Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Әдебиет 3209 2 пікір 25 Тамыз, 2022 сағат 15:22

Жоғалып кетті!

Бүгінде не жоғалмайды? Түйме де, түйе де, қазынадағы миллиардтаған ақша да, тіпті, ақсақалдың қалтасындағы шақша да, адамдар да, мадамдар да...

– Жаңа ғана еңбектеп жүрген баламыз жоқ, Ерік! - деді әйелімнің бет-жүзі аспанға ұшып кеткендей дірілдеп.

– Ана жерді қарадым, мына жерді қарадым, қараған жерімнің бәрін санадым, жоқ! - дедім мен үрейленіп.

– Құдықтың ішін қарадың ба?

– Құдықтың ішінде құрбақадан басқа ештеңе жоқ!

– Иттің үйшігі ішін ше?

– Итіміз  көршінің ұрғашы итімен қыдырып кеткен. Баламыз оның ішінде жоқ!

– Ойбууу енді қайттік? Полицияға хабарласаңшы?!

– Хабарлап қойдым. Ойпырмай ә? Еңбектеп жүрген тоғыз айлық бала қайда жоғалуы мүмкін, а?

– Мына заманда тез жынданасың! Қымбатшылық. Жұмыссыздық, үкіметтің сансыз салықтары, жәрдемақылардың мардымсыз болуы, бәрі-бәрі жиналып, жүйкемізді жүн етті ғой! Енді міне, бала жоғалтып отырмыз!

– Осы сен-ақ қыңқылдап қоймайсың! «Үкіметтің жәрдемақысын алып отырайық, жыл сайын туа бер, туа бер!» дейсің!

– Пәтер жалдап тұрамыз, Кезектен үй берілетін шығар?

– Мә , аласын! Ал, сегізін туып тастадым! Тоғызыншысы жоғалып кетті! Не болды енді?

Балаларымызды санап шықтың ба?

– Жаңа қатар тұрғызып қойып, санап шықтым.  Түгел емес. Жомартымыз жоқ... - дедім  мен, сосын екеуміз іздей бастадық. Паластың астын қарадым, жоқ, шәйнектің ішін қарадым, жоқ. Қарамаған жеріміз қалмады. Бір кезде, өрт сөндірушілер келді.

– Ойбай? Сіз кімсіз? - деп сұрады әйелім.

– Өрт сөндірушілердің бастығымын. Сыртта өрт сөндірушілер тұр.

– Өрттің  жоғалған баламызға қандай қатысы бар?

– Полицияға «баламыз жоғалды» деп хабарлапсыздар.

– Баламыз өртеніп жатқан жоқ қой?

– Полицияның қолдары тимей жатыр, бізге өтініш айта салып еді...

– Кетіңдер! Жоғалыңдар? - деп әйелім оларды қуып шыққаны сол, артынша, тағы біреу келіп тұр.

– Ойбай, тағы келді біреуі! - дедім мен. Сөйтсек, салықтан екен, «Балаңыздың атында «ИП» жоқ па?», «Салық төлемесе, жәрдемақысынан ұстап қаламыз» - дейді ме, салықшыны да әйелім сыпыртқымен қуып шықты. Кенет, бір әйел келді. Аты Айым екен. Сөздері де дайын екен.

– Кешіріңіздер, мен санэпидстанцияның  өкілі едім.

– Біздің жекеменшік асханамыз жоқ, - дедім мен.

– Менің келген себебім, полицияға «баламыз жоғалып кетті» деп хабарлаған  екенсіздер. Полиция «біздің  қолымыз тимей жатыр, сіздер бара салыңыздаршы!» - деді. Жоғалған балаңыздың үсті-басы таза ма? Егер таза болмаса, айыппұл саламыз.

– Қайран үкіметім! Тек айыппұлдармен, есепсіз салықтармен күндеріңді көріп жатыр екенсіңдер ғой? - деді әйелім күңіреніп. Ол кеткен соң,  жылап отырған, бір кезде атып тұрды. Қуанып кетті.

– Ойбай? - деді сосын.

– Немене ойбай?

– Жомартымыз табылды!

–Қойшы?

– Айттым ғой, біз жынданғанбыз, сансыз салықтар, қымбатшылық, қайыршылық...

– Айтшы деймін, Жомартымыз қайда?

– Міне, әлі туған жоқ екенмін ғой? - деді ол ішін сипап қойып.

– Бәсе! Күні бұрын атын қойып, сабылып іздеп жүрміз! Біз таза жындылар екенбіз!

– Ойбуу, ішімдегі тоғыз айлық баламызды іздеп... Ойбууу, ешкім естімесін!

– Әй, Жомарт? - дедім мен әйелімің ішіне құлағымды тосып.

– Не болды әке, сонша айқайлап? - деген дауыс күңгірлеп естілгені. Селк ете қалдым! Өңім бе, түсім бе? Кешегі ме, ертегі ме? Қайтадан құлағымды тостым да:

– Жомартым менің, балам менің, қашан шығасың далаға? - деп сұрадым.

– Ікке, қазақ елі мақтаншақтар елі, мен...  мен әзірге сыртқа шықпаймын...

– Жақында «толғақ» деген «прокурор» келсе, өзің-ақ іңгәлап шыға келесің! - дедім қуанғанымнан.

– Әке, үкімет жөргек пұлмен жарытпайды, күтесіздер...

О, тәңірім! Баламның айтқандары астарында не бар, соған сеніңіздер, қысқасы, шілдехана тойына келіңіздер!

Мұхтар Шерім

Abai.kz

2 пікір