Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4863 0 пікір 25 Қаңтар, 2013 сағат 07:44

Құл Керім Елемес. Екі ғасырдың екі ақыны (басы)

Абай «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» десе, Мұқағалидың еншісінде қалғаны, «Жазылар естеліктер мен туралы». Бұл - сенім. Мұқағалиша сенім. Алдында тірегі - Абайы бар алапат неден қорқады? Айтты. Өзіне сеніп айтты. «Ылдида тұрып өр менікі, есікте тұрып төр менікі» дегіш, Мұхтарға (Әуезов) да төр бергісі келмеген мендердің көбік көкіректерін күйдіре, «Ей-й, Таулар, ығысыңдар!» деді. Олар ығыспады. Намыстанды. Ығысып Мұқағалиға орын беруге олардың дәрмендері жетпеді. Қазір солар қайда? Жоқ! Неге?... Өйткені, шын орын шын дарындардікі. Шын қуаттылардікі. Халық - Ана шын дарындарын бір ғасырда бір-ақ рет туады.

Демек, Абай ана ғасырдың, Мұқағали мына ғасырдың жарық жұлдызы. Абай қазақтың - ақылы. Мұқағали - тілі!

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. (Абай)

Абай қазақты ашынып жазды. Бірақ, сүйді. Шын сүйді.

Ең бірінші бақытым - Халқым менің.

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Ал, екінші бақытым - Тілім менің.

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Бақытым бар үшінші - Отан деген... (Мұқағали)

Абай «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» десе, Мұқағалидың еншісінде қалғаны, «Жазылар естеліктер мен туралы». Бұл - сенім. Мұқағалиша сенім. Алдында тірегі - Абайы бар алапат неден қорқады? Айтты. Өзіне сеніп айтты. «Ылдида тұрып өр менікі, есікте тұрып төр менікі» дегіш, Мұхтарға (Әуезов) да төр бергісі келмеген мендердің көбік көкіректерін күйдіре, «Ей-й, Таулар, ығысыңдар!» деді. Олар ығыспады. Намыстанды. Ығысып Мұқағалиға орын беруге олардың дәрмендері жетпеді. Қазір солар қайда? Жоқ! Неге?... Өйткені, шын орын шын дарындардікі. Шын қуаттылардікі. Халық - Ана шын дарындарын бір ғасырда бір-ақ рет туады.

Демек, Абай ана ғасырдың, Мұқағали мына ғасырдың жарық жұлдызы. Абай қазақтың - ақылы. Мұқағали - тілі!

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. (Абай)

Абай қазақты ашынып жазды. Бірақ, сүйді. Шын сүйді.

Ең бірінші бақытым - Халқым менің.

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Ал, екінші бақытым - Тілім менің.

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Бақытым бар үшінші - Отан деген... (Мұқағали)

Ал, бұл Мұқағалиша сүю. Абайша сүюдің екінші түрі. Тәттілеу көрінгенімен Абайша сүюдегі кермек дәм мұнда да бар. Бірақ жасырын. Екі ақынның, екі тұлғалы жырпоздың жырларының діңі бір. Кіндіктерінен байланған алтын қазық біреу. Ол, Халық - ана - қара Жер!

Тілімен емес жанымен, тұтас тұлғасымен халық болып сөйлеу үшін халықтың рухынан туу керек. Ол дегендік, халықтың шерін жұтып, сорын жалау деген сөз. «Бар бақытым үшеу ғана» деп - Халқын, Тілін, қара Жерін (Отанын) ессіз сүйген егей ақын Мұқағали жырларының да ертеңге жетуі содан.

Халық атауы - Құдіретті Жаратушы Аллаһ Тағаланың Әл-Халиқ (Жаратушы) деп аталатын мың бір сипат есімінің бірі. Былайша айтқанда, ақын халқын сүйді деген сөз - Ұлы Аллаһын бір қырынан, Оның Жаратушылық қырынан, Жаратушылық сипатынан сүйді деген сөз.

Күні-түні ойымда Бір-ақ Тәңірі.

Өзіне құмар қылған Оның әмірі.

