Сенбі, 23 Қараша 2024
1755 0 пікір 10 Қыркүйек, 2022 сағат 18:00

Уақыт қажеттілігі: Ұлтқа қызмет еткен Ұлттық кеңес

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылы құрылған уақытанан бастап жемісті қызмет атқарып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын бұл ұйым құрамына қоғам қайраткерлерін, мемлекеттік орган өкілдерін, білім беру жіне ғылыми зерттеу саласының өкілдерін, мәдениет қайраткерлерін, бизнес өкілдерін, БАҚ өкілдерін, парламент депутаттарын біріктірген.

Ұлттық кеңестің әрбір төртінші мүшесі қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамайтын белсенді азамат болып келеді. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш президенттік қызметке кірісер кезде халықтың озық ойларын ортаға салып, түйіткілді мәселердің шешімін табатын алаң – Ұлттық қоғамдық сенім  кеңесінің құрылатынын жария еткен болатын. Президент 12 маусымдағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде:  «Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сондықтан мен Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы осы жылдың тамызында өткізіледі. Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті. Оның басты миссиясы осыған саяды. Тек осылай ғана ұлт бірлігі мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға болады. Сондықтан менің сайлауалды тұғырнамамды жүзеге асыру­дың тақырыптық жоспары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсыныстары осы құжатта көрініс табады»,-деді.

Содан бері келелі мәселелердің шешімін тауып, бірнеше басқосулар өткізіп, сан түрлі бастамалар көтеріп, Ұлттық кеңес өкілдері ұсынған ең өміршең деген ұсыныстар нақты реформаларға ұласты. Бүгінге дейін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Оның ішінде Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулылары да, министрліктердің бұйрықтары да бар. Мінекей, осыдан біз Ұлттық кеңестің тиімді жұмыс атқарып отырғанын байқаймыз.

Ұлттық кеңестің негізгі мақсаты да сол – халықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелер бойынша бастамаларды ұсыну, оны дамытып, тұжырымдау. Сондай-ақ тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, сындарлы диалогты қамтамасыз ету де кеңестің негізгі міндеттеріне қосылады.

Халық бірлігі, этносаралық және кон­фес­сия­ара­лық татулық, қоғамдық келі­сім – мұның бәрі қашанда іркіліссіз ілгерілеудің алғашарты болған. Осы құндылықтарды назарында ұстап, бітімгер еліміз қандай дау туса да, сабырлықпен, даналықпен, дабыраға айналдырмай шешімін тауып, араздасқан ағайынды татуластырып отырған. Сөздің дәлелі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел ішіндегі бетке ұстар азаматтардың басын біріктіріп осы Ұлттық кеңесті құрғанын айта  аламыз. Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңе­сі де өз нәтижесін көрсетіп, халық пен билік арасындағы көпірге айнала білді.

Ұлттық кеңес құру идеясын Президент жариялаған кезде бұл қоғамда оң көзқарасқа ие болды.

«Президент Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл елімізде азаматтық қоғамды дамыту жолында жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, біртұтас ел болып қалу - біздің басты бағдарымыз. Жұдырықтай жұмылып, қоғамның барлық өкілдерін, соның ішінде жастарды да диалогқа шақырып, бірігіп әрекет етсек қана көздеген мақсаттарымызға қол жеткізетініміз анық. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық қоғамның дамуына тың беріп қана қоймай, жаңғыру мен реформалардың тың өзегіне де айналады деп ойлаймыз. Миллиондаған қазақстандықтардың пікір мен көзқарасын білдіретін демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы осындай маңызды кезеңде Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Президентіміздің еліміздің алдына қойып отырған мақсаттарына жетуімізге өзінің лайықты үлесін қосады деп сенеміз», - деген еді Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан ӘМІРТАЙ Ұлттық кеңестің халық пен билік арасын байланыстырар көпір боларына сенім білдірген.

