Сейсенбі, 23 Маусым 2026
Әдебиет 150 0 пікір 23 Маусым, 2026 сағат 13:19

Ақылдың көзі, жүректің сөзі болмаса...

Сурет: qazaq1913.com сайтынан алынды.

Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан жазушылар одағының басқарма мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі. Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ақылбек Шаяхмет 75 жаста.

«Abai.kz» порталының белсенді авторы болған қаламгердің әлі сиясы кеппеген, жаңа жазған жырларын жариялап отырмыз.

***

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Ақылдың көзі, жүректің сөзі болмаса...

Сәби күнгі қызықтарды есте сақтар бала да,
Жиырма жасқа толғанымда сәуле түскен санаға.
Орда бұзар отызда да тап болғанмын жалаға,
Қамал алар қырықта да дұшпан кірген араға.
Елу деген ер жасымда ит те қапқан қалада,
Иттен зардап шектім десем шошқа үрген-ді қорада.
Елді ойлаған арыстарым жатқан кезде молада
Алпыс деген тал түсте де көздің жасы тама ма?
Тікен қаптап кеткен болса жайнаған гүл сола ма,
Жетпіс белес арта қалды.
Жетпіс бес те келіп қалды.
Келдім мен де тобаға...
Бірақ азап шеккенімді, қиын жолдан өткенімді,
Көздің жасын төккенімді ұмытуға бола ма?!

***

Болса да қайрат, қалса егер болмай ынсабың,
Босқа өтер жайнап, жалындап тұрған дер шағың.
Ойнасаң, күлсең, қадірін білсең жастықта,
Не жетсін, шіркін, қалдырмас көңіл достыққа?!
Қанағат, сабыр, қолдағы барға шүкірлік,
Тұрады сақтап іргеңді берік, бүтін қып.
Жолаушы болсаң үстінде жолдың жаны бір,
Алыстан қасты, жақыннан досты танығын.
Дара да даңғыл, жарқырап жатқан жол кәні?!
Жүрем деп қатты аударып алма арбаны.
Намысым  қайнап, таза боп тұрса ұжданым,
Көппенен бірге өткізген күнге ырзамын.
Ақылдың көзі, жүректің сөзі болмаса,
Ақын болғаның, өлең жазғаның – далбаса.

***
Кейде мен көктен түсер жасындаймын,
Кейде мен сайдың қатты тасындаймын.
Толқимын, тебіреніп, толғанамын,
Шабытым келген кезде тосылмаймын.
Ақкөңіл адамдарға  жаям құшақ,
Алайда, кез келгенге ашылмаймын.
Көрешек күндерімнен үміт етем,
Түссе де қуаныштан басым қайғым.
Көрсетпей көздің жасын, күліп өтем,
Жандарға өсек терген қосылмаймын.
Үлкеннің тыңдасам да кеңестерін,
Басымнан айтқан сөзді асырмаймын.
Ассам да өмірдің сан белестерін,
Кенелсем мол шаттыққа, тасынбаймын.
Өкініп өткен іске, аһ ұрмаймын,
Сырымды достарымнан жасырмаймын.
Кей кезде жұртта қалған бақырдаймын,
Кей кезде тат баспайтын асылдаймын.
Байлардың кейде ақ үйі секілдімін,
Кедейдің кейде жыртық қосындаймын.
Кездессе қиын жұмыс ерінбеймін,
Байғұсты жолыққанда басынбаймын.
Бұйырған несібемді теріп жеймін,
Үйімнің берекесін қашырмаймын.
Біреуге ұнап, біреуге ұнамаймын,
Ия, мен осындаймын!

***

Он екі ай һәм елу үш аптасы бар
Алдыңнан келген бетте қақпа ашылар,
Жетпіс бес жасым менің тойланатын
Бұл жылдың кесапаты жоқ та шығар.

Болсын деп қысы жайлы, жазы жарқын
Арнайды ақ тілекпен сөзін әркім.
Дәл мендей ақын ұлы бар екенін
Тыңдаған өлеңімді сезін, халқым!

Ақылын сезіміне бағындырған
Жастық шақ өтті зулап сағым қуған.
Кезімде ойға батып дамылдаған
Жетпіс бес жиырма бесті сағындырған.

Жетпіс бес – алқынбастан жеткен жерім,
Тағдырдың сынағынан өткен жерім.
Аллаға сансыз шүкір! Осы күнді
Көрсеттің. Жоқ өзіңе өкпем менің!