* *            *

Өзгені (жаратылғандарды) ақыл ойға қондырады,

(бірақ)

Біле алмай бір Тәңіріні болдырады.

(Абай)

Құдайдың құлымын мен - Мұсылманмын.

* *            *

Аллаһ есімі - жүрегім жұдырықтай.

(Мұқағали)

Міне осындай Аллаһты сүйген, таныған жүректің айтары қашан да ақиқат. Жыры қашан да есті.

Аллаһтың Өзі де рас.

Сөзі де рас!

Рас сөз ешқашан да жалған болмас!

(Абай)

Бәрі рас айтқанының ақ Алла(һ)ның.

Құм менен топырақтан жаралғамын.

(Мұқағали)

«Біз сендерді ту баста топырақтан жараттық» Құран (22 сүре - 5 аят).

Иә, бұл біздің кейде түсініп, кейде түсінбей айтып қалатын - кемелділік биігі. Аллаһтың пендесіне нәсіп еткен танудың шегі - Өзі - Аллаһ. Ал, Оның (Алаһтың) ілімі шексіз. Оны Абай: «Аллаһ ішімді айтқызбай біледі» десе, бұл ақиқат Құранда: «Аллаһ шынында көкіректегіні толық біліп тұрады.» (31-23) делінген. Ал, Мұқағали оны: «Я, Аллаһым. Жаратушы Жалғыз Ием!» деп дәлелдеді.

Абайдың заманы еркін, Илаһи заман. Оның Аллаһты танып өсуі әбден заңды. Ал, Мұқағали заманы - құдайсыздық идеясы құтырына өршіген, «Адамға табын Жер, енді!» заман еді ғой. Сонда оны бұл биікке - Аллаһты тану биігіне бастаған кім? Туған елі ме? Жоқ! Туған табиғаты ма? Жоқ! Ендеше, бұл жайлы Иеміз - Аллаһ Өзі не деді екен? Ол Құранда: «Аллаһ қалаған пендесін Өзі тура жолға салады» (2-272) депті. Түсінікті болды. Әлгі, біздің көпті көрген қазақтың «Аллаһ берсе, пендесі қыңқ демейді» дегені осы болды. Аллаһ тағы: «Сендер Мені еске алсаңдар, Мен де сендерді еске аламын» (2-152) деген.

Демек, Өзін ұнемі еске алудан жалықпаған, жырларына арқау еткен Абайға да, Мұқағалиға да дарынды, оқшау танымды Аллаһ берген. Ағынан берген. Сондықтан екі ақын ең соңғы түйін - Оны, Хақ Аллаһты тануда түйіскен. Тілдескен. Үндескен. Теңескен. Біреулескен. Оның дәлелі міне. Оқыңыз:

Аллаһтың Өзі де рас!

Сөзі де рас!

* * *

Аллаһ мінсіз әуелден, Пайғамбар хақ.

(Абай)

Аллаһ - ақиқат!

Аллаһқа сеніп өтем! (Мұқағали)

Жалпы жан иесі тануға міндетті Бір-ақ Ұлы Құдірет бар. Ол - АЛЛАҺ! Басқаның бәрі ұлы емес, Оның - Аллаһтың құлы. Жаратқандары. Абай да сол. Мұқағали да. Демек, жаратылған Жаратқанмен тең емес. Жаратылғанның Жаратқанның сипатын алуы да жоқ. Олай болу мүмкін де емес. Тіпті, олай ойлаудың өзі қасірет. Қасірет болғанда да Хақтың қаһарын шақыратын қасірет. Мұнда тағы Аллаһты тану кез-келгеннің еншісіне бұйырмаған. «Аллаһ» деп кім де болса айта алады. Немесе,

Аллаһ деген сөз жеңіл.

(бірақ,)

Аллаһқа ауыз жол емес! (Абай)

Демек, Аллаһты тұтас ынты-шынтысымен кіршіксіз тану ғана шын тану болмақ. Мәселен, оқыңыз:

Құдайдың құлымын мен! (Мұқағали)

Міне бұл - шын тану. Оны - Аллаһты міне осылайша, Мұқағалиша құлы болып шын, кіршіксіз танығанның рухы (бізше жаны) мен тәні нұрланады. Жүрек көзі ашылады. «Аллаһ кімді тура жолға салуды қаласа, оның жүрегін Исламға ашады» Құран (6-125).

