Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5748 0 пікір 5 Ақпан, 2013 сағат 08:34

Жемісбек Толымбеков. «Бөрібай» немесе Матай көтерілісі

1916 жылғы ақ патшаның «июнь» жарлығына қарсы қазақ жеріндегі көтерілістер туралы толық айтылғаны шамалы. Әсіресе матай, садыр, қаракерей еліндегі 1916 жылғы көтерілістер туралы баспа беттерінде жазылмайды. Негізі дерек көздерінің ұмыт қалып, жоқтығына тіреледі. 1916 жылғы Жетісудағы көтерілістер туралы Ілияс Жансүгіров «Жетісу: 1730-1916» кітабында құнды деректер береді. Онда матай, қаптағай елінен Қапал өлкесінде Толқынұлы Нұрлан, Тәнекеұлы Қожабек, Көлдей, Қиял ақсақалдар, Жолбарыссоққан, Арал, төмен құмда матай-кенжеден Мырзағұлұлы Телібай, Телібайдың інісі Дәулетбек, Шөмшетайұлы Бекетбай ақын - агитатор, Жақия, Бимолда, аталық-қайнардан Терлікбайұлы Смағұл қажы бастаған көтерісшілер шығып, оларды арнайы отряд келіп басып, Сарметенде аяқ-қолдарына кісен салып, 150 адамды жаяу айдап, Қапалдағы түрмеге қамаған деп нақты келтіреді. Қинап-тергеп, ақыры олардың көбі 1917 жылғы амнистиямен босатылады. Сондай көтерілістерді садыр елінде Мейірман мен Мұхамеди қажы, қаракерейде Балтабек қажы бастапты. Аталған ерлердің қайсар-қайрат істері тарихтан әлі орын алмай келеді. Ұрпақтар қаһармандарды дәріптемек түгіл, елі мен жерінде сондай көтерілістер болғанын да білмейді. Оқығандары Торғайдағы Амангелді Иманов пен Жетісудағы Бекболат Әшекеевтің көтерілістері, яки «Амангелді» киносы мен «Батыр бала Бекболат» шығармасы.

1916 жылғы ақ патшаның «июнь» жарлығына қарсы қазақ жеріндегі көтерілістер туралы толық айтылғаны шамалы. Әсіресе матай, садыр, қаракерей еліндегі 1916 жылғы көтерілістер туралы баспа беттерінде жазылмайды. Негізі дерек көздерінің ұмыт қалып, жоқтығына тіреледі. 1916 жылғы Жетісудағы көтерілістер туралы Ілияс Жансүгіров «Жетісу: 1730-1916» кітабында құнды деректер береді. Онда матай, қаптағай елінен Қапал өлкесінде Толқынұлы Нұрлан, Тәнекеұлы Қожабек, Көлдей, Қиял ақсақалдар, Жолбарыссоққан, Арал, төмен құмда матай-кенжеден Мырзағұлұлы Телібай, Телібайдың інісі Дәулетбек, Шөмшетайұлы Бекетбай ақын - агитатор, Жақия, Бимолда, аталық-қайнардан Терлікбайұлы Смағұл қажы бастаған көтерісшілер шығып, оларды арнайы отряд келіп басып, Сарметенде аяқ-қолдарына кісен салып, 150 адамды жаяу айдап, Қапалдағы түрмеге қамаған деп нақты келтіреді. Қинап-тергеп, ақыры олардың көбі 1917 жылғы амнистиямен босатылады. Сондай көтерілістерді садыр елінде Мейірман мен Мұхамеди қажы, қаракерейде Балтабек қажы бастапты. Аталған ерлердің қайсар-қайрат істері тарихтан әлі орын алмай келеді. Ұрпақтар қаһармандарды дәріптемек түгіл, елі мен жерінде сондай көтерілістер болғанын да білмейді. Оқығандары Торғайдағы Амангелді Иманов пен Жетісудағы Бекболат Әшекеевтің көтерілістері, яки «Амангелді» киносы мен «Батыр бала Бекболат» шығармасы. Албан елі 1916 жылы ақ патшаның «июнь» жарлығына қарсы Саурықтың Ұзағы, Жәмеңкесі бастап шыққан 19 адамға ұрпаққа ұлықтар істер жасап қойды. Созақ көтерілісі де жабық қалмады. Дәріптелмей қалған матай, садыр, қаракерей елінде өткен көтерілістер.

Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров сол көтерілістерді жазып, тарихта қалдырды. «Жолдастар» романына да енгізді. 1916 жылғы Жетісудағы көтерілістерді басуды генерал Курапаткин мен Фольбаум басқарып, «жергілікті бас көтерген халықты аяусыз қырып-жойыңдар» деген телеграммаларды жан-жаққа аттандырып, қарулы отрядтарды қоса жібертеді. «Көтерілісті басудың бір ғана жолы бар. Бүлік шыққан болыстың өзін де, адамдарын да, тұз түгел аямай қырыңдар» деген бұйрық та беріледі. Капитан фон Брунке бастаған жазалаушы отрядтар құрылып, әскери тергеушілер жұмысы жанданады. Ақыры Қапал-Ақсу өлкесінен ақ патша жарлығымен 1723 адам әскери жұмысқа алынып, қатарында қайраткер Біләл Сүлеев мың басы болып, Белоруссия астанасы Минскіден бірақ шығады. Қаншама боздақтар оралмады. Өлгендер саны тіпті белгісіз. Ең болмаса білгенді дәріптесек. Архив қойнауында дерек көзі бар-ау, ізденбесе кім ашады.

Енді 1930 жылға ойыссақ. Ақсу өңірінде «Бөрібай көтерілісі» болғаны баспа беттерінде тек аталып, дәйек жазылмайды. Бөрібай көтерілісі 1928 жылы, кейде 1930 жылы болған делінеді.  Негізі көтеріліс 1930 жылы өткен. Соны дәлелдеп бағайын. 1928 жылы Ақсу өңірі Бөрібай және Бүйен-Ақсу деген екі ауданға бөлініп, Алматы округі құрамында болады. 1928-1930 жылдарда Ақсу өңірінде, Қазақстан Орталық атқару Комитетінің 1928 жылғы 27 тамыз айындағы «ірі байларды тәркілеу» қаулысына сәйкес, «бай-манап, халық жауы» деген желеумен игі жақсылар мен олардың ұрпақтарын қуғын-сүргінге түсіріп, шетінен ұстап, айдап, мал-мүліктерін тәркілеп, жер аударып, басшы дегендерін 58 баптың екінші тармағымен айыптап, одан ату жазасын қолданыпты. Ақсу өңірінен алғашқылар қатарында Есенқұл Маманов, Мақсұтбек Маманов, Сейдахмет Маманов, Тәңірберген Тұрысбеков, Ауытмұханбет Тұрысбеков, Сареке Қылиев, Бекіш Былшықов, Нүсіпов Үпі қажы үйелмендерімен, барлық малдары мен мүліктері тәркіленіп, тамтығын қалдырмай, барлығын жер аударыпты. Жер аударылғандарға 1929 жылы Сталиннің нұсқауымен еңбекпен түзеу лагерьлері арнайы жоспар бойынша КСРО-да құрылған екен.

Ақсу-Қапал-Сарқан өңірінде халықтың игі жақсы, бас көтерерлерін жаппай ұстап, айдап Ақсу, Ашыбұлақ, Арасан, Сарқан, Қапал түрмелеріне, ат қораны да түрме қылып, апарып қамапты. Мал-мүлікті жаппай тәркілеп, колхоз ұйымына күштеп көндіру әрекеттері, «шаш ал десе бас алған» кеңес шолақ саясатына, оспадарсыз салыққа, озбырлық істерге төзбеген халық 1930 жылы көктем мезгілінде наурыз айының 20-нан бастап көтеріліске ұмтылады. Мақсаттары түрмеге қамалған игі жандарды босатып, кеңестіктер озбырлығына қарсылық білдіру. Көтеріліс «Бөрібай» деп аталған. Себебі: Бөрібай батыр есімі исі матай елінің жоңғарға қарсы тұрған кездегі ұраны болған. «Бөрібай» ұраны шақырылса болды, бүкіл матай елі көтеріліске өре тұрған.

Бөрібай немесе матай елінің көтерілісі үш тарапта өріс алған. Бастауы бөрте мен кенже елінен өрбиді. Алты Асан, бөрте елін Қылиев Бисебай, Қылиев Қалдыбай, Қырбасов Қали, Қырбасов Халит, кенже елін Сарбасов Арнай, Сарбасов Жабықбай, Сарбасов Ғабдолла, Нүсіпов Шатырбай, Шатырбаев Есболат, етектегі аталық-шоқпар елін Қанабеков-Шиырбаев Мұхамедғали, Жидебаев Әбдірахман деген асылдар ұйымдастыра басқарады. Тауда орныққан матайлар етектегі қандастарын қолдап, Қарашоқыда Сырттанов Сардарбек, Батырбаев, Тасыров, Тәнекеев Қожабек, Тәнекеев Солтанбек дегендер бас болып жиын өткізіп, Арасан, Қапал, Сарқанды басып алмаққа ұйымдасады. Матайлардың барлығы бір-бірімен шабармандар арқылы хабарласып, жік шығармай 22 наурыз күні, бір мезетте көтеріліске шыпақшы болады. Ол ойлары іске аспай, 25 наурыз күні тағы бір астыртын келісу жиын өткізіп, көтеріліс 26 наурызға шегіреледі.