Өтірік және Шындық

Әй, жалған-ай, жалған-ай!
Шындықтың да шырқыраған жері осы.
Кісі көрдім қол-аяғы балғадай,
Көкке жеткен төбесі.

Баста – қалпақ, Сырт киімі – жағалы,
Мінген аты – тағалы.
Ерінінің ұшыменен айтылған
Әрбір сөзі бағалы.

Түрін көріп кетті менің күлкім кеп,
Аңғарғаным, күңкіл көп.

– Өтірік қой. Танымадың қалайша?

Деген сөзді естідім,
Сұрағанда: «Бұл кім?» – деп.
Жауап бердім мен оған:
«Танымауым мүмкін!» – деп.

Қызыл іңір. Күн батқанда кешқұрым
Қатқыл дауысын естідім.
Сөзі мығым. Айтқаны анық. Керемет!
Қайран, шындық! Көзі ғой деп ескінің,
Қарап едім түрекеп.

Тыңдаушысы – Үркердей топ сөз ұғар,
Құлағы бар, Шүңірейген көзі бар.
Аяғы жоқ, Қолы да жоқ. Сөйлеп тұр
Шындық дейтін мүгедек.

***

Құбылаға бұрып тұрып бетімді,
Ауыз ашып құрмамен,
Білдіріп ем ниетімді.
Құрма дәмді деседі жұрт.Өзіме
Құрмадан да өрік дәмді секілді.

Жалғанда да басып жүріп әр ізді,
Ұмытпадым мойындағы парызды.
Зәмзам балдай дейді ғой жұрт. Өзіме
Туған жердің өзенінен ішкен су
Одан тәтті тәрізді.

Көрдім түнде, көктен жұлдыз жиі ақты,
Өзіме де қойдым талай сұрақты.
Қасиетті деседі ғой Меккені,
Оған титтей күмәнім жоқ.
Алайда
Өз мекенім одан артық сияқты.

***

Ең жеңіл — көп сөйлеу көпіріп,
Ең ауыр — өнер мен білімің.
Ең ұзын — өсек пен өтірік,
Ең қысқа — тез өткен ғұмырың.
Ең жаман — күнелту күн үшін,
Ең жақсы — ұнатқан жұмысың.
Ең суық — кедейлік тұрмысың,
Ең ыстық — ата-анаң, үй-ішің.
Ең арзан — сәлемді беруің,
Ең қымбат — ас-суың, тамағың.
Ең тәтті — махаббат, мейірім,
Ең қатты — күтпеген ажалың.

***

Жас кезімде Алатау да жас еді,
Тек қар жатты басында.
Пәтер іздеп кездім талай көшені
Тура он жеті жасымда.

Жер-кепеден орын таптым жататын
Ділгер болып жарыққа,
Қызметке жарамады құжатым,
Кірпіш құйдым зауытта.

Ұстарамен алып жүрдім шашымды,
Маған көп зат қажет пе?
О, алақай! Өлеңдерім басылды
Комсомолдық газетте.

Әкелген жоқ мені ешкім де жетектеп
Әдебиетке расында.
Алатаудан түсіп едім етекке,
Тек сен болдың қасымда.

Есте қалды жасыл бақтар гүл атқан,
Мөлдір бұлақ, көк шынар.
Алматыға өткізген сан сынақтан
Өкпем мүлде жоқ шығар.

***

Қазақшылмын, түрікшілмін мына мен,
Ұлтшыл болсам, қай тұрғыдан кінәлі ем?
Бас тартпадым ата-баба ғұрпынан,
Бұл туралы жаздым қызыл сиямен.

Мен Түрікпін! Тынысымын ғаламның,
Ырысымын ұлан-байтақ даламның.
Атой салған Дешті Қыпшақ жерінде
Қылышымын Қобыланды бабамның.

Мен Қазақпын мың тіріліп, мың өлген,
Ыза болсам жауар бұлттай түнерген.
Тайғақ жолдан есен-аман өтсем де,
Бірақ, әлі босамадым шідерден.

Ұлт жолында шейіт болды арыстар,
Көкірегімді кеулеп тұрған намыс бар.
Бізден қорқып қорған салса қытайлар,
Бізден қорқып қырғын қылған орыстар.

Сайыпқыран сабаздардың ізі едік,
Алға ұмтылған, қалмақ қырған біз едік.
Адасқанды қайта қосып үйірге,
Қияңқыны тезге салып түзедік.

