ӘБЕКЕМ ДЕСЕМ, АРҚАЛАНЫП КЕТЕМІН (Ә.Тәжібаевты еске алғанда)
Өтер небір белеңдер,
Ойың да бір сәт тереңдер.
Жандардың ғажап кемеңгер
Әруағын жоқ демеңдер, - дегендей, мен осыдан бірнеше жылдар бұрын яғни сонау алғашқы «Атырау» кітапханасы жарық көре бастағанынан, өзіміздің «Көне Сыр» кітапханасын ойлаған болатынмын. Және оны ойлап қана қомай, сол кездегі облыс әкімі - Икрам Адырбеков мырзаға ұсыныс жасап едім. Ол ініміз ұсынысты іске асыра алмады. Кейін Мұхтар (Құл-Мұхаммед) інімізге де сол ұсынысты жазбаша түрде бергенмін. Бұл жігіт қанша айтқанмен әдебиет жанашыры ғой, бірден қолға алды. Сол бойынша Сыр бойының біраз ақын-жазушыларының шығармалары шығып жарық көріп қалды. Әрине, бұл әлі оның үштен екісі ғана. Дегенмен оның да бір жөні табылар. Бұл жерде менің негізгі айтпағым, әруақтар жайлы. Бірде мен сол «Сырдария» кітапханасының редакциясына өздерінің өтінішімен Қалтай ағамыздың бес томдығын тапсырған болатынмын. Сол жолы осы Әбділда ағамыздың бес томдығы жайлы да әңгіме болған. Бірақ ол кісінің кітаптарын басқа біреулер дайындап тапсырыпты. Соған да риза болдым.
Бірақ неге екенін қайдам, Әбекең сол күннен бастап, түсіме бірнеше
рет енумен болды. Сосын менен Құран дәметіп жүрген шығар деп, бірнеше
күн білгенімді бағыштап ем, содан кейін барып түсіме енуді сейілтті. Ал енді
жақында сол кісінің құрметіне Жазушылар одағы жиын жасағаннан кейін,
Өтер небір белеңдер,
Ойың да бір сәт тереңдер.
Жандардың ғажап кемеңгер
Әруағын жоқ демеңдер, - дегендей, мен осыдан бірнеше жылдар бұрын яғни сонау алғашқы «Атырау» кітапханасы жарық көре бастағанынан, өзіміздің «Көне Сыр» кітапханасын ойлаған болатынмын. Және оны ойлап қана қомай, сол кездегі облыс әкімі - Икрам Адырбеков мырзаға ұсыныс жасап едім. Ол ініміз ұсынысты іске асыра алмады. Кейін Мұхтар (Құл-Мұхаммед) інімізге де сол ұсынысты жазбаша түрде бергенмін. Бұл жігіт қанша айтқанмен әдебиет жанашыры ғой, бірден қолға алды. Сол бойынша Сыр бойының біраз ақын-жазушыларының шығармалары шығып жарық көріп қалды. Әрине, бұл әлі оның үштен екісі ғана. Дегенмен оның да бір жөні табылар. Бұл жерде менің негізгі айтпағым, әруақтар жайлы. Бірде мен сол «Сырдария» кітапханасының редакциясына өздерінің өтінішімен Қалтай ағамыздың бес томдығын тапсырған болатынмын. Сол жолы осы Әбділда ағамыздың бес томдығы жайлы да әңгіме болған. Бірақ ол кісінің кітаптарын басқа біреулер дайындап тапсырыпты. Соған да риза болдым.
Бірақ неге екенін қайдам, Әбекең сол күннен бастап, түсіме бірнеше
рет енумен болды. Сосын менен Құран дәметіп жүрген шығар деп, бірнеше
күн білгенімді бағыштап ем, содан кейін барып түсіме енуді сейілтті. Ал енді
жақында сол кісінің құрметіне Жазушылар одағы жиын жасағаннан кейін,
тағы да түсіме енді. Бұл жолы ағамыздың үстінде бір боз костюм-шалбары
бар, Мұхамеджан Қаратаев ағамызбен бірге жүр. Ол кісінің киімі де
сондай. Олардың қастарында жүрген менің де киімім сондай, тура өңімдей.
Тіпті әрбірден соң ағайынды екеуміз жамбастап жатып алып әңгімелесіп
жатырмыз. Содан кейін ағамыз менен де бірдеңе дәметіп жүрген шығар деп
«Мінезді ақынмен мұңдасу» атты мақала жаздым. Ол «Түркістан»
газетіне шығып бір тыныстап едім. Енді ойлап-ойлап сол кісіге байланысты
естелігімді де бастап жібердім. Ағамыздың әруағының менің түсіме еніп
жүргені жәй болмаса керек.