Ақсу ауданының 70 жылдығына арналған «Ағынды менің Ақсуым» кітабында: «Матай елінің игі жақсыларын Ақсудағы түрме қамауынан шығару үшін, бөрте елінен бастау алған «Бөрібай көтерілісі» 1930 жылы, 25 наурызда Бүйен-Ақсу ауданында № 3 ауылында жиын өтіп, оспадарсыз азық-түлік салығына, асыра сілтеуге қарсы тұрып, сол ауылдан бастау алды. Қара халық аша, таяқ, балтамен қаруланып келіп, Ақсудағы түрмеден, бастапқыда ұсталған игі, жақсыларды босатып алды. Көтерілген халық бірнеше елді мекендерді басып алып, ұстап тұрды. Ақ-қарасын анықтамай, қызылдар көтеріліске қатысқандарды жазалаған», - делінеді.

Ақсу мекенін Қылиев Бисебай, Сарбасов Арнай басқарған матай елі көтерілісшілері 1930 жылы, 26 наурыз күні басып алады. Қызылдар ондағы қаруларынан айырылады. Қамалған игі жақсылар түрмеден босатылады. Көтерісшілердің саны жүздеп көбейеді. Екіге бөлініп, бір бөлегі Қапалға, бірі Сарқанға қарай бет алады. Бірақ, қаруланған қызылдар отрядтары шығып, көтерілісті жедел басады. Бөрібай көтерілісі туралы тарих мәліметінде: «Бөрібай көтерілісінде НКВД-ның қолынан 68 адам өліп, 517 адам тұтқынға алынды», - делінеді.  Архивтен алынған Тәнекеев Қожабектің тергеу ісінің қорытынды құжатында: «Бұл көтеріліс үш тарапты Ақсу, Сарқан, Қапал бағытына қарасты өткен. Қарашоқыда өткен жиынды Сырттанов Сардарбек, Батырбеков, Тасыров (шабарман) дегендер ұйымдастырған. Олар Арасан, Сарқанды басып алмақ болған. Бөрте елін Сарбасов Арнай, Қылиев Бисебай дегендер қолдап, Ақсуды алған. Қапал бағытын Тәнекенің Қожабегі басқарып, Арасанды алған», - делінеді. Бәріне қарсы қаруланған отрядтар шығып, күдік туғызған жанның барлығы ұсталады. Ұсталғандарға «кеңес өкіметіне қарсы болдыңдар» деген айып тағылып, түрмеге тоғытылады.

Тәнекенің Қожабегі ұсталғанында 75 жаста, оқымысты, білікті, шешен тіл, өнерлі адам болған. Орысша, арабша хат танып, жаза біліпті. Айыптау құжатында: «Тәнекеев Қожабек ат үстінде отырып, қолына ақ ту ұстап, көтерісшілер отрядын басқарған. Халықты кеңес өкіметіне қарсы үгіттеп, кеңес өкіметі құлап, жеңілетінін айтқан. Қапалға шабуыл ұйыдастырған», - делінеді. «Кінәлі емеспін» дегеніне қарамастан Тәнекеев Қожабек, Тәнекеев Солтанбек айыпталып, үштік шешімімен 3.07.1930 жылы ату жазасы Алматыда орындалыпты. Құжатта Қожабекпен бірге 9 адам қоса ұсталғаны  келтірілген. Олардың тағдыры не болғаны белгісіз, әлі жұмбақ қалуда.

Бөрібай көтерілісін ұйымдастырып, басқарғандар түгелдей ұсталып, Сарбасов Арнай, Сарбасов Жабықбай, Сарбасов Ғабдолла, Нүсіпов Шатырбай, Шатырбаев Есболат, Қанабеков-Шиырбаев Мұхамедғали, Жидебаев Әбдірахман, Қылиев Бисебай, Қылиев Қалдыбай, Қырбасов Қали, Қырбасов Халит үштік үкімімен РСФСР заңының 58 бап, ІІ тармағымен барлығына ату жазасы беріліп, орындалғаны туралы «Әділет», Алматы, 8 басылым, 2004 жылы шыққан «Азалы» кітапта берілген. Бөрібай көтерілісі кеңес өкіметі озбырлығына қарсы халықтың соңғы көтерілісінің бірі болды. Кеңестіктер маусым айында көтерілісті басып тынды. Кеңес өкіметі «Наурыз - ұлыс күнін» осы көтерілістен соң 60 жылдан астам халыққа тойлаттырмады.

Азаттық үшін ел қамын жеп, өмірлерін қиған, 1916 және 1930 жылдары көтерілістерді ұйымдастырып, басқарған қастерлі азаматтарды, ең болмағанда Алматы облысы, Ақсу ауданы еске алып, ұрпақтар біліп жүрердей шаралар жасалса. 26 наурыз күнін «Бөрібай немесе Матай елі көтеріліс күні» деп атайтын болса. Өйткені: көптеген адамдар қырылып, атылып, айдалып, тұқым да қалмады. «Еске алар бізді» демекші, кеш те болса игі істер істелсе. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс Жансүгіров айтқанындай, ел атағын ерлері шығарады емес пе.

ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371