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикімет кеудесі. (Абай)

Көзі ашылып, Хақтың сәулесі түскен жүректің сөзі нұрлы. Хақшыл. Иманды.

Алсын Тағалам,

Ант етем, ант етемін,

Аллаһ есімін кеудемнен ұшырған күн. (Мұқағали)

Міне, осындай, шынайы «Аллаһ» деген жүректен ғана ақыл, өнер шығады.

Дененің барша қуаты,

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл сауаты,

(Тек,)

Махаббат қылса Тәңірі үшін! (Абай)

Абай мұнда өнер де, бәрі де махаббат, сүйіспеншілік атаулының тек Аллаһқа арналуынан пайда болатынын көкірекке шұқып айтты. Бұған да нанбайтындар жыртылып-айырылады. Өйткені, Құранда: «Аллаһ кімді адастырғысы келсе, оның көкірегін тарылтып қояды» (6-125) деген. Көкірегі тардың көретіні басқа. Шындық емес, жалған. Себебі, Аллаһ олардың күпірліктері үшін «Жүректерін және құлақтарын бітеп қойған. Көздері перделенген» Құран (2-7).

Демек, Аллаһты танымаған, Оның нұрымен нұрланбаған өнерлі де, өнер де адасады. Адасқан өнердің ақиқаты жоқ. Ғұмыры келте.

Ал, Абай мен Мұқағали неге адаспады? Олардың жырлары неге ғұмырлы болып қалды? Себеп біреу ғана - олар Аллаһтың адал құлы бола білді. Оның (Аллаһтың) алдында тазара білді. Одан шын тілей білді. «Ақиқатында Аллаһ тәуба (райдан қайту) етушілерді ұнатады» Құран (2-222).

Патша Құдай, сүйендім, Тура баста Өзіңе?!

* * *

Аллаһтың рахматын, Жар тұтып әр неге.

.  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Осындай шапхатын, Ұмытам мен неге?

* * *

Зарығып тілеймін, Рахматын Аллаһтың!

* * *

Құдай-ау, көңілім, Күн бар ма бір тынар?!

* * *

Жүрегім суылдап,

Сүйегім шымырлап,

Аллаһтан тілеймін,

Құпия сыбырлап!

* * *

Я, Құдай бере гөр, Тілеген тілекті?! (Абай)

Ұлы Жаратушы Аллаһ алдында шын ділгір, дәрменсіз, шапағатқа зәру Абайды аяйсың. Аяйсың да, «Әзиз тілегін бере гөр?» деп тілейсің Аллаһтан. Құранда: «Сендерге Аллаһтан өзге панагер, жәрдемші жоқ» (2-107) деп жазылған. Абай оны біледі. Одан зарыға күтетіні сондықтан. Аллаһ алдында міне осындай кіші де кішіпейіл, ділгір, құл Абай өнерде алынбас қамалға айналды.

Адамды сүй,

Аллаһтың хикіметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?! (Абай)

Бұл - өсиет. Абайдың бұл өсиетін орындаған жалғыз ақын Мұқаң, Мұқағали Мақатаев.

Я, Жаратушы Аллаһым,

Қолдай гөр!

Сүйей гөр мені, сүйей гөр!

Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем.

Жасаған Ием,

Құлап барам, сүйей бер,

Пенделерге табына-табына болған ем! (Мұқағали)

Пендешіліктен ада-күде айығып, ақиқатқа, Хаққа, Хақ Аллаһқа бет бұру, тәуекел ету, иман келтіру (сену) - бұл. Тіпті, Мұқағали иманға уызында-ақ жарыған. Дәлел керек пе? Оқыңыз:

Сатпаймын!

