Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4018 6 пікір 21 Қыркүйек, 2022 сағат 20:56

Сайлау: Сарапшылар не дейді?

Қарашаның жиырмасында Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, кезектен тыс Президент сайлауының өту күнін белгіледі.

Біз алда келе жатқан Президент сайлауы туралы сарапшылардың пікірін сұрап көрдік.

Қазыбек Майгелдинов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы:

- Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Онда Қазақстандағы Президент сайлауы 20-қарашада өтетіні туралы және бұған дейін де Парламенттің бірлескен отырысында талқыланған Конституцияға Президент мерзімін жеті жылдық, бір реттік қылып бекіту туралы айтылды. Жалпы, бұл кезектен тыс Президент сайлауын, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының соңғы үш жылда жүргізіп жатқан саяси реформаларының нақты практикалық жүзеге асуы деп айтуымыз керек және еліміздегі саяси жүйені қайта жаңғыртудың тетігі ретінде қарастыруымыз керек. Неге десеңіз, бірінші қыркүйек күні Мемлекет басшысы өзінің жолдауында электоралдық цилкдың қалай өтетінін тарихымызда алғаш рет алдын-ала жариялады. Бұл бізге екі тиімді эффектін береді: Еліміздегі түрлі саяси күштер осы өтетін сайлауға алдын-ала дайындалуға мүмкіндік алып отыр. Өйткені сайлау жиырмасыншы қарашада өтетін болса, екі айда электоралды сайлауалды науқанды бастап кетуге мүмкіндік бар. Екінші жағынан, жаздағы өткен референдумдағы өзгерістерге сәйкес, елімізде саяси партияларды тіркеу бойынша жеңілдетулер қарастырылған. Соның нәтижесінде жаңа сасяи күштер өздерінің кандидаттарын ұсынуға мүмкіндік алуына толықтай алғышарт жасалды. Қазірдің өзінде, Әділет министрлігінің хабарлауынша, үш саяси партия: «Халық дербестігі», «Байтақ дала», «Намыс партиялары» бірінші кезеңнен өтіп отыр. Әлі де он үш партия осы науқанға үміткер ретінде қатыса алады. Осы тұрғыдан алған кезде, еліміздегі саяси плюрализмнің, демократиялық үрдістердің дамуына зор үлес қосады деп ойлаймын.

Қазіргі таңда геосаяси жағдай тұрақсыз. Көршілес мемлекеттер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар, одан қалды Армения мен Әзірбайжан, шекаралық тұрғыда Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстарға қарап, еліміздегі ең маңызды мәселе – тұрақтылықты сақтау деп анық айта аламыз. Бейбітшілікті сақтау үшін саяси тұрақтылық керек. Осы жағынан алғанда, жеті жылдық, бір реттік Президент сайлауы елдегі бастамалар мен реформаларды тиянақты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қоғамды біріктіруші күш ретінде Президенттің жанында реформаларды жүзеге асыруға толықтай жағдай жасайды деп есептеймін. Сондықтан еліміздегі болып жатқан саяси трансформациялар бұл тек қана Президенттік биліктің ғана емес, жалпы барлық билік тармақтарына әсер етіп, Парламенттің қайта құрылуына алып келеді. Өйткені алдағы жылы көктемде өтетін кезектен тыс Парламент сайлауы, мәслихат сайлаулары Конституциялық реформаларға сәйкес пропорционалды-можоритарлы өтуі,  еліміздегі кез-келген азаматтың бастамашыл тобы арқылы депутат ретінде өзін ұсынуға мүмкіндік алуы, сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқаруда әкімдерді тікелей сайлау сияқты өзгерістердің  барлығы елдегі саяси жүйенің қайта құрылуының негізгі көрінісі болып табылады.

Аман Мәмбеталиев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы: 

- Қазір қарап отырсақ, көрші елдердің саяси бағыттары авторитаризмге бастап барады. Мысалы, Тәжікстанның бұрынғы Президенті басшылықты өзінің ұлына тапсырды, Өзбекстан мен Түркменстан суперпрезиденттікке ұмтылып отыр, ал, Қазақстан керісінше демократиялық саяси режимді одан әрі дамытуға күш салуда. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент –  есеп беретін Үкімет» қағидатына сүйеніп іс-әрекет жасауға талпынып жатырмыз.

