Сенбі, 23 Қараша 2024
2628 0 пікір 12 Қыркүйек, 2022 сағат 17:42

Мемлекеттің қалыптасуы һәм саяси партиялар

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап өзінің демократиялық, құқықтық мемлекет екенін айқындады. Ал, бұл бағыт елімізде саяси партиялар инстутын құруға жол ашты. Жаңа зайырлы мемлекет үшін өте маңызды қадам еді. Саяси партиялар институты плюрализмді дамытып, азаматтардың өз ұстанымын еркін жариялай отыра, мемлекеттік іске араласу үшін сайлауға түсіп, партия құрып, өз бағдарламаларын орындауға мүмкіндік берді. Қазақстан егеменді ел болғалы бері көппартиялық ұстанымды алға қойып келеді. Әсіресе 1990-2000 жылдар аралығында Кеңестік өмірдің құрсауынан шыққан жас мемлекет қоғамдық-саяси өмірді демократияландыруға тырысты.  Халықтың саяси белсенділігі артып, көптеген саяси партиялар мен оппозициялық қозғалыстар әр жерден бой көрсете бастады. Бұл бірпартиялы жүйенің қыспағын көрген, тәуелсіздікке ұмтылған халықтың саяси бағытты қалыптастыруға және әлеуметтік реформаларға ықпал етуге тырысқан ұмтылысы болатын. Елімізде партиялармен бірген қоғамдық бірлестіктер, қозғалыстар құрылды. Қазақстанға келген еркіндік азаматтардың ой-пікірін жеткізу үшін белгілі бір қоғамдық ұйымға топтасып іске асыру мәдениетін қалыптастырды.

1995 жылы Парламент Мәжілісінің сайлауы өтті. Осы кезеңдегі партиялық-саяси жүйенің дамуында оппозиция мен билеуші элита арасындағы қайшылықтар күрделене түсті. Бұл елдегі жаңа заңнамалық актілердің қабылдануына әкелді.

1996 жылы Қазақстанда көппартиялық құрылыстың заңнамалық негіздерін жетілдіру кезеңі басталды. Сол жылдың шілде айында бір партияның саяси монополиясын қалыптастыруды шектеуге бағытталған "Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар туралы" ҚР Заңы қабылданды. Заңнама шарттары негізінде елімізде аумақтық қағидат бойынша ұйымдық партиялық құрылыс бекітілді. Мемлекеттік органдарда саяси партиялар құруға, сондай-ақ әскерилендірілген саяси партияларды құруға және олардың қызмет етуіне тыйым салынды.

Бұл кезең партия ішілік құрылыс, партиялық аумақтық желіні дамыту, бағдарламалық базаны жетілдірудің белсенді жүргізілген уақыты болды. Осы кезеңде саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстардың жандануы байқалады. Қазақстандағы ішкі қоғамдық-саяси процестердің серпінді дамуының негізгі себептерінің бірі – 1999 жылы ҚР Парламенті Мәжіліс сайлауының уақыты келе жатты.

1998 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1999 жылғы парламенттік сайлаудың мақсаты – қазақстандық қоғамның демократияландыру деңгейін арттыру және қоғамдық-саяси сайлау мүдделерін кеңінен көрсетуге қол жеткізу болды. Сайлау заңнанмасына Орта Азия өңірінде алғаш рет аралас сайлау жүйесі енгізілді: депутаттар саны 67-ден 77 адамға дейін ұлғайтылды және бірыңғай жалпыұлттық округтің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде 10 депутаттың сайлануы енгізілді.

Сонымен қатар, Конституция бойынша партиялық тізімдер негізінде депутаттық мандаттарды бөлу сайлаушылардың кемінде 7% дауысын жинаған партияларға берілді. 1999 жылғы сайлауға тоғыз саяси партия қатысты: Қазақстан аграрлық партиясы, "Отан" Республикалық партиясы, Қазақстан Коммунистік партиясы, Қазақстан Халық Конгресі партиясы, Қазақстанның Өрлеу партиясы, "Азамат" демократиялық партиясы, "Алаш" ұлттық партиясы, Республикалық саяси «Еңбек» партиясы, Қазақстанның азаматтық партиясы.

Сайлау қорытындысы бойынша  төрт саяси партия : "Отан" Республикалық партиясы, Қазақстан Коммунистік партиясы, Қазақстан аграрлық партиясы, Қазақстанның азаматтық партиясы тиісті 7 пайыз дауыстан көп жинап, Парламентке өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісіне партиялық тізімдер бойынша: "Отан" – 4 орын, Коммунистік, Аграрлық және Азаматтық партиялар – екі орыннан алды. Бір мандатты округтер бойынша саяси партиялар үш партиялық фракция құрды: "Отан" партиясынан – 26 депутат, Азаматтық партиядан – 20 депутат; Аграрлық партиядан – 10 депутат сайланды. Олардың қатарында Мәжілісте 4 Коммунистік партия өкілі және Қазақстан республикалық Халық партиясының бір өкілі болды.  1999 жылы Қазақстанның жергілікті өкіл органдарының (мәслихаттар) сайлауы өтті.

