тарихи фактілермен жақсы таныс болу керек. Оларды оқымай тұрып екіұшты пікір айту ғалымдыққа сай емес.
Біріншіден, Алаш партиясының құрылғандығы, оны басқарған саяси элитамыздың болғандығы рас.
Екіншіден, Алаш партиясының 1917 жылы саяси бәсекеге түскендігі, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында Алаш партиясы атынан депутаттыққа түскен кандидаттарды қазақ қоғамының қолдағандығы, соның нәтижесінде жеңіске жеткендігі - бәрі тарихи фактілер. Оны жоққа шығару - күннің атып, кешке батқанын жоққа шығарумен тең. Бұл ақиқатты қолды бір сермеп жоққа шығара салып, өзіне жалған атақ жасау ғалым үшін абырой әкелетін дүние емес.
Алаш автономиясына байланысты айтар болсақ, Алаш партиясы құрылып, сол партияның ұйымдастыруымен Екінші жалпықазақ съезі өтті. Съезде Алашорда үкіметі құрылды. Алашорда үкіметінің 1917-1919 жылдары қазақ халқының мемлекеттігі үшін күреске түскені тарихи ақиқат. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.
Ал, «Алаш автономиясы жарияланды ма, жарияланбады ма», деп даурығып, одан үлкен айғай-шу шығарудың қажеті жоқ. Негізгі факті ол - Алаш партиясының Алаш үкіметін ұйымдастырғандығы, Алашорда үкіметінің құрылғандығы, оның легитимді билік болғандығы. Соның нәтижесінде қазақтың саяси өмірінің жаңа сапаға көтерілгендігі дәлелденген нәрсе.
Осы негізгі фактіден ауытқып, елдің көңілін «Алаш автономиясы жарияланды ма, жоқ па» деген демагогиялық даурықпа сөзге бұру ғалымдыққа жатпайды. Қисынсыз дүниені айтып, өзіңді ғалым етіп көрсету ұят қылық.
Дәлелденген тарихи фактілер кімнің тақиясына тар келіп жатыр? Неге жоқ жерден дау шығаруға құмармыз?
Abai.kz