Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 4243 0 пікір 8 Қараша, 2022 сағат 14:47

Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы


ІV ЧЕМПИОНАТ. 1950 ЖЫЛ. БРАЗИЛИЯ

Чемпион – Уругвай
Күміс жүлдегер – Бразилия
Қола жүлдегер – Швеция

ФИФА жалаңаяқ ойнауға рұқсат бермепті-міс

1942 жылы өтуге тиіс төртінші әлемдік доп додасы жарты әлемді шарпыған екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен кейінге ысырылды. Ал соғыс бітіп, Еуропа елдері ес жия бастаған соң, 1946 жылдың 25 шілдесіндегі ФИФА конгресінде ІV чемпионаттың 1950 жылы Бразилияда өтетіні анықталды. Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыстан соң әлемде орасан зор беделге ие болып шыға келген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) ФИФА құрамына қабылданды. Өкінішке қарай, елдің құрамасын әлемдік додаға қосуға орыс-кеңес футболы жетекшілерінің жүрегі дауаламады. Мәскеу ықылас танытпаған соң, оның қас-қабағына қарауға мәжбүр басқа социалистік елдер де чемпионатқа қатысуға өтініш бере алмады. Нәтижеде сол дәуірде Еуропадағы азулы ұжымдар саналатын Чехословакия мен Венгрия әлемдік доп додасынан тыс қалды. Қарт құрлықтың шығыс бөлігінен Оңтүстік Америкаға тек югославтар ғана барды.

Жиырма жылдан астам уақытқа созылған жанжалдан соң, Ұлыбритания елдері ФИФА-ға қайтадан кірді. Сөйтіп, Англия, Шотландия, Солтүстік Ирландия және Уэльс тұңғыш рет әлем біріншілігінің іріктеу сынына қатысты. Өздерінің өтініші бойынша төртеуін бір топқа «топ еткізген» халықаралық федерация британ футболының күшін ескере келіп, олардан финалдық турнирге бірден екі команда жолдама алатын ғып бекітті. Көпшілік күткендей, топтан Англия мен Шотландия үздік шықты. Бірақ ағылшындардан ұтылып қалғанына қатты намыстанған шотланд құрамасы «біз бірінші орын ала алмадық, демек, финалдық турнирге қатысуға лайық емеспіз» деп, Бразилияға барудан бас тартты!

Австрия ойнамай қойған соң, ойда жоқта 2-топтың жеңімпазы боп шыға келген Түркия да жеме-жемге келгенде Атлант мұхитының ар жағына сапар шеккісі келмеді. Ал Азия аймағынан үздік шықты делінген Үндістан (шын мәнінде ол бірде-бір ойын өткізген жоқ, өйткені қарсыластарының бәрі де жарысқа қатысудан бас тартқан болатын) құрамасының финалдық турнирге бармай қоюы туралы үш түрлі әңгіме бар. Оның бірінде чемпионат басталар алдында үнділер «біз бутсымен ойнап үйренбегенбіз, сондықтан ФИФА бізге жалаңаяқ ойнауға рұқсат етсін!» деп қиғылық салған көрінеді. Халықаралық федерация, әрине, мұндай таң қаларлық өтінішті қанағаттандырмаған. Екінші нұсқа бойынша, үнді елі бұл кезде Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алып, әрі Үндістан және Пәкістан боп екі мемлекетке ыдырап жатқан соң, футбол туралы ойлауға да мұршасы болмаған, сөйтіп, додаға қатысудан бас тартқан. Дерек көздерінде алдыңғы мәліметтің көбірек кездесетініне қарамастан бізге кейінгі нұсқа ақиқатқа неғұрлым жақынырақ секілді көрінеді. Кейінгі жылдары тіпті бұл бойкоттың сыры «біз үшін әлем чемпионаты аса маңызды емес, одан да Олимпиадаға дайындалуымыз керек» деп шешкен үнді шенеуніктерінің шешімінде жатыр деген де нұсқа айтылып жүр.

10:1 ме, 0:1 ме?

