«Қазақ» газетінің 100 жылдығын жетім қыздың тойындай өткізетін жөніміз бар ма?
Сонау ақ патшаның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп тұрған заманда алғаш ұлтымыздың атауын жарқ еткізіп, «Қазақ» деп газет шығару бұл арыстанның апанына тайсалмай барумен бірдей деуге болады. Ал онда Алаш даласына төніп келе жатқан тажалды талдап, қылыштан өткір мәселелерді ашып айту, шыны керек, сол кездегі Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды Алаштың адал ұлдарының ғана қолынан келетін, «кесем десең, міне, басым, бірақ шындықты бәрібір айтып өлемін» деген жанқиярлығының дәлелі екені сөзсіз.
Міне, сол тұңғыш ұлттық басылым «Қазақ» газетіне биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақ» газетінің 100 жылдығы және ұлттық интеллигенциясының тағдыры» атты дөңгелек үстел болып өтті. Онда қазақ тарихшылары, әдебиет бен БАҚ саласы өкілдері бас қосып, Алаш қозғалысы, колониалды империя жағдайында жалпыұлттық идеялар, бүгінгі қазақ төңірегінде мәселелер қозғалды.

Жалпы, осыдан бір ғасыр бұрын, яғни 1913 жылы қазақтың даласы, болмысы қандай еді, қазір қандаймыз? Қарап тұрсақ, арада өткен бір ғасырда қазақ не көрмеді десеңші?!. Күні бүгінге дейін біріміз білсек, біріміз пайымдап үлгермеген бір жайт болса, ол осы 1913 жылдың қазақ мамыражай өмірінің ең соңғы жылы, былайша айтқанда, дауыл алдындағы тыныштық болса керек. Себебі келесі 1914 жылдан бастап дүниежүзін есеңгіретіп кеткен соғысы, сосын Қазан төңкерісі, аштық, репрессия, бірінен соң бірі толассыз нәубеттер басталыпты. Ендеше, «Қазақ» газетінің дәл сол 1913 жылы шығуы дер кезінде орын алған оқиға деуіміз керек.
Мәмбет Қойгелді, тарихшы:
- «Қазақ» газеті - ұлт тарихында ерекше орны бар басылым. Егер анығырақ айтсақ, қазақтың ұлт болып қалыптасып, рухани әлемінің өзгеруіне, ең негізгісі, ұлт-азаттық идеологияның қалыптасуына қызмет еткен. Өкінішке қарай, біз осы уақытқа дейін оны өз дәрежесінде бағалай алмай, парқына бара алмай жүрміз. Егер «Қазақ» газеті болмаса, Алаш қозғалысы болмас еді, «Қазақ» газеті болмаса, қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы рухани серпілісі болмас еді. Қазақтың көзін ашып, ел болуға жұмылдырып, рухын оятқан жаңа мазмұндағы ұлт зиялыларының қалыптасуы қиынға соғар еді. Неге екені, осы күнге дейін «Қазақтың» факсимильдік басылымы шыққан жоқ. Кезінде орыстар Герценнің «Колоколын» шығарған сияқты, біз де «Қазақ» газетінің факсимилін шығаруымыз керек еді, бірақ әлі жоқ. Бұл қазақтың көп нәрсені басқаша түсініп, сана-сезімі мен танымының артуына ерекше әсер етер еді.
«Қазақ» газетін алғаш тиянақты зерттеп, кітап етіп құрастырып шығарған Үшкілтай Субханбердина апамыз екенін баршамыз мойындаймыз. Ал оның қандай тауқыметті болғанын, әрине, әрқайсымыз біле бермейміз. Бұл өз алдына, ал кейінгі жылдары Орынборға арнайы барып, Ахмет Байтұрсыновтың өзі тұрған әрі «Қазақ» газетін шығарған тарихи үйді тауып, ол үйге белгітас орнату, мұражайға айналдыру керектігі жайлы ұсыныс көтеріп жүрген тарихшы Қамбар Атабаевтың айтар уәжі басқаша.
Қамбар Атабаев, тарих ғылымының докторы, деректанушы:
- Бір нәрсені ашық айтайын, ұлттық мүдде тұрғысынан келгенде осы уақытқа дейін әлі «Қазақ» газетінің өткірлігі, биік деңгейіне жеткен бірде-бір басылым жоқ. Мұны мен кімнің алдында болсын ашып айта аламын. Кейінгі жылдары «Қазақ» газетінің жалғасы деп басылым шығаруға көштік. Дұрыс-ақ, «Қазақ» атауын қызғанбаймыз, бірақ бұл «Қазақ» ол «Қазақтың» мұрагері, жалғасы деген - өте жаңсақ пікір. Сондықтан әр нәрсенің өз атымен атап, өз орнында қалдырғанымыз жөн. Ахаң тұрған, «Қазақ» газетін шығарған әлі үйге белгітас орнаттық, бірақ ол үйді мұражайға айналдыра алмай келеміз. Өз тарихымыз үшін өте үлкен маңызға ие сол үйді сатып алуға неге құлықсыздық танытып отырғанымызға түсіне алмаймын. Сондай-ақ «Қазақ» газетінің 100 жылдығын дәл осындай төменгі дәрежеде «жетім қыздың тойындай» қылып өткізуіміз біздің ұлттығымызға сын. Мемлекеттік деңгейде кешенді шаралармен өткізетін жөніміз бар еді. Әттең...
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
"Алаш айнасы" газеті