Орта Азия үшін талас күшейді
Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымына мүше елдер басшыларының қаңтардағы басқосуында Белорусь басшысы Лукашенко «Қазақстандағы жағдай Өзбекстанда қайталануы мүмкін» деп, сәуегейлік жасаған еді. «Жақсының айтқаны келмейді, жаманның сандырағы келеді» дегендей, шіліңгір шілденің басында Қарақалпақстанда жаппай бас көтерулер орын алды. Өзбек президенті Мирзиеев қателігін жедел түзеп, Конституциядағы бас көтеруге негіз болған баптарды өзгеріссіз қалдыратын болды.
Өзбекстан мен Түрікменстанның тәуелсіздігін жариялағалы бері Орта Азия елдерінің ішінде Кремльдің бастамасына көзсіз ере кетпей, бейтарап позицияны қатаң ұстанып келе жатқаны белгілі. Өзбек билігінің «Батькаға» жақпайтыны да сондықтан. Бірақ, бейтарап майдан – халық санының көптігін экономикалық қозғаушы күшке айналдыра білген Өзбекстанға ішкі-сыртқы саясатта тыныштық әкелмей отыр. Бас көтерулерден кейін Өзбек территориясына Ауған тараптан бес снаряд атылғаны мәлім болды. Талибан тарапының өкілі оны кім атуы мүмкін екенін анықтап жатқанын жеткізіпті. Қорасандағы «Ислам мемлекеті» содырлары атқан болуы мүмкін деген болжам да бар. Ислам Кәрімов кезінде Өзбекстанда діни сипаты қою «Әндіжан оқиғасы» жүз бергені мәлім. Өзбектің тұңғыш президентінің қаһарына ұшыраған діни ағым өкілдерінің Ауған асқаны белгілі. Ауғаныстанды 20 жыл әскермен бақыласа да, демократияны жерсіндіре алмай кеткен АҚШ билігінің сыртқы саясаттағы сәтсіздігінен кейін, Өзбекстан Ауғаныстандағы радикалды діни топтардың басты нысанасына айналып отыр. Қыркүйекте Орта Азия елдері Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті жиналысына жиналғанда Қырғызстан мен Тәжікстан арасында қарулы қақтығыс орын алды.
Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, жалпы Орта Азиядағы ұлтаралық қақтығыстардың түп-төркіні, келу қайнары патшалық Ресей мен Кеңес Одағының қитұрқы әскери, саяси шешімінде жатыр.
Хрущев заманынан қалған, уақыты өткен әскери қарулардың Арыс пен Тараз жұртын әбігерге салғаны сияқты, патшалық Ресей мен Ленин, Сталиннің ұлтаралық саясаты, шекара бөлінісі «Отарсыздану сатысынан» толық өтпеген туысқан түркі жұрттарының өзара араздасуына алып келуде. Түбі бір түркі елдері «Түркі одағы» идеясын ту етіп, бірігуге ниет еткен сайын ұлтаралық араздық әр жерден қылаң беруде. Оның себебіне үңілу үшін Кремль стратектерінің Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі Орта Азияға қаратқан әскери тактикасына үңілуге, Ресей әскерінің бас қолбасшысы Валерий Васильевич Герасимовтың Батысты тіксіндірген атышулы «Доктрина Герасимовасымен» түсіндіруге тура келеді. Аталмыш доктрина бойынша стратегиялық жеңіске жету үшін әскери күшке ғана арқа сүйемей, ғылым-техника, информация, дипломатия, экономика, мәдениет басқа да ресурстарды, басымдықтарды пайдаланып, екі алып биге шығу.
