Президент және зияткерлік әлеует
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы демократиялық мемлекет құруда маңызды табыстарға, бәсекеге қабілетті экономика құруда, қоғамның әлеуметтік жаңғыртылуында едәуір жетістіктерге жетті. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың реформасының ауқымдылығы тарихи аз уақыт ішінде мемлекетіміз бен қоғамымызды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. «Біздің алға қарай тұрақты жылжуымыздың басты шарты - біздің қоғамымыздың алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі біртұтастығы, халықтың барлық жіктері мен топтарының ортақ міндеттерді шешуге бағытталған стратегия айналасында топтасуы. Егер біз қоғам мен халықтың түрлі топтарының қажеттіліктерін дұрыс ескеруге, басымдықтарды дәл айқындап, олардың іске асырылуын қамтамасыз етуге қабілетті болсақ, онда бұл ақиқатқа айналады».
Елбасы белгілеген мемлекет дамуының басымдығы тәуелсіз Қазақстан құрылуының алғашқы жылдарында-ақ ішкі және сыртқы саясаттың тең жүргізілуіне, ұлтаралық келісімдерді қамтамасыз етуге, жаңашылдықты енгізуге мүмкіндік туғызды. Мемлекет дамуының маңызды міндеттерінің қатарына экономиканы қарқындату, халықаралық ықпалдасу, бірігу, бірыңғай азаматтық қоғам - Қазақстан халқының құрылуы, демократиялық институттарды нығайту кіреді. Тарихымыз көрсеткендей, 20 жыл бұрын Президентіміз ұсынған мемлекеттік стратегия өзін толығымен ақтады. «Бүгіндері Қазақстандағы реформалар тәжірибесінің нәтижелі екендігін халықаралық сарапшылар ғана емес, сонымен бірге, әлемдегі басты мемлекеттер лидерлерінің өздері де мойындап отыр. Қазақстанның көшбасшылығы сәтті таңдап алынған өтпелі дәуірдің саяси-экономикалық үлгісіне негізделген. Ол - күшті президенттік билік және оған қоса жедел де қарқынды экономикалық реформалар». Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында «біздің үлгінің мәні мемлекеттік билікті әлсіретпестен, нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және демократияландыруға бағытталған, сонымен бірге «естен тандырмайтын» түбегейлі реформалардың жиынтығына саяды» деп жазған.
Елбасының ойынша, әлемдік қоғамда лайықты орын алуға қабілетті қазіргі заманғы мемлекеттің құрылуы ғылым мен білім беру дәрежесіне байланысты. Жаһандық әлемнің тарихы барлық мемлекеттердің алдында адам өмір сүруінің шарты негізіндегі зияткерлік және мәдени әлеуетті сақтау міндетін қояды. Қазіргі заманғы ғылыми түсінік бойынша «зияткерлік әлеует» мағынасы «өндірістік күш» деп те, экономиканы өзгертудің құралы, қоғамдық энергияның өзгеше түрі, қоғамдық өндіріс ресурстарының жинақтығы деп те анықталады. Бізге «зияткерлік әлеует» мағынасынан бәрінен бұрын қоғамның үйренуге, игеруге қабілеттілігі, регенерация, өндірістік және әлеуметтік салаларда білімді қолдану және тарату мағынасы жақын. Осыған байланысты, зияткерлік әлеуеттің аксионологиялық мағынасы, оның азаматтық және тұлғалық өлшемі өсіп келеді.
Бүгінде кез келген қоғамның жаңашыл дамуы мен оның зияткерлік әлеуеті арасында тікелей байланыс бар екендігі айқын. Президентіміздің арқасында «зияткерлік әлеует», «зияткерлік ресурс» түсінігі мемлекетіміздің стратегиялық дамуының бір бөлшегі болды. Н.Ә.Назарбаев жастарға еліміздің бүкіләлемдік қоғамда бәсекеге қабілетті мемлекет болуы әрбір қазақстандықтың білімі мен ақыл-зерде, парасат дәрежесіне байланысты екенін әр уақытта айтудан жалықпайды, сондықтан «бізге ұлттық интеллектінің діңін құру, халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар қажет».
Н.Ә.Назарбаев өзінің кітаптарында мемлекет құрылымындағы істе қоғамның әрбір мүшесінің рөлі туралы, еліміздің әлеуеттік дамуында әрбір тұлғаның маңыздылығы жөнінде жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауында, үндеулерінде, кездесулерінде қайталап отырады. Президент еліміздің жарқын болашағын адами капиталымен байланыстырады, соған жетер асуда қазақстандықтарға жаңа маңызды бағдарды белгілеп берді «өзгермелі әлемдегі жаңа жағдайларда тек тірі қалу емес, сондай-ақ бұрынғы табыстарымызды нығайта, осы жаңа әлемге өзіміздің ықпал ету мүмкіндігімізді кеңейте отырып, дамуымызды жалғастыру».