Конституцияға енгізілетін ең маңызды өзгерістің бірі – сайлау туралы заңның өзгеруі. Біз қазір бір реттік, жеті жылдық Президент сайлауына өтіп жатырмыз. Бұл демократиялық қадамның бірі деп есептеймін. Себебі, қанша мықты болса да билікте бір басшының ұзақ жылдар бойы отыруы дамуды тежейді. Мемлекет басшысы соны түсініп отыр. Жеті жыл президенттің өкілеттігі үшін өте жақсы мерзім. Бұл уақыт аралығында мемлекет тізгінін ұстаған адам өзінің реформаларын, бастамаларын жүзеге асырып үлгіреді және екінші мерзімге қайта тағайындала алмайды. Президент өкілеттігін ұзарту туралы қазір қоғамда түрлі пікірлер бар. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек, ішкі және сыртқы факторларды ескере келе, отыз жылғы жүйенің тез арада ауыса салуы қоғам үшін қауіпті. Сондықтан біз асығып-аптықпай эволюциялық жолмен дамуды таңдап отырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саясаты мен экономикасында қалыптасқан олигархиялық жүйені, олигополияны жою керектігін, әр сала әділеттілік принципіне сүйенуі қажеттігін айтқан болатын. Бірақ ол бір күнде жойыла салатын дүние емес. Қазір осы бағытта көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Жемқорлық баптарымен талай шенеуніктердің ұсталып жатқанына куә болып отырмыз. Бұрын ондайды естімейтін едік.

Президент сайлауына қарашаның жиырмасына дейін екі ай уақыт бар. Сондықтан жаңа саяси күштердің саяси алаңға шығуына мүмкіндік берілген. Конституцияға сәйкес, Президенттік сайлауға қатысатын кандидаттарға талаптар қойылған. Қазіргі ең үлкен талап – мемлекеттік қызметте бес жылдық жұмыс тәжірибесінің болуы. Алайда, біз мұны жауапкершілік ретінде қабылдауымыз керек деп есептеймін.

Дина Айкенова, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы:

- Саясаттанушы сарапшылар бүгінгі Қаулыны биылғы көктемінен бастап күткен. Мемлекет басшысының 2019 жылдан бастап жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан саяси реформалары Конституциялық референдумда бекітілді. Президент сайлауы саяси жүйе мен барлық саяси институттардың толық қайта жандануының басты және алғашқы көрсеткіші болмақ.

Әсіресе, әлемде күрделі жағдайлар болып, көршілес мемлекеттерде қақтығыстар өршіп тұрған уақытта кезектен тыс Президент сайлауының маңызы зор. Халыққа тұрақтылық, ертеңгі күніне сенімділік, жарқын болашақ керек. Мұның бәрін Президент тұлғасынан көрінуі керек.

Президенттікке кандидаттар сайлау науқаны кезінде Қазақстанның даму жолы туралы өз көзқарастарын ұсына алады. Сарапшылардың пікірінше, 4-5 үміткер шығуы мүмкін. Қазір Қазақстан қоғамында ел мүддесін және халық бірлігін қорғауға бағытталған нақты бағдарламасы бар көшбасшыға сұраныс байқалады.

Алайда, сайлау өтетін мерзімге байланысты күмәнді ойлар айтылып жатыр.  Айта кету керек, кез-келген саяси ойыншының әрқашан дайын тұратын іс-қимыл жоспары, өзінің бағдарламасы болады. Сондықтан бұл жерде уақыт маңызды емес. Оның үстіне, сарапшылар кезектен тыс президенттік сайлауының болатынын күтті.

Егер сайлау өз уақытында, шамамен 2023 жылдың күзінде өткен жағдайда да, 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларды және сыртқы жағдайларды ескере отырып саяси күштер өз кандидаттары мен бағдарламаларын дайындап қойған болар еді.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394