Дауыл алдындағы тыныштық
Соңғы аптада Украина соғысы біршама позициялық негізге өтті. Оған екі жақтың да ірі шайқастарға дайындалып жатқаны әсер етуде. Украинаға Батыс серіктестері "Рамштайн-5" пен "Рамштайн-6" кездесулерінде уәде еткен қаруларды жеткізуде.
Украина аумағына зымыран соққыларын жиілеткен Ресей Киевке НАТО елдері тарапынан әуе және зымыран кешенінен қорғау жүйелерін жылдам арада беруге мәжбүрлеуде. Зымыранға қарсы жүйелер Украинаның ірі қалаларын қорғамақ. АҚШ уәде еткен NASAMS жүйесі қазан айының соңына дейін келіп жететіні белгілі болды. Ал Германия Киевке алғашқы IRIS-T қорғаныс жүйесін жеткізді. Ол бүгінгі таңда елдің оңтүстігін қорғауға жіберілгені айтылуда, мамандар Одесса қаласын зымыран шабуылынан қорғайтын болады деген пікір айтуда.
Соған қарамастан Ресей қорғаныс министрлігі Украина аумағына зымыранмен және камикадзе дрондармен шабуыл жасауды үдетуде. Шойгудың басты мақсаты маңызды азаматтық инфрақұрылым жүйелеріне соққы жасап, жарық пен сусыз қалған қарапайым халық арқылы Киевке деген писхологиялық қысымды күшейту. Алайда бұл әдістері кері эффект беріп, қоғамды ұйыстыру процесстерін жылдамдатып жатқандай.
Ресей Ираннан алған камикадзе дрондарын қолдануды арттырып, күніне ондаған шабуыл ұйымдастыруда. Бұл Зеленский офисі мәлімдеген ақпаратқа сай келетіндей. Зеленский офисі бір апта бұрын "Ресей Ираннан 2400 дана камикадзе дронын сатып алуға тапсырыс берді" деп барлау қызметтеріне сілтеме жасай отырып мәлімдеген болатын. Күні кеше ғана "Иран Ресейге зымыран беруі мүмкін" деген ақпарат шықты. The Washington Post-тың жазуынша Иран Ресейге зымыран кешендерін бермек. Олар "Fateh-110" зымыраны (300 шақырымға жетеді), "Zolfaghar" зымыраны (700 шақырымға жетеді). Тегеран мен Мәскеу бұл ақпаратты әрине жоққа шығарды, осыған дейін екі ел камикадзе дрондарын да жоққа шығарған еді.
Мәскеу Беларусь билігіне де қысымды арттырды. Сегіз айға жуық амалын тауып, соғыстан қашып жүрген Лукашенко енді бұл соғыстың тікелей қатысушысы болуы ықтимал. Уақыт созып келген Беларусь басшысында енді уақыт жоқ сияқты. Беларусь жеріне Ресейдің 9 мың жауынгері мен шабуылдаушы ұшақтары келе бастады. Бұл "Одақтас ел" жобасы аясында іске асып жатыр дейді Лукашенко. Минск өз әскери қоймасындағы қаруларын, ескі-құсқы техникаларын сүйреп шығып, Мәскеуге беруге келісті. Осылайша Ресей Украинаға шабуылды үдетуді көздеп отыр.
Ал қазіргі жағдайды дауыл алдындағы тыныштық десек болады. Украина Батыстық әскери техниканы, қаруды алуда. Ұлыбританияда әскери жаттығудан өтіп, тәжірибе жинаған 10 мың украин сарбазы еліне оралды. Бұл жақын арада Украина әскері бірнеше бағытта шабуылға шығады дегенді білдіреді. Ал Ресей мобилизацияланғандардың жаппай фронтқа келуін күтуде. Сонымен бірге Ираннан зымырандар алып, солтүстік бағытта Беларусь аумағын арқылы да соққы жасауды ойластыруда. Бұл дауыл алдындағы тыныштық.
Abai.kz