Серік Ерғали: Ауғанстанда 300 мыңдай қазақ бар
«Демографиялық саясат – мемлекеттің
тікелей қауіпсіздігіне әсер етеді»
Қазақстан билігі Тәуелсіздік жылдардан бері, бір миллион қазақтың атажұртына оралғандығын айтады. Бірақ ресми мәліметке қарағанда жат жұртта 7-8 миллиондай қазақ жүр. Барша қандастардың атамекеніне оралуы оңай шаруа емес. Оған ел билігінің талап ететін құжаттары, ДНҚ сараптамасы т.б. секілді дүниелер жетерлік. Алайда сондай құжаттарды Ауғанстан, Пәкістан мемлекеттерін де тұратын қандастардың жинақтауы қиын. Оларға өз аймақтарындағы әртүрлі фаторлар мен жағдайлар кедергі болуда. Осы тұрғыда шеттегі қазақтарды үйлестіру жұмыстарымен айналысып жүрген, қоғам белсендісі Серік Ерғалимен сұхбат жүргіздік.
- Жат жұрттағы қазақтарды қолдау жұмыстарын қай кезде бастадыңызыдар?
- Жат жұрттағы қандастарды қолдау жобасын 2022 жылдың мамыр айында бастадық. Оған себеп Facebook әлеуметтік желісінде, шетелде тұратын қандасымыз – Қажы Акпар Аюбидің жазған жазбалары ой түрткі болды. Бұл тақырып бұрыннан мені ойландыратын. Қандастармен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы», «Отандастар» және т.б. қорлар жұмыс істейді. Бірақ бұл бағытта жұмыстардың толық жүргізілмейтіндігін түсіндім. Ауғанстанда 300 мыңдай қазақ бар. Басым көпшілігі өзбек халқымен өмір сүруде. Бірқатары басқа да халықтарға сіңіп кеткен. Олардың ата-бабалары 1929-1931 жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін кесірінен көшкен. Бүгінде ұрпақтары қазақтың ішіндегі ру тайпаларға жатады. Өздерінің қазақ екендіктерін біліп өскен. Кейбірі жат жұртта жүріп қазақтығын жоғалтқан. Данияда тұратын Қажы Акпар Аюби бұл тақырыпты жақсы көтерді. Ол кісі нақтыланған мәліметтерге сүйеніп жүр. Былтыр Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанда 200-дей ғана қазақтың барын айтқан. Тәліптер ел билігін алған соң, елшілікке қазақтар ағылды. Олар дұрыстап қабылдамады. Қазақ ол жақта да, өзімізде де жетімдіктің күйін кешуде.
- Осы тұрғыда жұмыстарыңыз қалай болуда?
- Ауған қазақтарын Қазақстанға алдыру өте күрделі мәселе. Біріншіден, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жоқ. Ауғанстанның қазіргі билігін дүниежүзі мойындамады. Олар тек саяси күш ретінде ғана танылып тұр. Сондықтан біздің билікте оларды мойындай алмайды. Мемлекетаралық ресми дипломатиялық жол жоқ. Сондықтан ауған жұртындағы бар қазақты әкелу тұрмақ, оларға гуманитарлық көмек берудің өзі қиын. Бұл жобамызға қазір үш айдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде халықаралық конференция өткіздік. Оған 7 елден қандастарымыз қатысқан. Сонда байқағаным Ауғанстаннан басқа елдерге ауған қазақтар да көп.
Пәкістанның Карачи қаласында 300-дей қазақ бар. БАӘ Мекке мен Мәдина қалаларында ауғаннан көшкен қазақтар тұрады. Иран ислам республикасына тіптен көп барған. Бұлардың көбісі заңсыз шекарадан өткен. Бәрінің арманы Қазақстанға оралу. Төрткүл дүниенің бұрышында кемі 8-млнға жуық қазақ жүр. Оларды қайтару демографиялық саясаттың басы. Біз бұған шынайы кіріспедік. Осыған дейін бір миллион қазақ келді деген статистиканы айтамыз. Бұл жүйеленген жұмыс емес. Сондықтан бұны дұрыстап қолға алу қажет.
- Сонда билік тарапынан жұмыстың қалай жүргізілгені дұрыс?
- Қазір енді Сыртқы істер министрлігінің жанынан осы бойынша басқарма құрылды. Оның үш қызметкері еш нәрсені шешпейді. Кемінде бір комитет қажет. Ол комитет қомақты жұмсыпен айналыссын. Биыл «Отандастар» қорының 100%-ы Сыртқы істер министрлігіне өтті. Бұл қуанышты жаңалық. Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қараған болатын. Жалпы дұрыс бағыт деп есептеймін. Қандастар оралған келген соң, оларды жергілікті билік бақылауына алады. Оның ішіне көші-қон т.б. мәселелер кіреді. Осы жердегі біздің мақсатымыз қоғамдық тараптан ықпал ету. Конференциямызда Қазақстан Президентіне үндеу де жасадық. Мемлекет басшысының бақылауында болу керек. Бізге Сыртқы істер министрлігінен жауап келіп, жоғарыдағы қандастар бойынша құрылған басқарманы айтқан.
- Қандастарды елге алдыру жағынан қандай кедергілер бар?
- Билік тарапынан мәселелер өте көп. Әсресе, Ауғанстандағы қазақтың қазақ екендігін дәлелдеу қиын. Олардың қазақтығын мойындауға, ресми критерилі құжаттар жоқ. 30 жыл бойы осы мәселеге қатытсы ештеңе жасалмаған. Бұл жерде жауаптылардың арасында жемқорлық жайлаған немесе немқұрайлылық танытқан. Осыны қоғамдық тараптан бақылауды өз мойнымызға алдық. Біраз азаматтар қазіргі кезде жанымызға топтасты. Қоғам қайраткері Дос Көшім, биыл «Тәуекел» ұйымын құрған Бурахан Даханов, қоғам белсендісі Құрмет Талапқазы және басқа да азаматтар бар. Бәріміз бірігіп бір алянс ретінде жұмыс жасаудамыз. Бізге өз тегі ауғаннан шыққан Қажы Акпар Аюби ықпал етуде. Арнайы өз формуламызды жасадық. Қазір елшілік жасамаған, Ауғанстандағы қазақтардың нақты тізімдерін жинақтап жатырмыз. Одан бөлек, үш бағытта жұмыс атқарамыз. Алдымен азық-түлік, дәрі-дәрмек т.б. жағынан гуманитарлық көмек көрсету. Ол жақта мардымды жұмыс жоқ. Қандастар тарыдай шашылып, әр жерінде босып жүр. Қазақ үкіметі тонналап Ауғанстанға астық жөнелтеді. Оның бір дәні де қазақтарға тимеген. Осы сәтте гуманитарлық көмекті өз қазақтарымыз арқылы жіберген дұрыс. Сонда қазақтар ықпалды топқа айналып, өздерін асырай алады. Атажұртына өз күштерімен жете алатындай дәрежеге жетулері керек. Екіншіден, мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізсек деп отырмыз. Ондағы қазақтар ана тілдерін ұмыта бастаған. Парсы, өзбек, тәжік т.б. тілдерге көшіп кеткен. Оларға тікелей тіл үйретуге мүмкіндік жоқ. Одан кейін қандастарымызды елге қайтару жобасы. Бұл енді билікке байланысты мәселе. Сыртқы істер министрлігі жыл аяғына дейін шеттегі қазақты мойындауға критерий бекітсе, сол арқылы азаматтарды алдырамыз. Бір әулеттің бір тобы атамекеніне келіп қойған. Олар туыстары мен жақындарын алдыра алмауда. Қазақстанда туыстары болса, оларды кепіл қылып алдыру керек. Белгілі бір кезеңді арнап, сынақ мерзімін тағайындауға да болады. Ол жақтағы қандастарда бұрынғы үкіметтен қалған құжаттар бар. Онда қазақ екендіктері жазылмаған. Мұндай жағдайда босқын мәртебесін беру керек. Елде бос тұрған елдімекендер көп. Арнайы бейімдеу орталықтарын ашып, қазақ екендіктерін дәлелдеп орналастыру керек. Бұл саладағы жұмысты үш сектордың бірігіп атқарғаны дұрыс. Біз қоғамдық тараптан бақылауға алайық. Мемлекет жағынан Сыртқы істер министрлігі жүргізсін. Коммерциялық жағынан кәсіпкерлер палатасы көмек көрсетсе жақсы. Тағы бір мақсатымыз бар. Ол әзірге кейінге қалды. Ауғанстанда қазақтар бар деген жерлерді барып зерттеу. Оған тарихшылар мен журналистерді жіберу қажет. Бірақ жергілікті ауған билігінен кепілдеме керек. Әйтпесе, азаматтарымыздың өмірлеріне қауіпті. Ақпараттарды сондағы қантастардан алудамыз. Онда қазақ жастары бірігіп топ та құрған. Олардың қазақ екендігін мойындаған жөн. Сонда қазақтарды елге қайтарамыз. Елімізде демографиялық саясат бірінші орында болсын. Бұл мемлекеттің тікелей қауіпсіздігіне әсер етеді. Еліміздегі қазақтардың кейбірі орыстанған. Осы жерде осындай үлкен жұмыстар керек.
Сыртқы істер министрлігінің жанынан құрылған басқармаға ықпалымыз тиді. Осының өзі бір үлкен комитетке айналса да жетеді. Келер жылы бюджеттен қаржы бөлініп, іске асырылады деп үміттенейік. Қытайда миллиондаған қазақтар бар. Олардың мәселелерін мемлекеттік деңгейде көтере алмаймыз. Моңғолиядағы қандастар өз тілдерін жоғалтуға келе жатыр. Еш жасыратыны жоқ. Баян-Өлгийдегі шоғырланған қазақтардың балалары, бірінші сыныптан кейін тек моңғол тілінде білім алады. Сондықтан бізге кейін оралғандар моңғол тілінде жазып жүр. Халықаралық қазақ тілі қоғамы бар. Ол ұйым өз жұмысын атқара алмауда. Себебі бөлінетін қаржы жоқ. Биыл өздері талпынып барлық филиалдарын құрғанмен, билік әлі де қолдау көрсетпеді.