Сонымен сонау 1958 жылдары болатын. Мен бір сәті түсіп, ойда жоқта қазіргі «Жазушы» баспасына қызметке тұрдым. Ол кезде баспа «Қазмемкөркемәдеббас» боп аталатын. Директоры академик Мұхамеджан Қаратаев еді. Сол жылы Мәскеуде өтетін «Декадаға байланысты көптеген кітаптар шығатын болып, баспаханалармен арадағы өндірістік өнімдерді әрі-бері қатынататын қызметшілікке мені алған-ды. Ол кезде үш баспахана бар еді, №1 баспахана қазіргі «Жас алаштың» орнында болатын, №2 баспахана қазіргі Қонаев көшесі мен Гогольдің бұрышында, басшысы Сәтімбек Төлешев деген партизан ағамыз еді. Үшінші баспахана осы қазіргі Полиграфкомбинат, басшысы Күзембаев деген ағамыз болды. Менің жұмысым осы үш баспаханамен өзіміздің баспаның арасында шапқылап жүру. Бұл жұмыстың қызу жүргендігі сондай, бастығымыз кіші Мұхаңның (ел Қаратаев ағамызды солай атайтын) «Победа» машинасын ағамыздан гөрі мен көбірек мінген сияқтымын. Сонымен не керек, 1958 жылғы кітап шығару үстіндегі қарбалас та бітіп, Мәскеудегі Декада да ойдағыдай өтіп, есімізді де жидық-ау, әйтеуір. Бір күні мені Мұхамеджан ағамыз шақырып алып, ойда жоқта қызық әңгіме айтты:
- Сейфолла, сенің баспаханамен арадағы қызметті мүлтіксіз орындағаныңа риза болдым, рахмет. Саған аздап сыйақы жазғанмын соны бухгалтериядан алып ал, - деген. Мен ол кісіге:
- Рахмет, - деп кетіп бара жатыр едім. Кенет:
- Сені осы өлең жазады дейді ғой, - дегені. Мен сәл күмілжіп үнсіз қалдым. Шамалыдан кейін маған:
- Оған бола қысылма. Қайта осында жүрген соң араласып жүргенің дұрыс, - дей келіп:
- Сен, осы балаларға арналған кітапшалар аударсаң қайтеді? Сөйтіп бірте-бірте жаттыға бересің, бәлкім кейін үлкен аудармашы да болып кетерсің, - деді де сәл кідіріп:
- Сен қазір анау балалар бөліміне барып, Өтебай ағаңа жолық - деп, кетуге рұқсат етті. Мен қуанудың орнына өзімді бір түрлі сезіндім. Ішімнен «соған менің әлі орысшам жетпей, масқара болып жүрмесем нетті» деймін. Бірақ былайғы жұрт қаламақы алып жатқанда қызығатыным да бар еді. Сонымен не керек, ойлана келе өзімше алмайтын боп шештім. Сөйтіп жүргенде бір күні Өтебай аға Тұрманжанов:
- Әй, Сейфолла, бізге неғып келмейтін болып кеттің. Жүр қазір. Маған берген Мұхамеджанның тапсырмасы бар. Соны алып кет, - деп бөлмесіне қоярда-қоймай алып кірді де, Машқар Гумеров ағамызға:
- Мына Сейфоллаға ана В.Бианкийдің кітапшасын бер. Аударып
көрсін. Бастықтың тапсырмасы. Жаттыға берсін деген болу керек, - деді. Ол
сөзге өзім онша ыңғай бермей, кежегем кейін тартып тұр еді, анадай жерде
отырған Мәриам апай:
- Сейфолла сен тартыншақтама, ал да аудар, болмаса өзіміз де көмектесерміз, - деп, зорлағандай болды. «Қай құстың тұмсығы жақсы?» - деген жалпы көлемі үш баспа табақтай кітапша екен. Соны қолыма ұстата салды. Қолыма тиген жұмысты намысқа тырысып, аударып шықтым. Редакторым Машқар Гумеров ағамыз еді. Әбден редакциялады-ау ол да. Содан ол жаққа ұялып бармай жүр едім. Бір күні өзі шақырып алып:
- Сен неғып ұялып жүрсің. Ұялма. Бұл сенің бірінші аудармаң. Әлі
тәжірибең жоқ. Сен түгіл біздер бұрынғы аудармашылардың жұмысын бұдан
да бетер шимайлап жатамыз, - деп, бір беделді ағамыздың аудармасын
көрсетті.
Сонымен не керек аударма шықты. Ақшасын да алдық. Тойладық та. Бірақ көп ұзамай біздің бастық - Мұқаңның үстінен жоғарғы жаққа домалақ арыз түсіпті дегенді естідік. Арызда баспа директоры Мұхамеджан Қаратаев аударманы оңды-солды елге жөнсіз таратып жатыр. Тіпті жұмысқа жақында ғана алынған жерлесі Сейфолла деген балаға дейін аударма беріп шүлен таратқандай іс қылуда, - дегендей мазмұнда болады ғой. Сонымен тып-тыныш отырған Мұқаңды күнде Орталық Комитетке шақырады да жатады. Көп ұзамай Қазақстан Орталық Комитетінің үгіт-насихат хатшысы - Нұрымбек Жанділдиннің баяндамасына ілігіп, «Каз.Правда» мен «Соц. Қазақстан» газеттерінде атымыз шығып, аталып үлгердік. Ол аздай көп ұзамай Орталықтағы «Правда», «Литературная газета» да атымыз шыға келді. Бұл өзі шуы оңайлықпен басылмайтын сөз боп кетті.
