Архимедтің кезекті көзалдауы
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұқанбетовтың жоғарғы жаққа жағына білуде, өтірік ақпаратпен көзге түсуге келгенде оның жанында ешкім де жіп есе алмайды.
Осы өңірде 7 жыл бойы міз бақпай отырғандығы да сол «асыл қасиетінен» де шығар.
Жә, сөзімізді нақтылай түсейік. Әйтпесе, осындағы оның қолынан жем жеп үйренген атшабарлары маған үйреншікті әдеттерімен «жаппай шабуылға» шығары айдан анық.
Ал кеттік.
Осыдан екі ай бұрын осы өз облысымыздағы Аманқарағай орман алқабында алапат өрт шығып, 43 мың гектар егістік жанып кетіп, 100 шақты адамның үй-жайы мен мал-мүлкі отқа оранып, күлге айналды. Обалы не, мұны естіген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осында арнайы келіп, зардап шеккендерге екі ай ішінде жанға жайлы 100 үй салынып, олардың ішіне қажетті жиһазбен толтырылып, теледидар мен компьютер қойылып, интернетке қосылатындығын ашық айтқан. Содан бұл құрылыс екпінді түрде басталып та кетті. Тіпті, Архимедке онша сене қоймаған үкімет басшысы Әлихан Смайылов бар жұмысын жинап қойып, президент тапсырмасын орындауға белсене кірісіп, Аманқарағайға арнайы келіп, іс барысын бақылап кетті.
Сонымен хош, іс бітті, қу кетті. Яғни, былай қарағанда сабақты ине сәтімен біткен сыңайлы. Өртенген үйлердің орнына хан сарайындай үйлердің бой көтергендігін сонау республикалық телеарнадан бастап, облыстағы Архимедтің қолбалаларына айналған жергілікті баспасөздер де халықтан сүйінші сұрап, бөріктерін аспанға атып жатты. Ал Архимед болса, әдеттегі қалыптасқан игі дәстүрмен сол күні жауын жауып тұрғандығына да қарамастан қуаныштары қойындарына сыймаған тұрғындарға үйдің кілтін үлестіріп жатты.
Міне, қызық содан кейін басталды. Барлық пәлені осы азғантай ғана жауын бастады. Арада аз уақыт өтпестен әлгі әлі бояуы кеппеген үйлердің ауласын топан су басып, адамдар үйлерінен шыға алмай қалып, әбден сорлады. Сөйтсе, «Бақса, бақа екен» дегендей, осында жиналған жаңбырдың суын сыртқа ағызып жіберетін септиктерді салуды құрылысшылар тарс ұмытып кетіпті. Енді қоныс тойын тойлаушылар жаңбырдың суын сыртқа шелектеп тасуға мәжбүр. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, Тоқаев айтқан жиһаздар дегенді мұнда келгендер мүлде көрген де емес. Әйтеуір бір теледидарды іліп қойған. Үйдің бар жиһазы осы шығар деп ойлаған болар. Ал компьютер мен интернет туралы ешкім де тіс жарып, бірдеңе деп жүрген жоқ.
Архимедтің екібастан есебі түгел. Президенттің тапсырмасын дер кезінде орындады. Үйлерді салды. Халық риза. Алғысы шексіз. Сайлауға сақадай-сай. Бұдан кейін кім жақсы, әрине, Архимед жақсы. Тағы да 7 жыл отыруға әбден лайық. Мұндай елгезек те іскер әкімді қайдан табасың?.. Қолда барда алтынды бағалай білейік. Ал жаңа салынған үйлер өмір сүруге онша қолайсыздау болып, кейбіреулерінің ішкі қабырғалары шытынай бастағаны, еш жиһазсыз қаңырап тұрғаны секілді «ұсақ-түйекті» жоғарыдағы бұрыннан қалған «достары» мен шынайы тілектестері мен бір дастарханнан дәм татқан жора-жолдастары Президенттің құлағына жеткізіп, мазасын алып қайтеді.
Ал ең қызығы «белгілі ғалым» Архимедтің әдеттегі қалыптасқан тәртіпке сәйкес бұл үйлерді арнайы комиссия құрып, дұрыстап тұрып тексеріп, заңды түрдегі қабылдау актісін жасап қана қабылдап алу секілді ережені мүлдем сақтамау секілді «жаңа әдісті» ойлап тапқан жаңалығы болды. Қысқасы, жай ғана облыс әкімі болса да Архимед деген үлкен атақты абыроймен алып жүре алатындығын анық танытты.
Мүмкін, Тоқаевтан кейінгі таққа отыруға да жарап қалар. Несі бар, ол қызметті пайдалана отырып, тұруға жарамсыз болса да сол үйлерді ешбір актісіз қабылдай беру бастамасын одан әрі жетілдіріп, еліміздегі бүгінгі күнгі аса күрделі мәселе - баспана тапшылығын ойдағыдай шешіп қалар. Ол осы күнге дейін ешбір президенттің де қолынан келген де жоқ. Демек, «үмітсіз сайтан».
Жайберген Болатов
Abai.kz