2000 жылы қыркүйек айында Қазақстанда Қазақстан Халық Конгресі Партиясы, Қазақстанның социалистік партиясы, Қазақстан Коммунистік партиясы, "Алаш" Қазақстан ұлттық партиясы, Қазақстан Халықтық-кооперативтік партиясы, Қазақстанның Өрлеу партиясы, Республикалық саяси Еңбек партиясы, "Азамат" Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстанның Азаматтық партиясы, Қазақстан республикалық Халықтық партиясы, "Отан"Республикалық партиясы, Қазақстанның аграрлық партиясығ "Қазақстанның әйелдер ұйымдарының саяси альянсы" партиясы, Қазақстан Республикасының Әділет партиясы, Қазақстан патриоттар партиясы жұмыс істеді. Елімізде 2002 жылы 19 партия тіркелді.

Осы уақытта елімізде 150-ден астам үкіметтік емес әйелдер ұйымдары және бір саяси партия "Қазақстанның әйелдер демократиялық партиясы" (бұрынғы Қазақстанның әйелдер ұйымдарының саяси альянсы"), сондай-ақ "Қазақстан әйелдері" республикалық қозғалысы және ауыл әйелдерін біріктіретін Қазақстанның іскер әйелдер Конфедерациясы жұмыс істеді.

1996-2001 жылдар аралығында Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасу үдерістерінің күшеюі үкіметтік емес ұйымдар қызметінің жандануына әкелді. Нәтижесінде әйелдер қозғалысын шоғырландыру үдерісінде белгілі бір динамика байқалды. 1998 жылы "Әйелдер сайлау бастамалары" үуіметтік емес ұйым коалициясы құрылды. Соның нәтижесінде барлық деңгейдегі сайлауда әйелдердің кемінде 50 пайызын партиялық тізімге енгізу туралы Меморандум қабылданды. 1999 жылы тамызда Меморандум барлық ресми тіркелген партияларға жіберілді.

Коалицияның бастамасымен 1998 жылдың желтоқсанында әйелдердің сайлау блогы тіркелді. Ол қоғамдық пайдалы бағдарламаларды іске асыру үшін қаржылық, мүліктік және өзге де қаражаттарды жинақтау; әйелдердің елдің қоғамдық өміріне қатысуын жандандыру, барлық билік органдарында әйелдердің өкілдігін арттыру, сондай-ақ Қазақстанда ашық азаматтық қоғамды демократияландыру мен дамытуға жәрдемдесу деген мақсаттарды қамтыды. Сайлау блогы өз алдына әйелдер көшбасшыларының тізімін құру, осы тізімге енген әйелдер туралы ақпарат тарату; жеке және заңды тұлғалардан донорлық желінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету; кандидат әйелдердің сайлау науқанын қолдау; сайлау процестеріне қатысты  құқықтық білімді беру деген міндеттерді қойды.

2000 жылы әйелдердің сайлау блогына жиырмадан астам тіркелген ұйымдар кірді. "Әйелдердің сайлау бастамалары" ҮЕҰ коалициясы мен әйелдердің сайлау блогының іс-қимыл бағдарламасы саяси жағынан «алмас қылыштай өткір» болмағанымен, олардың қызметі шын мәнінде саяси жолда алға басуды жүйелі ұйымдастырудың, әйелдердің сайлау белсенділігін күшейтудің негізін қалады. Әйелдердің сайлау блогы лоббизм мен кешенді саяси, экономикалық, білім беру, сараптамалық қызметті атқарған әйелдер құрған алғашқы қоғамдық бірлестіктердің бірі.

Бұдан басқа, 1999 жылы 11 тамызда ҚР Парламентіне сайлауға дайындық барысында алғашқы саяси әйелдер партиясы – "Қазақстанның әйелдер ұйымдарының саяси альянсы" құрылды. Партияның бастамасы Қазақстанның іскер әйелдер Қауымдастығы қызметінің төрт бағдарламасының бірі – "Әйел және саясат" бағдарламасы болды . Партияның негізгі мақсаты – Қазақстан әйелдерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын қорғау және іске асыру болатын. Партия Аграрлық партиямен сайлау алдындағы блоктағы партиялық тізім бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлауға қатысты. Бірақ партиялық тізім бойынша өту үшін қажетті дауыс санын жинай алмады.

Осы кезеңде Сыртқы саясат және талдау орталығы саяси партиялар мен қозғалыстардың рейтингін анықтау, сондай-ақ халықтың сенім деңгейін бағалау және саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстарды сайлау арқылы қолдау бойынша мониторингтік социологиялық зерттеу жүргізді (кесте.1). Зерттеудің жалпы нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 44,7% - ы партиялар мен қозғалыстарды саяси субъектілер ретінде қолдамады. Саяси партиялар мен қозғалыстар рейтингінде бірінші орынды "Отан" Республикалық партиясы иеленді (25.9%), "әйелдер ұйымдарының саяси альянсы" партиясы 18 позицияда болды (1.9%).