Көшбасшының еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыру идеясы «Интеллектуалды ұлт - 2020» жаңа мемлекеттік жоба жасауға түрткі болды, жоба негізінде үш аспекті бар «білім беру жүйесіндегі серпіліс; ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру; жаңартпашылдықты дамыту». Заманауи әлемде жаңартпашылдық мағынасының ауқымдылығы соншалық, бүгінгі күні қоғам дамуының деңгейін оның жаңартпашылдық экономикасының деңгейімен анықтайды. Соған байланысты «жаңартпашылдық үрдісті тиімді басқара алатын, жаңашылдық жобалар жасай алатын және дамытуға қабілетті жоғары білікті мамандарға» деген қажеттіліктің өсуі заңдылық.
Елімізді жаңа экономикалық биіктерге шығаруға қабілетті, жоғары сапалы мамандарды даярлауда университеттер шешуші рөл атқарады. Біздің заманымызда университеттер банктік, өкіметтік құрылымдарда, өндірістердегі білім және ғылыми құрылымдарда, коммуникация мен корпорацияларда жетекші қатысушы және ұйымдастырушы болып табылады. Бүгінде елдер жоғары техникаларымен бәсекелеседі, бәрінен бұрын бұл кез келген мемлекеттік экономикалық дамудың негізі болып табылады. Өзінің жеке ғылымы, алдыңғы қатарлы технологиялары, білім саласындағы озық ойлары болмаса, еліміз әлемдік мұралардан қалып қою қаупі бар.
Сөйтіп, зияткерлік әлеует қазіргі заманғы әлемдік экономиканың бағалы ресурстарының бірі. Ол интеллектуалдық еңбектің дағдысын қалыптастыратын жоғарғы білім беру жүйесі арқылы жасалады. Университеттер еліміздің зияткерлік әлеуетін дайындайтын негізгі орталықтардың бірі, біріншіден, қоғамды дамыту үшін жаппай жоғарғы білім алуға жағдай жасап, экономиканың барлық саласында жоғары білікті кадрларымен қамтамасыз етеді, екіншіден, еліміздің қызмет етуін қамтамасыз ететін әр түрлі саласын сапалы түрлендіріп, ғылыми ойлар тудыратын құрал болып табылады.
Президент «Кәсіби мемлекеттің» іргетасын қалауда, «креативті ойлануға және ақпараттық ағында бағдар алуға қабілетті» «Қазақстанның интеллектуалды элитасын» қалыптастыру идеясын да жүзеге асырды. Елбасының қатысуымен алғашқы зияткерлік мектептер ашылып, әлемдік деңгейдегі бірінші отандық университет - Назарбаев университетінде студенттер оқытыла бастады, зерттеулік деп танылған, жаңартпалыққа бағытталған университеттердің ондығы анықталды. Елбасының ауқымды бастамаларының мақсаты «білім беру жүйесінде серпіліс жасау», «терең ақылмен, шексіз қызығушылығымен және өмірлік күш-қуатымен ерекшеленген» жас қазақстандықтардың жаңа ұрпағын дайындау. Еліміздің жарқын болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ұғынған Президент студенттер ұжымымен үнемі байланыста болып, ықыластық танытып отырады. Н.Ә.Назарбаев еліміздің үздік ЖОО студенттеріне арналған ашық лекцияларын дәстүрге айналдырды. Оның табандылығы, ақыл-ойы, күш-жігері, бірегей саяси және өмірлік тәжірибесі жас қазақстандықтар үшін таусылмас қазына. Елбасының «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» дәрісінде Қазақстанның даму стратегиясында ғылыми-зерттеу, қазіргі заман технологияларына және сапалы білім беруге жетекші рөл берілгендігі ерекше көрсетілген. Президенттің пікірінше, болашағы бар ғылыми-зерттеулерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ғылыми әрекеттің жандануына әсер етеді, ал бұл өз алдына бәсекеге қабілетті тауарларды өндіру нәтижесіне ықпал жасайды. Біз Қазақстанның бай ресурстарын мақтан тұта аламыз, бірақ табиғат байлығы шексіз емес екенін естен шығармау керек. Еліміздің басты капиталы - адамдар. Жоғары білімді, кәсіби қазақстандықтар, Қазақстанның өркендеп, дамуының басты кепілі.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс» дәрісінде еліміздің білім беру үрдісіне барынша ауқымдылықпен қарауға шақырды. Елбасының ойынша, өзгермелі, дағдарысқа бейім, ақпаратқа қаныққан «қазіргі заманғы әлемде әр адамды іс істеуге, білім ала білуге, өмір сүре алуға, бірлесіп өмір сүре білуге үйрету қажет». Президенттің жоғарыда айтқан ақылы, заманауи қоғамда өз орынын табуға ұмтылған жастар үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін дағдарысқа төтеп бере алатын шаралар кешенін белгілегенде, олардың қатарында ғылымды қажет ететін өндірістің, инновациялық технологиялардың, адами капиталдың дамуын атап көрсеткен. Президент Назарбаев Университетінің студенттеріне «Қазақстан білім қоғамы жолында» Жолдауында қазіргі заманның үш тағанын ерекше атап көрсеткен «білім алу - ғылым - жаңартпашылдық». Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ойынша, әлеуметтік жаңғыртылудың негізгі алғышарты жоғарғы білім беру сапасын жоғарылату. «Табысты университеттер дегеніміз, бірінші кезекте автономдық мәртебесі, академиялық еркіндігі бар және ғылыми-зерттеу қызметіне бағдар ұстанған ЖОО-лар». Мемлекет басшысы атап өткен ЖОО құрылымының маңызды элементтері, ұлттық білім беру жүйесін халықаралық стандартқа сай жаңғыртылуын жалғастыруға мүмкіндік береді. Президент «дәл осындай көзқарас сапалы адами капиталдың қайнар көзіне, экономика мен білім қоғамын құрудың негізіне айналатынына» кәміл сенімді. Бұл қоғамда кімде-кім «өзді-өзіңмен үздіксіз жұмыс істеп, өз білімін, кәсіби құзырлылықтарын арттырса», сол ұтқыр. Лекцияда қойылған талаптар университет ғылымының дамуымен тікелей байланысты. «Университет міндеті - ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру үшін барлық қажетті тиімді инфрақұрылым құру». Президенттің пікірінше, қазіргі заман ғалымдарының «пайдалана алатындай институттар мен құралдардың мол түрі бар. Ол оның таңдауы». Бұл жерде Президенттің айтуынша, қоғамды табысқа жетелейтін жаңғыртудың қарапайым ережелерінің бірі «мемлекет халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсаса да, егер әрбір қазақстандық өз тағдырының еңбексүйгіш қожайынына айналмаса, елдегі бар жақсылардың бәрін қадірлеп, оларды одан әрі еселемесе, ол артпайды». Елбасының әлеуметтік жаңғырту толғанысының өзегі заманауи қоғамда «мемлекет түпсіз донор емес, қоғам мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқатының өсуіне жағдай жасайтын әріптес болатындай жаңа пішінге көшудің маңызы зор» деген ойы болды. Ол үшін қазақ халқының, әсіресе, жастардың «білім алуға, парасаттылыққа, Отаны мен халқы алдындағы борышына» деген көзқарасын түбегейлі өзгерту керек.
Елбасы пікірінше, Қазақстанның 21 ғасырдағы дамуының шешуші факторы еңбек болып табылады. Жаппай Еңбек Қоғамының іргетасын қалау идеясын Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында көрсетті. Елбасы мақсаты мен мәні «жаңа индустриалдық-жаңартпалық экономика жағдайында қоғамды өмірге дайындаудан, Қазақстанның жылдамдатылған экономикалық даму мен қоғами игіліктер кеңінен қамту арасында оңтайлы теңгерім табудан, құқық пен әділет қағидасына негізделген әлеуметтік қатынастар бекітуден құралған» Қазақстанның әлеуметтік жаңғырту тұжырымдамасын ұсынады. Президент «азаматтың қолынан келетінді өзі атқаруға міндетті» деп атап өтті. Қазақстанның жетістігі оның барлық азаматтарының, бүкіл қоғамның іс-әрекетіне байланысты екенін түсінген абзал. Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған сөзінде, Жаппай Еңбек Қоғамына 20 қадам-міндеттер кешенін белгіледі. Күн тәртібінде әлеуметтік заңнаманы жаңарту, әлеуметтік-еңбек қатынастарының нәтижелі үлгісін қалыптастыру, өмір сапасының жоғары қазақстандық стандарттарын қамтамасыз ету, жетілдірудің ақпараттық-мәдени құрамдас бөлігін дамыту, әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару нәтижелі жүйесін құру. Жоғары оқу мекемелеріне Президент ерекше жауаптылық жүктейді, себебі дәл оқу қабырғаларында болашақ мамандардың тек кәсіби қасиеттері ғана емес, азаматтылық, ұлтжандық, жауапкершілік, табысқа жетуге ұмтылыс сияқты жеке қасиеттер де қалыптасады. Оқылатын курстардың мазмұнын жаңарту және «Қазақстандық құқық», «Өлкетану», «Акмеология, жеке және әлеуметтік жетістік негіздері» сияқты пәндерді енгізу жастардың білім деңгейі мен әлеуметтік бейімделу деңгейін айтарлықтай жоғарылатады.
Білім беру заманауи жүйесінде білім алушы тұлғаны, оның жеке және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін әр алуан салаларда практикалық әрекет тәжірибесін иелену, өмір бойы оқу мүмкіндігі болу үшін жағдай жасалуға тиіс. Экономиканың қарқындап дамуы оқушылардан зерттеуші-маман ретінде тұлғаның қалыптасуын, зерттеу біліктіліктерін дамытып отыруын талап етеді. Заманауи оқу мекемелері білім беру практикасына жай ғана зерттеу әдістерін қосумен шектеліп қалмай, оны тәжірибе жүзінде іске асырып, зерттеу әрекеті мәдениетінің қалыптасып, дамуына бағытталған мақсатты жұмыстарын қажет етеді.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан қоғамын әлеуметтік жаңғырту идеясының арқасында еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, нығайту арқылы Қазақстан жеке даму жолында заманауи демократиялық мемлекет ретінде өз ұстанымын бекітті.
Еркін КӨБЕЕВ,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор.
«Егемен Қазақстан»