Әлемдік қақтығыстар: Қазақстан әскерінің тәжірибе жинау мысалы
Әлем қым қуыт, алмағайып кезеңге өтті. Ірі державалар әлемде қайта тайталасты күшейтті, бұл өз кезегінде түрлі қақтығыстар мен соғыстарды арттырып, жанжалдарды ұлғайтты. Дағдарыстар саны артты.
Әрине, мұндай сәтте кез келген мемлекет өзінің қорғаныс саласын күшейтіп, қауіпсіздігін нығайтатыны анық. Қазақстан да сол елдердің бірі. Қаңтар оқиғасы және әлемдегі түрлі қақтығыстар Қазақстан армиясына модернизация жасау керектігін, ал әскери бюджетті арттыру маңызды екенін көрсетті. Қазақстан әскери бюджетті арттырып, қорғаныс саласына бөлінетін қаражатты көбейтті. Соңғы жылдары болған әскери қақтығыстарға талдау жасалып, қару-жарақ пен тактиканы меңгеру іске асуда. Сириядағы соғыс көптеген мемлекеттің қорғаныс саласында өзгерістер жасауына себепкер болды. Бұл ең алдымен антитеррор жаттығуларын арттыруды талап етеді. Қазақстан Сирия соғысында бірнеше мәрте гуманитарлық және антитеррор операциясын іске асырды. Ол «Жусан» операциясы деп аталды және бірнеше кезең бойынша іске асты. Жусан операциясының мақсаты ұрыс даласында қалған және лаңкестік ұйымдарға мүше болған қазақстандықтарды отанына қайтару болатын. Балалар мен аналар қайта оқыту орталықтарына жіберілсе, қауіпті лаңкестер сотқа тартылып, ұзақ жылға сотталды. Бұл Қазақстан әскерінің лаңкестікке қарсы күресте тәжірибе жинауына да себепкер болды.
Атынша Қазақстан қорғаныс саласы Қарабақ соғысында қолданылған технологияны басшылыққа алып, зерттей бастады. Қарабақ пен Ливияда, Сирияда ұрыс даласында негізгі шешуші рөлді соққы жасаушы, барлаушы және камикадзе дрондары ойнады. Ресми статистика бойынша Қарабақ соғысында Әзербайжан әскері Арменияның әскери техникасының тең жартысын соққы жасаушы дрондармен жойған. Бұл Қазақстан қорғаныс саласына дрондарды көбірек алуға және оларды шығарушы елдермен келіссөздер жүргізуге итермелеп отыр. Қазақстанның жер аумағы үлкен, ал халқы аз. Соғыс жағдайында мобилизациялау процесі арқылы миллиондаған әскер шығару мүмкіндігі аздау, алайда ол олқылықты авиация арқылы толықтыруға болады. Соның бірі дәл осы дрондар. Қазақстан Түркиямен соққы жасаушы дрондарды сатып алу бойынша келісім жасауда. Сонымен бірге Қазақстан өз аумағында Түркия-Қазақстан бірлескен дрон зауытын салуды да ойластырып отыр. Бұл бойынша арнайы келісімдер жасалды. Еліміздің қорғаныс саласында қытайлық соққы жасаушы дрондар мен Израиль елінің барлаушы дрондары да бар. Ресейдік «Орлан» барлаушы дрондарын алу жоспарлануда. Қазақстанда отандық барлаушы дрондарды өндіру де іске асуда. Шекара қызметкерлері ел аумағының тұтастығын сақтау мақсатында «Шағала» отандық барлау дрондарын қолдануда.
Украинадағы соғыс та қорғаныс саласына айтарлықтай өзгерістер енгізуге себепкер болуда. Соның бірі арнайы жасақтардың дайындығын күшейту және идеологияны нығайту. Әзербайжан Қарабақты қайтару соғысында «Яшма» арнайы жасағын тиімді пайдаланған ел ретінде тарихқа кірді. Ал Украина «Азов» арнайы құрылымы арқылы ірі қалаларды қорғауда жетістікке жете білді. Бұл арнайы жасақтардың маңыздылығын көрсетеді. Украинадағы соғыста аумақтық қорғаныс жүйесі (тероборона) де өз тиімділігін көрсетті. Бұл Қазақстан әскері қазіргі уақытта меңгеріп, өзгеріс енгізуге тырысып жатқан саланың бірі саналады. Қазақстан ұлтын сүйетін, отанын қорғауға әзір жастарды аумақтық қорғаныс жүйесіне шақырып, оларды арнайы жаттығудан өткізуді бастап та кетті. Ал 2023 жылдан бастап арнайы заң қабылданып, резервтік әскер жүйесін нақтылау іске аспақ. Ол бірқатар артықшылықтарды береді, әсіресе қорғаныс саласы күшейе түспек. Бірнеше мың адам тұрақты әскерде болмаса да, ел басына күн туса бірден қорғаныс саласын қолға алуға көмектеспек. Резервтік әскер жүйесі бойынша жылына екі ай әскери жаттығудан өту қарастырылады. Әр сарбазға қару табысталып, заманауи соғыстың қыр-сыры үйретілмек. Резервтік әскерге алынғандар жаттығу сәтінде жұмыстан шығарылмайды және айлығы сақталып, мемлекет тарапынан төленеді.
Қазақстан заманауи қақтығыстарға дайын болу үшін елдің әскери доктринасын өзгертуді талқылауда. Енді әскери доктринаға гибридті соғыс, ғарыш үшін бәсекелестік, резервтік әскер және тағы басқа түсініктер енгізілмек. Бұл әскерді қуатты әрі жылдам маневр жасайтын етпек.
Қарулы Күштерді дамыту олардың сапалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған. Заманауи қару-жарақ жүйелерін тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің басымдықтары ретінде қазақстандық армияны кәсібилендіру мен интеллектуалдыландыру өте маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 тамызға қарай Қарулы Күштердің БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысуын кеңейту бойынша жол картасы, ал 2021 жылғы 1 қарашаға дейін Қазақстандағы идеологиялық-тәрбие жұмысының тұжырымдамасы әзірленген болатын. Осы арқылы Қазақстан қарулы күштері бітімгерлік миссиясы арқылы БҰҰ мандатымен бірқатар операцияларды іске асырып, тәжірибе жинауда.
Abai.kz