Сәрсенбі, 22 Сәуір 2026
Билік 208 0 пікір 22 Сәуір, 2026 сағат 14:39

Президент: Геосаясаттың табиғатсыз күні қараң!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Бүгін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтіп жатыр. Саммитке қатысушы мәртебелі меймандарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен бірге ұйымдастырылған диалог алаңының мақсаты – экожүйелерді, су және жер ресурстарын қорғау, қалпына келтіру әрі бірлесе пайдалану бойынша кешенді саясат пен тетіктерді қалыптастыру, Орталық Азия өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Саммиттің пленарлық отырысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының директоры Ингер Андерсен, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан қатысуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі. Президент саммит қатысушыларына ілтипат білдіріп, халықаралық диалог алаңының маңызына тоқталды.

– Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру – өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды. Ал экология дегеніміз – Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит дер кезінде ұйымдастырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы сөз қозғады.

– Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз. Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалықты ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр. Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады. Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді. Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ Жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де, ол – қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Керісінше, БҰҰ Жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс. Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн. Біз БҰҰ Жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет. Сонымен қатар көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс екендігін айтты.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

– Менің ойымша, экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік. Көп жағдайда экологиялық күн тәртібін әзірлеу немесе қалыптастыру барысында түрлі аймақтар мен елдердің, әсіресе, экономикалық әлеуетін нығайтуға ден қойған дамушы мемлекеттердің қажеттіліктері мүлдем ескерілмейді. Алайда дамыған елдер қазіргі экологиялық стандарттарға индустрияландырудың ұзаққа созылған үдерісінің нәтижесінде жеткенін естен шығармайық. Сондықтан жаһандық экологиялық модельге көшу үрдісі әділ, теңгерімді және ынталандырушы сипатта өрбуге тиіс. Баршамыз ақылға қонымды, мұқият ойластырылған прагматикалық тәсілге жүгінуіміз керек. Сонда ғана мемлекеттер орнықты даму қағидаттарына сай алға жылжып, өзінің экономикалық өсімі мен прогресіне қауіп төндірмейді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бізді бөлмей, керісінше бір мақсатқа біріктіруге тиіс. Ешкім бір-бірін жария түрде айыптамауы, өзгеден мін іздемеуі қажет. Бейбітшілік пен орнықты дамуға мүдделі серіктестер ретінде жауапкершілікті сезініп, нақты әрекет еткеніміз дұрыс, – деді Тоқаев.

Президент табиғат геосаясатсыз тіршілік ете беретіні, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң екенін баса айтты.

– Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді.

Атап айтқанда:

су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару;

шөлейттену;

мұздықтардың еруі;

ауаның ластануы;

биоалуантүрліліктің жойылу қаупі.

Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы аталған мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін. Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді, – деді Тоқаев.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экологиялық жауапкершілік мәселесіне заңнамалық деңгейде айрықша мән беретінін айтты.

– Жаңа Конституциямызда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Яғни, біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы ретінде қарастырылады.

Қазақстан:

экологиялық таза энергия өндірісіне көшу;

биоалуантүрлілікті қорғау;

тозған жерлерді қалпына келтіру;

су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру;

су үнемдеу саясатын енгізу;

қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту бағыттарындағы шараларды қолға алды. Әлбетте, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз. Біз аталған міндетті нақты іс, жаңа технологияларды игеру және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестиция салу арқылы орындаймыз, – деді Тоқаев.

Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асыруды және ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтуды жоспарлап отыр.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

– Әділ және теңқұқылы энергетикалық модельге көшу негізгі басымдық саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз. Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды. Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды. Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз. Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз, – деді Тоқаев.

Президент: «Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады», - деді.

– Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты. Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді. Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мүдделі халықаралық тараптарды Каспий теңізін сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырды.

– Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс, – деді Президент.

Өңірлік экологиялық саммит аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтеді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

– Өңірлік деңгейдегі бастамалардан бөлек, біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз. Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасадым. Аталған бастама өте өзекті. Өйткені қазіргі кезде БҰҰ жаһандық басқарудың бірізділігі мен тиімділігін арттыру үшін мыңдаған мандатты қайта саралап жатыр. Бүгінгі саммит аясында бұл ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуаныштымын, – деді Президент.

Президент елімізде биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесіне тоқталды.

– Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық. Қазақстан барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады. Мемлекетаралық ынтымақтастық алаңында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, экожүйелерді қорғаудың тиімді шешімдері әзірленеді, – деді Президент Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына миллиондаған ерікті қосылғанын айтты.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

– Бұдан бөлек, біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына бастамашы болдық. Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру. Қозғалысқа миллиондаған ерікті қосылды. Менің ойымша, олар – Қазақстанның нағыз патриоттары. Өйткені дәл осылай еңбек етіп, ортақ мүддеге үлес қосу – елінің келешегін ойлайтын азаматтардың ғана қолынан келетін ізгі іс. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Тұрақты даму мүддесіне сай келетін бұл бастаманы толық қолдаймыз. Еліміздің жаңа Ата заңында волонтерлік қызметке айрықша мән беріліп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылған. Биыл – Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Жасанды интеллект көмегінсіз экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу мүмкін емес екені анық. Аталған технология табиғи ресурстарды қорғау, экологиялық басқаруды жетілдіру ісінде мол мүмкіндікке жол ашады. Сондықтан біз Аймақтық цифрлық экожүйе құру бастамасын қолдауға әзірміз, – деді Президент Тоқаев.

Мемлекет басшысы: «Жер шарын қорғау – ортақ міндетіміз. Бүгінгі саммит бізге осыны көрсетеді», - деді.

– Таразы басында адамзаттың, ең алдымен, өскелең ұрпақтың болашағы тұр. Бұл – жай ғана экологиялық мақсат емес, керісінше, адами парыз, экономикалық қажеттілік, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатындағы стратегиялық басымдық. Осы орайда орнықты келешек қалыптастыруда мынадай негізгі қағидаттарға арқа сүйеген жөн:

халқымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік;

шекара мен шектеуге бөлінбейтін ынтымақтастық;

ресурстарға, технологиялар мен мүмкіндіктерге теңдей қол жеткізетін әділеттілік; нәтижесі көзге көрінетін нақты шаралар;

ауқымы мен даму деңгейіне қарамастан елдер арасындағы бірлік.

Саммит барысында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы және бірқатар маңызды келісім қабылданады. Бұл біздің аталған қағидаттарды берік ұстанатынымызды және аймақтық экологиялық серіктестікті нығайтуға қадам басқанымызды дәлелдейді. Бүгінгі талқылаулардың мазмұнды әрі бірлескен нақты бастамаларға негіз болатынына сенімдімін. Осылайша, халықтарымыздың игілігіне қызмет ететін баянды болашақтың іргесін қалаймыз, – деді Президент Тоқаев.

Abai.kz

0 пікір