Бір күні маған Мұқаңның алдындағы Нина деген әйел келіп: - Сені, бастық шақырып жатыр, - деді. Бардым. Кабинетіне кірсем, бір жағында Әбділда Тәжібаев ағам, төрде Мұқаңның өзі. Олар қосарлана:
- Кел, кел Сейфолла, - деді. Содан мен екі ағама да қол беріп
амандастым. Кенеттен (жақыннан бірінші көруім) Әбекең маған қарап:
- Әй, Сейфолла, бүгін мына Мұхамеджан ағаң екеуміз Орталық Комитетке барып, әнеукүнгі әңгімені, біржола тоқтаттық. Мен «Ол бала, жәй бала емес. Талантты бала. Жарайды өндіріс бөлімінде істеген шығар. Өндіріс бөлімінде істеген баладан болашақ мықты шықпайды деп кім айтты. Мысалы мына мен де бір кезде жәй хат тасушы болғанмын. Болмаса анау Қалмақан Әбдіқадыров ше, ол да ат айдаушы болған. Немене содан біз осал болдық па» - деп, біраз бұлтартпас дәлелді айттым-ау, деймін. Өзі де сасып қалғандай болды. Ал мына Мұхамеджан ағаң бір жағынан сенің өлең жазатыныңды, оған қоса кешегі Декада өнімдеріне қатты көмектескеніңді, бәрі-бәрін жақсылап тұрып айтып берді. Екеуміз екі жақтап айтқанда өзі де не дерін білмей қалды-ау деймін сабазың, - деп күліп алды да, Хатшы болса да басын шайқап:
- Ол баланың да жолы болатын шығар, сіздердей екі ағасы бірдей
жақтап-ақтап отырғанда болашақта осал болмас, - деп сәлем айтып жіберді.
Енді сен біздің сөзімізді ақтайтын бол, соны айтайын деп ек, - деп кеңкілдеп
кеп күлгені. Мен де жайдарыланып кетуге ыңғайлана беріп ем, кенет Әбекең:
- Тағы бір сөзіміз бар, тұра тұр. Біз осыдан біраз бұрын Қызылорда
облысына барып қайтқанбыз. Сонда біздің Тереңөзекте де болдық. Содан бір
жерде отырғанымызда, сенің әкең келіп, бізбен біраз сөйлесіп кетті. Ескіше
де, жаңаша да өте білімдар адам екен. Айтқан әңгімелері ғажап, мұндай
әңгімені келістіріп айтатын адамды сирек көреміз ғой қазір. Мал сойып,
үйіне шақырайын деп еді, уақытымыз өте тығыз болды. Соған мына
Мұхамеджан екеуміз әлі күнге дейін өкінеміз. Нағыз әңгімесін қона жатып
тыңдайтын-ақ жан екен. Сол әкеңе сәлем айтарсың, сол жаққа енді жол түссе
ол кісінің үйіне міндетті түрде соғамыз. Өте жақсы адам екен. Сондай жақсы
адамның жалғыз ұрпағы сен де жаман болмассың. Енді бара бер, айналайын, - дегені әлі есімнен кетпейді. Сол сәтте екі бірдей ағам менің берік
босағамдай әсер тастап еді. Оның үстіне сол жылы Әбекең елуге толып,
ғажайып жырлар жазып жүрген кезі. Әбекең «Елуге келген егделердің
бірімін» деп «Сыр жырлары» деген топтама жазып, елдің ықыласына бөленіп
жүрген. Және аузымызды ашсақ:
Осы менің Сырым неткен бақытты!
Тіпті босқа өткізбепті уақытты.
Әбділдаға арта беріп қарттықты,
Өзі жастық құндағында жатыпты.
Сырым менің, Сырым менің - сырласым.
Секілді едің бала күнгі құрдасым.
Ойнаушы едім ағысыңмен алысып,
Алып қашқан әпкешімнің сырғасын, - деген ақынның жыр жолдары түседі. Өзіміз де сол Сыр өңірінен болғасын ба, ішіміз жылып бойымызды үлкен мақтаныш билеп кететін. Әсіресе:
Кемітеді Сырымды
Сарыарқалық былай деп:
- Жауыны жоқ, желі жоқ,
Тұра алмас ем бір ай деп.
Кемітеді сырымды
Сарыарқалық былай деп:
- Масасы көп, шаңы көп,
Сырдариясы ылай деп.
Бір жылына бермес ем,
Мен Сырымның бір айын.
Сағынамын көрмесем.
Шаңы менен ылайын, - деген жырын оқығанда жанымыз ерекше марқайып, тіпті кеудемізді әжептәуір кердеңдік билейтін. Әсіресе Сыр бойының қазақтары бас қосқанда. Сол кезде баспада Оразбек Бодықов деген екі тілде бірдей жазатын жазушы ағамыз болды. Сол кісі біздің Сыр бойынан бір талант шықса немесе бір жерлесіміз жақсы шығарма жазса әжептәуір масаттанып жүруші еді, марқұм. Көзі тірісіңде ЬІбырай Жақаев атамыз жайлы, Шәмші Қалдаяқов жайлы да кітап жазған болатын. Қой қайтадан Әбекеңе оралайық:
Қосып Сырға сағынышын ақынның
Жүзіп келе, жүзіп келе жатырмын.
