Ажарлы Алтай өңірі туризм кластерінің құрамына енді
«Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту бағдарламасының шеберлік-жоспарын жасау мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстағы туризм саласының, мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан туристер қауымдастығының, «ІPK International'» компаниясының өкілдері мен аудан әкімдері қатысты.
«Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту бағдарламасының шеберлік-жоспарын жасау мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстағы туризм саласының, мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан туристер қауымдастығының, «ІPK International'» компаниясының өкілдері мен аудан әкімдері қатысты.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен бекітілген келісімшартқа сәйкес «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ халықаралық «ІPK International» консалтингтік компаниясымен бірге біздің облыста туризмді дамытудың кластерлік бағдарламасының шеберлік-жоспарын жасап жатыр. Кеңесте осы істі қолға алып отырған индустрияны дамыту институты басқармасының төрағасы Азамат Ахмеров облысқа арналған шеберлік-жоспарды туристік өнімдер түрлерін жасау, сұранысты талдау, туристік кластерлерді, осы саладағы өзге де мәселелерді талдап-талқылауға бағытталған зерттеулерге сүйеніп әзірлеп жатқандарын жеткізді. Оның айтуынша, институт Шығыс Қазақстанда туризм кластерін құруда шетелдік «ІPK International» компаниясын бекерден-бекер таңдап алмаған. Әлемдегі туристік ағынды жан-жақты бақылап, зерттеп отырған, сондай-ақ туризмді дамытуға ірі қаржы салып жатқан ірі инвесторларға тікелей шығуға шынайы жағдайы бар бұл ірі компанияға Шығыста ішкі және сыртқы туризмді өркендетуге бірден-бір мүмкіндік туғызады деген үміт артылып отырған көрінеді.
Институт мамандарының елдегі туризм нарығына жүргізген зерттеулері 2020 жылдары Қазақстанда, оның ішінде Шығыста туристер санын төрт-бес есеге дейін көбейтуге мүмкіндік барын көрсеткен. Қазақстанда туристерді қабылдап алу, оларға жайлы демалыс орындарын ұсыну бес ірі кластерлік бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Астана, Алматы қалалары мен олардың маңындағы Бурабай, Шымбұлақ, тағы басқа да демалыс орындары және Шығыс Қазақстан облысының өзен-көлді, таулы өңірлері, «Сарыағаш» курорты мен Жібек жолы бойындағы Шымкент, Түркістан қалаларын қамтитын Оңтүстік Қазақстан және теңізімен әйгілі Каспий жағалауы аймақтары осы қазақстандық бес туризм кластерінің құрамына еніп отыр.
Алдағы уақытта елге туристерді көптеп тартып, аталған саладан түсетін табыс деңгейін көтеру мақсатында қазір салық заңдылықтарына да бірқатар өзгерістер енгізуге күш салынып жатыр. Бұдан былай туризм саласына қаржы құйып отырған тұлғаларға салынатын салық біршама жеңілдетілетін болады. Жасалып жатқан туризм саласын дамытудың жобалық құжатында ішкі туризмді дамытуға да назар аударылып, өз еңбеккерлерін демалыс орындарына жіберуге әлеуметтік жағдай туғызып отырған мекемелерді де салықтық жеңілдіктер беру есебінен ынталандыру ойластырылуда. Сыртқы істер министрлігімен визалық режимдерді демалуға келушілер үшін ыңғайлы етіп реттеуге байланысты келісімдер жүргізілуде, туристер ағынын көбейтіп, көлік қатынасын тиімді етуге орай чартерлік рейстер ашылып, сыртқы, ішкі әуе тасымалы нарығындағы бәсекелестікті арттыру арқылы ұшақ билеттерінің бағасын төмендету көзделуде. Сонымен қатар демалыс орындарын ашу үшін жерді жалға алу, жер телімдерін заңдастыру құжаттарына да өзгерістер енгізіліп, осы салада қызмет көрсетуге бел байлағандарға жер бөліп беру жағынан біраз жеңілдіктер қарастырылуда. «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ басшылары облысқа арналған туризмді дамыту бағдарламасының шеберлік-жоспарында осы жайттардың барлығы ескеріліп, енгізіліп отырылғандығын айтты.
Кеңесте «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ бірлесе жұмыс істеп жатқан германиялық компания басшысы Рольф Фрайтаг Шығыстың туристік әлеуеті, оған инвестиция тартудың жолдары жөнінде өздерінің алғашқы зерттеу қорытындыларымен хабардар етті.
Ермек Көшербаев мамандарға соңғы жылдары Ыстықкөлге әжептәуір бәсеке болып отырған Алакөл демалыс орнының басты назардан тыс қалмауын ескертті. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Абай ауданындағы мәдени-рухани, тарихи туризм әлеуетінің де пайдаланылмай жатқандығын атап айтты.
Шығыста туризмді дамытудың түрлі тетіктері жайында өз ұсыныстарын жеткізіп, ой алмасқан өңірдегі демалыс орындары мен облыстағы туризм саласының басшылары қысқы туризмді, қысқы спорттық ойындар түрін дамытуға аса қолайлы аймақ болып отырған Риддер қаласының маңындағы демалыс орындарын өркендетуге жағдай туғызу қажеттігін айтып, өздерінің нақты ұсыныстарын берді.
«Абай-ақпарат»