Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3372 6 пікір 28 Қараша, 2022 сағат 14:19

Қытайдағы толқулар: Сыртқы саясат қалай өзгереді?

Бірінші, қазір Қытайдың түрлі аймақтарында (провинцияларында) халық толқулары болып жатыр. Бастапқыда тұрмыстық, әлеуметтік һәм карантин шектеулеріне наразы болған тұрғылықты азаматтар біртіндеп саяси талаптарын ашық айта бастады. Халық толқулары барған сайын үдей түскенін ескере отырып, мына екі стратегиялық аймақты айрықша атап өткен жөн.

Олар: Қытайдың Орталық Азияға тікелей шығатын геоэкономикалық, геомәдени орталығы Үрімжі; Қытайдың теңіз белдеуі арқылы Тынық Мұхит аймағына ықпалын жүргізетін қақпаның бірі – Шанхай. Шанхай жеке кландық база есебінде жүреді. Әрине, халық толқулары әр өңірлерде түрлі форматта жалғасып жатыр. Қазірше біз аталған екі аймақты ерекше назарға алып отырмыз. Бұл екі аймақ Қазақстанның сыртқы саясатына әсерін тигізетінін геоорталық екенін білгеніміз дұрыс.

Екіншісі, Үрімжідегі халық толқулары Бейжің мен Мәскеудің аймаққа байланысты ішкі-сыртқы саясатына ықпал жасайды. Мәскеу ШҰАР-дағы толқудың Орталық Азияға әсерін өзінше тұспалдайды және өзінше бағалайды. Былайша айтқанда Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қарата саяси, әскери және экономикалық басымдықты күшейте түседі.

Оған үш негізгі себеп бар.

1. Экономикалық фактор. ШҰАР-дағы толқулар шекара аттаған экономикалық мүддеге әсерін тигізеді.

2. Аймақ қауіпсіздігі. Халық толқулары ресми Бейжіңнің аймаққа байланысты қарулы қорғанысын арттырады. Ресей бұдан секем алады.

3. Көші-қон мәселелері. Жақын жылдары аймақтағы қазақ, қырғыз және ұйғырлар Орталық Азия елдеріне ағылуы мүмкін. Ресей ҰҚШҰ (Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымын) жақсы пайдалана отырып Мәскеулік мүддені одан сайын саясатқа айналдыра түседі. Ал біз үшін ары қарайғы негізгі түйіткіл – ҰҚШҰ.

Үшіншісі, Қытайдағы халық толқулары Бейжіңнің де ішкі-сыртқы саясатына әсерін тигізетінін айтып өткен едік. Олар мынадай тұспалда көрініс табады.

1. Саяси кланаралық қақтығыс артады;

2. Гео-экономикалық һәм әлеуметтік түйіткілдер мен теңсіздіктер тіке саясатқа айналады; Саяси белсенділігі жоғары азаматтардың талабы да жоғарлайды. Яғни, әлеуметтік һәм тұрмыстық талаптардан бөлек саяси талаптар қойылады.

3. Аймақтардағы кадрлық ауыс-түйістер жеделдетіледі;

4. Аймақтық қауіпсіздік шаралары тіптен күшейтіледі;

5. Қытай Теңізі аймағы соғысқа жақындай түседі;

6. ҰҚШҰ-ға қарсы ШЫҰ-ның сыртқы саясаты артады т.б.

Төртінші, «Қытайда карантин шектеулері неге жалғасып жатыр?» деген сұрақ көпті мазалап келеді. Ол туралы мынадай тұспал айтуға болады.

1. Індеттің саясатқа айналған көрінісі. Съезге дейін және кейін де карантин шектеулері Қытайдың геосаяси және геоэкономикалық аймақтарында жүргізілді. Сол арқылы билік партиясы орталық үкіметке балама күш саналатын аймақтарды өзінше құрсаулап есеп айырысты.

2. Ішкі саясаттағы ағаттық. Ресми биліктің соңғы кезде жүргізген ішкі әлеуметтік, экономикалық реформалары кейбір ағаттықтардың орын алуына себеп болды. Бұрын балама сыни пікірлер мен ынтымақтас партия топтардың оппозициялық көзқарастары белгілі деңгейде ескерілетін еді. Яғни ішкі саясатта реформалық концепцияларға басымдық беретін. Кейін аталмыш жағдаяттарға тіке шектеу орнады, өткір сыншылдар цензураға тап болды. Соның кесірінен орасан зор қателіктер қайталана берді.

Бесінші, карантин шектеуі қарапайым халықтың ҚКП мен Қытай басшысына байланысты көңіл-күйін өзгертіп жатыр. Демек, бұны кім істеді? Саяси әлеуеті белсенді аймақтар неге карантинге жабылады? Халықты ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстайтын билік партиясына тұрғындардың наразылығы неге он есе күшейді? Оны кім істеп отыр? Ши режимі халықтың назарын аударатын жаңа "ойын" тауып шығара ма? Ол туралы қандай тұспал айтуға болады? Тайвань дағдарысы Ши режиміне қалай әсер етуі мүмкін? Қытай Теңізі аймағындағы саяси, экономикалық дағдарыс Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап іздейді.