Жастай қалған әдеті ғой баланың:
Ылай судан жұтып-жұтып аламын.
«Болғың келсе ұзақ жасап өмірлі,
Сүргің келсе қызық дәурен көңілді,
Көбірек іш Сыр ылайын, іше бер».
Дейтін маған бала күнде нағашым,
Мақтай жүріп Сырдың көгал жағасын.
Қосып сырға сағынышын ақынның
Жүзіп келе, жүзіп келе жатырмын.
Осы жырды оқығанда кеше ғана сол Сыр суына шомылып келген біздерге қандай әсер тастағанын сезіне беріңіз. Біздің Сырдың бойы тұрған сарқылмас бақ-ырыстың ошағындай болып көрінетін. Және бұл «Сыр жырларын» сол кезде сүйсіне оқып, жаттамаған адам болған жоқ десем артық айтпағаным.
Арада көп ұзамай Тахауи, Әбдіжәміл, Сафуан, Зейноллалардың соңын алған жастар шоғыры келді. Бұлар Әбіш, Қалихан, Асқар, Оразбек, Жүсіп, Есенжол және басқалар еді. Бұлардың екпіні де жаман болған жоқ. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке ой белестеріне айнала бастады. Дәл осы кезде Оразбек орталықтағы менің үйімде жатып өзінің «1961 жыл» дастанын жазды. Кейін бұл дастан «Лениншіл жаста» тұтас басылып, жұрт оны сынай бастағанда, бір күні Оразбек екеумізге осы Әбекең үйіне келуін өтінген. Соған бірге бардық. Сонда Әбекең біздерге:
- Сендер ақ өлеңді басқалардан үйрендік дейсіңдер, - деп өзінің ақ өлеңге құрылған шығармаларын оқып беріп, біраз ақыл-кеңесін айтып отырып, «1961 жылдың» кемістік жағын да ескерткен болатын. Сонда мен ішімнен Әбекең енді сынаушыларға қосылмайтын болды-ау деп ойлағам. Ол кезде соның өзі олжа еді. Оразбек тіпті өзі туралы енді жылы сөз айтады-ау деген де ойда болған сыңайлы. Бірақ Әбекең көп ұзамай өзінің ақиқат сөзін айтты. Ал Оразбек оған әжептәуір ренжіп те жүрді. Бекер ренжиді. Өйткені Әбекең сол жолы Оразбекті жақтағанда бұлардың алдында «Он бір буынның омыртқасын сындыру керек» деп жүрген Төлеужан ағаларымызды қолдауға мәжбүр болатын еді. Сондықтан Әбекең қанша жөн дейін десе де өз ортасынан шыға алмай қалғандығы заңдылық. Ал қазіргі көзқараспен қараса Әбекең данышпан екен деуге болады.
Арада жылдар өтіп жатты. Бұл екі ортада небір жайлар өтті. Мен де басымнан не қиыншылықтарды өткердім. Үйлендім. Балалы-шағалы болдым. Сөйтіп жүріп үш бөлмелі үй алдық. Сол кезде үйіміздің босағасын көрсетейік деп Мұхамеджан мен Әбділда ағамды үйге шақырдым. Ол кісілер де айтылған уақытында келді, бірақ қастарында жеңгелеріміз жоқ. Оның үстіне екі ағам үйге кіргенмен, шешінбей біраз отырды. Дастарқан өз шамамызша жайнағандай болып тұр. Кенет осы Әбділда ағамыз, үйге құтты болсын айтқаннан кейін бірден:
- Алдымен басын ашып алайық. Біздей ағаларыңды не себепті
шақырып отырсың? Соны айтшы? - демесі бар ма. Әбекеңнің әй-шәй жоқ
айтқан бұл сөзі маған шаншудай қадалып, мен де бірден тік кеттім. Жалпы
өзім де әдепті қатты сақтайтынмын. Бірақ бұл жолы ол әдептілігім жайына
қалды:
- Сіздер, кешіріңіздер. Мына үйді жақында ғана алдым. Осы үйдің іші
құтқа толсын деп, өздеріңіз сияқты ел сыйлаған, әрі менің бала күнімде
өзімді қорғаған қос ағамның аяғы бұл үйге құт әкелсін, ықыласыммен берген
дәміме береке енсін! - деген ниетпен шақырған едім. Жеке өздеріңіз-ақ
келіпсіздер, бұларыңыз жөн емес. Мен сіздерден жұмыс сұрағалы немесе осы
үйіме байғазы берсін деген ниетпен шақырғаным жоқ. Олай деп ойламай-ақ
қойыңыздар. Әрбірден соң жұмыссыз далада қалсам да, немесе дайындаған
өлеңдер жинағым шықпай қалса да біреулердің алдына әукемді салбыратып
баруды білмейтін адаммын. Ол жағынан қорықпай-ақ қойыңыздар. Қысқасы,
біз өз алдымызға үйлі-баранды болған шаңырағымызды көрсетіп, дәм татсын
дегеніміз, - деп салдым.
- Ондай болса, - деп Әбекең дереу жеңілденіп шешіне бастады. Әпсәтте екі ағам да қолдарын жуып үн-түнсіз, столдың басына отырды да Әбекең өзімсіне еркіндеп:
- Құй ана шампаныңнан, бүгін ішеміз онда, - деп жадырап сала берді.
Мұқаң салмақты адам ғой сыр білдірмей отыр. Мен де ләппайлатып дайын тұрған ыдыстарға жеделдете екі-үштен құйып-құйып жібердім. Әбекең қанша айтқанмен ақын ғой, жөппелдете бірінің артынан бірін тартып-тартып жіберіп, бір тыныстап:
- Сейфолла, сенің көңіліңе келмесін. Қазір бізді біреулер шақырса,
алдымен дәмін ақ ниетімен бергендей болып отырып, артынан бір салмағын
шығарғанда, күндікке ішкен тамағың мен сусыныңды қайта қайтарғандай
түйіліп қалатын болып жүрміз. Сосын менің алдын ала сақтанғандығым ғой,
өзің білесің мына Мұхамеджан ағаң мұндай да сыр білдірмейді ғой сабазың.
Ал мен болсам үнемі отқа түсіп жүрем. Шыдамсызбын. Кешір айналайын.
Осы кезде ас үйден келген Күләй келінінен де, кешірім сұрағандай болды.
Кенет:
- Сен де мен сияқты тез жауап береді екенсің. Сыбағамды дұрыстап бердің. Сенің сол сөзіңнен-ақ бұл шақырудың артында ешқандай да салмақ жоқ екенін бірден ұғындым, - деді де - Ал енді жәйбарақат жайласып, ағайыншылап бір әңгімелесіп отырайықшы, - деп небір қызықты әңгімелердің басын қайырып, арқа-жарқа болдық. Қысқасы, от алып келгендей ағаларымыз алты сағаттай уақыттарын бөліп, асықпай аттанды. Кетерде өздерінің ырзалық пейілдерімен ақ алғыстарын ақтарды. Әсіресе Әбекең қатты ырза болды. Сонда мен ол кісінің де көрмеген азабы жоқтығына көзім анық жетті. Әсіресе Комсомол қатарында жүргенде небір хикметті көрген сияқты. Тіпті үйленетін кезінде осы Сара жеңгемізді апаратын орын таппай, біреулердің бір бөлмесін уақытша жалдағанын да айтқан. Бұл кісіні шешесімен екеуін комсомолдар тұратын жатақхананың бір бөлмесінен де шығарып тастап, айдалаға қаңғытып та жібергенін сол жолы әңгіме қылған. Оған қоса өзінің құдайдай сенген адамдарының өзі бұл кісіні бір емес, бірнеше мәрте отырғызып кеткендігін де сездірген.
Сөйтіп жүрген біздерде ауытқушылық, жаза басу болмады деп айта алмаймын, інім. Бәрі де болды, ендігі жерде тек тыныштық болса жетеді. Небір істер болды ғой кезінде, оған өкінгенмен, қайтып орнына келмейді. Енді бәрібір, - деген сөздерін де сол жолы естігенмін. Қысқасы, біздің отырысымыздың басы қатты болғанмен, аяғы тәтті болып, екі ағам үйден шығып бара жатқанда, менің үйімнен еңсесі биіктен босағадан қос алып шығып бара жатқандай болғандығы әлі көз алдымда.
Тағы да арада жылдар өтті. Жазуда жаңа жол іздеген менің ізденістерім, өз арнасын таба алмай, кейінгі толқындардың да онша ұнатпайтын адамы болып жүргенімде, өз құрдасым Өтежан «Жалын» баспасына редактор бола қалғаны. Менің бір «Он екі өрім» деген айтар құпиясы ішінде бір ұзақ жырым бар еді. Және ол еркін ақ өлеңмен жазылған болатын. Сол жырымды Өтежан (елдің оны бетінен қаға алмайтын кезі) «Құндыздым, менің жұлдыздым» жинағына енгізіп жібергені. Соның үзінділерін кітабым баспадан шықпай жатып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 16-шы бетіне әжуа ғып басып жіберіпті. Содан ойламаған жерден Сайын досыма барып (ол кезде редактор болатын), өкпемді айтып шығып келе жатыр едім, Жазушылар одағының дәлізінде қарсы алдымнан Әбекең шыға келгені, содан бұрынғыдай қолынан алмай, сәлеметсіз бе? - деп өте шығайын. Кенет Әбекең артына бұрылып:
- Әй, Сейфолла, - деп шақырып алды да. - Не болды саған, жөндеп
амандаспайтын да болғансың ба? - деді күлімсіреп. Сосын мен де:
- Кешіріңіз, аға бүгінгі «Қазақ әдебиетінде» мені әжуә етіпті. Содан
ренжіп келе жатыр ем. Ол кісі бірден:
- Сол жинағыңды маған әкеп бер, көрейін, - деді. Оған мен де жұлып
алғандай:
- Ол жинақ әлі шықпаған ғой, ағасы-ау, - деп едім. Ағамыз:
- Онысы қалай, әлі жарыққа шықпаған жинақты сынай ма екен? - деп
сәл ойланды да: - Онда сол жинақ шыққан кезде әкеп берерсің, тек ренжіме,
айналайын, - деп өз жөніне кете барды. Мен де кеттім. Арада бір айдан кейін
жинақ шығып, екі ойлы күйде апарып бердім. Көп ұзамай, әдебиет жайлы
үлкен жиын өтті. Сонда Әбекең жалпы поэзиямыз жайлы жаңа ойларын айта
келіп, менің жинағыма тоқталды да: - Біріншіден, бұл жинақты жарыққа
шықпай тұрып сынғанына жол болсын. Бұл біздің баспасөзіміздің қателігі, -
дей келіп: - Ағайындар әділ сын керек. Әділ сын мұндай болмайды. Болмаса
тыңдаңдаршы өздерің:
Далаға қара барқын ірең берген,
Айналдым анау жатқан күрең белден.
