Ермек Тұрсынов. Тағатсыз уақытта тапжылмай тұрмыз
«Біз келмеске кеткен жоңғарлармен соғыстағы жеңістерімізді еске алған сайын, шынтуайтында, бағзы ұлылығымызды жоқтаймыз»
«Біз келмеске кеткен жоңғарлармен соғыстағы жеңістерімізді еске алған сайын, шынтуайтында, бағзы ұлылығымызды жоқтаймыз»
Мұның дәл қай сәтте басталғаны есімде жоқ. Өміріміздің нәті жаппай да тапжылмай бір шетке ығыстырыла бастаған уақытты айтам. Балаларымыз олардың жырын жырлап, олардың биін билей бастаған кезді айтам. Олардың тірлігін айна-қатесіз қайталауды шығардық: киіну үлгісінен бастап сөйлеу мәнеріне дейін. Біздің тірлігіміз күмәнді түпнұсқаның нашар көшірмесіндей көріне бастады. Әр құбылыстың өз компиляцияланған нұсқасы пайда болды. Әдебиетте. Театрда. Кинода. Кітапсымақтар, спектакльсымақтар, киносымақтар. Бағыт-бағдарсыз дедектеген тірлік өмір сүруге ұқсас дүние туғызды. Барлығы да байқатпай өз-өзінен ауысып шыға келді: білім беру секілді дүние, денсаулық сақтау тектес нәрсе, демократия сияқты бірдеңе...
Және бұл ғаламат фальсификацияға «өтпелі кезең» дейтін атау да ойлап табылды. Яғни, біз әлі жолдамыз. Дейтұрғанмен, қайда бара жатқанымыз да бәймәлімдеу. Дұрыс бағыт екеніне дәлел жоқ. Есесіне, бізді жетекке алғандардың өзгелердің жолсілтемелеріне жиі көз тастап, салыстырып отыратындығы - жүрер жолды айқын білмегендіктен деген күмән бар.
Осы бір трансформациялардың, осы бір есімдер мен лақап аттарды, атаулар мен белгілеулердегі ауыстыру жөніндегі ономастикалық ытқулардың барлығы менің жеке басымның күйзелме рефлексиясы болса, шынын айтайын, қуанар едім. Алайда, көшеге шықсам жетіп жатыр ғой - екі қадам жасасам-ақ, айналдыра газет-жорнал макулатурасымен қапталған қоқысжинағыш дүңгіршекке тірелем. Дүкендер - басым бөлігі «ана жақтан» әкелінген тауарлардан лықып тұр. Адамдардың барлығы басынан бақайшағына дейін «солардыкін» киіп алған. Көшені бойлаған жарнама тақтайшаларындағы жүзінен мәнсіз күлкі төгілген сұлулардың да тықпалайтыны солардың өнімі: жиһаз, үй, мәшине, киім-кешек.
Киім-кешегіңіз не, жақында маған кастингке егіз қыз келді. Мақпал Жүнісованың бала кезіне келіңкірейтін сүп-сүйкімді бірінші сынып оқушылары. «Атың кім?» деп сұрағанымда кішісінің жауабы «Альбина» болды, дүние есігін үш минут бұрын ашқаны «Анжелика» деді. Сонда келген ой ғой: міне, тіпті, аттарымыздың өзі әлгіндей... жылтыр шашақты.
Ал, күні кеше достарым тарихи тамырыларынан тапжылмай тартып, тұңғыштарына Атилла есімін берген отбасы туралы айтқан еді. Әлгі бүлдіршінді әжесі өз мәнеріне салып - Ателенок дейтін көрінеді... (Сөз жоқ, бұл Орындық, Шәйнек, болмаса Амсипаш дегенге қарағанда шүкірлеу шығар...)
