Сенбі, 23 Қараша 2024
Апат 3457 10 пікір 3 Қараша, 2022 сағат 14:01

Митталға адам емес, ақша керек!

Бүгін Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Ленин атындағы шахтасында газ апаты болып, 5 кенші қаза тапты. Тағы төртеуі жарақаттанып, ауруханаға түсті. Әуелі 4 кеншінің қаза тапқаны туралы айтылған, кейін тағы бір жұмысшының қайтыс болғаны белгілі болды.

«Қолда бар алдын ала мәліметтерге сәйкес, 3 қарашада Шахтинск қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-гың Ленин атындағы шахтасында түнгі сағат 3:00 шамасында газдренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен газдың шығуы орын алды. Бұл 4 жұмысшының өліміне әкеп соқты, тағы бір жұмысшыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, ал төртеуі ауруханаға жатқызылды», – деп түсінік берген ТЖМ баспасөз қызметі.

Ведомствоның ақпараты бойынша шахтаның 106 қызметкері эвакуацияланған.

«Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Апатты тергеу жөніндегі комиссия құрылады. Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталады», – деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болғандардың отбасына, туыстарына көңіл айтты. «Мемлекет басшысы үкімет пен Қарағанды облысы әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды, қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырды», - деп жазды Ақорда.

Қазір Қарағанды облысының полициясы компания үстінен «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Бір ай бұрын ғана «АрселорМиттал» Басқарма төрағасы Лакшми Миттал мен Премьер-министр Әлихан Смайылов кездескен еді. Жиында компания алдағы жылдары болат және тау-кен активтерін жаңғыртуға қомақты қаржы салуды жоспарлап отырғанын, бұл ретте қызметкерлерді оқытуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлінетініне уәде еткен болатын.  Екі тарап «қауіпсіздік мәселесі» туралы сөйлескен.

«Өнеркәсіптік қауіпсіздік өте маңызды мәселе болғандықтан, оған ерекше назар аудару керек. Осыған байланысты өндірісті дамыту және қызметкерлерді мамандандырылған оқыту бойынша компанияның инвестициялық жоспарларын құптаймыз», – деген еді Әлихан Смайылов.

Көріп отырғанымыздай, шахтадағы қауіпсіздік мәселесі әлі шешілмеген.

Ленин атындағы шахтада бұған дейін көптеген апатты жағдайлар тіркелді.  Ең ірі апат 2006 жылы болды. Онда метан газы жарылуының нәтижесінде 41 адам қаза тапқан болатын.  «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік компаниясы басқаратын басқа да кәсіпорындарда үнемі адам өліміне әкелетін апатты оқиғалар тіркеліп жүр. Кейінгі кезде мұндай жағдайлар тіпті, жиілеген.

Биыл маусымда Теміртауда цехтың төбесі опырылып, жұмысшылар үйінді астында қалды. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тапты, бір адам жарақаттанды. Ұзақ уақыт өтпей жатып, АМТ компаниясына тиесілі жылу электр орталығындағы қазандықты жөндеу кезінде тағы бір жұмысшы опат болды.

Былтыр қарашада «АрселорМиттал Теміртау» шахтасында апат болып, алты адам қаза тапты.

Инспекторлар мекемеде қауіпсіздік талаптарының жүйелі түрде бұзылатынын анықтаған. Бірақ соған қарамастан компанияның жұмысы тоқтатылмай, соттар тек айыппұл салумен шектеліп келеді.

Қайғылы оқиғалардан соң әлеуметтік желіде АТМ компаниясының жауапты қызметкерлерін жазаға тартуды, компанияны Қазақстан халқына қайтаруды талап еткен петиция жарық көрді.

Петиция авторы Қайырбек Сәрсенбай компанияда жыл сайын апаттар мен жалақы дауы болатынын, соның кесірінен адамдар қаза тауып жатқаны туралы жазды. Ол «біз осы петиция арқылы қоғамда резонанс туғызып, билік назарын аудара аламыз», - деді.

Бірақ әлі күнге дейін ештеңе өзгермеді. Міне, бүгін тағы апат, тағы адам өлімі болды. Ал Миттал кезекті рет айыппұл арқалап кете бермек...

Айжан Темірхан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366