Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 3706 6 пікір 4 Қазан, 2022 сағат 12:31

Ана тілімізді «Қостанайша ардақтау»

Еліміздің терістік өлкесіндегі ана тіліміздің аса мүшкіл халі жайлы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Естір құлақ, түсінер ниет болса, бұл жағдай әлдеқашан өзгерер ме еді, кім білсін?..

Алайда бұған көңіл бөлетін, сөйтіп қасиетті тілміздің мұң-мұқтажына жанашырлық танытатын билік те, зиялы қауым өкілдері де байқалмайды. Байқалмайды деп, өзімізді-өзіміз жұбатамыз-ау... Шындығында, мұндағы ана тіліміздің жағдайы дабыл қағарлық. Өзгесін былай қойғанда, ең болмағанда көше аттарын қатесіз, сауатты жазуға деген ниет байқалмайтындығы таң қалдырады.

Мәселен, алысқа бармай-ақ, Қостанай қаласының көшелеріне көз салған адам, қазақ елінде емес, Ресейдің бір қаласын аралап жүргендей күй кешеді. Осындағы орыс тілінде жазылған көше аттарын көргенде мұндағылардың аса мұқияттылығына, қатесіз жазуға деген ынтасына ерекше риза боласың. Ал қазақшасына келгендегі немкеттілігі мен немқұрайлығына қайран қалмасқа амал жоқ. Сенбесеңіз, мына суреттерге назар салыңыз.

Ана тілімізге деген мұндай енжарлық пен селқостықты еш жерде кездестіре алмайтыныңызға сенімдімін. Қостанайлықтар орыс ақыны Пушкинді төбесіне көтере қадірлегендігі соншалықты, өзі түгілі әйелінің атына да көше берген. Ақынның отаны - Ресейде де мұндай құрмет көрсетілмес. Ал енді ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Имановтың атын, яғни, жалғыз ауыз сөзді қазақша жаза алмауы - сауатсыздықтың шыңы десе де болады. Бұдан ары жүрсек, мұндағылардың кез-келген көшесінің басына «көшесі» деген сөз жазылса, таза қазақша болады деп ойлағандығының куәсі боламыз. Жалпы, Қостанайлықтардың осы бір «айрықша жаңалығын» республика көлемінде қолдануға әбден лайық секілді. Сонда қазақша жазамын деп әуреге түсетіндердің жұмысын әлдеқайда жеңілдетер едік.

Бір өкінішітісі, осы көшелердің барлығы да қаланың дәл ортасында. Ал енді шаһардың шетіне барсаңыз, қандай қызыққа тап болатындығыңызды ойлаудың өзі қорқынышты. Ал егер мұнда көшелердің жалғыз ауыз сөзін дұрыс жаза алмаса, онда атағы дардай тілдерді дамыту басқармасы немесе қоғамдық даму басқармасы деген мекемелердің қандай қажеттілігі бар? «Көрмес, түйені де көрмес» дегендей, танауының астындағы қателерді байқамайтын мұндай басқармалардың барынан жоғы.

Жайберген Болатов

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269