«Несіне күлесіңдер?» - дейтін еді ғой гогольдық дуан басы нөкерлеріне қарата. Шынында да - несіне? (Жауап: Абайдың екінші қара сөзі)
Мойындауға мәжбүрміз: қазіргі пассионарлар басқа. Олар бізге өз аттарын телиді. Оған қоса, өз ережелерін. Өмір сүру дағдыларын. Біз келмеске кеткен жоңғарлармен соғыстағы жеңістерімізді еске алған сайын, шынтуайтында, бағзы ұлылығымызды жоқтаймыз. Бұрынғы позицияларымыздан айырылып қалғанымыз жанымызды жегідей жейді.
Өткеннен бізге қалғаны - бүгінде маңызы боларлық еш негізі жоқ өркөкіректік. Біздің идеологтардың әлі күнге дейін Аңырақай шайқасын тойлайтыны да сол...
Неліктен олай, деймін, тағы да?
Олай боларлығы, кез-келген түйсіну - күш салуды қажет ететіндіктен шығар. Ал, біз үшін бұл - қиын. Біз үшін барлығы жасалып қойған. Біз басқа біреулердің қолымен жасалған әлемде өмір сүреміз. Бөтен жетістіктер мен жаңалықтар ортасында. Жаттыкін үлгі етеміз деп, біз біртіндеп өз келбетімізден айырылдық. Ол - ұлы жауынгер мен пәлсапашы, туындыгер мен жұмысшы, ақын мен данышпан дүниетанымының келбеті еді. Қазақия тұтынушылар қоғамына айналды. Бізге қалғаны еліктеу ғана. Біз - баламыз, ал, айналамыздағы әлем - бізге барлығын үйрететін көке. Де-факто бодандық әлдеқайда өркениетті пішімге енді.
Міне, біздер жайғасуға кірістік. Алдымен, өз үйлеріміз бен пәтерлерімізді жайғадық. Тап солардыкіндей етіп. Енді, өз астанамызды салып жатырмыз. Әлбетте, ол да әдемі. Гонконг емес, әрине, бірақ, ендігі Целиноград та емес. Мейрамханаларда асты дәмдірек даярлай бастады, ал, мәзірінің тең жартысы - тағы да сол, шетелдік атаулар. Ешкім дөрекіленбейді де. Және, даяшылардан жасқануды қойдық. Дүкеншілерден де. Вахтерлар да тыныштала қалды. Жасарып кетіпті, және, бәрі: сол вахтерлар мен күзетшілер, тұрақшылар мен паркшілер. Олардың жасында біздің әкелеріміз жұмыс істеген еді.
Ал, бұлар - күзетіп тұр. Демек, қолдарынан басқа ештеңе келмейді. Олардың қараңғылығы мен қорғансыздығы соншалық, ендігіде олар тек қақпа алдын таптауға ғана жарамды.
Ал, мен, жуық арада біздің паң, бірақ, білімсіз немерелеріміз өз жерімізде өзгелердің кеңселері мен офистерін күзете ме деп қорқам. Олардың қып-қысқа түйіндемелерінде жалғыз артықшылық - сұйық қандарының анализіндегі резус-фактор бола ма деп, тағы қорқам...
Мұның барлығын неге айту керек?
Өйткені, әлдебір нүкте, әлдебір шекара бар. Одан ассаң, дәрменсіздік басталады. Ипохондрия. Бұл адамның ештеңені өзгерте алмайтынын түсінетін кезі. Тап сол кезде оны немқұрайдылық меңдейді. Бұл орайда, ақылды бастардың көбінің салы суға кете бастады ма деп қорқам. Және мұның барлығы күш алып келе жатқан провинциалдық балаган фонында орын алып отыр.
Әрине, менің ойтопшизмдерім бір нәрсені әп-сәтте түзете салу әрекеттерінен алыстау. Жүйемен - күреспейді ғой. Жүйені басқарады.
Бүгінгі оппозициядан үміт жоқ. Кейде маған біздің оппозиция, қазіргі биліктің қарсыласынан көрі одақтасындай көрінеді. Олардың өз келісімдері мен «жеуге беру» ойындары бар. Бұл қып-қызыл күресте билік сөзді дихлофос қолданып келеді. Бажайласақ, көмегі бар сияқты.
