Таяу Шығыстағы қазақтардың қилы тағдыры: Министрлік не дейді?

19-шы маусым күні Abai.kz ақпараттық порталында «Ирандағы қазақтар қирандының астында қалмасын!» деген атпен ҚР Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына үшбу хат жарияладық. Хатты жазған – белгілі қоғам қайраткері, қазақ көшінің жанашыры, ақын Ауыт Мұқибек.

Сурет: Abai.kz скрині.
Онда Таяу Шығыстағы этникалық қазақтардың жай-күйі, тұрмыс-тіршілігі, Иран мен Израиль соғысының ауыр зардабын тартып, үйінді-қирандының арасында, жаңбырша нөсерлеп жатқан оқ пен оттың астында өмір сүріп жатқан қазақтардың қиын тағдыры жайлы егжей-тегжейлі баяндалды. Әлемнің әр түкпіріндегі әрбір қазақтың басты жоқтаушысы ретінде – Қазақстан билігі қандастарға араша түсіп, амалын тауып, елге әкелуге жәрдемдесуі керектігі айтылды.
«Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», - деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзін ту етіп ұстап, Премьер-министр Бектеновтен Таяу Шығыстағы қандастарды «құтқару» бойынша нақты әрекет етуі керектігін айттық...
Бүгін сол үшбу хатқа ҚР Сыртқы істер министрлігінен жауап келіпті. Жауап – хат авторы Ауыт Мұқибектің атына келген.
Онда Ирандағы этникалық қазақтар соғыстан зардап шекпегені, ал Таяу Шығыстағы Қазақстан азаматтары дер уағында эвакуацияланғаны айтылған. Жауап хатты ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының м.а. Д. Дияров жазыпты.
Біз аталған жауап хатты қаз-қалпында, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік:

Сурет: Скрин.
МИНИСТРЛІКТІҢ ЖАУАБЫ
Иран мен Израиль арасында 12 күнге созылған соғысқа тоқтала отырып, бұл жанжал Таяу Шығыс өңіріндегі жағдайды ушықтырғанын және жаһанның назарын өзіне аударғанын атап өтеміз. Оның барысында зымыран немесе дронмен жасалған соққылар салдарынан туындаған қатер және осы аймақта тұратын ҚР азаматтары мен қазақ диаспораларының қауіпсіздігі біздің алаңдаушылығымызды өсірді. Осыған орай, ҚР тиісті мемлекеттік органдары үйлесімді әрекет ете отырып, аталған жанжал кезінде Таяу Шығыс елдерінде, оның ішінде Иранда қалып қойған ҚР азаматтарын алып шығу шараларды ойдағыдай жүзеге асырды.
Бірақ, бұл қақтығысқа байланысты әлеуметтік желілер арқылы таратылған кейбір орынсыз әрі дәйексіз ақпараттар, оның ішінде «Ирандағы қандастар қиранды астында қалуы» секілді хабарлар Қазақстан қоғамында әр түрлі пікірлер туындауына себеп болды. Өйткені, аталған қарулы жанжал кезінде Ирандағы қазақтар тұратын Гүлстан провинциясы ең қауіпсіз аймақтардың бірі болды. Ал оның аумағына дронмен жасалды деген жалғыз шабуылдың өзі елді-мекендерден алыс орналасқан жерде орын алған.
Жергілікті қазақтардың айтуынша, Иранның Гүлстан провинциясының қауіпсіз болуына оның аумағында маңызды әскери немесе ірі өндірістік нысандар болмауы септігін тигізіп отыр. Оған қоса, 8 жылға созылған иран-ирақ соғысы (1980-1988 жылдар) кезінде де Гүлстан провинциясына әуеден шабуыл немесе соққы жасалмаған. Сондықтан, Израильдің әуе шабуылынан Ирандағы қазақтар зардап шегіп жатқаны және оларды жаппай Қазақстанға көшіру қажеттігі секілді мәлімдеме жасалуына негіз жоқ болатын.
Жалпы, қазір Ирандағы қазақтар саны бейресми ақпарат бойынша
7 мың адам шамасында және басым бөлігі Гүлстан провинциясындағы Горган, Бандар-Түрікмен мен Күмбед-Кавус қалаларында тұрады. Олардың арасында жоғары және орташа кәсіптік білім алған соң ИИР бюджеттік мекемелері мен өндіріс орындарында тұрақты жұмыс жасайтын немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар көп. Ал Иранда халықтың жағдайын жақсарту үшін берілетін жеңілдіктер, субсидиялар мен жасалатын қолдаулар, азық-түлік пен басқа шығындар құны төмен болуы олардың көбінің Қазақстанға уақытша барып-келумен шектелуіне және біржолата көшіп келуге асықпауына себеп болуда. Бұл орайда, екі мемлекет арасында 14 күндік визасыз режим орнатылуы Ирандағы қазақтары үшін өте қолайлы жағдай қалыптастырды.
Бірақ, өзінің немесе ұрпағының болашағын ойлап Қазақстандағы қандастар мен қоныс аударушылардың өңірлік квотасымен көшуге ниетті жекелеген тұлғалар өз қаражатына Ақтау, Алматы немесе басқа қалаларда үй сатып алушылар мен балаларын еліміздің ЖОО білім алуға жіберушілер де кездеседі.
Бұл ретте атап өтер жайт, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы бойынша шетелден көшіп келуге ниетті қандастарға, оның ішінде Ираннан келетін қазақтарға ешқандай шектеу қойылмаған. Сондықтан, Иранда тұратын кейбір қандастар бұл мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің солтүстік өңірлеріне біртіндеп көшіп келіп жатыр. Ал Ираннан Қазақстанға көшіп келуге ниетті қазақтардың, басқа елдерден келетін қандастармен тең дәрежеде және ҚР заңдары мен көші-қонға қатысты талаптары негізінде аталған квотада көрсетілген облыстарға көшіп келуіне жол ашық.
Сонымен бірге ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ (әрі қарай - Қоғам) өз құзыреті шегінде шетелдегі отандастармен (шетелдегі этникалық қазақтар, бұрынғы отандастар, шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары) мәдени-іскерлік байланыстарды дамыту және оларға ақпараттық және консультациялық көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді.
Осы мақсатта, Қоғам жанынан құрылған «Шетелдегі отандастарды ақпараттық қолдау орталығы» (бұдан әрі – Орталық) шетелдегі отандастарға атамекенге көші-қон үдерісі кезінде ақпараттық қолдау көрсетуді жұмыстарын ұйымдастырады. 2025 жылы Орталыққа 857 өтініш (жалпы 2019-2025 жылдар аралығында 31 752 өтініш) келіп түсті және өңделді. Оның ішінде, Иран Ислам Республикасында тұратын этникалық қазақтардан түскен өтініштер саны - 3, олар Қазақстанда білім алу және виза мәселелеріне қатысты.
Қазіргі уақытта Иран Ислам Республикасында тұрып жатқан қазақтардан соңғы 2-3 жыл аралығында олардың тарапынан Қазақстанға қоныс аудару мәселесі бойынша Қоғамға ұсыныстар келіп түскен жоқ.
Алдағы уақытта, Иран еліндегі этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуы бойынша шаралар ұйымдастырылған жағдайда, Қоғам өз тарапынан, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес толық ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізеді.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-тармағына сәйкес осы әкімшілік актіге шағым жасауға құқығыңыз бар екенін мәлімдейміз.
Abai.kz