Ресей ғана емес, Қытайдың да Орта Азиядағы қимыл-әрекетінен жоғарыдағы шектен алқыған (дәстүрлі соғыс ұғымымен шектелмейтін) соғыс тактикасын жетік меңгергені аңғарылады. Көрер көзге екеуі АҚШ-тың аймақтағы ықпалын азайту үшін тізе қосқан стратегиялық әріптес болып көрінгенімен, өзара бақталас екені о бастан белгілі. Аймақтағы екі держава (бірі – әскери, екіншісі – экономикалық) Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Орта Азия үшін көмескі соғыс жүргізіп жатыр. Аймақтағы түркінің бесігі Алтай тауларынан, Тәңір тау мен Еренқабырғадан, Қарақорым мен Памир жоталарынан бастау алатын трансшекаралық өзендерге, көлік-жол қатынасына, энергия көздеріне қожалық етуден бастап, тіл, мәдениет, интернет, елдің көңіл ауаны, биліктің саяси-стратегиялық шешімдеріне дейін бақылау орнатпаққа, үстемдік жүргізуге барын салуда. Ол мақсатқа жету үшін тарихи, дінни, мәдени, өңірлік елементтерді кәдеге жаратпақ. Жұмсақ күштер шешуші рол ойнайтын Орта Азиядағы көмескі соғыста Ресей тарапы мәдени жақтан басым түссе (Орта Азияда орыс тілінің ықпалы әлі мығым), Қытай тарапының экономикалық әлеуеті жоғары. Батыспен ашық айқасқа түскен Орыс тарапы экономикалық мәселелерді де тізеге салып шешкісі келеді. Кеше ғана Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын бір айға тоқтатып, артынан айыппулға ауыстырып, Қазақстанның мұнай тасымалына тосқауыл қоюы соның айғағы. Егер АЭС сала қалса ақуетін болжаудың өзі қорқынышты. «Жүз жыл жоспар құрып, мың жылда іске асыратын» Қытай тарапы асықпайды. Аймақта Конфузы Институты жұмыс істеп тұр. Жыл сайын он мыңдаған Орта Азия жастары Қытайға тегін жолдамамен оқуға барып жатыр. Керек кезде орыстардың туысқан түркі халықтарының арасына от тастағаны сияқты, мәдени аргументтерді де пайдаланады. Оған Қытай Сыртқы Істер өкілінің «Үйғырлар түркі тұқымынан емес» деген сөзі дәлел.
Орта Азиядағы көмескі соғысқа үшінші тараптың (Американың) араласуы ешқандай пайда әкелмейді. Жақындаған жағдайда информация дәуіріндегі шектен шыққан ұрыс тактикасына (дәстүрлі емес) әбден машықтанған екі держава аймақ тыныштығын шайқап, әдеттегідей сыртқы күштерге жауып, әліптің артын бақпақ. Ақ үй де бұны жақсы түсініп отыр. Әлемді коронавирус жайлағалы бері АҚШ билігінің шексіз еркіндіктен (демократиядан) туындаған ішкі мәселелерінен қолы босамай жүр. Прокурорлары «Аборт жасату құқықтық мәселе ме, моральдық мәселе ме?!», «Үйде қару сақтауға тыйым салу – адамдық құқықты шектеу емес пе?!» - деп айтысып жүргенде, АҚШ-тың тәуелсіздік күнінде (4-шілде) Чикаго қаласында кантөгіс орын алды. Қаскөй мерекені тойлауға жиналған 7 кісіні атып өлтіріп, 30 дан астам адамды жаралаған.
Орта Азиядағы бес ел басшысының Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен 4 консультативті кездесуі өңір басшыларының алпауыт елдердің ығына жығыла бермей, аймақ мүддесін күш біріктіре шешуге ниет еткенін көрсетті. Басқосуда «Достық, тату көршілік және ынтымақтастық шартына» қол қойған президент Тоқаев туысқан халықтардың мәдени байланысын жаңа сатыға көтеру үшін ортақ телеарна, интернет ресурысын, Өзбек президенті Мирзиеев ортақ сауда аймағын ашуды ұсынса, Қырғыз президенті Садыр Жапаров пен шартқа артынан қол қоюға келіскен Тәжікстан мен Түрікменстан басшылары ішкі-сыртқы діни ахуалға алаңдаушылық білдірді. Президенттер өз сөздері арқылы саяси алпауыттардың аймақтағы көмескі соғысының салқынын сезіп отырғандарын анық аңғартты. Орталық Азиядағы тыныштықтың, қарқынды дамудың тетігі түптеп келгенде аймақ басшыларының жеке амбициясын жеңіп, туыстықты ту етіп, тарихи, саяси байланыстарды, қоғамды қайта құруына, отарсыздану үрдісін қарқынды жүргізуіне байланысты.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz