Қазақстанның проблемалары көбейіп барады
Путин, өрт, қарыз, базалық ставка = рейтинг. Ашығын айту керек, Қазақстанның проблемалары көбейіп барады.
S&P Қазақстанның рейтингін түсіріп тастады. BBB қалды, бірақ болжам "Тұрақтыдан" "Жағымсызға" ауысты. Қазір S&P формулировкаларын аударып берсем көп адамға түсініксіз болады. Қарапайым түсіндіруге тырысайын.
Бір жігіттің айлығы 500 мың теңге. 2020 жылы ол айына 100 мың кредит төлейтін. Сол жылы інісіне көмектесемін деп тағы кредит алды. Сондықтан 2021 жылдан бастап айына 160 мың төлеп жүрді. Ал биылғы жылдан бастап отбасына ана-мынаны алып берем деп уәде бергеннен кейін тағы кредит алды. Енді ол айына 200 мың теңге төлейді.
Сол жігіттің бастығы оның жұмысына кедергі келтіре бастады. Дауыл болды деп компьютерін өшіріп тастады. Сосын мина табылды деп офисті жауып қойды. Жақында құбырда жарықшақ бар деп туалетті жаптырып тастады. Содан жігіттің көрсеткіштері төмендеп, ол енді әдеттегідей 500 мың емес, 450 мың айлық алды.
Сөйтіп жүргенде қорасы өртеніп кетті. Оны қайта салу үшін 150 мың теңге керек.
Осыны көріп отырған S&P атты кредиттік менеджер жағдайды бірден түсінді. Ол жігітке енді кредит беру қауіпті. Солай рейтингін түсіріп тастады.
Бұл енді өте қарапайым мысал. S&P өз шешімін КТК құбырына қатысты үлкен тәуекелдермен және біздің жалпы қарыздың таза активтер көлемінен артып кеткенімен байланыстырады. КТК биыл бір емес, үш рет тоқтады.
Басында S&P Қазақстанда 2022 жылы мұнай өндіру көлемі 87,5 млн тонна болады деп болжаған еді. КТК-дағы жағдайлардан кейін осы болжам 85,6 млн тоннаға дейін төмендеп отыр.
S&P аналитиктері 2024 жылдан бастап мұнай бағасының төмендеуі бюджет кірісіне қысым жасауы мүмкін деп болжайды. Онда дефицит артып, қарыз алу көлемі ұлғайса, бізге жалғыз жол – бюджет шығындарын қысқарту ғана қалады. Ол кезде халық наразылығы артып, әлеуметтік толқулар басталса президент пен атқарушы биліктің позициясы мықты болуы тиіс. Сондықтан бұған жеткізбеген жөн және оған қазірден бастап дайындала беру керек. Өзіне тым көп әлеуметтік жүктеме артып алған мемлекет жан-жақтан қарыз алып кеткені және оны қайтару бюджетке салмақ түсіре бастағаны байқалады.
Ұлттық Банк инфляциямен күресіп жатса, мына жақтан Үкімет міндеттемелерді орындау үшін қарызға тереңірек батты. 2021 жылы біз қарызды қайтаруға 1,1 триллион теңге жұмсадық. Инфляциямен күрес үшін базалық ставка 14,5% көтерілгелі, Үкіметке ішкі нарықтан қарыз алу құны айтарлықтай қымбаттады. Қазір жылдық купоны 15%-дан аспаса, мемлекеттік облигациялар ешкімге қызық емес.
Сонда болжам бойынша, 2022-2025 жылдары қарызды жабуға кететін шығын үлесі бюджет түсімдерінің орташа 9,8 пайызын құрамақ.
S&P Global Ratings өз сөзін айтты. Енді Fitch не дер екен? Fitch біздің суверенді рейтингті шамамен қазан-қараша айларында жаңалайды. Қазір BBB Тұрақтымыз. Fitch те болжамды түсіретін болса, онда барлық квазикомпаниялардың рейтингі құлдырайды. Бәрімізге сырттан қарыз алу қымбаттайды және инвестор бізге келер алдында ұзағырақ ойланатын болады.
Айбар Олжаев
Abai.kz