- Әлемдік тәжірибеде басқа елдердің өз қандастарын қайтару жобасы қалай жүзеге асқан?
- Дүниежүзінде ХХ ғасырда өз ұлтын түгендеген екі мемлекет бар. Олар дамыған Германия мен Израиль. Германияның батысы мен шығысы біріккеннен кейін, шетелдегі немістерді өздеріне алдырды. Әсіресе, совет одағындағы немістерді қайтарды. Тек неміс деп қана емес, олардың жұбайлары басқа ұлттан болса да бөлген жоқ. Өздерінің арнайы бағдарламалары да жұмыс істеген. Оның ішінде неміс тілін қайта үйрететін. Бастапқыда мемлекеттің бейімдеу орталығында өмір сүрді. Белгілі мамандықтарға икемдеп немесе совет үкіметіндегі мамандықтарды сәйкестендірді. Бұл нақты жоба. Ал Израильда арнайы министрлік жұмыс істеді. Қателеспесем, қазіргі күнге дейін жұмысын істеуде. Еврей жұртының кемінде бестен екісі басқа мемлекеттерден оралған. Бұлар зайыптарын бөліп жармайды. Тіпті Израильда олардың партиясы да бар. Билікке таласа да басшылары қарсы емес. Біз 30 жылда миллион қазақ келді деп далақтағанымызбен, оның бәрі де стихиялы түрде ғой. Мемлекеттің осы тұрғыда бірде-бір бағдарламасы жоқ. Осы жыл ішінде министрлік те, комитет те құрылған жоқ. Қазақстанның саясатына жүйелердің болмауы тән болып тұр. Ел жағдайында мұндай мәселелер әрбір салада бар. Осы екі елдің жұмыс тәжірибелері керек. Жылына қанша жанның келетіндігін, келуге қанша адамның дайын отқанын зерттеген дұрыс. Олардың тіл жағын зерттеп, тіл үйрету курстарын ұйымдастыру керек. Өзге елдермен өзара осы жағынан дипломатиялық жолдарды қарастырған жөн. Қандастарға ешқандай кедергілер болмасын. Бізде өз алдымызға қираған қалалар мен ауылдар жетеді. Қазақстанда ресурстар дайын тұр. Соны мемлекеттік саясатқа айналдыратындай құлық жоқ. Оған басшылар мән бермейді. Қазақстанда қазақтың санын көбейтуден қорқамыз. Германия мен Израиль өз этникасын елдеріне әкеп, өз қауіпсіздіктері үшін жұмыс жасады. Біздің жұмыстарымыз керісінше жүріп жатыр. Босқын қандастар туралы да заң қарастырылмаған. Бұның барлығы да жүйелі саясаттың болмағандығынан. Бұны жасаудың ешбір қиындығы жоқ. Қоғамдық тараптан біз билікке көмектесуге дайынбыз. Қажет болса заңгерлер мен басқа да азаматтарды біріктіреміз.
- Билікке Ауғанстан мен Пәкістандағы қандастардың мәселесін шешуге не ұсынасыз? Жалпы шешімін табуға болады ма?
- Кез келген мәселенің шешімін табуға болады ғой. Егер де расымен сол мәселеге зейін қойып кіріссе. Нақты ұсыныстар болса, бәрі де шешіледі. Жалпы қазіргі кезде шеттегі қазақтарды елге шақыратын бағдарлама керек. Оны жүйелеп, онымен арнайы жұмыс жүргізетін құрылым қажет. Бізде ондай жоқ. Қаржылар да бөлінбей қалады. Қазір шеттегі қазақтар мен ешкімнің ісі де, шаруасы да жоқ. Сондықтан Ауғанстан мен Пәкістандағы қазақтар ғана емес, жалпы шеттегі қандастармен жұмыс жүргізілсін. Олардың келмейтіні бар, келетіні бар әрқайсысымен байланысқан дұрыс. Шетелдік азаматтығы бар қазақтармен де арада мәмілелер болсын. Әрбір мемлекеттің өзінің ішкі саясаты бар. Соған сәйкес, бағдарламаларды реттей білу керек. Бұл өте күрделі мәселе.
Ауғанстан мен Пәкістандағы қазақтар босқын ретінде өмір сүруде. Ондағы биліктегілерден де, Қазақстан билігінен де қамқорлық жоқ. Біздікілер қазақ екендіктерін мойындамайды. Пәкістандағы барлық қазақтарды көшіріп алуға мүмкіндік бар. Ол үшін шетелдегі қазақтарды мойындайтын ереже керек. Оны үкімет арнайы бекітсін. Қазақ ретінде ел болуды ойласақ, барша қандастарды елге алдырайық. Бұның шешімі гуманитарлық көмектен басталады. Оған кететін қаржы мен киім-кешекті халықтың өзі-ақ жинап береді. Сыртқы істер министрлігі осы бағытта жұмыс істей білсін.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Қадірәлі Сарыпбек
Abai.kz