Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 7426 14 пікір 1 Желтоқсан, 2022 сағат 12:39

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

«Елге ел қосылса құт, елден ел айрылса жұт» демей ме атам қазақ. Бұл сөз ғасырлар бойы айтылып та, жазылып та келеді. «Осы қандастар біздің елге не үшін керек болды?», «Осылар бізге масыл болып, мемлекетіміздің қалтасына салмақ салып жатқан жоқ па?» деген сияқты сан-салалы пікірлер баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде отқа-тек те болса да бой көрсетіп қалады. Төменде елге оралған қандастардың елге немен оралғанына бір-бірлеп тоқталатын боламыз:

Қандастар өздерімен демографиялық өзгеріс әкелді. 90-жылдардың басында еліміздің жан саны 16 миллион болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізден 1.5 миллион орыс, 1 миллион неміс және жарты миллионға таяу поляк, шешен, украин т.б. ұлттар тарихи отандарына көшті.

Сонымен 90-жылдардың соңында Қазақстан 13 миллионнан сәл астамы қалды. Осы тәуелсіздік жылдары 1 миллионнан астам қандас елге оралды. Олар тепсе темір үзетін жастар еді. 5 қыз, 1 ұл, жиыны 6 баламен елге оралған Отарбек деген ағамды мысалға алсам, қазір 18 жиен, 3 немеренің, жиыны 24 жиен мен немеренің атасы болды. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Жалпы алғанда елге оралған қандастар 2.5-3 миллион өсім әкелді.

Қандастар Зардыхан Қинаятұлы, Нәбижан Мұқаметханұлы, Ислам Жеменейұлы сияқты тарихшыларымен, Уатқан Сейпілұлы сияқты дәрігерлерімен, «Көктудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлы сынды ақынымен, «Көктудың желбірегені» әнін жазған және тамылжыта орындаған Ермұрат Зейіпханұлымен, Майра Мұқаметқызы сияқты әншілерімен, Шұғыла Сапарғалиқызы сияқты бишілерімен елге оралды.

Қандастар қазақтың жалпақ даласында ұмытыла бастаған «Қара жорға» биімен, «Қөзіңнің мөлдірін-ай» сияқты халық әндерімен, күмбірлеген күйлерімен елге оралды.

Қандастар қазақы салт-санамен, ғұрып-әдетпен, әдебиетімен, мәдениетімен яғни, «Бабалар сөзінің» 18 томымен бірге елге оралды.

Қандастар Асқар Жакулин, Сабыржан Мұқаметханұлы сияқты кәсіпкерлерімен елге оралды.

Қандастар қыл аяғы асханаларда тамақ дайындайтын аспаздарымен, шәш қиятын және сәндейтін шәштараздармен, етігіңді екі етпей тігіп беретін әрі жамайтын етікшілерімен, қазақы киімдерді жобалайтын әрі тігетін ісмерлермен елге оралды. Міне, солай!

*Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ұлттық бірегейлік - тәуелсіздіктің кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелде жасаған баяндамасы. 

Райыс Әріпжанұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1639