Сенбі, 23 Қараша 2024
Аймақ 3708 3 пікір 8 Қараша, 2022 сағат 14:58

Кісілігі зор қала әкімі

Қыркүйек айының аяғына таман Алматыдан қонаққа келген бір жерлесім: «Семей – Абай облысының орталығы болып, тамырына қан жүгіріп, тіршіліктің қазаны қайнап жатыр екен десем, бәз баяғы қалпы ғой. Семейге келсем болды, уақыт тоқтап қалған сияқты, өтіп болмайды. Іштеріңіз қалай пыспайды», - деген болатын.

«Үйрендік қой. Оның үстіне қазір қалада әкім жоқ. Жаңа әкім келсе, жағдайымыз дұрысталатын шығар», - деп жерлесімнің алдында ақталғандай боп, шығарып салдым.

Араға апта салып, яғни қазан айының жетісі күні әлеуметтік желі арқылы: «Абай облысының орталығы Семей қаласына жаңа әкім тағайындалды», - деген хабарды оқып отырған бетім болатын.

Дереу Астанада тұратын бір танысым қоңырау шалып:

– Жаңа әкімдеріңіз құтты болсын! – деп құттықтап үлгерді.

– Иә, естіп жатырмыз. Жас жігіт көрінеді. Бірақ, есім-сойымен бұрын-соңды таныс емес екенбіз.

– Есесіне Нұрбол Нұрсағатовты біз жақсы білеміз. Бұрын біраз жерде жауапты қызмет атқарған азамат. Нұрбол Астананың Байқоңыр ауданында да әкім болды. Аз уақыттың ішінде Байқоңырды рейтинг әрі бюджет жағынан да Астана қаласы бойынша алдыңғы орынға шығарды. Оған өзім куәмін. Бір сөзбен айтқанда, Нұрсағатов өзі де тыным таппайды, қол астындағыларға да тыным бермейді, – деді.

– Дұрыс. Біздің Семейге сондай мазасыз әкім керек. «Тоқтап тұрған тірліктің машинасының бір жерін бұрап қалып, жүргізетін» іскер әкім керек, – дедім қуанып.

Сол түні теледидардан кешкі жаңалықтарды қарап отырсам, жаңа сайланған әкім қасына облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Б. Әбдірәлиевті ертіп алып, қаланы аралап жүр. Әкімнің бұл түнгі жорығын «Жарықтандыру аспаптарының жарамдылығын тексеріп жүр» деп түсіндірді тележүргізуші.

Астаналық танысым алдамаған екен. Нұрсағатов бірден іске кіріскенге ұқсайды. Бастамасы жаман емес. Ары қарай... ары қарай Абайдың: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», – дегенін есіме алдым.

Үлкен қалада көп нәрсені көруге болатын шығар, есесіне шағын қалада көбірек ести аласыз. Шағын қаланың тірлігі, балалы үйдің ұрлығы сияқты, жерде жатпай, бірден жария боп отырады.

Қала әкімі – қаладағы басты тұлғалардың бірі болғандықтан, оның қайда жүргенін, кіммен жүргенін, не істеп жүргенін көзіңізді жұмып, құлағыңызды жауып алсаңызда, естіп-біліп отырасыз.

Семейдің ең басты мәселесінің бірі – қоғамдық көлік.

Н. Нұрсағатов: «Жыл аяғына дейін 30 жаңа автобус алып, маршрутқа қосамыз» депті.

Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Аялдамада сағаттап көлік күтіп тұрған жолаушылар тоңғаны былай тұрсын, үсіп қалу қаупі бар. Ондай оқыс оқиғалар қала тарихында талай мәрте орын алған.

Қала бойынша 39 маршрут бар екен. Арифметикаға да, логикаға да салатын болсақ, әкімнің уәде етіп отырған «30 автобусы» әр маршрутқа бір автобустан да келмей тұр. Демек, қоғамдық көлік мәселесі жыл аяғы былай тұрсын, келесі-келесі жылдарға дейін күн тәртібінде тұра бермек.

Келесі мәселе, Шәкәрім даңғылы туралы.

«Шәкәрім даңғылы» деген аты дардай болғанымен, үш жолақты көшені «даңғыл» деудің өзі естір құлаққа ерсі.

«Шәкәрімнің» бойында қызыл аймаққа еніп кеткен (Дулатов көшесі мен Қабанбайдың арасы, бұл аралықтағы жол екі-ақ жолақ екен); мейрамхана, кафе, СҮ, АЗС т.б. нысандар иық тіресіп, көшенің тынысын тарылтып, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп тұр.

Сол нысандардың құжаттары қайта қаралуы тиіс.

Ертең жаңа көпір іске қосылатын болса, бүкіл салмақтың бәрі оң жағалау мен сол жағалауды жалғап тұрған осы «Шәкәрімге» түспек. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, көлік кептелісінің кезегі сол кезде созылмақ.

Сол қиындықтардың алдын алуға бүгіннен бастап кіріспесе, ертең кеш болады.

Үшінші, қаланың экологиялық ахуалы.

Жазда да жетісіп тұрғаны шамалы болатын, қысқы маусым басталғалы тіпті ушығып кетті. Қазандықтардан будақтаған қою түтін қолқаны қауып, тыныс алу мүмкін болмай, қыс түссе-ақ болды, Семейден басқа жаққа безіп кеткің келеді де тұрады.

«Мәскеу қанша ашуымды келтірсе де, ол менің туған қалам», – деп Сергей Капица (марқұм) айтқандай, бірақ Семейден қашып қайда барасың?! Қайда сиясың?!

Қала тұрғындарының саулығын ойлаған әкім, қаланың ауасы мен аумағының тазалығын басты назарда ұстауы тиіс.

Өзім тікелей куәсі болып жүрген бұл жайларды әлеуметтік желіде талай мәрте мәселе ретінде көтердім, жаздым да. Әрі ол жазбаларымның бәріне облыс, қала әкімдіктерін тегтеген болатынмын. Алайда олардың тарапынан ешқандай жауап та жоқ, әрекет те бола қойған жоқ. Тым-тырыс.

Ақыры ойлана келе әкімнің қабылдауына кіріп өз аузыммен айтуға бел будым.

Сол мақсатпен өткен дүйсенбі күні (телефон арқылы) қала әкімі Нұрсағатовтың қабылдауына жазылдым.

Хатшы қыз әуелі аты-жөнімді, сосын қандай сұрақтармен кіретінімді сұрап алды. Сосын: «Бір күн бұрын қоңырау шалып ескертеміз», – деді.

Соның сәті сенбі күні түсті.

Қала әкімі менің қандай сұрақтармен келетінімнен алдын ала құлағдар болғандықтан сол саланың мамандарын да қоса шақырған екен.

Оларда бірге қатысып отырды.

Нұрбол Нұсағатовқа жоғарыда жазған үш мәселені де айтып:

– Мені мазалап жүрген сұрақтарымды алдыңызға кеп айтып, арылдым. Ендігі салмақ сізге түседі. Бәрі сіздің іскерлігіңіз бен жауапкершілігіңізге байланысты, – дедім.

Қала әкімімен бұдан да басқа тақырыптарда диалог болды. Біздей жандарға уақыт тауып, сөзімізге құлақ асқан әкімге бір разы болып қалдық.

Мұрат Рақымжан,

Семей қаласы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383