Нәтижеде әлем чемпионатына қатысушылардың саны (13) тағы да тақ болып қалды. Сөйтіп, 30 сәуірде, яғни турнирдің тұсауы кесілерден небәрі бір жарым ай ғана бұрын тасталған жеребе командаларды топтарға біркелкі етіп бөле алмады. «А» және «В» топтарына төрт құрамадан түссе, «С» тобы үш, ал «D» тобы екі-ақ қатысушыдан құралды, себебі осы соңғы топта ойнауға тиіс түріктер мен шотландықтар, жоғарыда айтқанымыздай, чемпионатқа келмей қалды. Уругвайлықтар, керісінше, Бразилияға ерте жетіп алып, он күн бойы демалып, 2 шілдеге белгіленген жалғыз матчын күтті де жатты. Мұндай тегін «курорттың» оларға қаншалықты жақсы әсер еткенін Боливиямен ойынның есебінен-ақ аңғаруға болады (8:0).

«А» тобынан жұртшылықты жанкүйер жанын рахатқа бөлейтін сұлу ойынымен сүйсінткен алаң иелері озып шықты. Бұл кезде бәрі де Бразилияның алғы шебіне сүйсінетін. «Ғажайып бестік» атанған Адемир, Фриаса, Зизиньо, Жаир, Шико сынды шабуылшылардың алдында қақпашы біткен қалтырайтын. Әсіресе «Маракана» стадионы тарихындағы тұңғыш голды енгізген мерген Адемир Менезистің орны айрықша бөлек еді.

«В» тобының ғана емес, турнирдің де жеңімпазы болуы мүмкін деп әспеттелген Англия әуелгі ойында Чилиді ұтты. Бұл – Ұлыбритания корольдігінен шыққан команданың дүниежүзілік додаларға тұңғыш келуі еді. Құрамында Билли Райт, Томас Финни, Альф Рамсей, Стэнли Мэттьюз секілді жарық жұлдыздары бар ағылшындар келесі қарсыласы – АҚШ-ты тіпті көзге де ілген жоқ. «Әлемде доп тебе алмайтын екі-ақ ұлт бар, олар – эскимостар мен америкалықтар» деп жазды матч алдында британдық газеттер. Ал 1950 жылдың 29 маусымында Оңтүстік Америкадан «Англия – АҚШ – 0:1» деген ақпарат келген кезде, олар әуелде түкке де түсінбепті. Сосын «е, телетайпшы қыздан қате кеткен ғой, 10:1 шығар, сірә» деп кей газеттер солай жаза да салыпты. Сосын барып, ағылшындардың шынымен-ақ ұтылып қалғаны анықталады! Кілең әуесқойлар мен студенттерден құралған АҚШ командасы әлем чемпионаттары тарихында нағыз сенсация жасады. Ағылшын шабуылшысы Мортенсеннің 11 метрлік айып добын соға алмауы кездесудің драмалық сипатын тіптен күшейте түсті. Үшінші турда Испаниядан да жеңілген «джентльмендер» ақырында масқара боп, еліне ерте оралды да, жарысты әрі қарай испандықтар жалғастырды. Олардың құрамында Бильбаоның «Атлетигінде» ойнайтын мергендер – Тельмо Сарра мен Эстанислао Басора ерекше көзге түсті.

«С» тобынан 1948 жылғы Олимпиялық ойындардың жеңімпазы – Швеция суырылып шықты. Скандинавтар сол алтын құрамның көп өкілін Бразилияға алып келе алмады. Дегенмен соның өзінде шведтердің күші мығым болатын. Мұны олардың салған жерден Италияны ұтып кетуі де дәлелдей түседі. Әділін айту керек, әлем чемпиондары да бұл біріншілікке күшті құрамымен келе алған жоқ. 1949 жылғы 4 мамырда «Скуадра адзурраның» негізін құрайтын «Торино» клубының футболшылары түгелдей дерлік әуе апатынан қаза тапты. Бұл команда 1942 жылдан 1949 жылға дейін, жеті маусым бойына скудеттоны ешкімге бермей келе жатқан болатын. Яғни Бразилиядағы доп додасына бір жыл қалғанда ұлттық құрама толығымен қайта жасақталды деуге болады. Олардың өзі әлгі апаттан соң қатты шошынып қалған болуы керек, Бразилияға әуе жолымен емес, кемемен келіпті. Тәжірибесі аз, жас команда қара күшке салып, жұлқа тартуға құмар швед атлеттеріне төтеп бере алмады.

Ойнамай жатып «жеңгендер»...

