Түркия дүние тұрғанша тұрсын!
Бүгін 29-қазанда Түрік Елі өзінің республика болып құрылғанының 99 жылдығын атап өтуде. Біз де бауырлас елді айтулы мерекесімен шын пейілден құттықтаймыз! Кеше Анкарада Реджеп Тайип Ердоған Әділеттілік пен даму партиясының қолдауымен «Түркияға 100 жыл» бағдарламасын жария етті. Бұл үлкен шаралар легін қатитыны анық.
Өз басым 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Мәжіліс залында «Қазақ ССР-інің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң жобасы қабылданып жатқанда сол залда болудың бақыты бұйырған азғантай журналистің бірі едім. Жарты сағат үзілістен кейін кешкі сағат жетілерге таман Президент Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін ең алғаш болып Түркия мемлекеті мойындағанын хабарлады. Бұл біз үшін орасан қуаныш еді! Депутаттар бұл жаңалықты ду қол шапалақтап қарсы алды. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанда оны алғаш таныған елдің президенті Тұрғыт Өзал болатын. Мен содан бері Түркияны екінші Отаным деп санаймын.
Сөйтіп біз Түркияның шын мәнінде туысқан ел екендігін ұғындық. 1992 жылы 2-наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болып қабылданған күні Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Сол тұста, 1992 жылы шаруасы шатқаяқтаған Қазақстан экономикалық құлдырауға тіреліп тұрған. Сонда «жағдайдан шығуға 1 млрд доллар болса қатып кетер еді. Бірақ ешкім танымайтын Қазақстанға оны кім береді?» деп қиналдық.
Тап сол кезде кепіл болып шетелдік банктерден сол 1 млрд доллар қаражат алып берген Түркия болатын. Қазақстан ол қаражатты уәделескен мерзімде қайтарды, сөйтіп Қазақстан халықаралық деңгейде сенімді серіктес бола алатынын дәлелдеді. Қиын шақта бізге қолғабыс жасаған Түркияның сол туысқандық көмегін біз қалай ұмытайық?!
Бүгінде Түркия мен Қазақстан толыққанды әріптестер. Экономикалық, сауда, мәдени байланыстар жылдан жылға тереңдей түсуде. Сауда-саттық көлемін таяу жылдарда 10 млрд долларға жеткізу нысана болып тұр.
Қазақстанға 1992 жылы алғаш келген сапарында бір журналист Тұрғыт Озалдан: «Түркияда қанша қазақ бар?» деп сұраған. Сонда Тұрғыт Озал: «Түркияда мені қосқанда 70 миллион қазақ бар», – деген. Бұл тапқыр жауап қазақтардың көңілін аспандатқан еді. Бұл сөз әлі күнге біздің жадымызда.
Тұрғыт Озалдың сондай-ақ: «Біз мораль мәселесінде – консерватормыз, экономикада – либералмыз, әлеуметтік әділеттілікте – прогресшілміз» дегенін де Түркияның ғажап ұстанымы ретінде бағалаймыз.
Ал өзінің фетр қалпағын демократияның символы санаған Сүлеймен Демирелдің «Менің қалпағым бүгінде маған емес менің халқыма тиесілі» дейтіні, «Кеше дегеніміз – кеше, бүгін дегеніміз – бүгін» дейтін қанатты сөздері де қарапайымдылығымен, өткірлігімен жадыңнан өшпейді.
Қазіргі президент Реджеп Тайып Ердоғанның:
«Біз бауырлас Қазақстанның егемендігін, территориялық тұтастығын, бейбітшілігі мен тұрақтылығын әрдайым қолдаймыз» деген қамқор сөзі де жүрегіміздің төрінде. Менің екінші Отаным, бүгінгі қастерлі мерекелеріңіз құтты болсын! Түрік Елі мәңгі жасасын, дүние тұрғанша тұрсын!
Марат Тоқашбаев
29 қазан, 2022 жыл
Abai.kz