Жұма, 20 Қыркүйек 2024
46 - сөз 2943 7 пікір 19 Қазан, 2022 сағат 14:31

Қазақстан қалалары қалай дамуда?

Қазақстанда үш миллионер қала бар — Алматы, Астана, Шымкент.
Бұл қалалардың саны миллионнан асты.
Алматы 3 миллионға жуықтап қалды.

Бұл қарқынмен 10 - 15 жылдың көлемінде Алматы 5 млн халық тұратын мегаполиске айналатын секілді. Ол Орта Азиядағы ең ірі қала болуы мүмкін.
Әйтеуір сырттан келгеннің бәрі осы қалаға ағылады.

Оралманымыз да, мигрант та, сыртқы шетелдік де осы қалаға құмар.
Алматының ауа райы жылы, табиғаты әсем. Халқы көп болғасын оның нарығы да зор, сонша халық тамақ жейді, киім киеді, сұранысы үлкен дегендей...

Сәйкесінше бұл шаһар орта және шағын кәсіппен өзін өзі асырай алады. Бұ жерде екі қолға бір күрек жұмыс та табылады.

Бір кезде "Алматы астаналық статусынан айырылғасын тозып кетеді" деген адамдар қатты қателескен екен.

Жалпы адамзат баласы халқы көп, жағдайы жақсы, климаты қолайлы жерлерге өздері тартылып тұрады.

Ол жерлерге ешқандай статустың да қажеті жоқ. Миллиондаған тұрғындар бір жерге жиналса, адамдар ол жерге жағдайды өздері ақ жасап алады. Саудасын да жүргізеді, өзгесін де өндіреді, тамағын да шығарады, көршісіне сатады, қалаға сатады...

Мәселен, Америкадағы Нью Йорк, Чикаго, Лос Анжелес сияқты қалалар жәй бір аудан, округ орталықтары ғана еді. Ол қалалар өз табиғи жолымен қала болып қалыптасқан жерлер еді негізі. АҚШ тың штаттарындағы әкімшілік орталықтарының көбі беймәлім шағын қалалар боп келеді. Былайғы жұрт тіпті Нью Йорк штатының орталығының қандай қала екенін білмейді. Мен де білмейді екенмін.

Шын мәнісінде, Нью Йорк дегеніміз біздің статус бойынша Атбасар, Детройт - Шалқар, Лос Анжелес - Құлсары, Чикаго - Кегенге тең.

Кезінде Американы Америка қылған осы мегаполистері еді. Сол қалалардағы миллиондаған тұрғын, өндіріс орталықтары, үлкен нарық сұранысы, қаржы орталықтары, құрылыс орындары қазіргі Американы әлем экономикасының даму орталығына айналдырды. Өздері де дамыды, өзгеге де ықпал жасады.
Жапырлатып облыс орталығын ашып қаланы қолдан көркейту дегеніміз совоктан қалған дүние болу керек. Мемлекеттің бұндай экономикалық даму құрылымынан біз әзірше құтылмайтын сияқтымыз. Халқымыз да, басшымыз да облыс орталығы болуға, ашуға құмар, сұрап жүріп болғысы келеді.

Бір айтарым, Қазақстанда 4 - 5 миллионер мегаполис болса, бұл қалалардың ел экономикасына ықпалы зор болмақ деген ойдамын. Әсіресе бізге батыс өңірден бір миллионер қала керек. Оның бірегейі Ақтөбе қаласы боп тұр.
Ақтөбе мен Қарағандыны 500 мың халық мекендейді.

Қалған қалаларымызда халық саны 200.- 300 мыңнан аспайды.
Келесі миллионер қаланың кандидаттары меніңше осы екі қала.
Совоктың әдіс - тәсілімен осы екі қаланы қолдан көтеріп жіберсекші деген де ой келеді бұ жерде..

Ақтөбенің батыс өңірдің орталығына айналғанын жан тәніммен қалаймын.
Қарағандының да өскенін тілеймін.

Мемлекет сыртқы - ішкі көшті реттеп, Алматыны соза бергенше осы екі қалаға квота бөліп сырттан көшіп келемін деген ағайындарды, басқа да келгіштерді мемлекет квотасымен осы екі қалаға бұрып жіберсе деген де бір ойым бар.

Бес ірі миллионер қаласы бар мемлекет дегеніңіз кәдімгідей ауыз толтырып айтатын үлкен мемлекет қой. Бұндай мемлекет өз ішкі әжептәуір экономикалық саясатын жүргізе алатын үлкен нарығы бар мемлекет. Сондықтан бұл жерде ойлану керек... Жоспар құру керек.
Қысқасы, ендігі біздің меже осы - Ақтөбе мен Қарағанды.

Олжас Әбіл

Abai.kz

7 пікір