Қазақ мұнайды енді Әзірбайжан арқылы сатады
Қазақстан Әзірбайжан арқылы мұнай тасымалдау жолын қарастыруда. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев мәлімдеді.
«Әзербайжандық тараппен Қазақстандық мұнайды тасымалдау мүмкіндігі туралы келіссөздер әртүрлі деңгейлерде, соның ішінде мемлекеттік, ұлттық компаниялар деңгейінде жүргізіліп жатыр. Келісімге қол жеткізген кезде толығырақ хабарлаймыз. Қазақстандық мұнай Әзербайжанның Баку - Тбилиси - Жейхан және Баку - Супса құбырлары арқылы тасымалдануы мүмкін», - деді Қарабаев брифингте.
Бұған дейін Ресей Новороссиийкідегі Каспий құбыр консорциумының жұмысын әртүрлі сылтаумен қайта-қайта тоқтатқан болатын. Сондықтан Қазақстан өз мұнайын экспорттау бағыттарын әртараптандыруға ниетті екенін жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның теңіз арқылы тасымалдау мүмкіндігін әлі толық пайдаланбай отырғанын айтты. Ол үкіметке «Қазақстан порттарын трансформациялап, Каспий теңізінің жетекші хабының біріне айналдыруды» тапсырған еді.
Ресей оқтын-оқтын жұмысын тоқтатып тастап отырған Каспий консорциумы Қазақстан үшін мұнай экспорттаудың басты маршруты саналады. Еліміздің мұнайының 80%-ы осы бағыт арқылы жөнелтіледі. Бұл құбыр жылына 67 млн тонна мұнай жеткізуге қабілетті.
Reuters агенттігі Қазақстан Әзірбайжанмен мұнай тасымалын жүзеге асырып, Ресейді айналып өтпек екенін жазды.
«Қыркүйек айынан бастап Қазақстан мұнайының бір бөлігін Әзірбайжанның ең ірі мұнай құбыры арқылы сатуға шығармақ. Ресей мұнай құбырын жабамын деп қорқытқан соң, Қазақстан балама бағыт іздей бастады. Қазақстандық мұнайдың экспорты әлемдік жеткізілімдердің 1%-дан астамын немесе тәулігіне шамамен 1,4 миллион баррельді құрайды. Олар 20 жыл бойы Ресейдің Қара теңіздегі порты Новороссийск КҚК құбыры арқылы әлемдік нарыққа шығып отырды», - дейді Reuters.
Басылымның жазуынша, КҚК құбыр желісіне балама жолдардың ешқайсысы сенімді емес, сондықтан бұл энергетикалық нарықтаға тұрақсыздыққа апаруы мүмкін.
Шілде айында Ресей соты КҚК-ны жабамыз деп Қазақстан тарапына қауіп төндірді, нәтижесінде Қазақстан Үкіметі мен ірі шетелдік өндірушілер сақтық шарасы ретінде басқа сауда нүктелерімен келісім-шарттар жасай бастады.
Ақпан айында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көп ұзамай мұнайдың әлемдік бағасы күрт қымбаттаған болатын. Шілде айынан бастап мұнай баррелінің құны 100 АҚШ доллорынан жоғары.
«Жағдаймен тікелей таныс дереккөз Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» мемлекеттік мұнай компаниясы (ҚМГ) Әзірбайжанның SOCAR мемлекеттік компаниясымен Жейхан портына мұнай жеткізетін Әзірбайжан құбыры арқылы жылына 1,5 млн тонна Қазақстандық мұнайды сатуға рұқсат беру туралы алдын ала келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
Тәулігіне өтетін 30 000 баррельден сәл артық шикізат КҚК құбыры арқылы тәулігіне өтетін 1,3-1,4 миллион баррельдің қасында түкке жарамайды», - дейді шетелдік басылым.
Басылымға берілген мәлімет бойынша, соңғы келісімшартқа тамыз айының соңында қол қойылуы керек, ал Баку-Тбилиси-Жейхан (БТЖ) құбыры арқылы мұнай айдау бір айдан кейін басталады. 2023 жылдан бастап тағы жылына 3,5 миллион тонна Қазақстандық мұнай Әзірбайжанның басқа құбыры Супса порты арқылы жіберіле бастауы мүмкін.
Алайда, БТЖ-ның жаңа бағыты Қазақстанның Каспий теңізі арқылы Ақтау портынан Бакуге мұнай тасымалдау үшін шағын танкерлер флотын пайлануына тура келеді.
Abai.kz