Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 2986 5 пікір 19 Қазан, 2022 сағат 13:45

Абай облысы: Қарызға батқан ұстаздар қайтпек?

Облысымыз ашылды деп тақия мен тымақты аспанға аттық. Бірақ, шешуі күрделі мәселелер алқымымыздан алуда. Семейлік қоғам белсендісі, ақын, драматург әм аудармашы Мұрат Рақымжан әлеуметтік желдегі өзінің парақшасында үлкен проблема көтерді. Енді соған кезек берелік.

«Жаңадан құрылған Абай облысының ұстаздары екі айға жуық жалақысыз жүр. Себебін білмек боп, таныс мұғалімдерімізді әңгімеге тартып көрдік. Олардың біразы тамыз айынан бері жалақы алғанымыз жоқ десе, кейбір мектептерде қыркүйек айында аз-маз аванс берілген көрінеді. «Бұл аймақтарды бөлу және білім беру ұйымдарын қайта тіркеумен байланысты уақытша мәселе», - дейді өздері.

Деуін деп алып: «Екі айдан бері су мен жарықтың ақшасы төленбеді. Суды қойшы, тасып ішерміз. Жарықты қиып тастаса жағдайымыз қиын. Несиеміздің де пениесі өсіп жатыр», - деп уайым қылады.

Уайымы көп ұстаздан, ұлағат күту қиын. Шәкірттерге жаным ашиды. Бүгін таңертең «Абай облысының ұстаздары мен бюджеттік мекеме қызметкерлері екі айдан бері жалақысыз жұмыс істеп жүр», деген мәселені көтерген едім. Жазбам парақшамда қалай жарияланды, солай мессенджеріме хаттар жаңбырша жауды.

Көбісі ұстаздар қауымы мен бюджеттік мекеме қызметкерлері. Олардың кейбірі: «Көкейде жүрген мәселені көтердіңіз!», - деп алғыстарын айтса, кейбірі: «Екі айдан бері несиеміз төленген жоқ, пениесі өсіп жатыр», - деп алаңдаулы.

Жаңа оқу жылы басталғалы шәкіртақыларын ала алмай жүргендерін айтып шағымданған студенттер де баршылық.

«Хат-сауаттарыңыз бар ғой. Осыны жазып, құқықтарыңызды неге қорғамайсыздар?», - десем, бәрі қырық сылтау айтып сытылып әлек. «Тым болмаса, менің жазбамның астына коммент қып жазыңыздар?», - десем де ат-тондарын ала қашады.

Жасамыстар жағы: «Жеп отырған нанымыздан айрылып қаламыз ғой», - десе, жастар жағы: «Оқудан қуылып кетеміз», - деп қорқады.

«Оу, айналайындар-ау, жалақы мен шәкіртақы маған емес, сіздерге керек қой. Сіздер үшін жазып, жаманатты болып отырмын ғой», - десем, құлақ асатын түрлері көрінбейді.

Тіпті, қанша жерден оптимистпін деген менің өзім де: «Апыр-ай, қандай қоғамда өмір сүріп отырмыз?», - деген күмәнға қалдым.

Отыз жылдық тоталитарлық жүйе жұртшылықты ұдайы үрейде ұстап, көлеңкесінен қорқатын сужүрек қып қойғанына көзім жетті.

Иә, үрей билеген елдің болашағы бұлыңғыр.

Обалы кәне, әуелі Абай облысы Білім басқармасының қызметкерлері жазбамның астына коммент қалдырып, түсініктеме берді. Оның ізін ала, облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Нығметоллаұлы Ахметқалиев мырзаның өзі қоңырау шалып: «Мұғалімдер мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің алды кешеден бері жалақысын ала бастағанын, ал студенттерге де бүгін-ертең шәкіртақылары толық төленіп, есеп айырысатындарын» айтып мән-жайды өз аузымен түсіндірді.

«Төлейсіздер ғой. Табан ақы, маңдай терлері, төлемегенде қайда барасыздар?!

Енді еңбек ақылары кешіктіріліп берілгені үшін мұғалімдерге өтемақы төлене ме?», -десем: «Ол жағы қарастырылмаған», - дейді. «Олай болса, банктерге пеня қоспау жағын қарастыруға ықпал етіңіздер!» деген ұсынысым «жауапсыз» қалды.

Мен өз тарапымнан «Өтемақы немесе пеня мәселесін аяқсыз қалдырмайтынымды» ескерттім. Сөйтіп, Нұржан Нығметоллаұлы мырзамен «жылы қоштастық».

Енді осындағы Ләззат Ақтанова бастаған юрист достарымнан осы жағынан (өтемақы мен пение қоспау) кеңес күтемін!» деп ойын түйіндейді Мұрат мырза.

Сіздер бұған не дейсіздер, билік ұстаздар мен бюджеттегілердің жан айқайын шешіп бере ала ма? Қарызға батқан ағайынға, жеңілдік жасала ма?..

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475