Қазақстан Батыс елдеріне көмір жеткізуді ұлғайтты
Сұрапыл санкциялар Украинаға басып кірген Ресейді тұншықтырып жатыр. Бұған дейін Батыс елдері Ресейдің көмірінен бас тартатынын мәлімдеген еді. Әлгі шешім күшіне енбей тұра Еуроодақ оның орнын алмастыратын жаңа тасымалдаушыны едел-жедел іздестіруге көшкен.
Қазірден бастап қыстың қамына кіріскен Батыс елдері Қазақстанды Ресейдің орнын басатын балама ретінде қарастырып отырған көрінеді. Біздің де елде қарап қалмай, оңтайлы сәтті ұтымды пайдалануға тырысуда. Бұл жөнінде Dalanews.kz хабарлайды.
“Биылғы жылдың алғашқы алты айында Қазақстан Еуропа елдеріне өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе көп көмір жеткізді”, – деп жазады осы орайда “Коммерсант” басылым.
Eurostat-тың (Еуроодақтың статистика қызметі) мәлім еткеніндей, Путин басқыншылары бөгде елге басып кірмей тұра Қазақстанның Еуропаға тасымалдайтын көмір көлемі тым мардымсыз болған.
Кремль дүниені дүрліктіріп, Украинаны бомбылай бастаған шақта Қазақстанның Батысқа тасымалдайтын көмір көлемі күрт артып, 300-400 мың тоннаға жеткен. Мәселен, бұдан бір жыл сәуір мен мамырдың аралығында осы бағыттағы экспорт небәрі 60-70 мың тоннаны құрапты.
Ал алдағы айда Ресейдің көмірін тасымалдауға тыйым салатын шешім күшіне енеді. Қазір еуропалық компаниялар қысқы отын мен жанармай қорын толықтыру мақсатында Қазақстан мен Ресейден келетін көмірді сатып алуды күрт арттырған.
Тамыздан кейін Ресей мен Батыс елдері арасындағы көмір тасымалы толық тоқтайды.
Саланы жетік білетін сарапшылардың пікірінше, одақтасы аяқтан шалмаса, Қазақстан Еуроодақ елдеріне көмір тасуды ұлғайта түседі.
Бір гәп, көмір Еуропаға Ресей немесе Балтық елдерінің порттарында ауыстырып тиеу арқылы жөнелтіледі, ал соңғы бағыт ресейлік теміржол желісін пайдалануды да қамтиды.
“Батыс елдері жылдар бойы Ресейдің көмірін пайдаланып келді, оған балама боларлық өзге тасымал жолдарын қарастырған жоқ. Сондықтан Ресейден келетін көмірді алмастыру мәселесі Еуропа үшін бас ауру болғалы тұр.
Қазақстан Ресейдің санаулы деген сенімді серіктерінің бірі. Бұған Кремльдің қалай қарайтыны әзір белгісіз. Мәскеу қазақ көмірінің транзитіне тосқауыл қойса, ендеше оны оны Каспий теңізіндегі Ақтау порты арқылы, одан кейін Әзірбайжан мен Грузия арқылы Қара теңізге жеткізуге болады”, – дейді “Коммерсант”.
…
Айта кетсек, 2019 жылы Ресей қазақ көмірін Украинаға тасымалдауға шектеу қойып, квота енгізген. Мәскеудің шарты бойынша Қазақстаннан Украинаға жеткізілетін көмір көлемі айына 120 мың тоннадан аспауға тиіс еді.
Еліміздің Сауда және интеграция министрлігі осы шектеудің кесірінен қазақстандық көмір өндірушілер ай сайын 11 млн. доллар жоғалтып, қып-қызыл шығынға батқанын мәлімдеген. Кейін Ресей тарабы бұл шектеуді жұмсартып, қазақстандық көмір тасымалының көлемін 140 мың тоннаға дейін көтерген болатын.
Abai.kz