Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ. Ыстықкөл саммитінен соңғы ой
ТМД-ның шаңырағы шайқалып еді, оның қанатының астынан түлеген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының да қабырғасы сыр берді. Ұйымның 31 шілде - 1 тамыз аралығындағы Ыстықкөлдегі бейресми саммитінде қордаланған мәселелер сөзбұйдаға салынғандай болды. Ұжым ортасындағы қайшыласқан ұстанымдар өзгермеді, іс мандымады. ҰҚШҰ-ға мүше елдер ұйымның НАТО секілді тым әскериленуін, яғни ресейлік ықпалдың шектен шығуын қолдамады. Әзірге «тең атаның ұлындай» сөйлесетін ахуал орнамайынша, ұжымдық келісімдерге қол жеткізу қиын болып тұрған сыңай байқалады.
Ұжымның ұйытқысы не?
ТМД-ның шаңырағы шайқалып еді, оның қанатының астынан түлеген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының да қабырғасы сыр берді. Ұйымның 31 шілде - 1 тамыз аралығындағы Ыстықкөлдегі бейресми саммитінде қордаланған мәселелер сөзбұйдаға салынғандай болды. Ұжым ортасындағы қайшыласқан ұстанымдар өзгермеді, іс мандымады. ҰҚШҰ-ға мүше елдер ұйымның НАТО секілді тым әскериленуін, яғни ресейлік ықпалдың шектен шығуын қолдамады. Әзірге «тең атаның ұлындай» сөйлесетін ахуал орнамайынша, ұжымдық келісімдерге қол жеткізу қиын болып тұрған сыңай байқалады.
Ұжымның ұйытқысы не?
Ұжымды ұйытып отырған бірден-бір фактор - сыртқы ықтимал лаңкестік қауіп-қатерлерден қорғаныс, ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қамы. Қырғыз елінде бас қосқан мемлекет басшылары ҰҚШҰ-ның Ыстықкөл саммитінде Бакиевті Қырғызстан президенттігіне сайланғанымен құттықтады. Саммит барысында мемлекет басшылары ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжаның ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттердің үйлесімді ақпараттық саясатын қалыптастыру туралы баяндамасын тыңдап, жақында құрылған Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің жұмысын талқыға салды. Ыстықкөл жағалауында ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттер жастарының «Союз» патриоттық және әскери-спорттық бірлестіктерінің жыл сайын халықаралық жиынын өткізіп тұратын ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттердің спорттық-сауықтыру базасын салу мүмкіндігін қарастырды. Сонымен қатар ғаламдық экономикалық дағдарыс салдарын еңсеру үшін күш-жігерді үйлестіру, Ауғанстандағы ахуал туралы табысты пікір алмасылды. Ұйымға мүше елдер бейресми саммит қорытындысы бойынша Ресейде ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша ақпараттық технологиялар орталығын құру жөнінде шешімге келді. Бұқаралық ақпарат құралдары үшін жабық жағдайда өткізілген саммит ұзаққа созылмай, Бакиевтің мерейтойымен жалғасты.
ҰҚШҰ саммитімен қабаттаса өткен Бакиевтің 60 жылдық мерейтойынан кейін ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшылары қырғыз президентін ұлықтау рәсіміне қарамай, елдеріне қайтып кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бішкекте тек қана Қазақстанның атынан құрметті қонақ болған жоқ. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) мемлекет басшылары - Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан президенттері оны ұлықтау рәсіміне бәрінің атынан өкіл ретінде қатысуды сұрады. Жаңадан сайланған қырғыз президентін ұлықтау рәсімі үкімет үйінде өтті. Қызметке кірісу салтанатында Қ.Бакиевке Президент куәлігі, кеудебелгі мен штандарт табыс етілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсім барысында сөйлеген құттықтау сөзінде: «23 шілдеде қырғыз халқы өз еркін білдіріп және мемлекетті басқаруды Құрманбек Бакиевке сеніп тапсырды», - деп атап өтті. «Біз - киіз туырлықты, ағаш уықты туысқан халықпыз. Алатаудың қос бөктерін жайлаған ағайынды елміз. Ежелден қойымыз қоралас, ауылымыз аралас қонған. Сондықтан Қатағанмен айтысқан Сүйінбай: «Қазақ, қырғыз бір туған», - деп жырласа, Молдо Қылыч: «Қыйлы сөздү чығарма, қырғыз, қазақ - алаштан», - деп жазған... Біздің қырғыз еліне деген ықыласымыз - Шоқан мен Мұхтардың Манасқа деген пейіліндей. Біздің достығымыз - Жамбыл мен Тоқтоғұлдың достығындай. Сондықтан біз қырғыз бауырлардың қуанышына сүйінеміз, қайғысына күйінеміз. Атақты Ноғайбай би «қазақ олжалы болса, қырғызға байлайды, қырғыз олжалы болса, қазаққа байлайды» деген екен. Сауда-экономикалық байланыстарымыз жылдан-жылға ұлғая түсуде. Қазақстан - қазіргі уақытта қырғыз елінің ірі инвесторы. Мен тату көршілік пен стратегиялық әріптестікке негізделген екі ел арасындағы қарым-қатынас бұдан былай нығая түседі деп кәміл сенім білдіремін», - деген Елбасы 2005 жылы да президент Құрманбек Бакиевті ұлықтау рәсіміне қатысқанын айтып өтті.
