Ата Заңға қандай өзгерістер енгізілді?
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына биыл 27 жыл толып отыр. Еліміздің бас құжатына осы уақытқа дейін қандай өзгерістер мен түзетулер енгізілді? Бұл туралы ҚазАқпарат сарапшысы жазды деп хабарлайды Abai.kz.
Елдің басты құжатын қабылдау тарихы
Конституция - мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Мемлекеттің тұтастығы, саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтар құқығының сақталуы, демократиялық құндылықтардың барлығы осы заңның аясына топтасқан. 27 жыл ішінде Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заман талабына сай дамуға бет алған Қазақстан үшін уақыт ағымына қарай икемделіп отыру аса маңызды.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрды. Жалпы 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы - жаңа Ата заңға алғаш рет азаматтың құқығына ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Еліміздің негізгі заңын қабылдаудан бұрын ел халқымен кеңінен талқылау болды. Жалпы алғанда, жоба 33 мыңға жуық ұжымдық талқылаудан өтіп, оған 3 миллионнан астам азамат қатысқан. Талқылау барысында 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту, 55 бапқа 1100-ден астам түзету мен толықтыру енгізілген. Осылайша, мемлекеттік құрылым сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттігін ұлғайту жөнінде өзгерістер енгізілген болатын.
Конституцияға енгізілген соңғы түзетулер
1995 жылы Конституция референдум арқылы қабылданған, оған бес рет Парламент арқылы өзгеріс енгізілген еді. Сонда биылғы Конституцияға енген өзгерістерді референдум арқылы қабылдау тәуелсіз Қазақстан тарихында екінші рет болып отыр.
2022 жылдың 5 мамырында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 18-бабына сәйкес, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін Республикалық референдум өткізу туралы Жарлығы шықты.
Соған орай, ел өміріндегі аса маңызды референдум осы қаулыға жарлық шыққан күннен тура бір айдан кейін, нақтырақ айтқанда, 5 маусым күні өткізілді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қысқа шолып көрдік. I бөлім. Жалпы ережелер. 4-баптың 1-тармағы, 6-баптың 3-тармағы өзгертілді. IІ бөлім. Адам және азамат. 15-баптың 2-тармағы, 23-баптың 2-тармағы, 24-баптың 1-тармағы өзгертілді. IІІ бөлім. Президент. 42-баптың 2-тармағы, 5-тармағы өзгертілді. 43-баптың 1-тармағы өзгертілді, 2-тармағы алынып тасталды және түсіндірме берілген 3-4-тармақтармен толықтырылды. 44-баптың 2-3-4-7-тармақтары және 10-тармақтың 1-тармақшасы, 19-тармағы өзгертілді. 46-баптың 4-тармағы алынып тасталды. 47-баптың 1-2-тармағы өзгертілді. IV бөлім. Парламент. 50-баптың 2-3-тармағы, 51-баптың 1-тармағы, 52-баптың 5-тармағы өзгертілді. 53-баптың 1-тармағына 1-тармақша, 53-бапқа 1-2-тармақша қосылды, 2-6-тармағы өзгертілді, 54-баптың 1-2-тармағы, 55-баптың 2-3-тармағы өзгертіліп, 56-баптың 1-тармағының 1-тармақшасы өзгертіліп, 3-1 тармақша қосылды. 57-баптың 1-тармағы, 57-баптың 3-тармағының 7-тармақшасы, 61-баптың 2-тармағы, 3-4-тармағы, 62-баптың 5-6-тармағы өзгертілді. VІ бөлім. Конституциялық Сот. 71-баптың 1-2-3-4-5-6-тармақтары, 72-баптың 1-2-3-4-5-баптары, 73-баптың 1-2-3-тармақтары, 74-баптың 2-3-тармағы өзгертілді. VІІ бөлім. Соттар және сот төрелiгi. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл. 78-бабы, 82-бабының 4-5-тармағы, 83-баптың 4-тармағы өзгертілді және жаңа бап (83-1) қосылды. VIII бөлім. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару. 87-баптың 4-5-тармағы, 88-баптың 4-тармағы өзгертілді. IX бөлім. Қорытынды және өтпелi ережелер. 91-баптың 2-3-тармағы өзгертілді, 99-бапқа 1-2-3-тармақтар қосылды. Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, 2022 жылдың 8 маусым күні соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Конституциясы 10 бөлім, 99 баптан тұрады.
- Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті;
- Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
- Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
- Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
- Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;
- Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
- Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;
- Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
- Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.
Жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық Соттың құрылуы болды. Азаматтарымыздың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қорғайтын орган болғандықтан, Қазақстан Республикасы нормативтік құықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарау басты міндеті болып табылады. Бұл өзгерістер еліміздің болашағын айқындайтын басты өзгерістер. Қорыта айтқанда, уақыт талабына сай енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының даңғыл жолына түскендігін, тәуелсіз еліміздің болашағының жарқын, ұстанған бағытының кемел екендігін көрсетеді.
Айта кетейік, референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан азаматтарының жалпы саны 11 миллион 734 мың 642 адам. Олардың ішінде дауыс беруге қатысқандар саны 7 миллион 986 мың 293 адам, немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,06 пайызын құрады. Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрап, 6 миллион 163 мың 863 адам болды. Ал, конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтар 18,66 пайыз немесе дауыс беруге қатысқандар санының 1 миллион 490 мың 475-ін құрады.
Abai.kz