Төңірек көз алдымда мың құлпырып.
Аумайды қызыл-жасыл кілемдерден.
Жал-жал боп жоталанған қызыл қырман
Жалт етіп саған қарай жүзін бұрған.
Төбеден төңкеріле төніп келіп
Қырына қызыл алау күн жығылған.
Ақша бұлт - ақ шымылдық желбіреген
Елтімес қалай ғана енді денең.
Күлімдеп ана тұста көл де жатыр
Көзіндей ақ ботаның мөлдіреген.
Алыптай етек-жеңі жиылмаған,
Ешкімді тәңір тұтып сиынбаған.
Қалайша мақтанбайсың, шаттанбайсың.
Ақтарып жатса далам сыйын маған.
Осы өлең неден кем. Ойға салып көріңдерші, - деген кезде залдан үш-төрт адам тұс-тұстан:
- Соны да өлең деп тұрсыз ба? - деп жамыраған кезде.
Жарайды тағы бір өлеңін оқиын:
Өресі биік адамдардың,
арасындағы өрттен қорқам.
Жаны таза адалды да
аямайтын дерттен қорқам.
Қаңқыған қаңқу сөздердің
орынсыз ұшқан жебесінен қорқам.
Сабырлы салқын жүздердің
сүлесоқ жүрген елесінен қорқам.
Іші тар күйкі жандардың
сұғанақ сімер көзінен қорқам.
Алаулап жүрер жастардың
еңсесі түскен езінен қорқам.
Қорқамын ұшып-қонған
тайғанақ мінездерден
Адамнан жүрісі жалған
әп-сәтте жүз өзгерген, - деп, ал бұған не дейсіңдер дегендей үнін қайта көтерді. Дәл осы кезде залда отырған бір ағамыз өжеттеніп қайта дауыстап еді, оған:
- Оттапсың! - деген сөзді жіберіп салды да, іштей «өздерің сөзді түсінбей кеткен екенсіңдер» дегендей кейістік танытып, күреңіткен қалпы төрдегі өз орнына барып жайғасты. Сол замат, сол кездегі басшы Жұбан Молдағалиев ағамыз залдағылардың жөнсіздіктерін беттеріне басып, елді тыныштандырған болатын. Менің арқамды ырза боп қаққан достарым да болды, бірақ байқаймын дұшпандарым бұрынғыдан да көбейіп кеткендей еді. Өйткені дәл сол кездерде, бұл кісіден бір жылы сөз естісек деген адамдар кәрі-жасы бар көбейіп кеткен болатын. Сол жиналыстан шыққаннан кейін бар таза ниетімен жалбырап келіп қолымды алған адамның бірі, Халық шығармашылық үйінде істейтін Жағыпаров деген ағамыз еді. Әрине басқалар да қуанған болып жатыр ғой. Бірақ ананың қуанышында шек жоқ еді. Ал жиындағы Әбекеңнің өзі отқа оранып жүріп, мен сияқты қарапайым інілерін де от арасынан алып шыққандығы, неге тұрады. Мұндай ерліктерді тек таза ақындар ғана жасай алатындығы екі бастан. Бұл деген сөз, заман өзгерген сайын, адамдардың зымияндықтарының өз күшіне міне түсетіндігін дәлелдесе керек. Сол табиғаттағы бұл кісілердің артық кеткенінің өзі, бүгінгі күнгілердің жете алмайтын арманы сияқты іріліктер ғой. Бұл жерде Әбекеңдей алыптарды былай қойғанда қатардағы ақындардың өздерінің азаматтық ары биіктеу екендіктеріне көзің анық жетеді. Оған қоса айтарым, сол уақыттың ұранды өлеңдерінің өзі, біздің қазіргі тілімізді сақтап қалуға үлкен үлесін қосқан екен ғой деп ойлаймын.
