Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 2749 7 пікір 23 Қазан, 2022 сағат 14:31

Тоқаевқа хат: Соттың әділ болуын сұраймыз!

Есім-сойлары елімізге белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет майталмандары экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ісін тергеуді бақылауға алуды сұрап, Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады.  Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұраған хаттың мәтіні Abai.kz порталының редакциясына да жолданыпты.      


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
    ПРЕЗИДЕНТІ Қ. К. ТОҚАЕВҚА

ҚҰРМЕТТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ!

Сіз көтерген «Жаңа Қазақстан» идеясы ауқымды реформалар мен оң өзгерістерге негіз салып, тың мүмкіндіктер мен заманауи үрдістерге жол ашты. Жарқын болашақ құрудағы жасампаз жоспарлар мен кешенді бағдарламалар айқындалды.

Әділетті мемлекет құру кезеңіндегі Қазақстанның бүгінгі жағдайында Сіздің халыққа арнаған Жолдауыңыздың тарихи маңызы өзгеше. Оны «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген аты да анықтап тұр. Осы киелі үш ұғым – күллі халықтың көкейіндегі ойы екені рас! Ел алдында тағы бір үлкен сындарлы сынақ тұр. Бұл жолғы Президент сайлауына халық айрықша белсенділікпен қатысуға ниет етіп отыр. Сара жол мен дара жолды айшықтап берген Сіз үшін дауыс беріп, сенім білдіретінімізді айта отырып,   бірқатар мәдениет және өнер қайраткерлері атынан Өзіңізден араша сұрап, хат жолдауды жөн көрдік. Өзіңізге мәлім, еліміздің Мәдениет және спорт саласын басқарған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі бойынша тергелу үстінде.  БҰЛ ІС – БІЗДІ, ЯҒНИ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІН ҚАТТЫ АЛАҢДАТАДЫ.

Жастайынан өнер мен білімге құштар болып,  еңбекқорлығымен танылған Арыстанбек  қазақ халқының өнері мен мәдениеті үшін ерен еңбек сіңірген ұлтжанды тұлға.

Қарапайым отбасында өмірге келіп, өз күшімен биікке көтерілген ол қаншама дарынды жастарды қолдап, қамқорлық көрсетті.

Ол – өнердің дамуын қалады, мәдениет көшінің алға жылжуын мақсат етті, тарихтың тынысын ашып, болашақ еншісіне ұлы мұралар аманатын қалдыруды армандады. Өнердің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, спорттың дамуына да ерекше ден қойды.

Ол – мәдениет пен спортты басқарған жылдары қазақ елінің қоржынын жеміс пен жеңіске толтырды. Өзі де спортты жанына серік етті. Көпке үлгі болуға тырысты және ол қасиетін асыра дәлелдеді де.

Арыстанбек Мұхамедиұлының басқа игі істерінен бөлек, оның тікелей бастамасымен Қазақстан тарихында алғаш рет «Кинематография туралы», «Тарихи, мәдени мұраларды сақтау туралы» заңдар қабылданды. Әр жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтіп жатқан «Ұлттық домбыра» күні де - Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей қолтаңбасы.

ҰЛТЫМ, ЖҰРТЫМ, ӨНЕРІМ ДЕП ІШКЕН АСЫН ЖЕРГЕ ҚОЙҒАН АЗАМАТТАН ЕЛДІҢ ҚАРЖЫСЫНА ҚОЛ САЛАТЫН АРСЫЗ ҚЫЛЫҚ ШЫҚПАЙТЫНЫНА ҚАРТ ЖҮРЕГІМІЗ СЕНІМДІ.

Ол – парасатты отбасының перзенті, қанағатшыл ата-ананың ұлы, еңбегі мен өнеріне риясыз ақ батамызды берген біздің шәкіртіміз, елдің баласы.

Өз жолымен келе жатқан азаматына жасалған жала қайта түзеліп, шындықтың беті ашылып, жақсылықтың жылы таңы атарына  сенгіміз келеді.

ЖАЗА – ЖАЛАНЫҢ ЕМЕС, ШЫНДЫҚТЫҢ КЕСІМІ БОЛУЫ ТИІС!

Біздің де Сізден сұрарымыз шынайылық пен адалдық қана. Көз алдымызда өсіп, елімізге ерен еңбек етіп, қашанда жан-жақтылық пен ізденімпаздықты көксеген азаматтар Жаңа Қазақстан үшін де маңызды.

Бұл ретте, елдің рухани байлығын, болашағын ойлап, министр дәрежесіне көтерілсе де қарапайымдылығынан танбаған А. Мұхамедиұлының ісіне бұрмалаушылықпен қиянат жасамай туралық танытуға, әділдік пен шындыққа тіке қарауға ықпал етуіңізді сұраймыз.

Қазақ халқының ұлттық сипатын ерекшелейтін халықаралық бірегей бағыттағы нақты бағдарламасы бар.

НЕГЕ ЕЛ РУХЫН АСҚАҚТАТАТЫН АЙРЫҚША ЖОСПАРЛАРҒА ЖОЛ БЕРМЕЙ, ЕЛ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ІСТЕУГЕ ТОСҚАУЫЛ БОЛЫП, ТАС ҚАМАЛДА ҰСТАУЫМЫЗ КЕРЕК?

Арыстанбек Мұхамедиұлының сот алдындағы ісі әділ шешімін тауып, кінәсіздігі дәлелденуін талап етеміз!

Соттың әділ болуын сұраймыз!

ҚҰРМЕТТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ!

Өзіңіз айтқандай,  біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырған бастамаңызды толықтай қолдаймыз! Расында да бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел болатынымыз анық!


ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғарғы наградасы «Леон Бернард» атындағы медальдің иегері, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақ Тағамтану академиясының президенті, Ресей ғылым академиясының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор;

БИБІГҮЛ ТӨЛЕГЕНОВА

КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;

СӘБИТ ДОСАНОВ

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург, сыншы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі;

МҰХТАР ШАХАНОВ

Қазақстанның халық жазушысы, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны»;  

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ

Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері»;

ПЕРНЕБЕК МОМЫНОВ

Музыка зерттеушісі, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты;

ДАРИҒА ТҰРАНҚҰЛОВА

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызыметкері;

АМАН ҚҰЛБАЕВ

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты;

ГҮЛДАНА САПАРҒАЛИЕВА

 Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жеке ән орындау кафедрасының профөссоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;

ДӘЛЕЛ УӘШ

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Халықаралық конкурстардың лауреаты

ДАРИКО ХАСАНҒАЛИЕВА

«Шапағат медалінің иегерлері», «Құрмет орденінің иегерлері», КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі;

ХАСЕН СМАГУЛОВ

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395