Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары міндетін атқарушы Нада Әл-Нашиф осылай деп мәлімдеді.
Женевада дүйсенбі күні Адам құқықтары жөніндегі кеңестің кезекті сессиясы басталды. Ресей Укранаға басып кіруіне байланысты бұл кеңестің құрамынан көпшілік дауыспен шығарылған.
"Ресей Федерациясында Украинадағы соғыспен келіспейтінін білдірген адамдардың құқықтарын шектеу мен оларды қудалау науқаны жүріп жатыр. Мұндай әрекеттер пікір білдіру еркіндігі, жиын өткізу, ұйымдасу бостандығы секілді басты конституциялық құқықтарды шектейді", - дейді Әл-Нашиф. Бұған қоса, ол Ресей билігі журналистерге қысым көрсетіп, цензура енгізіп, сайттарды бұғаттау арқылы ақпарат алу құқығын да шектеп отырғанын мәлімдеді.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының бірқатары бұның алдында үндеу жариялап, Кеңестен Ресейдегі адам құқықтарының бұзылуын зерттейтін тәуелсіз орган құруды талап еткен.
Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері Федерация аумағында соғысқа қарсы акцияларға қатысқан 16 мыңнан астам адам ұсталды. Армияға кір келтірді деген әкімшілік баппен үш мыңнан астам хаттама толтырылды, әскери фейкке қатысты 100-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Танымал саясаткер Владимир Қара-Мурза, Илья Яшин секілді ондаған адам осы бап негізінде қамауға алынды. Белсенділерді қудалауға арқау болған бұл екі бап соғыс басталған соң пайда болды. Ресейде мыңдаған сайт бұғатталды.
Abai.kz