Сондай құдыретті ақынның кейінгі кезде бір қатты қуанғанына куә болғаным тағы бар. Айта кетейін. Әбекеңнің сексен жылдығы 1989 жылы атап өтілмек болған. Сол торқалы тойы не себепті екенін білмеймін, әйтеуір арада үш жыл өткеннен кейін барып яғни 1992 жылдары аталды. Сол жолы қасында Тұманбай, Төлепберген ағаларымызбен қатар мен де Қатира қарындасымызбен бірге болдым. Сол жолғы Шиеліден басталған сапар Тереңөзектің Қараөзек маңынан аяқталған. Бұл кісі негізінен Қызылорда қаласында туып, Тереңөзектің Қараөзек станциясындағы нағашыларының қолында өскен. Өзі бірақ шиелілік боп саналатын. Шиелі жақтан самарқау келген Әбекеңді мұнда яғни өзінің көп ойнап, бал-балалық шағын өткізген Қараөзек жағалауында күтіп алды. Бұлар ерекше жағдай жасапты. Алдымен тұлпарға мінгізіп, олай-бұлай жүргізіп, содан кейін ақ киізге отырғызып, оны бірнеше қарулы жігіттерге көтертіп, биіктігі жеті метрден астам жан-жағы толық көрінетін аспалы биіктікке шығарып, сондағы қымыз-қымыранымен алдын ала дайындалып қойған дастарқан мәзірінен дәм таттырды. Және сол ақ киізге отырғызып қайта төмен түсіріп, ерекше жабдығы бар моторлы қайыққа отырғызып, Қараөзектің бойын бойлай оншақты шақырымға дейін жүзіп есіне балалық шағын қайта оралтып, ақ шаңқан киіз үйге түсірген болатын. Бұған балаша мәз болған Әбекең өмірінің соңына дейін «Сондағы мені нағашы жұртымның хан көтеріп сыйлағаны әлі күнге есімнен кетпейді» деп бертін келгенше масаттанып отыратын. Және сол кездегі аудан басшылары Жолдас Ердешбаев, Алмагүл Божанова, Тынышбек Дәйрабаев және тағы басқа іні-қарындастарына ырзалығын айтып отыратын. Әсіресе басы-қасында жүгіріп жүрген Алмагүл қарындасына да ақ алғысын ағытып отыратын. Бір сәт ойға шомған ақын өзінің «Сырдариясын» сол сапар тоқсан тоғыз рет ойына оралтқан болар. Бәлкім ішінен:
Білем сені, сүйем сені
Сырдың суы қарт анам.
Сүйсе Гейна анам десе
Сүйген суы Рейінесін,
Сырдың суы туған ол да
Өз ақынын Гейнесін...
...Сол кезде де, жаным ана,
Өзіңменен тең болам.
Сырда туған Сырдың ұлы,
Жаңа Гейне мен болам, - деп сонау 1936 жылы жырлаған ақынның ойына тағы да:
Кейде түске кіреді,
Дәл өңімдей баяғым.
Тай ғып мініп жүремін.
Нағашы атам таяғын.
Жүгіремін жағалап
Сырдың жайпақ жағасын,
Кәрі көзбен сығалап
Қарар маған нағашым.
Тарап сіңір қолымен
Қардай әппақ сақалын,
Қарағаны мейіріммен
Қандай қызық атаның.
...Кейде түске кіреді,
Дәл өңімдей баяғым.
Тай ғып мініп жүремін
Нағашы ата таяғын, - жырларын қайта жаңғыртып жібергендей болған сол бір сапар. Бұл ақынның есінде мәңгі қалған еді. Және соңғы сапары да болатын.
Әбекең тоқсанға маңайлағанда мен «Күңіренген қара қобызым» деген көлемді мақала жаздым және оны саяжайына барып оқып берген болатынмын. Әдеттегідей сыртқы есіктен кіре беріп ем, қызының бірі алдымен тыныш дегендей аузын саусағымен жауып белгі берді де:
- Ол кісі ұйықтап жатыр, - деді. Мен мұндай қулықтың талайын
көргенмін ғой. Өп-өтірік жөткірініп алдым да дауыстаңқырап:
- Әбекеңнің мұнысы қалай, дала маужырап тұрғанда, - деп ем, апамыз
маған жаратпағандай кейіп танытты. Сол кезде залда диванда демалып
жатқан ағамыз бірден:
- Сейфолла ма, келсін, жақсы болды ғой, - деп басын көтере бастағанда барып, апамыз райынан қайтып, не дерін білмей қалды. Мен қолымдағы қағазды Әбекеңе көрсетіп:
- Сіз туралы мақала жазып едім, оқып беруге бола ма? - дедім. Ол кісі
тосын сөз естігендей, алдымен сұраулы кейіпте менің түріме қарап, біраз
аңырып (бұл мақалам туралы мен ол кісіге айтпаған болатынмын):
- Иә, оқысаң оқы, - деді де, кенет:
- Ұзақ па? - деді. Мен де өзімнің еркіндігіме салып:
- Машинкамен он сегіз бет, - деп ем, сәл жымиып:
- Мен туралы соншама не жаза бергенсің, - деп сәл кідірді де:
- Жарайды тыңдайық, - деп құлағын тосты. Оның ішінде аздап сыным
да бар еді. Соған да қарамастан тыңдады да отырды. Анда-санда «Бәрекелді», - деп қояды басын шайқап. Бір кезде ағамызға көзім түсіп кетіп еді,
кәдімгідей жылап отыр екен. Мен мұнысына таңырқап, сәл кідіріп ем:
- Сейфолла-жан, кідірме оқи бер, - деп ризалық пейілмен қарағандай
болды. Содан не керек, он сегіз бетті түгел оқып шықтым. Бұл деген сөз, әр
беті екі минуттан болғанда, шамамен қырық минуттай болды. Оның үстіне
тоқсандағы шалдың шаршамай тыңдағанына мен де масаттанып қалдым.