Ұйым ішіндегі ұжымдық алауыздық
Бар бәле ҰҚШҰ ішінен Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құрудан басталды. Өзбекстан мен Беларусь елі Ыстықкөл саммитінде де Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін қолдамай тастады. Бұдан жарты жыл бұрын Ресей президенті Дмитрий Медведевтің «ҰҚШҰ НАТО-дан кем болмауы тиіс» деген атышулы мәлімдемесі мен ұйымды нағыз әскери ұйымға айналдыру талпынысы кері әсер етпей қоймады. Саммитке ұлын ертіп келген Беларусь президенті Александр Лукашенко Меведевтің көмекшісі Сергей Приходьконың «Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құруға уағдаласады» деген үмітін жерге көмді. Сарапшылар «белорустың ақ сүтін» ішпегені үшін орысқа өкпелеген Лукашенконың Ыстықкөл сапарынан жаңалық күткен-ді. Алайда Ыстықкөлдің тамаша табиғаты да Батьканы райынан қайтаруға көмектеспеді. Батьканың көкірегін «орыстың қырғызға 2 миллиард доллар бере салған мырзалығы белорусқа келгенде 500 миллион доллар көмек қолын созуға неге сараңдық таныта қалды» деген қызғаныштың иті үріп тұрған шығар. ҰҚШҰ төрағалығы кезегімен Армениядан Беларусь еліне өтуі керек еді. Алайда Батьканың кежегесі кері тартқан соң, ұйымның техникалық төрағалығы Мәскеудің еншісінде қалды. Есесіне Қырғызстан мен Ресей әскери одақ құруға алғышарт жасады. Атап айтқанда, Чолпон-атада Медведев пен Бакиев «Қырғыз Республикасының территориясындағы ресейлік әскери контингентті толықтыру және ресейлік әскери құрылымдарды орналастырудың екіжақты келісімді-құқықтық базасын одан әрі дамыту және жетілдіру туралы» меморандумға қол қойды. Бұл бойынша, батальон деңгейіндегі әскери құрылым және қырғыз-ресейлік әскери қызметшілерді даярлайтын оқу орталығын құру мақұлданды. 2009 жылдың 1 қарашасына дейін қырғыз еліндегі біріккен ресейлік әскери базаның (Канттағы әуе базасын қоса алғанда) мәртебесі жайындағы келісімшарт зерттелмек. Бұл келісімнің негізінде қырғыз еліндегі бүкілресейлік әскери құрылымдардың жеке құрамы және әскерилердің отбасы мүшелері Бішкектегі Ресей елшілігінің әкімшілік-техникалық құрамымен теңестірілетін болады. Сөйтіп, ресейлік әскери күштер қырғыз сарбаздарымен тізе қосып, Манас батыр елін қорғап жарылқамақшы. Меморандумда көрсетілгендей, 49 жылға дейін жасалып отырған келісім 25 жыл сайын автоматты түрде жаңартылып отырады. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қырғыз-орыс оқу орталығын ҰҚШҰ-ға мүше өзге елдердің де пайдалануына болатынын, мұны ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің бөлігі ретінде қарауға болатынын жасырып қалмады.
Ой-тұжырым
Орысқа күні түсердей, қырғыздың алақандай жерін жаудан қорғар айбарлы ұланы тумап па, ата жолын қумап па? Азаматтық соғыс біткен соң, Тәжікстан орыс әскерін қуып жатыр, орыс тілін тыйды. Ресейдің ендігі илемегі қырғыз ағайын ба? Айласы қырық қатпарлы державаларға тым жақындау опа бермейтіні тарихтан мәлім-дүр.
"Алаш айнасы" газеті, 4.08.2009