Тәуелсіз елдің тірегі
Таяуда ғана Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Қазіргі әлем барлық плюстерімен және минустерімен төтенше деңгейде өзара байланысты болып отыр. Бұл - барлық елдерде есептесуге тиісті шындық. Оның үлкен, орташа және шағын елдердің бәріне де қатысы бар. Осының барлығы мемлекеттен кесімді әлеуметтік саясат жүргізуді талап етеді. Және маған әлеуметтік мәселелерді әркез бақылауымда ұстап, оларға тұрақты түрде қайта оралуыма тура келеді. Менің назарымдағы басты мәселе - әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету», деп толғанғаны менің санама айрықша қозғау салып, Елбасының пайымы мен парасатының тым биіктігі қайран қалдырған болатын.
Таяуда ғана Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Қазіргі әлем барлық плюстерімен және минустерімен төтенше деңгейде өзара байланысты болып отыр. Бұл - барлық елдерде есептесуге тиісті шындық. Оның үлкен, орташа және шағын елдердің бәріне де қатысы бар. Осының барлығы мемлекеттен кесімді әлеуметтік саясат жүргізуді талап етеді. Және маған әлеуметтік мәселелерді әркез бақылауымда ұстап, оларға тұрақты түрде қайта оралуыма тура келеді. Менің назарымдағы басты мәселе - әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету», деп толғанғаны менің санама айрықша қозғау салып, Елбасының пайымы мен парасатының тым биіктігі қайран қалдырған болатын.
Тарихты таразыласақ, адамзат қоғамының түрлі дәуірлерінде өзінің жасампаздығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында әртүрлі мемлекеттерді өз дәуірінің биік сатысына сүйреп шығарған көшбасшы тұлғалардың ғибратты істеріне куә боламыз. Алайда, қазақ деген халықтың шамшырағы жарқырап, әлемге әйгілі болуы 20 ғасырдың 90-жылдарынан бастау алғаны, сол ұлы үдерістің тізгінін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстағаны алғаусыз ақиқат. Әр елдің тарихында биік бетбұрысты оқиғалар болады. Сол оқиғалардың бастауы - айқарылған ұлы күндердің болатыны да рас. Міне, 1991 жылдың 1 желтоқсаны халқымыз үшін сондай күн. Ресми алғанда ол күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президентін сайлау өткізілді. Бірақ бұл ресми түрде ғана. Бодандықтың күні бітетінін, бостандық таңының ататынын әркім де біліп отырды.
1991 жылғы 1 желтоқсан күні байтақ еліміздегі сайлау учаскелеріне халық жаппай ерекше үмітпен ағылды. Сол күні сайлаушылардың 98,78 пайызы дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Халықтық қолдауға шын мәнінде талассыз ие болды. Содан бері Елбасымыздың сан түрлі сынақтан сүрінбейтін сарабдал саясатының арқасында жеңісті жолы жалғасуда.
Міне, елімізде жаңа мереке тұңғыш рет атап өтілгелі отыр. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні деп аталады. Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Парламенті осындай шешім қабылдады. Бұл шешім «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға толықтырулар түрінде рәсімделді.
Осыдан тура 21 жыл бұрын, ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен іске асты.
1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан бергі кезең ішінде Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, ұдайы даму үстіндегі мемлекет ретінде қалыптасты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы 21 жылдың ішінде шынайы мемлекетшіл екенін, халық мүддесіне берілгендігін үнемі көрсетіп, Қазақстан атты елдің болашақты бетке алған ұлы көшін бір белестен бір белеске асырумен келеді. Елбасының басшылығымен сол кеңестік республикадан тәуелсіз мемлекет, егемен ел жасалды. Ел болғанда да қатардағы ел емес, егемендігінің 20 жылдығына да жетпей жатып Еуропаның төріне көтеріліп, құрлықтағы басты саяси Ұйымға төрағалық еткен ел жасалды.
Осы тарихи күнді тағайындау әлемдік тәжірибені ескере отырып қабылданды. Ондай күндер дүние жүзінде көптеген мемлекеттерде бар. Мысалы, АҚШ-та «Президент күні» аталып өтеді. Мұндай күннің белгіленуі Елбасының ел алдындағы ұлы еңбегін лайықты бағалау деп білеміз.
Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы - еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты жасампаздыққа жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, халықаралық қоғамдастықтың ризашылығына ие болған жаһандық бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты.
Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстан саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты. Тәуелсіздікке ие болған 21 жыл ішінде Қазақстан жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті экономикаға негіз болатын талассыз табыстарға жетті.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан халқы үшін тың құрылымның бірі - жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жүргізетін сала болды. Әуелде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1994 жылы Қаржы министрлігінің салық қызметі құрамындағы Салық милициясы басқармасы болып дүниеге келген су жаңа сала - қазір мақсаты мен мүддесі айқын Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі.
2005 жылдың ақпан айынан бастап Агенттіктің тек Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орган ретінде танылуы - қаржы полициясының даму тарихындағы маңызды қадам және Мемлекет басшысының біздің органға деген ерекше сенімінің белгісі. Соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, елдің экономикалық қауіпсіздігін қорғайтын, сыбайлас жемқорлық көріністері мен «көлеңкелі» экономиканың деңгейін төмендететін пәрменді құралға айналды.
2010 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қаржы полициясы органдарына экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды тергеудің дербес құқығы берілді. Мемлекет басшысының салмақты саясатының арқасында Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламалық негізде тек құқық қорғау органдарымен ғана емес, тұтас қоғаммен жүзеге асырылуда.
Елбасымыздың «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Жарлығына сәйкес бекітілген «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаның» басты міндеттері халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлық қауіптерін азайту арқылы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты жоғарылату және көлеңкелі экономика деңгейін төмендету болып табылады.
Қаржы полициясына нарық заманында сыбайлас жемқорлықпен күресте, оның алдын алуда тұңғыш Президентіміз тарапынан жүктелер міндет орасан, сенім зор. Берекеміздің бастауы болған бұл күн - біздің өз таңдауымызды өзіміз жасап, өз тағдырымызды өзіміз шешуді бастап берген күн. Бұл күн - тарихымызда тұңғыш рет бүкіл халық болып Президент сайлаған күн. Елдіктің жолындағы ең алғашқы қадамымызды жасаған күн.
Мақсат ҚОЖАБАЕВ,
Қызылорда облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) бастығы, қаржы полициясының полковнигі.