2000 жылы "Әйелдер ұйымдарының саяси альянсы" партиясы «Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы» болып қайта құрылды, ол жерде келешек президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсыну ниеті туралы айтылды. Қазақстанда алғашқы әйелдер саяси партиясының пайда болуы елдің партиялық кеңістігінде прецедент болып табылады. Алайда, оның көшбасшыларының бірқатар мәлімдемелері мен бағдарламалық мақсаттары партияның саяси жетілмегендігін көрсетті.

Қазақстандық қоғамда көппартиялылықтың қалыптасуы, плюрализм және пікірлер таласы сайып келгенде мемлекеттіліктің, тұтастай алғанда саяси жүйе негіздерінің айқын өзгеруіне әкелді. Көппартиялылықты одан әрі дамытуды қамтамасыз ету үшін саяси партияларды шынайы саяси жүйе институттарына айналдыра отырып, институционализациялауды жетілдіру қажет. Келесі Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 2012 жылғы 15 қаңтарда өтті. Оған сайлаушылардың 75 пайызы дауыс берген. Парламенттік мандат үшін жеті партия бәсекеге түсті. Сайлаудан кейін Мәжіліс құрамы өзгерді. Тұңғыш Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған "Нұр Отан" партиясы 80 пайызға жуық дауыс жинады. Екінші және үшінші орындарды "Ақ жол" және Қазақстанның Коммунистік партиясы алды.

Саяси партиялардың рөлі өте маңызды, өйткені олар мемлекет институттарын азаматтық қоғам институттарымен байланыстыратын механизм ретінде әрекет етеді. Өзін демократиялық мемлекет деп жариялаған Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап өзінің партиялық жүйесін қалыптастырып, дамыттты. Соңғы уақытта одан әрі өзгеру процесін едәуір жандандырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзі басқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (NSOD) өз қызметін бастағаннан бері жаңа саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды құру және жүзеге асыру процестерінде шешуші рөл атқарды. Кеңес алаңында мемлекет өкілдері мен жұртшылық арасында ел дамуының түрлі мәселелері бойынша байыпты пікір алмасу жүріп жатыр. 2020 жылы 25 мамырда  Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңына толықтырулар енгізілді. Партияның сайлау тізімдерінде әйелдер мен 18-28 жас аралығындағы жастарға 30% квота белгіленді. Осыған ұқсас түзетулер "Саяси партиялар туралы" ҚР Заңына да енгізілді. Бұл өзгеріс 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау барысында іс жүзінде қолданысқа енді. 2020 жылы «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар саяси партияларды құруға тіркеуді 40 мың адамнан 20 мың адамға дейін азайтты. Қазақстан заңнамасында Парламенттік оппозиция институты әлемнің озық елдеріндегідей көрініс тапты.

Бұл ретте ҚР Парламенті Мәжілісінде ұсынылған оппозициялық партия өкілдеріне палатаның Тұрақты комитетінің төрағасы және екі хатшысы лауазымдарына сайлануға мүмкіндік беріледі. Олар сондай-ақ бір сессия ішінде парламенттік тыңдаулар өткізуге бастамашылық жасауға және үкіметтік сағаттардың күн тәртібін сәйкесінше кемінде бір не болмаса екі рет анықтауға құқылы. Парламенттік оппозиция мәртебесін заң шығарушы органның төменгі палатасында тиісінше "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясы мен Қазақстан Халық партиясы алды.

Осылайша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бастамалары елдің саяси жүйесін, саяси партиялардың жұмысын дамыта бастады, бұл қазақстандық қоғам мен мемлекет өмірінің түрлі салаларына жаңа өзгерістер әкелді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Қазақстандағы басты реформалардың бірі – саяси жаңғыру. Бұл модернизацияның негізгі қағидасы – жалпыұлттық диалог пен келісімге сүйене отырып, барлық өзгерістерді эволюциялық жолмен жүзеге асыру. Өткен жылғы саяси реформалардың бірінші бөлігі партияларға жаңа мүмкіндіктер беріп, елдің демократиялық дамуына серпін берді. Өткен сайлау саяси бәсекелестіктің артуына оң әсер етті. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек»,- деген болатын.

Президенттің реформалары елді одан әрі дамыту, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету және билік пен қоғамның тұрақты диалогы арқылы қоғамдық келісімді нығайту, сайлау, саяси партиялар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық келісімді дамыту жөніндегі шаралар мүдделерінде саяси және өзге де өзгерістерді жүргізудің өзектілігі мен маңыздылығын көрсететін ауқымдылығымен ерекшеленеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534