«Бүгінде халық пен билік арасындағы байланыс жоғалды. Ал соны қайта қалыпқа келтіруге Прези­дент қаулысымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің айтарлықтай маңызы болмақ. Сондықтан осы қоғамдық кеңес мүшелері халық пен билік арасында көпір болып, бір-бірімізді қолдап, бір-біріміздің жұмыс жасауымызға көмектесуіміз керек. Қоғамда орын алып жатқан күрмеулі мәселелердің бәрін билікке жеткізу – біздің міндетімізге айналмақ. Ал оның шешімін табу, жұмыстың нәтижелілігін көрсету – биліктің құзырында. Бірлескен жұмыстың нәтижелі боларына үлкен сенім артып отырғандардың бірімін. Қоғамдық кеңеске мүше болған азаматтардың тізі­мі­не үңілсек, бәрі де ел үшін қызмет етіп жүрген азаматтар. Қоғамда өз орнын тапқан азаматтар араласқан ортада шаруаның шатқаяқтамайтынына сенеміз»,-деді ол.

Ұлттық кеңестің былтыр қарашада өткен соңғы алтыншы отырысында кеңес жұмысына баға берілді. Отырысты өзі ашқан Мемлекет басшысы мемлекеттігімізді нығайтатын, әлеуетімізді арттыратын ұсыныстарды ғана жүзеге асырған дұрыс екенін атап өтті.

« Біз осы тарихи белеске мықты мемлекет және біртұтас ұлт ретінде жетіп отырмыз. Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасуда. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосуда. Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Кеңес екі жылдың ішінде еліміздегі көптеген оң өзгеріске жол ашты. Болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды. Игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық ставкасы артты. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды, – деді Президент.

Сонымен қатар, зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін баспана алуға пайдалану ұлттық кеңесте көтеріліп, халық арасында кең таралған шешімдердің бірі болатын. Бұл туралы да Ел басшысы атап өтті.

«Осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілді. Оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсауға болады. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты»,-деді Президент.

Ұлттық кеңесте жұртты толғандырған мәселелер көтерілгеннің арқасында біраз шаруаның басы қайрылды. Былтыр алғаш рет көп балалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранттары берілді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе көбейді. Бүгінде бір баланың басына 730 мың теңгеден тиеді.

Атқарылған жұмыстар өте ауқымды болды. 2021 жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді. Қазақстандық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізу қамтамасыз етілді. 673 қазақстандық білім беру ресурстарына«Bilim» мобильді операторларының тарифтік жоспары мерзімсіз түрде ұзартылды.

Елімізде медицина мамандықтары бойынша білім алатын студенттердің шәкірақы көлемі 26 мың теңгеден 50 мың теңгеге көбейді. Ерекше білім алуды қажетсінетін балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру бойынша нормалар заңнамалық деңгейде бекітілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру қызметін көрсету саласында жаңа тәсілдемелер әзірленді және бекітілді, сонымен қатар, бала өмірге келген сәттен бастап проактивті форматта мемлекеттік қызметтерді көрсетуді көздейтін, мүмкіндігі шектеулі баланың және оның отбасының бірыңғай даму жоспары бекітілді. «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» inva.gov.kz ақпараттық порталында өңірлер бойынша объектілердің қолжетімділік картасы жұмыс істей бастады. Оған 35491 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі кірген. 2021 жылдың 15 қазанынан бастап 6 облыста: Астана, Алматы қалаларында, Ақмола, Қарағанды, Батыс-Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында мүгедектікті анықтау бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ішкі қайта бөлу есебінен әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің штаттық саны бекітілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелер 129 бірлікке нығайтылып, 248 бірлікке дейін жетті,ал, балаларды қорғау жөніндегі бөлімшелер 448 бірлікке нығайтылып, 1150 бірлікке дейін артты. Әйелдер мен балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарды тергеу бөлімшелерінде әйел тергеушілерді мамандандыру енгізілді және барлық аумақтық полиция департаменттерінде Тұрақты жұмыс істейтін жедел тергеу топтары құрылды. Пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызмет орындарында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел тергеу бөлімшелерінде Жаппай бейнебақылауды енгізу жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары бекітілді. Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы заң қабылданды. Жер реформасы бойынша комиссия құрылды және өз жұмысын аяқтады, оның жұмысының қорытындысы бойынша 2021 жылғы 30 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көрсетілген жер заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар жүйелі ұсынымдар әзірленді.

Қарап отырсақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қоғамдағы шиеленіскен мәселелерді шешуде атқарған еңбегі орасан зор. Бұл тек кеңестің құрылғанына үш жыл толар-толмас уақытта тындырған шаруасы. Ендеше болашақта Ұлттық кеңестің ғұмыры ұзақ болса, халық игілігі үшін қылар қызметі де таусылмайды деп сеніммен айта аламыз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5531