Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары жалғасуда
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында орналасқан «Кирпич СК» нысанының жұмысымен танысты. Кәсіпорын өз жұмысын 2022 жылдың мамыр айында бастады. Болжам бойынша республиканың отандық кірпішке деген қажеттілігінің 50 пайызын қамтамасыз етуге тиіс.
Мұнда тәулігіне 150 мың кірпіш шығарылады. Өнімге ішкі сұраныс 30 пайызды құрайды. Бұдан әрі өндірістің екінші желісін салу есебінен тәулігіне 300 мыңға дейін кірпіш өндіру жоспарланып отыр. Көлемдердің ұлғаюы отандық нарықты жергілікті кірпішпен 50 пайызға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Кәсіпорында екі ауысымда 100 – ге жуық адам еңбек етеді.
Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода зауыттың қазіргі қарқынына оң баға бере келіп, жалпы елімізде кәсіпкерлікті қолдауға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтып, осы бағыттағы мемлекеттік маңызды бастамаларға тоқталды.
Депутаттардың аймақтарға сапары аясында мәжілісмен азаматтарды қабылдау, жергілікті өзекті сұрақтарға назар аудару мәселелеріне жіті көңіл бөледі.
Осы күні Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ғани Ташқараев Шымкент қаласы, Ақжар елді мекенінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде ақжарлықтар мәжілісменге қоқыс полигоны, көшелердің құрылысы, ирргациялық жүйелер және жаңа мектеп салу мәселелері бойынша сауалдар қойды.
«Бүгін кездесуде түрлі әлеуметтік мәселелер көтеріліп отыр. Халықты мазалап жатқан сұрақтардың басым бөлігі қоқыс мәселесі болып тұр. Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі ретінде мен қазіргі уақытта еліміздің 6 өңірінде қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттілігі бар екенін білемін, яғни олар жоспарда бар. Алдағы күндері үшінші қалалық қоқыс полигонына барып, «Green Line» ЖШС басшылығымен оның аумағында өрттің пайда болу себептері және өрттің салдары мәселесі бойынша кездесу өткізуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, Ақжар елді мекенінде тұрғындар саны жылдан жылға артып келеді. Сәйкесінше балалардың да саны артып, мұндағы жалғыз мектепте оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Осы мәселеге қатысты қалалық білім басқармасының басшысымен және аудан әкімімен келісіп, жаңа мектеп құрылысына жер бөлу бойынша сұрақтың шешімін қарастырамыз» - деді Ғани Әбдіғаниұлы.
Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Қалмұратов Мұратәлі Оразәліұлы және Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов қатысты. Депутаттардың өңірлерге сапары одан әрі жалғасуда.
Abai.kz