Мен оқып бітісімен басын тік көтеріп, пора-пора көз жасын қолымен бір
сүртіп жіберді де, маған бері кел дегендей ишара білдірді. Мен де жақындай
беріп ем, маңдайымнан құшырлана бір сүйіп, мейірлене солқылдап барып
басылып, сәлден кейін:
- Айналайын, сен мен үшін бір институттың жұмысын істепсің ғой.
Рахмет. Адамды сынаса да, мақтаса да өз орнын тауып айту керек қой, - деп
бір күрсінді де, маған бар жанымен ақ батасын бергендей ақтарыла сөйледі
де, бір кезде қызына қарап:
- Сен неғып тұрсың, мына шайға ана ащы суыңды әкелмейсің бе? - деп
еді. Апамыз:
- Папа, сізге ішуге болмайды, - деді. Әбекең:
- Әкел құй, мен ішпеймін, - деп еді апамыз бір кішкене рюмкілер әкеле жатқан:
- Оны қой, анау бүйірлілеуін әкел, - демесі бар ма. Содан не керек
амалдың жоқтығынан бүйірлілеуін әкелді де:
- Папа, саған құймаймын, - деп еді. Құясың, бірақ мен ішпеймін. Сен
де ана шараптан өзіңе құйып ал да, Сейфолламен қағыстыр, - деп айтқанын
істетті.
- Енді алып жіберелік, - деп Әбекең тағы да біраз шешілді. Қысқасы, ол күнгі естіген жылы сөздерімде шек жоқ. Кенет Әбекең өзін аңдып отырған қызына сервант жақты нұсқап:
- Ана біреу немене? - дегенде қызы сол жаққа бұрыла бергенде Әбекең қолындағы бүйірлі ыдысқа құйылған ақ арақты тарттырып-ақ жібергені ғой. Жалт қараған қызыынң «Папа!» - деуге ғана шамасы келіп, отырып қалды. Бір кезде ағамыз жаңағы ісіне қатты риза болғандай бір күлімсіреп:
- Қызым, аяқ екеу болсын. Енді Сейфолла сөйлейді дұрыстап құйып қой, - деп еді. Апамыз ылаж жоқ қайта құйды. Папасына құймайын деп еді. Папасы «бұл жолы жарайды ішпей-ақ қояйын» деген соң құя бастады. Ағамыз тағы араласып:
- Дұрыстап, толтырып құй, - деп бұйрық бергендей болды. Содан мен де көңілдене сөйлеп, тартып жіберіп ем. Әбекең бұл жолы өзінің аңдушысынан айла таба алмай, тек ернімді ғана тигізейін, - деп, бір ұрттап жіберді. Сол рюмканы жерге қойдыртпай:
- Аға, жерге қоймаңыз, рұқсат етсеңіз Сіздің сарқытыңызды мен ішейін, - деп ем. Рұқсат берді. Сонымен не керек, сол күн маған өте көңілді болды. Әбекең кетерде:
- Мұны қайда бересің? - деді. Мен «Лениншіл жасқа» беретінімді айттым. Сол кезде бұл басылым менің мақалаларыма әжептәуір жол беріп жүрген. Әдебиет бөлімінің басшысы Жұмабай Шаштайұлы болатын. Тұтас басты. Ағамыз артынан өз ризалығын тағы да мейірлене жеткізгенін білем.
Сөз соңында айтарым, қай құрылтай екені есімде жоқ. Бірде осы Әбіш, Оразбек тағы басқа да бір топ қатар жігіттер Жазушылар одағының құрылтай жиналысының арасында сол маңдағы бір асханадан шәй ішіп отырғанда, осы Әбіш сөз арасында не себеп болғанын білмеймін біздің арамызда Қызылорданың болашақ Қаратаевтары мен Тәжібаевтары отыр ғой, - демесі барма. Сол айтпақшы маған сол екі ардақты ағаларымның қай-қайсысының болса да ізбасарындай болғаныма ренжімеймін. Олай болса мен сөзімді былай аяқтайын:
Әбділда десем, түскендей болам сынаққа,
Оқысам жырын, қонғандай болам пыраққа.
Қазағымның жазылған жырын жанымен
Иә, Алла өзің, ысырта көрме жыраққа! - демекпін.
Оспан СЕЙФОЛЛА, ақын
«Ана тілі» газеті, 23.07.2009