Сатқан емен дінімді мен! (Мұқағали)

Әуелден дініне берік, «Аллаһ» деп өскен арлы жан, иманын сатқан сабырсыз ортасынан қаяу көрген, кірлеген кейбір тұстарында, «Қандай сәби едім?» («Күнделік») деп өзінен пәк, кіршіксіз, иманды, бала Мұқағалиды іздейді. Табады. Табады да таубасына келеді. «О, Тәңірім, түйсік бере гөр?!» («Күнделік») деп үздіге, үзіле түйсік Иесі (бәрінің де иесі) Тәңіріне жалбарынады. Жүгінеді. Жүгінеді де санасын сабырға шақырып:

«Я, Аллаһ,

Жарылқай гөр, жалғыз Ием!

Көнейін, көндігейін тапшылыққа!»

- дейді. Міне осындай сабырдың, иманның, Илаһи тазалықтың арқасында тұрмыстағы тапшылық  пен михынатты «Тағдыр ісі» деп білу, мұқалмау Мұқағалиды да өнердегі өлшеусіз биікке, Абай көтерілген биікке көтерді. Бұл туралы Құранда: «Аллаһ шыдамды қайсарларды жақсы көреді» (3-146) делінген. Бұл Илаһи анықты Құран нұрымен нұрланған Абай:

Ыждағатсыз, михынатсыз,

Табылмас ғылым сарасы.

- деп шегеледі. Ал, қасметті Құранға тағы қайта жүгінер болсақ, мұның бәрі Аллаһтың ыхыласы ауған пендесіне жасаған сынағы еді. Оқыңыз: «Аллаһ (сынақ үшін) кейбіреудің рыздығын тарылтады»  (2-245). Демек, әрқандай іс Аллаһтың әмір сызығы бойынша болады да қалады. Сеніңіз.

Дүние әуелі баянсыз. Баянсыз дүниенің өзгеріп, жаңарып, түрленіп, құбылып отыратыны шындық. Бірақ, оны жай пенде өзгерместей, өшпестей, ұзақ қиырға балайды. Сөйтпесе пенденің пендешілігі қайсы? Оның бәрі кемеңгер, бәрі дүниенің сырын білетін ақылды, кенен болып тууы әуелден жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Өмір міне осындай ала-құлалығымен құнды. Мәнді. Құдіреті күшті Аллаһ Тағала Өзі жаратқан он сегіз мың ғаламдағы ақылға саятын бұл ғажайып қағиданы Өзінің пайғамбарлары, әулиелері, әнбиелері, данышпан ақыл иелері арқылы толықтырып отырады. Мұндағы мақсат та - пенделеріне Өзін, Өз Құдірет күшін таныту. Өйткені, «Аллаһ бәрін білгіш хикмет иесі» Құран (22-53).

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

* * *

Адамзат бүгін адам, ертең топырақ.

* * *

Аллаһ өзгермес, адамзат күнде өзгерер.

* * *

Күллі мақұлық өзгерер, Аллаһ өзгермес.

* * *

Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен. (Абай)

Көрдіңіздер ғой, Аллаһ бәрін жаратушы, әуелі де, соңы да жоқ, өзгермейтін хақиқат, ал, басқаның бәрі сәт сайын өзгеріп отыратын Оның (Аллаһ) жаратқандары екенін дана Абай ғұмырында қанша ма рет дәлелдеп, қанша ма рет растаған?

Ол аз десеңіз:

Мекен берген, Халиқ қылған (Жаратқан),

Ол лә мәкан (Өзі мекенсіз),

Түп Иесін (Аллаһты) танымай бола ма екен?

(Өйткені, түбі «Барлығың Сол Аллаһтың алдына қайтасыңдар» Құран. 2-245),

Оны (Аллаһты) ойламай,

Өзге мақсат ақылға қона ма екен?

(Сондықтан,)

Басты байла (Аллаһтың) жолына, малың түгіл!

-        деді Абай.

Ол аз десеңіз:

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның?

Бейіштің ақ қанатты ақ құстарын,

Айырып ұясынан ұшырғаның?!

Бірігіңдер,

Әлемнің мұсылманы,

Құрбан болсын Құдайым үшін жаның!

- деді Мұқағали.

