Тәуелсіздікке қол жеткізген ауыл балалары
Жыл сайын Желтоқсан айы келгенде мен сонау тұлымшағым желбіреген балаң кезімде санама соншама әсер берген Желтоқсан көтерілісіне қатысқан адаммен тағдыр қосып, Желтоқсан шежіресінің шындығын сол көтерілістің қаһармандарының бірі - өмірінің үш жылын жазықсыз темір торда өткізген - Құттыбек Аймаханнан естіп, оның Желтоқсан жайындағы әңгімелерінің тыңдаушысы, желтоқсаншының жары болғаныма қайран қаламын... Мен ол кезде Нарынқол ауданының Қаратоған ауылындағы мектептің 4-сынып оқушысы болатынмын. 17 желтоқсаны күні сабаққа келгенбіз. Неге екенін қайдам, ағай-апайларымыздың бәрі мектепте жүрсе де сабақ жуық арада бастала қоймады. Бір кезде ұстаздар барлық оқушыны жинап, мектебімізде үлкен жиын өткізді. Бала болсаң да байқайды екенсің, мұғалімдеріміз әлденеге абыржулы көрінді. Жиналысты мектеп директоры ашып, бір әңгіменің шетін шығарды. Одан ұққаным Алматыда жастар көтеріліске шығыпты. Оларды ұрып-соғуға солдаттар мен милиция жіберіліпті. Алматыдағы жағдайды қысқаша баяндаған директорымыз «Балалар, қайсыларыңның аға-апаларың Алматыда оқып жатыр. Қазір үйлеріңе барыңдар да, ата-аналарыңа айтыңдар, балаларына тезірек хабарласып, алаңға шықпауды ескертсін» деді де бізді сабақтан ерте қайтарып жіберді.

Аулаға кіре есік алдында жүрген анамды әлі ентігімді баса алмаған күйі құшақтай алып: «Алматыда жастар соғысып жатыр екен. Енді не болады? Алматыда оқу оқып жатқан балалардың бәрін атып тастай ма?» деп жылап жіберіппін. Даусым аянышты шыққан болуы керек, анам мені бауырына қысып, басымнан сипап тұрып ауыр күрсінгені әлі есімде...
Уақыт шіркін зымырап өте берді. Мен де бойжетіп, арман қуып Алматыға келдім. Қаладағы Алматы индустриалды колледжінде оқып жүргенмін. Бір күні қазақ тілі пәнінің мұғалімі Р.Жалғасқызы тәрбие жөнінде лекция оқып жатып «Ауылдан келген балалар әбден бетімен кеткен. Ұялмай-қызармай көшеде тұрып құшақтасып, сүйісе береді. Еркіндік деген осы екен ғой деп ойларына келгенін істейді. Қымсыну дегенді білмейді. Не шықса да осы ауыл балаларынан шығады. Ал қаланың балалары өздерін қалай ұстауды біледі» деген-ді. Осыны естіген мен шыдай алмай, орнымнан атып тұрып «Апай, олай демеңіз! Бүгінгі Егемендік пен Тәуелсіздікке сіз айтып отырған сол ауыл балалары емес пе, қол жеткізген. Сондықтан да ауыл балалары туралы олай айтпаңыз!» дедім. Аудиторияда отырған курстастарым мені қолдап шу ете қалды. Ал апай болса, менің осы тіке айтқан сөзімнен ыңғайсызданып, келесі лекцияда маған көлемді шығарма жазып келуді тапсырды.
Арада бір жыл өткенде, біздің колледжде Желтоқсан қозғалысына қатысушылармен кездесу өтетін болды. Мен оркестр құрамында домбыра тартатын болған соң, сол шараға ерекше дайындалдым. Осы кездесуге Құттыбек те келген екен...
Көпшілікке белгілі, өткен ғасырдың 90-жылдары Тәуелсіздігін жаңа алған жас мемлекетіміз үшін өте ауыр кезең болды. Одақтың тарауымен қалыптасқан жүйе бұзылып жатты. Халықтың күнкөрісі барған сайын қиындап, елде жұмыссыздық кең етек алды. Мен қиын-қыстау шақта алған бетімнен қайтпай, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, оқу мен жұмысты сабақтастырып жүрген едім. Бірде жұмысымыз тоқтап, маған жаңа жұмыс іздеуге тура келді. Сөйтіп жүргенде қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бос жұмыс орны бар екенін естідім де, аталған басылымның редакциясын іздеуге шықтым. «Алматы-2» теміржол вокзалын бетке алып, «Алматы ақшамын» іздеп келе жатқанмын. Жан-жағыма жиі қарағыштап келе жатсам керек, қарсы алдымнан шыққан ұзын бойлы, қараторы жігіт «Қарындас, кімді іздеп жүрсіз?» деді жылы ұшырай. Мен сасқалақтап «Ақшамның» редакциясын іздеп жүргенімді айтып едім, ол қуанып кеткендей мені іздеген жеріме дейін апарып тастады да, «Ақшам» осы ғимараттың үшінші қабатында» деді де, өзі асығыс жөнімен кетті.
Көп ұзамай «Алматы ақшамы» газетіне жұмысқа орналастым. Жұмысқа келсем кеше мені редакцияға ертіп әкелген әлгі жігіт осында жүр екен. Қыздардан сұрасам, ол осы газеттің «Хат және білім, денсаулық» бөлімінің меңгерушісі Құттыбек Аймахан деген азамат екен. Сөйтіп, кейін келе-келе мен Құттыбектің Желтоқсан көтерілісіне қатысып, үш жылдай темір тордың арғы жағында болып келгенін және әлі күнге дейін үйлі-баранды бола алмай жүргенін естіп-білдім.
Үйленбей жүргенін сол баяғы санамда қалып қойған Желтоқсанмен байланыстырып қоятынмын. Ұжым сондай ұйымшыл, әзілдері жарасқан, бір-біріне тілеулес, тілектес жандар екен. Сол тілектерінің бірі Құттыбекті үйлендіру екенін маған Құттыбек жайлы жиі айта бастағандарынан байқап жүрдім. Бірте-бірте ұжымдағылар екеумізді бір-бірімізге қосатынды шығарды. Әсіресе, өзін Құттыбектің жерлесімін дейтін марқұм Орынгүл апай кабинеттеріне кіре қалсам, маған «інісі» жайлы әңгіме айта бастайтын. Тіпті бара-бара газеттің бас редакторы Қали Сәрсенбай ағайдың өзі де әзілдеген болып, Құтекеңді «қара нар» атандыра, бізді әзілмен «атастырып» тойымызды ойластыра кететін. Ол қандай мереке болса да, сол күні ерте келіп, жұмыс үстелімнің үстіне раушан гүлін қойып кететін. Қыздың іші қу келеді емес пе, бұл гүлдерді Құтекең әкеліп жүргенін білсем де оны көргенде білмегенсіп өте шығатынмын. Әзіл-қалжыңға жоқ, көп сөйлей бермейтін оның маған деген сезімін жақсылыққа дәнекер болып жүретін «ақшамдықтар» жеткізетін. Жақсы сөз жанға жағады емес пе, менің де жүрек түкпірімде желтоқсан қаһарманына деген шынайы сезім біртіндеп бүршік ата бастады. Тағдырымыз шығар, көп ұзамай Құттыбек екеуміз шаңырақ құрдық. Біздің бұл қуанышымызға Құттыбектің анасынан кейінгі ақ жарыла қуанған «Алматы ақшамының» ұжымы болды.
Міне, содан бері де сегіз жылға жуықтапты. Сегіз жыл бойы бала кезімде жүрегімді дір еткізген, бірақ шынайы көрінісін білмейтін мен, Желтоқсан жайлы жан ауыртар оқиғалар туралы әңгіме естіп, қазақ жігіттері мен қыздарының ерлігіне қайран қалумен келемін. Құттыбек алаңға шыққан қазақ қыздары жайлы көбірек айтады. Сүйген жігіттерін сотталған жерлеріне іздеп барып, некесін қидырып қайтқан қыздар туралы айтқанда жаным тебіреніп кетеді.
Күні кеше ғана өзім кездесулерін асыға күткен, желтоқсан қаһармандарымен жиі бас қосамыз. Жиын-тойларда, әсіресе, 16 желтоқсан күні міндетті түрде бас қосып, осы кезеңге жеткізген Жаратқанға шүкірлік айтамыз. Достары Құттыбекті рухы мықты, ұлтжанды азамат деп құрметтеп жатады. Алматыда түрмеде жатқанда Құттыбектің оқыған кітап, газет, журналдардың мұқабасына: «Алаңға қазақ ұлтының намысы үшін шықтық, намысымызды биік ұстайық!», «...Тілім, салтым жоғалса, туған жерден өз көрімді қазармын!» деп жазып жіберетін деп, Құттыбектің еліне деген сүйіспеншілігін сүйсіне айтып жатқанда, іштей мен де рухтанып, жан жарыммен бірге биіктеп қаламын.
Тәуелсіздік күндеріңмен - Желтоқсан қаһармандары!
Қарлығаш БЕСІР
"Айқын" газеті