Өркен жайған Тұран елі біз едік,
Бейбарыстың мұрагері біз едік.
Әл-Фараби, Әбу Сина, Иассауи
Ғалымдардың куәгері біз едік.

Тойдан артық өтіп жатқан бір күні,
Біз едік қой қолға үйреткен жылқыны.
Өткен күнді сағынғаннан не пайда,
Бітелмесе қомағайдың құлқыны.

Сары майдай сабырды да сарқып бар,
Арамыздан шықты Қодар, Жантықтар.
Тұлпарлардың орнын басып жабылар,
Дарындарды ығыстырды тантықтар.

Елдің асыл қазынасы тоналды,
Уайымға қайғы келіп жамалды,
Бекежанның сөзін сөйлеп сотымыз,
Төлегендер абақтыға қамалды.

Жерлестерім кең жерімде қысылды,
Жаба алмадым ішім түгіл тысымды.
Үндіс келіп талап алды темірді,
Кәріс келіп қалап алды мысымды.

Мақтан етіп жүрсем ата-тегімді,
Ауыр салмақ қайыстырды белімді.
Жебірейлер жегідей жеп жерімді,
Келімсектер жинап алды егінді.

Сарқыраған өзен суы тартылды,
Қара жердің қазынасы сарқылды.
Жердің қанын сорып жатыр алпауыт,
Алып жатыр күміс пенен алтынды.

Құныққандар, құл болғандар ақшаға
Көзін сатып телміреді басқаға.
Түбінде олар жұрт қарғысын алмай ма,
Сүйек берген қожайынға жақса да.

Біз де көрдік бұл жалғанның ызғарын,
Жойқын селдің қатқан мұзды бұзғанын.
Туған елдің мұңын жырлап өтермін
Өскен жерде таусылғанша тұз-дәмім.

***

Өсек-аяң жынды құйын секілді,
Шаң көтеріп, үйіріліп соғады.
Өтірік – ол түрлі түсті үрген шар,
Жел толтырса, көтерілер жоғары.
Шындық болса бойшаң әрі сымбатты,
Тас мүсіндей ауыр әрі тым қатты,
Оны суға батыруға болады.
Үміт болса аспандағы ақша бұлт,
Биік таудың басына да қонады.
Қайғы төнсе, қара бұлтқа айналып,
Қатуланса, көзінен жас тамады.
Тасқын сел мен долы боран, суық қар,
Сұрапыл өрт, барлығы да қалады.
Тікен кірсе жарылады үрген шар,
Шындық бізге сонысымен бағалы.

***

Көктен үйрен!
Әкелетін таң нұрын,
Жауғызатын қары менен жаңбырын.
Күндіз Күнге, түнде Айға сенетін,
Аямастан шұғыласын төгетін
Көкке алғыс айт!

Жерден үйрен!
Көтереді ол бәрін,
Жер бетінде жайылады бар малың.
Тұқым шашсаң өнімін де аласың,
Өлгенде де жер қойнына барасың.
Жерге алғыс айт!

Судан үйрен!
Қандыратын шөліңді,
Суаратын бау-бақша мен егінді,
Жуып, шайып тазалайтын тәніңді,
Өшіретін лаулаған жалынды
Суға алғыс айт!

Желден үйрен!
Қуып кетер бұлтыңды,
Алып кетер кір-қоқысты мың түрлі.
Желкен керсең серігің сол сенетін,
Шаң-тозаңды қағып-сілкіп беретін
Желге алғыс айт!

Сондықтан да қарап тұрып құбылаға,
Сыйынарың бір ғана –
Тілегіңді ескеретін, шын дана,
Көкті, жерді, суды, желді
қажетіне жұмсаған,
Бар ғаламды құзырына қаратқан
Алғысыңды айт Аллаға!

***

Астанада оң жаға мен сол жаға,
Бір бірімен керіспесе болды, аға!
Біреуінде ағыл-тегіл байлық бар,
Бірі жұтаң – айырмасы сол ғана.

Мына жақта ырду-дырду, той-думан,
Ана жақта кісілер жүр ой қуған.
Астана осы зәулім үйлер бос тұрған,
Бірін кедей, біреулерді бай қылған.

Көшелерде тазармаған, тазарған
Үйлердің де бірі қымбат, бірі арзан.
Ақшаны да үнемдеуге болады
Ет алсаңыз оң жақтағы базардан.

Сол жағалау оңмен бірдей болды ма,
Қай жағында жасалып жүр мол күнә?
Арасында көлік өтер көпір бар,
Бір бірімен келіссе тек болды, аға!

Бағдаршамның  үш  түсі

Жолға шықсам,
Сарсаң болған жандаймын,
«Қалыс қалам!»
Деді Сары: «оңбаймын».
Дегені ғой:
«Тағдырыңа бол дайын!»
«Қарсы болам!»
Деді Қызыл:
«Нанбаймын!»
Қарсы болса,
Өзім де әрі бармаймын.
Өтіп барам...
Жасыл айтты:
«Қолдаймын!»
Жасылдың да ғұмыры, бірақ мәңгі емес,
Қалай менің хал-жайым?!

***

Жалпақ далада көбейді жалтақтар,
Үлкен қалада есейді Жантықтар.
Қарақшы қоғамда аз емес қорқақтар,
Қай жерде бұлжымас темірдей тәртіп бар?!

Тер төгіп ежелден еңбекке бейім ел,
Ерінбей бал жинап жүрсе де арадай,
Ақылы азайып, санасы бүлінген
Көбейді тоғышар обырлар қомағай.

Пайдаға аса ма қиқым да, қоқым да,
Ішіне қи салып толтырған қапқа ұқсап,
Білмеймін, күні ертең жарай ма отынға,
Мінбеден елеріп бөседі мақтаншақ.

Қидың да шынында бар шығар керегі,
Алайда, су өтіп бұзылған тезекті
Ошаққа отын сап, ас жасап әдемі,
Жұртқа ұнар табылар деймісің бір епті?!

Ағаштан артылған, далада шашылған
Жаңқамен жүр біреу самауырын қайнатып.
Есерлер өріп жүр құтымды қашырған,
Білдім мен олардан келмесін пайда түк.

Шешенім! Сен-дағы өтпейтін сөзді қой,
Қайтпайды ілгері ұмтылған көш кейін.
Уақыт озды ғой, жүйке де тозды ғой,
Айтыңдар, ағайын!
Ал енді не істейін?!

***

Жеріме екпіндеп Тың келді,
Қанатын кең жайып үлгерді.
Өзенде балыққа ау түсті,
Далада трактор табаны
Жаншыды жайнаған гүлдерді.

Жат жұрт та сол тұста күш алып,
Көрініп тұрғандай ісі анық,
Шәкірттер оқыды мектепте
Орыстың тілінен бес алып,
Қазақтың тілінен үш алып.

Келген жұрт қаумалап жан-жақты,
Шөп өскен алқапты шаңдатты.
Өзге ұлттар кеткенде оқуға,
Қазақтың қыздары сиыр сауып,
Қазақтың жігіті мал бақты.

Келбеті өзгеріп қоңыстың,
Көліктер толтырып жол үстін,
Ер жеткен балаға ес кірмей,
Елімнің күйлері естілмей,
Тарады әндері орыстың.

Қораға кіргенде қорсылдақ
Жағымсыз исіңе көр шыдап.
Өз ұлтың өзгеге тең емес,
Көшеде көбейіп төбелес,
Қабаған ит тұрды арсылдап.

Арманың бір жерге жиылмай,
Бір жөнді қызмет бұйырмай,
Біреуге бағынып күн көрдің,
Сөзіңді айта алмай жым болдың,
Ноқтаға үйренген сиырдай.

Қаланың іргесін қалатқан
Ардагер шығып қап санаттан,
Қауымның алғысын алатын
Ауырған шалына қазақтың
Үй тиді жоғарғы қабаттан.

Тоқырап мақсаты жігіттің,
Дәурені жүргенде құлыптың,
Үйіңді кілт салып жапқанын,
Төріңе арақтың шыққанын
Бауырым, қалайша ұмыттың?!

Өзгерді атауы жеріңнің,
Өзгерді дәстүрі еліңнің.
Бабаңның көнермес шын асыл,
Құмға әкеп көмгендей мұрасын
Жат санап, қалайша жерідің?!

Араға от тастап жырынды,
Тілің де, дінің де бүлінді.
Тек жүрсем болар деп тарықпай,
Қыт-қыттап, жем шоқып тауықтай
Өткіздің көретін күніңді.

Білмеймін, бағың ба, сорың ба,
Қолыңда қуатың барында
Менің де кезегім келді деп,
Қызықтың байыған елді жеп
Залымдар отырған орынға.

Мен көрген қазақтың жері осы,
Өткерген азапты елі осы.
Содан соң не болып, не қойды,
Таратып көкейден көп ойды,
Айтайын жырымда келесі.

Abai.kz

0 пікір