Сонда кімге сенеміз? Уақыт деген жүріп жатыр ғой. Біз тұрған уақыт. Ырықсыз уақыт не дейді сонда, бізге?
Білім жоқ - хабардар болу бар.
Оқу жоқ - ақпараттану бар.
Ұғыну жоқ - интернет бар. Ол барлық жалпылама сұраққа жалпылама жауапты біледі.
Түпнұсқа жоқ - көшірме бар.
Өзіндік ерекшелік жоқ - қайталау бар.
Түйірлік жоқ - жалпылық бар.
Өмірсүйгіштік рефлекстер жоқ - көкелер мен олардың «шеше салулары» бар.
Біріктіретін Идея жоқ - актуалитет айналасында пайда көру бар.
Ұлттық мақтаныш жоқ - ұлттық комплекстер бар.
Нағыз намысқойлық жоқ - бір дертшалыс кем сезіну бар.
Нақты қозғалыс жоқ - таптаурын «қозғалу» бар.
Жалпыұлттық саясат жоқ - жасай салу мен науқандар бар.
Шын көшбасшылар жоқ - кезекші дарылдақтар мен алаңшыл жар салушылар бар.
Сыйныуы сыйлы храм жоқ - және күпіршіл діндарлар бар.
Байлыққа толы жер бар - және жіктеліп бөлінген келбетсіз азғантай халық бар. Негізі, ендігі халық та жоқ. Мекендеушілер ғана бар.
Қас қылғандай, кінәлілер жоқ. Неге? Өйткені, шындық жоқ. Әртүрлі жартылай шындықтар бар. Ал, кез-келген жартылай шындық - жартылай жалған.
Біз қазір өзімізді қайта тануға тырысып жатырмыз. Сонымен бірге, бізді Батыстың жетістіктерімен қызықтырып жүр. Шығыстыкін де қоса салып. Әдеттегідей - қол жетпейтін (оларға «жету» керек пе, ол басқа,әңгіме). Алайда, этностың ерекшелігіне қатысты рухани ассимиляциядан артық қорқыныш жоқ. Халықтар тілдерін, есімдері мен фамилияларын жоғалтты, тіпті, атакүлдіктерінен де айырылды. Алайда, ең мықтылары рухын жоғалтпады. Ол өлмеуі керек, сонда ғана ол міндетті түрде тілін есіне түсіреді һәм рухани жадын қайта тірілтеді. Бұл өте ауыр тиетін үдеріс. Оған қателесу мен қарбалас та тиесілі.
Жиырмасыншы ғасыр соңында жер шарына әр түрлі діни ағымдар лақ ете қалды. Олар жүректердегі бос орын мен қаңыраған рухани кеңістіктерді толтыра бастады. Көзі ашылған көпті бастайтын әулие әкейлер пайда болды. Аятоллалық ынтазарлықпен адамдар солардың соңынан ерді, себебі, басқа баратын бағыт болмады. Мешіттер, ғибадатханалар мен кесенелер салына бастады. Өйткені, адам бір нәрсеге сенуі керек. Адам өне бойы боқтықтың арасында өмір сүре бере алмайды. Адамға фәнилік ғарасат керек.
Жақында бір түсірілім үшін бүкіл Алматыны, қала берді, облысты шарлап, көне сипатты мешіт іздедім. Жоқ екен, ондай. Барлығы да жаңа. Гранитпен қапталып, кафельмен көмкерілген. Ондағы отырғандардың да ақ сақалды аталарынан көрі жастары көп. Мен мұны жаман деп отырған жоқпын. Менің айтып отырғаным: бұл, тағы да, қисынды.
Мұндай жағдайда ақылды басшылар әскерді күшейтпейді. Әскер мен полиция, бұл - соңғы даусыз дәлел. Бұл өз елінің азаматтарының жүрегі мен рухы үшін күресте жеңілгендердің дәлелі. Ақылды басшылар білім берумен және мәдениетпен айналысар болар. Алайда, ең биікке қарап, мен мынадай ойға қалам: ырыққа көнбес сезімі оянып кеткен үзеңгілестердің көптігі соншалық, олардан соң, бөлмені біраз желдетуге тура келеді.
Дегенмен де, әлі де, өз ісімен айналысып жатқан, алтын адамдар жоқ емес. Және олар қай-қайда да бар. Мен, мысалы, қаншалықты таңданарлықтай көрінсе де, лас ақшасыз көтерілген мықты бизнесмендерді білем. Мен абыройлы менттер мен арлы шенеуніктерді, кішіпейіл басшылар мен сауатты қызметкерлерді білем.
Көзге іліне бермейтін, адал жұмысшылар. Әлбетте, мұндайлар - қалыпты дүниеден гөрі, ерекше жағдай. Сол себепті де, басқаларға қарағанда олар үшін жүйеде болу, қаншалықты жаны сүймесе де оған қызмет ету қиын соғады. Ал, негізінен, менің көріп жүргенім - ыңғайшыл адамдар. Екпесе де, жинап жүргендер. Өздері ойлап тапқан қыртпа ұрандардан пайда тауып жүрген жоғары қызметті циниктер. Бұл өзі бір жойып жіберу мүмкін емес, «іштен шыққан жаудың» сорты: ақылсыз емес, білімді, оқыған, зерек. Бұлар бір кездерде қамалдарымыздың кілтін жау қолына апарып берген-тін. Одан соң, алашордашылықтардың үстінен сөз тасығынан еді. Енді, олар талмастан Оның кез-келген қарекетін мақтап, Бас үстелден қарындаш түсіп кетсе, соның артынан секіруге дайындалып, маңдайларын күшене қыртыстандырып, президиумдарда отыр. Табынуды әшкерелеуге бағыт алу басталғанда отқа май құятындар да осылар, бірақ. ОНЫҢ қасынан мен шыңдалған мемлекеттік деңгейдегі менеджерлерді, мықты шаруақорларды, әккі нояндарды, сауатты экономистерді көріп жүрмін... Алайда, осы негізде бір нәрсені байқамау мүмкін емес, ол - рухани көсемдердің жоқтығы. Мәдениеттің мәйегі боларлықтай. Ағартушылықтың ауыр жүгін арқаларлықтай. Қос жағалауды байланыстыратын көпірлер қалмады. Микрофонның жағында да, бер жағында да - жағымпаздар мен бәсі төленген қырт-шешендер.
Мұндай жағдайда ақылды басшылар қазынаны босқа шашып, сатқындар мен жауларының аузын ақшамен жаппас болар еді. Ақсақалдарды қымбат сыйлықтармен кемсітіп, қара халықтың алдында олардың абыройын төкпесе керек еді. Ақылды басшылар наразылардың аузын жаппай, сөздеріне назар салар еді. Адамдар болашаққа кіммен баратындығын өздері шешу үшін. Ақылды басшылар қоластындағылардың қызғанышын, содан кейін жеккөрушілігін туғызбас үшін жұрт көзінше балаларын еліртпесе керек-ті. Оның үстіне ол балалар әлдеқашан есейіп, бойға сіңген әдет бойынша, бүгінде өз балаларын еліртіп жүр.
Ақылды басшылар ойдан мереке ойлап тауып, оған орасан от-шашулар ұйымдастырып, музыканттарға онсыз да шудан керең болғандар үшін әуенді қаттырақ ойнатпас еді. Және, елдегі туу көрсеткішін қалай өсіруді ойлағанша, құлдырауды қалай төмендету керектігін ойлар еді.
- 1 жастан 29 жасқа дейінгі ұрпақтың үлесі халықтың жалпы санының шамамен 50 пайызына тең. Қазақстанның әр 113-ші азаматы - мүгедек бала. 36777 бала - жетім. Мүгедек балалардың ең төменгі күн көріс көлемі - 17119 теңге.
Міне, менің ойлайтыным да осы: ал бұдан соң кім келеді?
Орыс тілінен аударылған нұсқасы nurbergen_makym блогынан алынды.
Орысша нұсқасы мына жерде: http://forbes.kz/blogs/blogsid_11315