Тәжікстанды орыстандыру нәтиже бере ме?
Ресей билігі Орталық Азия елдеріндегі ықпалын азайтпау мақсатында орыс тілін сақтап қалу маңызды деп санайды. Сол мақсатта түрлі бірлескен шаралар өткізіп, орыстілді ортаны қолдау үшін оқыту орталықтарын ашып, курстар ұйымдастырады.
Соңғы жылдары Ресейдің Тәжікстанды орыстандыру саясаты артты. Екі ел арасында ортақ шекара жоқ, мыңдаған шақырым бөліп тұр. Алайда тәжік азаматтары орысша білуге мүдделі, себебі орыс тілін білу арқылы Ресей нарығында жұмыс істей алады. Еңбек мигранттарының басым бөлігі Ресейге барып, нан табуда. Тәжікстанның төрттен бір бөлігі Ресейде жұмыс істейді деген ақпарат та бар.
Биыл Тәжікстанның Білім және ғылым министрлігі тіл үйретуді күшейту бағдарламасын қабылдады. Нақтылап айтқанда студенттер, оқытушылар мен оқушылар кемі 400 орыс және ағылшын сөздерін білуі міндетті. Бұл туралы елдің Білім және ғылым министрі Рахима Саидзода мәлімдеді.
Тәжікстан қоғамы бұл нәтижені 2023 жылы нақты көрсетуі қажет. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін "Тәжік, орыс және ағылшын тілдерінде көп қолданылатын сөздер жиынтығы" жасалуда. Биыл Ресей бағдарламасымен оқытатын Тәжікстанда 5 мектеп ашылды. Ашылу салтанатына Путин онлайн режимде қатысты. Ал жалпы Тәжікстанда 70-ке жуық мемлекеттік және жеке негіздегі орыс мектептері бар.
Орыс тілін Тәжікстанда кеңінен насихаттау мақсатында Ресей билігі 150 млн доллар көлемінде қаржы бөліп, арнайы бағдарлама қабылдау қарастырылуда. Ресей билігі Тәжікстанды Орталық Азиядағы Мәскеуге ең жақын елдің бірі санайды. Душанбе Мәскеуге тәуелді. Орталық Азиядағы ең ірі Ресейдің әскери базасы да осы елде.
Сарапшылар Ресейдің орыс тілін Тәжікстанда оқыту орыстандыруға әкелуі екіталай дейді. Себебі бұл тілді тәжік халқы жұмыс істеудің бір мүмкіндігі деп қарастырады, ал Ресейге санкция салынған соң, басқа бағытта жұмыс іздеу саны артқан. Міне, осы себепті де бұл бағдарламаның беретін нәтижесі шамалы болмақ.
Abai.kz