Зымыран түсті...НАТО-ға!
Польша аумағына зымыран түсіп, екі адам қаза тапты. Бұл ақпаратты бүгінде жұмыр жердегі 8 млрд адамның тең жартысы естіген болар. Себебі ақпарат шыға салысымен-ақ Батыстық медиа оны жарыса жазды. Польша НАТО-ның құрамындағы ел болғандықтан, әлем реакция тек Варшавадан емес, тұтас НАТО блогынан болады деп күтуде.
Зымыран Польшаның Пшеводуб елді-мекеніне түскен. Салдарынан астық қоймасына зақым келіп, ауыл шаруашылық техникалары қираған, екі адам көз жұмған. 15-қараша күні Ресей Украина аумағына жүзден астам зымыран атып, инфрақұрылым кешендеріне соққы жасауға тырысты. Польша жеріне түскен зымыран солардың бірі болуы ықтимал. Әлемдік БАҚ екі түрлі ақпаратты жазуда: бірі бұл ресейлік зымыран десе, енді бірі Ресей зымыранын қағып салуға тырысқан Украина әуе қорғаныс кешенінің зымыраны болуы мүмкін дейді.
Польша аумағына түскен зымыранға қатысты Балтық елдері бірден реакция танытты. "Латвия жақын досымыз Польшаны қашанда қолдайды. НАТО одақтастары аумағымыз бен халқымызды қорғауға қашанда дайын, сақадай сай тұр", — деді Латвия премьер-министрі Кришьянис Кариньш.
Латвия СІМ басшысы Эдгар Ринкевич зымыран соққысына Реседі кінәлады. "НАТО-ға мүше елдің аумағын зымыранмен атқылау - Кремль тарапынан жасалған қауіпті эскалация. Латвия Польшаны қолдайды және кез келген әрекеті мен шешімін мақұлдайды. Ресей бұл оқиғаны салдарына жауапты болмақ", — деді.
"Польша жеріне құлаған екі зымыранға қатысты айтатын болсам, біз Польшаны толық қолдаймыз. НАТО-ның әр сантиметр аумағы қорғалуы тиіс!" — деп жазды Литва басшысы. Ал Эстония СІМ келесідей мәлімдеме жасады: "Польшадан келген соңғы ақпараттар бізді алаңдатып отыр. Біз қазір Польшамен және өзге одақтастарымызбен тығыз байланыстамыз. Эстония НАТО-ның әр дюймін қорғауға дайын. Польшаны толық қолдайтынымызды тағы бір мәрте айтқымыз келеді".
Польша қауіпті жағдайға байланысты шұғыл Үкімет жиынын өткізді. Ал президент Дуда елге үндеу жасап, жағдайды мұқият тексеріп жатқанын айтты. АҚШ билігі жағдайға байланысты нақты ақпарат бермеді, тексеріс жүргізіп жатқанын айтады.
Ресей "бұл біздің зымыран емес, біз Польша-Украина шекарасы маңына соққы жасаған жоқпыз, зымырандарымыздың ұшу траекториясын көрсете аламыз" деп мәлімдеді. Варшава бұл жағдайға байланысты реакция болатынын айтты, алайда қандай форматта екенін нақтыламады. Бүгін Ресейдің Польшадағы елшісі зымыран түскен аумаққа шақыртылды.
Abai.kz