Сөйтіп, ұйымдастырушылардың регламентке енгізген өзгерістеріне сәйкес, топтардан озып шыққан төрт үздік команда финалдық топ құрып, өзара бір айналымдық турнир өткізді. 1949 жылы Оңтүстік Америка чемпионы болған Бразилия құрамасы ойын сайын бабына ене түсіп, әуелгі екі қарсыласын оңбай омақастырды. Ал оның басты бәсекелесі саналған Уругвай болса, испандықтармен тең түсіп, шведтерді әрең ұтып, шешуші матчқа ілініп-салынып әрең жетті. Соңғы турдың қос кездесуінің бірі үшінші орын үшін таласқа ұласса, екіншісі нағыз финалдық матчқа айналды. Одан жалғыз айырмашылығы: қарсыласынан бір ұпай артық жинаған алаң иелеріне әлем чемпионы атану үшін тең ойын да жеткілікті еді.

Бүкіл Бразилия ұлттық құрамадан жеңіс күтті. Жеңіс болғанда да анау-мынау емес, өте ірі ұтыс! Күтіп қана қойған жоқ, солай болатынына сенді де. Сенгені сонша, команданы таң атпай оятып алып, шіркеуге апарып, құттықтау сөз тыңдатып қойыпты. Олар түскі астарын да дұрыстап іше алмаған: елдің танымал саясаткерлері «болашақ чемпиондарды» алдағы «жеңістерімен» шын жүректен құттықтауға асыққан екен. Ал «Мундо» газеті сол күнгі санының 1-бетіне Бразилияның 11 футболшысының суреттерін тұтас басып, «Бұлар – әлем чемпиондары!» деген тақырыппен шығыпты.

Мұның бәрі Уругвай құрамасы ойыншыларының намысына тиеді. Расында да, ойын әлі басталған жоқ, ал бразилиялықтар бұларды адам құрлы көретін емес! Алаңға шықпай жатып алдағы жеңісті тойлап кеткен! Уругвайлықтардың капитаны Обдулио Вареланың тіпті ызасы келеді. Ол әлгі газеттердің біразын сатып алып, өз командасы орналасқан қонақ үйдегі... әжетхананың писсуарларына жапсырып тастайды. Түскі астан соң, әдеттегідей осында бас сұққан футболшылардың бәрі де... кіші дәретін газеттегі әлгі «чемпиондарға» бағыттайды...

Финалдық ойын, жұрт күткендей, бразилиялықтардың шабуылымен басталған. Уругвай командасының әуелде қорғанудан қолы босамай, анда-санда ғана алға жылжып отырған.

Бірінші таймның орта шенінде, куәлер жазып қалдырған суреттеулерге сүйенсек, екі жаққа да психологиялық тұрғыдан қатты әсер еткен бір оқиға болыпты. Ойын сәл саябырсыған сәтте әлгі Варела төрешінің көзін ала бере, әй-шәй жоқ, бразилиялық қорғаушы Бигодеге тиісіп, оны кеудесімен қағып жіберіп, жалпасынан түсірген. Шамасы, ол «болашақ чемпиондардың» өршеленген өр мінезін солай басып тастайын десе керек. Ағылшын төрешісі оны байқамаған. Ал Бигоде «бұзақыға» қарымта қайтаруға тырыспаған да. Өйткені ойын алдында бразилиялық бапкер Флавио Коста өз жігіттеріне: «Дөрекілікке дөрекілікпен жауап беруші болмаңдар!» – деп қатаң ескерткен екен. Мұның өзі, бас-көз жоқ, баса-көктеп ойнайтын ұрдажық Бигоденің аяқ-қолын матап тастағанмен бірдей еді. Мамандардың пікірінше, Костаның осы қате тапсырмасы финалдың тағдырын шешіп берген сияқты: еріксіз тәртіпті ойнауға тиіс болған Бигоде осы сәттен бастап Уругвайдың оң қапталдағы шабуылшысы Хиггияның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды.

Дегенмен есепті алаң иелері ашты. Екінші тайм бастала бере Фриаса Адемирден әдемі пас алып, қарсыластың айып алаңына енді де, сол аяқпен солқ еткізді – 1:0! Торсида өре түрегеліп, өршеленгенде «Маракана» дірілдеп, шытынап сынып кетердей еді... Гол таза соғылса да, Варела өзінің капитандығын пайдаланып бас төрешіге де, қапталдағы қазыға да қайта-қайта наразылық білдірумен болды. «Шынымды айтсам, голдың ешқандай ереже бұзылмастан, заңды соғылғаны рас еді, – деп еске алды кейін уругвайлық. – Мен тек қарсыластар осыдан кейін одан сайын жігерленіп кете ме деп қорықтым. Сөйттім де, олардың сол аптығын біраз баса тұрмақ мақсатпен қасақана төрешілермен тәжікелестім...»

Бразилия өзінің әсем ойынын әрі қарай жалғастыра берді. Бірақ о баста ойда болған «6-7 голдың» ыңғайы келер емес. 61-минутта уругвайлық қорғаушы Матиас Гонсалес өз айып алаңында Адемирді шалып жықты. Ағылшын төрешісі Ридер мұны көрмей қалды ма, әлде көрсе де, шұғыл шешім қабылдауға жүрегі дауаламады ма, әйтеуір 11 метрлік айып добын белгілеген жоқ. Бұдан соң уругвайлықтар тіпті жанын салып ойнады, барған сайын батылдана түсті. Флавио Коста жігіттерінің екінші допты енгізу қиындай түскен соң жүйкелері сыр бере бастағандай...

Өзін-өзі өлтіргендер саны 300-ге жетіпті

Бүкіл Бразилия халқы екінші голды күтіп отырғанда, 66-минутта доп ойламаған жерден Барбоза қорғаған қақпаға қойып кетті! Бәз-баяғы Бигоденің қателігінен. Ол өзін алдап өтіп, айып алаңына еркін енген Хиггияға еш кедергі жасай алмаған. Хиггия допты ортадан ұмтылған Скьяффиноға дәл берген. Орталық қорғаушы Жувенал да уругвайлық шабуылшының жолын бөгей алмаған. Ал Барбоза байғұстың мұнда айыбы жоқ: қарсы алдынан, небәрі жеті-ақ метр жерден қатты тебілген допқа ол қалай тосқауыл бола алады?.. Доп қақпа торын бүлк еткізген замат Уругвайдың бүкіл ойыншысы құшақтап сүю үшін Скьяффиноның соңынан ұмтылды. Алаң ортасында тек... команда капитаны Варела ғана қалды. Ол көгілдір футболкасын шешіп алып, басынан асыра айналдырып, «тез орындарыңа оралыңдар!» деп жігіттеріне айғайлаумен болды.

Бұл гол онсыз да сеніміне селкеу түскен алаң иелерінің аяғын шідерлеп тастағандай әсер етті. Енді олардың «ұтылып қалмаймыз ба осы?» деп мазасыздана бастағаны анық сезілді. Бразилия футболшыларының әр екінші пасы қарсыласқа жем болып жатты. Ойын ырғағы бұзылды... Міне, ойынның шарықтау шегі! 79-минут. Радиодан кәнігі комментатор Жоржи Кури қылғына қырылдайды: «Біздің Данило доптан айрылып қалды. Оны Хулио Перес іліп әкетті... Ол алға, Хиггияға тастады! Хиггия оң қапталмен зулап келеді! Бразилияның қақпасына жақындап қалды! Тепті! Гол! Хиггия екінші допты соқты. 2:1! Алда – өкінішке қарай, Уругвай».

Фотодеректер мен кинокадрлар мынаны көрсетеді: Хиггия бұл жолы да Бигодені сан соқтырып кеткен. Қақпашы Барбоза тағы да ортадағы Скьяффиноға пас беріледі деп ойласа керек, сәл алға ұмсына бастапты. Қақпаның бергі бұрышы ашық қалғанын көрген Хиггия қиғаштап тұрып өзі тепкен ғой. Соққы әлсіздеу болғанымен, ортаға ойыса бастаған Барбоза жандәрмен қайта ұмтылса да, допқа жете алмаған... Осы қасіретті өз көзімен көрген журналист Жоао Максимо: «Хиггияның голы онсыз да мүлгіген стадионда өлі тыныштық орнатты, – деп еске алады. – Бірақ мұның әсерінің күшті болғаны сондай, осы гол, қарапайым ғана гол әрбір бразилиялықтың өмірін екіге қақ бөлді: голға дейінгі өмір және одан кейінгі өмір». Елдің әр өңірінен жанкүйерлердің өзін-өзі өлтіргені туралы ақпараттар келіп түсе бастап, ақыры құрбан болғандардың саны 300-ге жетіп жығылған! Сірә, бұл – бір ғана голдың бүтін халыққа ұлттық трагедия боп тиген, бүкіл ел өмірінің ағысын күрт өзгерткен тарихтағы алғашқы да, бәлкім, соңғы оқиға болар.