Құранда: «Аллаһ қалаған адамына хикмет бағыштайды. Кімге хикмет бағышталса, оған қыруар  игілік берілген болады» (2-269) делінген. Сөз жоқ Ұлы Аллаһ адал құлдары Абай мен Мұқағалиға хикмет барген. Оны олардың соңына қалдырған даналық мұралары дәлелдеуде. «Абай ақиқат қой, ал, Мұқағали-й» деп күмілжімей-ақ қойыңыз. Көзі кеткеніне шерік ғасыр болғанына қарамастан, сөзі әр қазақтың төрінде дана Абаймен бірге малдас құрғанына шүбәңіз жоқ шығар? Жоқ, әрине!

Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын?

Сәл-л ғана мызғап ап, қайтадан тұрармын! (Мұқағали)

Қызық, бір тұрып, оны әулие ме дерсің? Иә, ол, сол өзі айтқандай «Сәл ғана мызғап алды да, қайтадан тұрды». Тік тұрды! Оның тұрысы мен болашақты аралап «жүрісі» әсем. Сымбатты. Айқын да айбарлы. Ғажап.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Алай да өлтіре алмас  өлеңді ешкім! (Мұқағали)

Бұл - сенім. Бұл - азаматтық, ақындық сенім. Бұл - жүрегінде Аллаһы, алдында Абайы бар Мұқағали сенімі. «Аллаһ расында барлық нәрсені естиді» Құран (22-61).

Жаратушы жалғыз Ием, шуақ бер?

Өзіме де, өзгеге де төгейін!

- деп шын тілеген Мұқағалиға Аллаһ шуақ берді. Нұр берді. Абайға бергені сияқты имани өнердің нұрын берді. Ол нұр оның бағын жандырды. Сөйтіп ол, өнердегі Абай секілді ең-ң қуатты ақынға айналды. «Аллаһ кімге нұр берсе, соның нұры болады» Құран (24-40). Болды да! Шүкір!

Демек, айтарында Аллаһы, иманы жоқ нұрсыз өлең, нұрсыз әдебиет жансыз, ғұмырсыз өлең, ғұмырсыз әдебиет. Ал, енді Абай мен Мұқағали өлеңдерінің  қуаттылығы недеге келсек, ол, олардың жырларының өзегіне сіңірілген Имани  нұрлылығында, Илаһи имандылығында дер едік.

Әуелі Аят, Хадис - сөздің басы.

Қосарлы бәйітсымал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтқан Пайғамбар мен оны Алласы?!

Бұл, өлеңге, өнерге, «Аллаһ мінсіз әуелден, Пайғамбар хақ!» деп білген Абайдың Құран, Хадис биігінен қарауы емей немене? Дәл солай!

Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын.

Сонда да Оны (Аллаһты) ойламай қоя алмаймын!

- деп отырған кіршіксіз Абайдың:

Дүниеге ынтық,

Мақшарға (О дүниеде есеп беру үшін жиналатын алаң) амалсыздың (ғибадатсыздың),

Иманын түгел деуге аузым бармас.

- дегенін оқығанда жүрегің тас төбеңе шықпай ма? Шығады! Себебі, Абай дәл қазіргі иманның емес, дүниенің құлақ кесті құлы болып отырған бізді айтып отыр. Оны аз десеңіз,

Мүмін болсаң, әуелі иманды бол!

- дейді Абай.

Осы орайда, иман туралы түсінік бере кеткеннің артықтығы жоқ секілді. Иман (сенім) - «(1) Аллаһтан басқа ешбір Тәңірі жоқ, Мұхаммед соллоллоһи ғаләйһи уә сәлам Аллаһтың құлы әрі елшісі екеніне, (2) Аллаһтың періштелеріне, (3) Аллаһтың кітаптарына, (4) Аллаһтың елшілеріне, (5) Тағдырға (жақсылық пен жамандық бір Аллаһтан деп білу), (6) Қиямет күніне, (7) Өлгеннен кейін қайта тірілуге сену. (Бұл жетеуін жинап «Әмәнту» деп те атайды). Осылардың ішінен тек біреуіне ғана шүбә келтіргеннің иманы толық саналмайды» («Ислам дінінің негіздері». Анкара).

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5335