Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1883 1 пікір 12 Қазан, 2022 сағат 13:32

Мұратқан Тоқмәдидің талабы орындалмады

Бүгін, 11 қазанда Ұлытау облыстық сотында кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің шартты жазамен мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралды. Судья бұған дейінгі Жезқазған қалалық сотының Тоқмәдиді мерзімінен бұрын шартты жазамен босатуға негіз жоқ деген қаулысын өзгертпеді.

- Сотталушының түзелгені жайлы дәлел жеткіліксіз, оны босату туралы өтініш беретін уақыт болған жоқ,- деді қаулыны оқыған судья Жанболат Шайкомалов.

56 жастағы кәсіпкер биыл тамыз айында Жезқазған қалалық сотына шартты жазамен босатуды сұрап, өтініш түсірген. Бірақ өтініші қанағаттандырылмаған. Қалалық соттың бұл қаулысымен келіспеген Тоқмәдидің адвокаттары облыстық сотқа шағымданған.

Кәсіпкердің жақындары мұндай шешім боларын сездік дейді.

- Бұл істің Мұхтар Әблязовты қудалаумен байланысты екені белгілі. Сол себепті Мұратхан Тоқмадиді шарты жазамен босата алмай отыр. Бұл іс әуел бастан заңсыз өтті, оны жасағандар әлі де билікте отырғандықтан бұл істің ашылуынан қорқады, - деді кәсіпкердің әйелі Жәмилә Айымбетова - Тоқмәди.

Жеке шағымы қаралған сот процесіне Тоқмәдидің адвокаттары ғана қатысты, өзі болған жоқ. Өзге бақылаушылар мен журналистер сотты онлайн бақылады.

Адвокаттары 2018 жылы он жарым жылға сотталған кәсіпкердің мерзімінен бұрын босап шығуға заңды негіз бар деп есептейді.

- Түрмеде тәртіп бұзбағанын, екі марапатын, мемлекетке материалдық қарызы жоғын, сот шығындарын төлегенін, жаза мерзімінің жартысын өтегенін, жұмыспен қамтылатыны жайлы анықтамасы, бес баласы мен қарт ана-анасы бар екенін ескере отырып шартты жазамен босату туралы өтінішін қанағаттандыруды сұраймыз, - деді адвокаттардың бірі (аты-жөнін атамауды өтінді - Азаттық)

Алайда прокурор "Тоқмәди жаза мерзімінің жартысын өтеген жоқ" деп өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.

Адвокаттардың сөзінше, Мұратхан Тоқмәдидің жаза мерзімі оны ұстаған күннен - 2017 жылдың маусымынан басталады, ал прокурор Тоқмәдиге үкім шыққан 2018 жылдың 16 наурызынан есептеген болуы мүмкін.

- Себебі Жезқазған қалалық сотының 25 тамыздағы қаулысында жаза мерзімі 2018 жылдың 16 наурыздан бастап саналатыны көрсетілген. 2018 жылы шыққан сот үкімінде жаза мерзімі оның ұсталған уақыты – 2017 жылдың 12 маусымынан бастап саналатыны жазылған. Біз қалалық соттың бұл қаулысына шағым жазып, көрсеткенбіз, - дейді адвокаттарды бірі.

Мұратхан Тоқмәди сот үкімі бойынша берілген жазаны Ұлытау облысындағы АК 159/25 түзеу мекемесінда өтеп жатыр. Ол мұнда 2020 жылдың қазан айында жеткізілген. Бұған дейін Алматыдағы тергеу изоляторында транзиттік камерада болған. Туыстарының сөзінше, осы күнге дейін ол камерада жалғыз отырған.

Мұратхан Тоқмәди "БТА банк басшысы Ержан Тәтішевті қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың тапсырысымен өлтірді" деген айыппен 2018 жылы он жарым жылға сотталған.

Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықты жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот "жазым" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бір жылға соттаған еді. 2017 жылы бұл іс қайта қаралып, Тоқмәди өзіне тағылған айыпты мойындаған.

Бірақ биыл наурызда кәсіпкер Тәтішевтің өліміне Әблязовтың қатысы жоғын мәлімдеп, істі қайта қарауды, өзін ақтап, босатуды сұраған. Жезқазған түрмесінен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап жазған хатында Тоқмәди тергеуде азапталып, тағылған айыпты мойындауға мәжбүр болғанын айтқан.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475