Ішкі істер министрі: "Қылмыс құрбанына айналған заңсыз мигранттарды елден күштеп шығармауға кепілдік береміз"
Қазақстан заңсыз еңбек миграциясын адам саудасынан қорғау үшін арнайы шара қабылдамақшы. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Астанада өтіп жатқан құқықтық форумда айтты.
«Қазақстан қазір көрші елдердің азаматтарына жұмыс орындарын ұсынушы ел болып отыр. Осы еңбек миграциясын заңдастыру қажет. Өйткені адам «көлеңкелі аймақта» қалмауы керек. Әдетте ондай аймақтағы мигрант адам саудасының құрбанына айналады. Себебі өз елімізде заңсыз жолмен жүрген болуы мүмкін. Сондықтан елден шығарып жібереді деп қорыққандықтан арыздана алмайды. Сондықтан біз осындай аспектіні қарастырдық. Егер ондай шетелдік қылмыс құрбаны болса, мемлекет оны күштеп шығармауға кепілдік береді», - деді Ішкі істер министрі.
Сондай-ақ, ол еліміз 60 елмен адам саудасының құрбанына айналған Қазақстан азаматтарына өзара көмек көрсету туралы келісімшартқа қол қойғанын еске салды.
«Бұл мәселеде Қазақстан өзара құқықтық көмек жөніндегі 60-тан астам екіжақты халықаралық келісімшарттың қатысушысы болып есептеледі. Соның аясында бірнеше мемлекетке адам саудасының құрбанына айналған өз азаматтарымызға құқықтық көмек көрсету туралы сұраухат жібере аламыз», - деді Марат Ахметжанов.
Abai.kz