...Әрине, ойынның аяқталуына әлі он шақты минут бар болатын. Осы мерзім ішінде бразилиялықтар қарсылас қақпасын сегіз рет нысанаға алды: оның үшеуін Масполи кері қайтарса, бесеуі қисық кетті. Соңғы минутта Фриаса бұрыштан доп беретін болды. Бразилия футболшылары түгелдей Уругвайдың айып алаңына жиналды. Осы сәтте, футбол тарихшысы Висенте Мариньо жазғандай, «бүкіл Бразилия елі сол айып алаңында еді». Бірақ Фриасаның әуелетіп берген добын Жаир баспен қиыс ұрған сәтте-ақ төреші ысқырып қалды. Ойын бітті.

1950 жылдың 16 шілдесі, сөйтіп, Бразилия халқының санасында мәңгі із қалдырды. Әлі күнге дейін комментаторлар Уругвайдың екінші голы соғылған қақпаны «Хиггия қақпасы» деп атайды. Енді Уругваймен болатын әрбір ойын бітіспес «кек қайтару құралына» айналды. Бас бапкер Флавио Коста болса, шешуші ойын біткен соң Португалиядан «саяси баспана» сұрап, біраз уақытқа елден кете тұруға мәжбүр болды. Әйтпесе қаны қарайған торсиданың не істейтінін бір Құдайдың өзі білер еді...

Ал бұл күн – қазір Уругвайда ұлттық мейрам саналады. Бас бапкер Хуан Лопес пен Обдулио Варела бастаған футболшылар үш миллиондай халқы бар ұлтарақтай елге екінші рет әлем чемпионы атағын алып берді.

Ойын нәтижелері

Финалдық турнирге 13 команда қатысты.

22 ойын өткізілді, 88 доп соғылды (орта есеппен 4,00 гол).

 «А» ТОБЫ

Бразилия – Мексика – 4:0, Югославия – Швейцария – 3:0, Бразилия – Швейцария – 2:2, Югославия – Мексика – 4:1, Бразилия – Югославия – 2:0,

Швейцария – Мексика – 2:1.

«В» ТОБЫ

Англия – Чили – 2:0, Испания – АҚШ – 3:1, Испания – Чили – 2:0, Англия – АҚШ – 0:1, Испания – Англия – 1:0, Чили – АҚШ – 5:2.

«С» ТОБЫ

Швеция – Италия – 3:2, Швеция – Парагвай – 2:2, Италия – Парагвай – 2:0. Үндістан құрамасы қатысудан бас тартты.

«D» ТОБЫ

Уругвай – Боливия – 8:0. Шотландия мен Түркия қатысудан бас тартты.

ФИНАЛДЫҚ ТОП

Бразилия – Швеция – 7:1, Испания – Уругвай – 2:2, Бразилия – Испания – 6:1, Уругвай – Швеция – 3:2, Швеция – Испания – 3:1.

Бразилия – Уругвай – 1:2

16 шілде. Рио-де-Жанейро. «Маракана» стадионы. 172 772 көрермен. Төреші Ридер (Англия).

Бразилия: Барбоза, Аугусто, Жувенал, Бигоде, Бауэр, Данило, Фриаса, Зизиньо, Адемир, Жаир, Шико.

Уругвай: Масполи, М.Гонсалес, Техера, Гамбетта, Варела, Андраде, Хиггия, Перес, Мигес, Скьяффино, Моран.

Голдар: Фриаса, 47 (1:0), Скьяффино, 66 (1:1), Хиггия, 79 (1:2).

Финалдық топтың қорытынды кестесі

  1. Уругвай 3 7:5    5
  2. Бразилия 3 14:4  4
  3. Швеция 3 6:11  2
  4. Испания 3 4:11  1

Сұрмергендер: Адемир (Бразилия) – 9, Мигес (Уругвай) – 5, Хиггия (Уругвай), Шико (Бразилия), Сарра және Басора (Испания) – 4 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383