Сенбі, 23 Қараша 2024
Сайлау 3480 46 пікір 6 Қазан, 2022 сағат 11:31

Ойхой, сайлау: Тоқаевтан жоқ өзге

Бүгін биліктегі басымдыққа ие, бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясы Астанада сиез өткізді. Сиездің басты міндеті – сайлауалды бағдарламаны жариялап, президенттікке үміткер ұсыну болған. Ұсынды.

Ал кеше президент Тоқаев Мәшһүр Жүсіптің еліне, Керекуге сапарлап барған. Сол жақтағы жұртпен кездесу кезінде сайлауға кімнің атынан түсетіні туралы айтқан.

«Алдағы сайлауға қандай ұйымнан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан олардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр...

Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сайлау науқанын заңдарды қатаң сақтай отыра өткізуді қамтамасыз ету маңызды. Мен Мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік беремін», - деп сөйлеген.

Осыдан кейін «Аманат кімді ұсынады?» деген сауал ел ішінде қызу талқы болды. Өйткені, президент Тоқаев «Аманаттың басты үміткері» саналып келген. Ал билік партиясының өкілдері, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та сайлауға үміткер болудан бас тартқан.

Бүгін сиез өткізген «Аманат» сонда да: «Президент Тоқаевтан өзге лайықтыны көре алмадық», - деп мәлімдеді. Үміткер ретінде Тоқаевты атады.

«Мемлекет алдына тұрған ұлы мақсаттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан президенттік үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын. Сиез делегаттары бірауыздан қолдайды сенемін. Алдағы 20 қараша еліміздің саяси өмірінде тарихи оқиға болары анық. Дәл сол күні Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Бұл сайлау Әділетті Қазақстанның бағыт бағдарын айқындайды», - деді Қошанов.

Ел күткендей интрига болмады. Тәмам.

Үміткер демекші, таңдауы Тоқаевқа түскен жалғыз «Аманат» емес. Осыған дейін президент Тоқаевты президенттікке ұсынып қойғандар жетерлік. Солардың бір сыпырасы:

5 қазан: ҚР Азаматтық Альянсы президент Тоқаевты президенттікке ұсынды. Альянс бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

5 қазан: Экс-депутат һәм экс-әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов басқаратын  ҚР «Ардагерлер ұйымы» да сиез өткізіп: «Бізге қазіргі уақытта әлемдік саясаттың шарттарын жақсы түсінетін, қажет болған жағдайда батыл шешім қабылдай алатын саяси тұлға қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев - мықты саясаткер», - деді. 101 делегат бөлініп-жарылып жатпады.

5 қазан: «Ұлттық волонтерлік желі» жастары да жиын өткізді. «Президент Тоқаев волонтерлерді қолдап келеді. Біз де Тоқаевты қолдаймыз. Үміткерлікке ұсынамыз», - деді.

5 қазан: «Қазақстан мәслихаттарының депутаттары» бірлестігінің отырысы өтті. Олар да президенттікке лайықты бірден-бір адам – Қасым-Жомарт Тоқаев деп таңдады.

Ал Назарбаевтың көлеңкесінде өсіп-жетілген Ермұхамет Ертісбаев басқаратын бұрынғы коммунистер, қазіргі «Қазақстан халық партиясы» елден бұрын президент Тоқаевты қолдайтындарын жариялап қойған.

«Қазақстан халық партиясы мемлекет басшысының бүгінгі жолдауында жарияланған саяси өзгерістерге толық қолдау білдіреді. Кезектен тыс президент сайлауында, біз бұрын мәлімдегендей, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз», - делінген партияның мәлімдемесінде.

Алайда қылыздар партиясы бастапқы сөзінен айнып қалған көрінеді. Бүгін сиез өткізеді. Басты міндет – партия атынан президенттікке үміткер ұсыну болмақ.

Ал әзірге белгілі болғаны екі үміткер. Бірі - «Ауылдық» Жигули Дайрабаев болса, екіншісі - «ЖСДП-лық» Нұрлан Әуесбаев.

Сиез өткізіп, үміткер таңдайтындардың тағы бірі – Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы. Партия осыған дейін міндетті түрде үміткер ұсынатынын айтқан.

Ал оппозициялық коалиция әзірге үміткер ұсынған жоқ.

Қоғамдық ұйымдардың бірінің ізін ала екіншілері президенттікке Тоқаевты ұсынып жатқанына қарап, барлығы: «Тоқаевтан жоқ өзге», - деп жатқандай әсер аласың...

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377