Алтыншы, халық толқуларын кімдер пайдалануы мүмкін?

1. Қытай басшысы. Халық толқуларына байланысты Қытай басшысы ішкі саясатты қыса түседі. Яғни Ши режиміне наразы кейбір тұлғалар мен оның артындағы кландарды сілкілеп алуы мүмкін. Сол арқылы негізгі "қылмысты" соларға жүктеп өзін "ақтау" операциясын жүргізеді.

2. Кланаралық қақтығыс жаңа деңгейге көтеріледі. Яғни халық толқулары кейбір кландарға мүмкіндік береді. Халықтың Ши режиміне байланысты ішкі позициясын өзгертуге тырысады.

3. Алыс-жақын шетелдегі анти-коммунистік күштердің ақпараттық ықпалы артады.

4. Қытайлық әлеуметтік желіде саяси тақырып жаңа деңгейге көтеріледі. Бұрын әлеуметтік желі ерекше қадағаланып, саяси тақырыптар мүлде шектелетін. Ал қазір Қытайлық әлеуметтік желі TikTok-та (抖音)саяси, әлеуметтік наразылық бұғаттауларға қарамастан оқша борады. Ақпараттың таралуы өте жылдам және ақпараттық ашықтық біртіндеп пайда болып жатыр.

Жетінші, бұрын этникалық қақтығыстармен аты шыққан Үрімжіде қазір халық толқуларының жаңа форматы пайда болды. Алып шаһарда қытайлар мен ұйғырлар араздығы жиі қайталанатын және соңы этникалық жанжалға апаратын. Қазір аймақтағы қытайлар орталық биліктің Шынжаң саясатына тікелей наразы. Яғни ұйғырларға байланысты қытайлар жаңа түсінікке ие болып жатыр. Ортақ түсініктің мазмұны мынау – мейлі ұйғыр, қытай бол бәрібір ортақ ынтымақтаса отырып, биліктің аймақтағы шектеулерін өзгерту керек. Бұл аталмыш түйсік қазір ШҰАР шеңберінен шығып Қытайдағы стратегиялық орталық Шанхай мен Бейжің тұрғындары тарапынан да қолдау табуда. Былайша айтқанда карантин шектеулері кезінде ШҰАР-да орын алған әлеуметтік, экономикалық түйіткілдермен бірге табиғи апаттың орнауы қатардағы қытай азаматтарына, зиялы қауым өкілдеріне және қоғам белсенділеріне ерекше ой салды. Ішкі Қытайда "Шынжаң мәселесі" жаңа саяси көзқарастарды қалыптастырып жатыр.

Сегізінші, ШҰАР-да қытайтілді санатқа жататын тұрғылықты қазақтар мен ұйғырлардың жаңа буын өкілдері қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жатыр. Олардың тілден бөлек әлеуметтік, психологиялық және мини-экономикалық мәселелері тағы бар. Өздерін қытайтілді атмосферада санайтын ұйғырлар мен қазақтар ШҰАР-дағы этникалық қытайлармен мүддесі тоғысып жатқанын ескеруіміз керек. Яғни қытайлар мен қытайтілді ұйғыр-қазақты біріктіретін әлеуметтік, экономикалық ортақ мүдделер пайда болған. Қазір осы жағдай жылдам көрініс беруде. Бұрын ШҰАР-да тұрғылықты қазақ-ұйғырлар мен этникалық қытайлар арасында біріктіруші сана-сезім әлсіз-тұғын, соңғы кездегі карантин шектеулері мен зардаптары этникалық жанжалдан гөрі азаматтық ортақ белсенділікті арттыруда. Дәл осы тұс өте жіңішкелікпен анализ жасауды қажет етеді. Яғни алда аймақтағы қазақтілді, ұйғыртілді саяси белсенділіктің орнын біртіндеп қытайтілді қазақ-ұйғыр белсенділері басады.

Тоғызыншы, ШҰАР-да карантин шектеуі кезінде әлеуметтік қиындықтардан бөлек табиғи апат болып жатыр. Әсіресе малшаруашылық өңірлер жаппай апатқа ұшырады. Нақты шығын анықталмады, бірақ төрт түлік малдың қолдан жасалған қиындықтармен апат жағдайында қалуы этникалық қазақтарға ой салып жатыр. Бұл басқасы емес, Қазақстанның көші-қон саясатына қатысы бар өзекті мәселе. Қытайда қазір карантин шектеулері біртіндеп алынып жатыр, алда шекара саудасы қайта жандана түседі деп болжайық. Сол кезде жаңа көштің легі пайда болса біз оған дайынбыз ба?

Елдес Орда

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321