Санкция: Путин Ресейдің түбіне жетеді
Ресейге қатысты Украинаға қарсы соғыс пен Батыс санкцияларының ел тұрмысына әсерін бағалайтын «жабық» экономикалық есеп пен болжам жасалды. Ресей экономикасының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы құпия құжат Ресейлік саясаткерлердің оптимистік жария мәлімдемелеріне қарама-қайшы келеді.
Баяндамада негізгі салаларда өндірістің күрт құлдырауы мен «мидың» (мықты мамандар) сыртқа ағылу процесі басталғаны көрсетілген. Bloomberg басылымы: «Батыстың санкциялары күшіне енгендіктен Ресей Федерациясы ұзақ және терең рецессияға тап болуы мүмкін. Елдің экономикасы жылдар бойы арқа сүйеп келген салалар да тәуекелге ұшырайды», - деп жазады.
Агенттік бұл баяндама РФ президенті Путиннің Украинаға басып кіру туралы шешіміне байланысты Ресейдің экономикалық оқшаулануының шынайы әсерін бағалауға тырысқан шенеуніктер мен сарапшылардың бірнеше айлық жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Құжат 30 тамызда жоғары лауазымды тұлғалардың жабық отырысында таныстырылды.
Баяндамада ұсынылған үш сценарийдің екеуі рецессияның 2023 жылы үдей түсетінін және экономиканың соғысқа дейінгі деңгейге тек онжылдықтың соңында немесе одан кейін ғана оралатынын көрсетеді. Мамандардың болжамы бойынша, келесі жылы Ресей экономикасы 2021 жылғы деңгейден 8,3%-ға төмендейді, ал «стресс» сценарийі 2024 жылы ең төменгі деңгейді белгілейді. Бұл дегеніңіз 2021 жылғы деңгейден 11,9 %-ға төмен көрсеткіш деген сөз.
Барлық сценарийлер санкциялық қысымның күшейетінін болжайды. Есепте Еуропаның Ресей мұнайы мен газынан бас тартуы Кремльдің өз нарығын қамтамасыз ету қабілетіне де нұқсан келтіруі мүмкін екенін атап көрсетті.
Бұған қоса, есепте 2025 жылға қарай 200 000 IT-мамандарының елден кетуі мүмкін екендігі айтылған.
Айта кетейік, Ресейдің мемлекеттік шенеуніктері санкциялардың соққысы олар қорыққанынан аз болды деп айтуды жалғастыруда. Ресей үкіметіне әлемде экономикалық дағдарыс орын алған жағдайда, Ресей экспорттың азаюы толқынына тап болуы мүмкін екені ескертілді. Яғни, Ресей өнімдеріне сұраныс жоғалады. Бұл рубльдің құлдырауын және инфляцияның өсуін тудыруы мүмкін.
Импорт жағынан «негізгі қысқа мерзімді тәуекел импорттық шикізат пен жинақтауыштардың тапшылығына байланысты өндірістің тоқтап қалуы болып табылады». Ұзақ мерзімді перспективада импорттық жабдықты жөндеу мүмкін еместігі өсімді біржола шектеуі мүмкін.
Еске сала кетейік, Путин ОПЕК-ті жеңу туралы шешім қабылдағаннан кейін, ол үлкен шығынға ұшырап, Таяу Шығыс мемлекеттерін ашуландырды. Енді олар шын мәнінде Кремльге жағдайды кім басқаратынын көрсетіп жатыр. Артықшылықты көрсетудің екінші әрекеті - Еуропаның газ бопсасы болды. Әрине, бұл Ресейді үлкен қаржылық шығындарға әкелді.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz