Жұма, 29 Наурыз 2024
Ой түрткі 2600 6 пікір 17 Қазан, 2022 сағат 14:26

Назарбаевтен қалған Саммит

Өткен аптада Астанада қатарынан үш саммит өтті. Азия мемлекеттерінің өзара іс-қимыл әрі сенім шаралары кеңесінің 6-шы басқосуы, Тәуелсіз елдер достастығы басшылары кеңесінің кезекті отырысы, сондай-ақ Орталық Азия мен Ресей басшыларының талқы жиыны болды.

Тілі, ділі бөлек өзге Азия елдерін айтпағанда, кезінде кеңестің құрамында болған тілі мен діні жақын Орталық Азия елдерінің арасында алауыздық шешілмей отырғанда ашық диалог құратын мұндай саяси алаңның болуы құптарлық құбылыс екені түсінікті.

Журналистердің тұңғыш президентті еске түсіретін саяси саммиттерді – қазіргі президент сайлауында көш басында дара шауып тұрған кәнігі дипломат Тоқаевтың сыртқы саясаттағы кезекті жеңісі деп алақайлауының себебі сол.

Қоғамдық, саяси қозғалыстардың жұртты аузына қаратқан тізгін ұстар жетекшісі болатыны сияқты өңірлердің де азулы көшбасшысы болатыны белгілі. Азияда Қытайдың екпініне шыдас беретін қарсылас кемде кем екені жұртқа мәлім. Араб мемлекеттерін Америка мен Еуропа игіліктенетін мұнай өндіруді азайтуға көндіріп, экономикасы қуатты Кореяны коммунист бауыры арқылы қорқытып, келіссөзге мәжбүрлеп, халық саны қарайлас Үндістанды АҚШ пен Ресейдің арасында сандалтып, ұйғырларға жалғыз жақтас болып келген мақтаулы Ердоғанның үнін шығармай отыр. Өзін бұрынғы кеңес құрамында болған республикалардың бағдаршысы, аймақ алпауыты санайтын Ресейді де юанымен қызықтырып, жетім баладай өзіне телмеңдетіп қойды. Президент Тоқаевтың аузынан шыққан Азияның жаңа ғасырдағы көшбасшылық орны туралы сөздің де Қытай басшысының үйреншікті ұранына айналғанын айта кетуіміз керек.

Енді саммиттердің «Жаңа Қазақстанды» армандап отырған жұрт арасында тудырған әсеріне, пікір таластарға тоқталсақ. Саммиттердің бүгін ғана өтіп отырмағаны, тұңғыш президент заманынан келе жатқаны мәлім. АӨСШК-нің Назарбаевтың бастамасымен өмірге келгені әлем ақпаратында да айтылады. Бұл идеяны ұсынған 1992 жыл – Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламентке өз аяғымен келіп баяндама жасайтын, Ата Заңды өзгертуді қолға алмаған, бір ауыз сөзбен айтқанда «бұзылмаған» кезі еді. Нәкең халықаралық бастамаларын, қимылдарын одан кейін де үдетпесе, азайтқан жоқ. Саяси тойларда дүниеге келген Саммитбек пен Азияда соның айғағы. Назарбаев дәстүрінің сайлау кезінде қайталануы қоғамның саяси жаңармағанын, оның саяси технологиясының әлі де әлеуметке ықпал күші бар екенін көрсетсе керек. «Саммитке келген Лукашенко мен Путин Назарбаевтың үйінде қонақта болыпты», «Тоқаевқе тұңғыш президентті саяси жиналыстарға көбірек тартуға кеңес беріпті» деген қауесеттердің желдей есуі де соның әсерінен.

Қорыта айтқанда қатырынан өткен үш саммит Тоқаевтың ел арасында жақсы жақтан  қалыптасқан дипломат имиджін көтеруге жақсы жүріс болғанымен, орыс тілі жайындағы бастамасы кері әсер етті. Путинге егемен республикаларға кеңес кезіндегідей мәміле жасауды қоюды ескерткен әріптесі – Тәжікстан президенті Рахмоновтың пікірімен де отаспады. Ақорда кеңесшілері «300 миллион адам сөйлейді», «Бірікен Ұлттар Ұйымында тұрақты қолданылатын тіл» деп мақтауын асырған Ресейдің мемлекеттік тілінің қамын жеп, тосын бастама көтеруі, әлем тыныштығын шайқап, геосаяси жағдайды қасақана қиындатып отырған Путиннің шашбауын көтеруі Жаңа Қазақстан үшін қажетсіз еді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564